...МЕН ӨЗІҢНЕН ЕШТЕҢЕ СҰРАМАЙМЫН

ӨТКЕНГЕ САЯХАТ

 

Жұрт айтатын,

Кең дейтін жаны ақынның.

Сол кеңдіктен бір ғажап табатын мұң.

Маңдайында жазуы бар дегенде

Аузымды ашып,

Аң-таң болып қалатынмын.

 

Бір қиялға содан соң бойлайтынмын,

Жігерімді жалынға қайрайтынмын.

Елестетіп ақынды адамға ұқсас

Құдай ғой деп өзімше ойлайтынмын.

 

Өмірінің өршіген оты жырмен,

Байрондардың тағдырын оқыдым мен.

Шынымды айтам, амал не олар үшін

Мен құтыла алмадым өкінуден.

 

Өледі ме, дүлдүл жыр өлмейді ме,

Көнеді ме, тағдырға көнбейді ме,

Оны уақыт біліпті.

Кеш біліпті

Жаны нәзік Есенин Сергейді де.

 

Биіктетіп,

Әрі өзін тереңдетіп,

Ынтықтырып,

Әркімді елеңдетіп,

Жасқа толып көздері ақындардың

Көбі өтіпті өмірден өлеңдетіп.

 

Өмір қалып жыры мен сөздерінде,

Көз жұмған соң армансыз өз жерінде,

Ақын көзі құрғайды мәңгі-бақи

Тас мүсінге айналған кездерінде.

 

 * * *

 

Мың сан тамыр жер қойнына енеді,

Енеді де мың сан гүл болып өнеді.

Бірақ соны білмейміз-ау, аяулым,

Мезгілінен қайсы ертерек семеді.

 

Жарқ етсе егер көк аспанның қабағы,

Мың сан жұлдыз кірпіктерін қағады.

Бірақ соны білмейміз-ау, жан гүлім,

Көк төсінде қайсы мәңгі жанады.

 

БАЛАЛЫҚТЫҢ АУЫЛЫН АҢСАҒАНДА

 

Балалық атты ауылға,

Соғайын деп ем оралып.

Ондағы адал қауымға,

Жолықсам деп ем қол алып.

 

Бұл күнде қандай халде екен,

Бір думан еді-ау біз барда?

Сондағы достар бар ма екен,

Қайда екен құйттай қыздар да?

 

Сәті де келген секілді,

Шошып та қалдым түсінен.

Жағдайымды айтып өтіндім,

Вахтада тұрған кісіден.

 

– Ұмытпайыншы осыңды,

Жіберші, – дедім жалынып. –

Кілең бір адал досымды,

Жан аға, жүрмін сағынып.

 

– Жарайды онда, ал, балам, –

Тастады көзін үмітпен.

– Шындықты айт, – деді ол маған,

Балалық таза қылықпен.

 

– Дайынмын, – дедім тез көніп,

Тамақты қырнап алдым да,

Балаға ұқсап, өзгеріп,

Қалқия қалдым алдында.

 

–Қарағым, – деді – жалынсаң,

Өзіңе деген сенім ол.

Балалықты егер сағынсаң,

Болады балаң, – деді ол.

 

ВОКЗАЛДАР

 

Тірлігіменен сан қырлы

Бүгінді,

Ертең,

Кешені,

Жердегі бүкіл тағдырды

Вокзалдар бастан кешеді.

 

Алыстап,

Аңсап,

Қосылып,

Ыстықтап,

Жанып,

Тұншығып,

Қия алмай,

Қинап,

Кешіріп,

Қайнайды ғажап тіршілік.

 

Бейтаныс пенен таныстан,

Апталап,

Айлап,

Күні-түн,

Жақыннан мейлі,

Алыстан

Ол өшірмейді үмітін.

 

Армандай алыс жолдармен,

Адамдарымен қанша мың,

Вокзалдар темір қолдармен

Құшақтап алған жер шарын.

 

* * *

 

Алатаудың ақ шалған қарлы басын,

Қимай сонда қалдың ба,

Қарлығашым.

Ұмыттың ба ұяңды біз жақтағы

Ұзақ ұшып қанатың талды ма шын?

 

Амансың ба көз-тілден, мақтаныштан?

Аман шықты ауыл да қатпа қыстан.

Сен келеді деп жыл бойы қорғап жүрген,

Менің інім ұяңды басқа құстан.

 

* * *

 

Жаным менің осыншама шаршаған,

Кең даланың тыныштығын аңсаған.

Мені онда: тау, тас, өзен, шалғынмен,

Қарсы алады алыс-жақын барша жан.

 

Құрақ біткен сәлем беріп сыбдырлап,

Шырақ тіптен жанарымнан мұңды ұрлап.

