* * *
Сол кеште,
Сеніміңді ақтамағам,
Қойып кеткем белгісіз жаққа қадам.
Сұрағыңа бір жауап бере де алмай,
Өзімді өзім іштей отқа орағам,
Сол кештің,
Гүлі семді, сенім кетті,
Құлазып құздан құлап көңіл кетті,
Айырылу, жарығым, қандай ауыр,
Қайырымсыз қоспайды Өмір көпті.
Сол кеште,
Ерініңнен соңғы рет сүйіп қалғам,
Қалай кеттік сол кешті қиып, қарғам!
Шыңырауға тас байлап тастайды екен,
Шығармай арзуыңды биікке арман!
Сол кеште,
Тыным кетіп, тіл байланып,
Бақытымыз кеткенді мұңға айналып,
Ұмытылып кеткенше еске түсіп,
Түн ұйқыңды Естелік ұрлайды анық.
Сол кеште,
Күлкің қалды, күлкің қалды,
Шындығым шат-шадыман шырқыңды алды,
Сағымға сіңіп кетіп сан қиялың,
Қанаты арманыңның қырқылған-ды!
Сол кештен соң,
О, қиналып өткердің қанша түнді,
О, қайғырып өткердің қанша күнді?
Кешір мені!
Жүрегің болса мұңды!
Сол кеште,
Көзіңдегі жасыңды сүрте алмағам,
Күйдіріп алам ба деп саусағымды!..
АҢСАУ
Мына мені,
дәл өзімдей ешкім де қарсы алмайды,
Құшағын аяулымның аңсардаймын!
Қалжыраған өзімді құшып тұрып,
Бақытты ақынсың деп қанша алдаймын?
Қанша алдаймын?
Шер тола кеудем менің!
Сенімсіз сары далада сенделгенім,
бекер ме екен?
Үміт бар, үрей де бар,
Артымнан ілеспеңдер сендер менің!
Шарапты да көтердім, шалқымадым,
Шаттығымды таба алмай шарқ ұрамын!
Омырауына бас қойып ұйықтап кетем,
Сұлулардан табардай жан құмарын!
шынайылық сәулесін шырақ қылдық,
Өмір!
Өмір бекер ме?
жылап, күлдік!..
Жамау-жамау жүректі білдірместен,
Қанша жанның көңілін сұрап кірдік,
Жанға демеу таппаған жалғыз басым,
Мұңлы әуенге сал қане, –
жан сыздасын!
Бұрымдыға байланып кеткен кеше,
Жанымды ұғар жалғанда жалғыз досым...
Мың қарайдым, тірлікте мың ағардым,
Жасын іштім мас болып жылағанның!
Құдайдың сезіне алмай мейірімін,
Мейірін үміт еттім тірі адамның!
Мына маған
дәл өзімдей ешкім де мейірленбес!
КӨКТЕМ КЕЛДІ...
Көктем келді деймісің, көңілшегім,
Көңіліңе қарай ма өмір сенің?
Көлеңке іздеп сабылып неге кеттің?
көтеріліп көгіңнен көрінсе күн!
Шұғыласыз өмірге шағымдана,
Қоқшиып отырасың қоңырлана.
Адасады тұманда арман құсың,
Сағынышың бара ма сағымдана?
Іңір қатты қысады құшағына,
Құшағында өмір бар құсалыға.
Жабығардай не жаздың?
Жан едің ғой,
Күйе жағып көрмеген кісі арына.
Маңдайыңды самалға аймалатып,
Мүсіндей міз бақпайсың ойға батып.
Әлденені ішіңнен күбірлейсің,
Әлде сені ұқпай ма қаймана түк?
Бұра тартып тағдырмен белдесерім,
Қолда тұрса қайғыңды бермес едім!
- Көктем келді,- дей бердің, көңіл босап,
Сен айтпасаң, Құдай-ау, сенбес едім!
(көктемге екі күн қалды)
НАЗЫМ
Сан іздегем,
сексен тарау жол үстін,
күйініштен күйім бөлек,
...еңіспін.
Жолға түскен жолдасымнан қағым жеп,
Бір көрінген бейтаныспен бөлістім!
Төрге шықпа, төңкерілген қазаным,
Бір бұрышта сан бүктелген азамын.
Арқам тосып мен отырмын, салып қал,
(Қолыңдағы қамшың қайда қазағым?)
Қабырғамнан арасынан жел үдеп,
Қалтыратты жапырақтай мені көп,
Бүгініме босағадан көз тастап,
Есік алды ертеңім тұр еңіреп.
Балағында қолым кетті біреудің,
Жалғыз басып,
жар басына тірелдім,
Бір жатырдан қос қарындас демесең,
Бауырына сыя алмадым бұл елдің.
СЕНІҢ ҚАНДАЙ МЕЙІРІМДІ ҚАРАҒАНЫҢ!
Сенің қандай мейірімді қарағаның!
Көңілімді ақ жауын бүркіп өтіп,
Шар басымның мұнартқан бұлты кетер,
Жапырағы көктемнің шыр-пыр етіп,
Көңілімнің көз жасын сүртіп өтер.
Сенің қандай мейірімді қарағаның!
Жанарымды жап-жарық нұр аймалап,
Шар басым-ай, бақыттан шыр айналар.
Шырайыңнан көз алмай жыл, ай қарап,
Тәңірден жүрек сені сұрай қалар.
Сенің қандай мейірімді қарағаның!
Жан-дүниемді ғаламат жылу қарып,
Көз алдымда қалғандай ғалам кеңіп.
Бар ғаламнан жанарың сұлуланып,
Мейірлене қалғандай анам келіп.
Сенің қандай мейірімді қарағаның!
МҮМІН ДОСҚА
I
Менің мүмін досым-ай, дінге берік,
Көресімді келемін бірге көріп!
қанатыңнан сипаймын аппақ сенің,
Адасқан сәттерімде күнде келіп!
Келтірейін несіне барға шүбә,
бір тылсымың керек те жанға сірә!
тақияны қайтемін тостағандай,
тақияңыз симайды дәу басыма!
ықтиярға көнбесе асау басым,
жасаураса жанарың жасаурасын!
Мен үшін дұға жолда, қолыңды жай!
өлерімді білмеймін қашан досым!?
Бүгін, ертең болмаса, бірнеше жыл,
өз ажалым жеткенше күн кешемін.
Менен бұрын аттанып кете барма,
сонан кейін артамын кімге сенім?
менің Құдай сүйетін мүмін досым,
Саған келем жан-ішім жылынғасын!
Сен ішпейтін сусыннан сіміріп ем,
Сынып бара жатқаны-ай бүгін басым!
II
Менің мүмін досым-ай, ақ сәлделі,
Періштең сан қарайлап қақса мені,
Жан-дүниемді шайқаған дүниенің,
Құшағында қалжырап жатсам еді!
Шапаныңа шаң жұқпас ора мені,
Тәні сұлу жансың ғой, жаны әдемі.
мына менің бейынсап көңілім-ай,
Беймезгіл ұрынбаса жарар еді.
Сенемісің?
...сөккем талай құдайды сан өкініп,
Біз жүздесер ең соңғы мәрені күт.
Қай ауыздан бақсам да, мен іздейтін,
Құдай жайлы ойлардың бәрі өтірік.
Сенбеймін мен...