Ұмтылады қарсы алдымнан қос бауыр:

Ерке інім мен ерке бұлақ былдырлап.

 

ЕСКЕ АЛУ

 

Кетті алысқа шешесі келмеді оның,

Алдап қойды өзінше ел дегенің.

Оның сәби жүрегі сезіп жүрді,

Өлгеннен соң анасын жерлегенін.

 

Сезіп жүрді жүрегі сұмдықты бір,

Содан кейін жанына мұң бітті бір.

Елдің айтқан сөзіне сенгісі кеп,

Өтірікке балады шындықты бұл.

 

Анасының ақыры келмесіне,

Көзі жетті.

Алмады енді есіне,

Сенбеп еді шешеден үміт үзбей,

Уақыт бірақ қоймады сенбесіне.

 

Шуақ еді,

Шешесі ерте кетті,

Көз алдынан баланың ертек өтті.

Жетім қызды бірақ та жақсы адамдар,

Есіркеді,

Жас қой деп еркелетті.

 

Ерке қылды шынында бұның бәрі,

Бірақ жүрек сол күйі жылынбады.

Сәл суық сөз естісе ол анасын,

Есіне алды селдіреп тұлымдары!.

 

ҮМІТ

 

Айлар ағып,

Кетті жылдар келмеске,

Жиырма бес те,

Он сегіз де,

Он бес те.

Он жетінің ауылы алыс қалғасын,

Сирек-сирек ораласың сен де еске.

 

Тұрмыс жанды мазалайды,

Қажайды,

Шаршайсың да айта берсең ол жайлы.

Бала көңіл,

Сәби сенім ол да жоқ

Баяғы бір адал достар азайды.

 

О дариға, ғажап еді кезінде,

Сүю менен өзгеріпті сезім де.

Басқа түгіл байқап байқап қарасаң,

Адал емес секілдісің өзің де.

 

Өткен күнде қалды қызық ғажайып,

Оның өзі емес шығар аз айып.

Тәтті қиял,

Алғыр арман,

Отты өлең

Бара жатыр бірте-бірте азайып.

 

***

 

Сен әдемі әйелсің,

Сен анасың,

Одан-дағы әдемі бола аласың

Көргем талай сүйсініп

Тицианның

Айна алдында отырған Венерасын.

 

Әсемдіктің билеп ап сиқыр әні,

Кейде сондай кеудемде күй тұрады.

Джорджоне емеспін мен ешқандай,

Венерасың бірақ сен ұйқыдағы.

 

Әсемдікпен сен мені өрте, қина,

Сені іздесін ерке өлең,

Ерке лира.

Кейіпкері аңыздың аңшы әйел де –

Өзіңдей-ақ әдемі Артемида.

 

Сенем саған,

Сен Юдифь бола аласың,

Басын кесіп жауыңның ала аласың.

Саған жаулық жасасам, менің басым

Олоферн басындай домаласын.

 

ҚЫЗ БЕН ГҮЛ

 

Таңданбаймын

Қаптаған қыр гүліне,

Гүлдер деген

Тым ұқсас бір-біріне.

Жер қойнынан тік тұрып өнгені де,

Ел қолында жүргені,

Семгені де.

 

Сол гүлдерге бірақ та қыз ғой жақын,

Гүлдің тегін қыздар да тізбейді атын.

Сол гүлдердей

Қыздардан бір-біріне

Ұқсамайтын бір сырды

Іздейді ақын.

 

Ұша алмайды,

Сындырса қос қанатын,

Періште қыз,

Сен тәтті түс қанасың.

Құтылғанмен,

Кеткенмен менен қашып,

 

Бәрібір сен біреуге ұсталасың.

Өмір сырын пендеге ақтармайды,

Ақын көңіл сондықтан шаттанбайды:

Жаным нәзік,

Тиеді маған да ауыр

Қыз бен гүлдің жанына батқан қайғы.

 

БІР-АҚ СӨЗ

 

Мазамды алған және де мазақтаған,

Жалғыздықтан тек сонда азат болам.

Жүрегіңнің ең алыс түкпірінен

Жанып шыққан жалғыз сөз қажет маған.

 

Көздеріңді көзіндей құралайдың,

Қалай ғана орынсыз кінәлаймын.

«Жаным» деген жалғыз бір сөзден басқа

Мен өзіңнен ештеңе сұрамаймын.

 

Сенің сол бір сөзіңсіз көңіл ала,

Бір сөзіңе сыйып тұр өмір, о да.

Ішімдегі жалынды шығаратын

Соны қисаң болғаны,

Соны ғана.

 

Дәуітәлі Стамбеков