АҚ ЖАУЫН
Білмедім мен..
Қайсы ісім дұрыс, бұрыс.
Ұқтыруға соңғы рет тырыстыңыз.
Сылбыр хәлден сергітіп жетім тамшы,
Тереземді қағып тұр:
Тырс... тырс..
Біз тасалап сырласқан анау шынар
Сүмектеп тұр..
Су емес, жылау шығар.
Бұлт көзінен үзілген тамшылардың,
Жазмышы – аспаннан құлау шығар.
Найзағайдың шарпиды оты шашқан.
Сезім өлді...
Оңбаған хошы бастан.
Жан азабын жауынмен жуып-шайып,
Жаназасын күркіреп оқыды аспан..
Еңсем түсіп барады аласарып,
Есімді алар ескі күн жобасы анық.
Алақандай ауылды айналдырып,
Ашылмады-ау аспанның сорасы ағып..
Содан ба екен,
Әлемім күлгін-күлгін.
Жауын шайған келер ме күлкім бір күн.
Сосын, анау шынардың саясында,
Сен жәйлі жыр жазармын,
Мүмкін.. мүмкін..
Білмедім мен..
Қайсы ісім дұрыс, бұрыс.
Ұқтыруға соңғы рет тырыстыңыз.
Сылбыр хәлден сергітіп жетім тамшы,
Тереземді қағып тұр:
Тырс... тырс...
ЕСТЕЛІК
Осы екеуміз бақыт үшін не істедік?
Күреспедік, Кешірмедік, Кешпедік.
Ел айтардай хикая да жоқ бізде,
Қалды есте… еміс-еміс естелік.
Қоштасу да сонша қиын өткен жоқ,
Ерін ұшы… Емеурінін еткен боп.
Қособада сен де қаза болмадың,
Ақ жайыққа мен де батып кеткем жоқ.
Бақыт үшін, жасамадық бір адым,
Құрық ұстап, қудық артын кінәнің.
Алып-ұшып арамызды жалғаған,
Хаттар қалды… Белгісіндей Шұғаның.
Жыламадық… Жанарларға қайғы алып,
Біздер үшін, Жұлдыз – мұңлы, ай – ғаріп.
Селт етпедік, Мерт етсек те сезімді.
Кеткенбіз бе, Қара тасқа айналып…
ШИРАТУ
Хəлің қалай?..
Жағдайың дұрыс па еді?..
Заһар уын тағдырдың кім ішпеді.
Өмір деген – тап-таза дəптер болса,
Қалағандай жазар ек кіріспені..
Қирағандай қалдың ба асыл үміт?
Тауды шайқа,
Төзімнің тасын үгіт!
Ай да күнə болмаса... не жыны бар,
Қара бұлттың артына жасырынып..
Шаң қаптырмай шаттықтың сөрелерін,
Бас көтеріп..
Барыңды төрелегін..
Сағыныштан бір адам өлер болса,
Анамды аңсап мына мен өлер едім...
Тұтқа болған тірлікке қай кісі бар,
Жанарыңды соңғы рет шайғызып ал.
Кім жетісіп жүр дейсің,
Жұмыр басты
Пенделердің бəрінің қайғысы бар...
Мен зəрумін өзіңдей жақсы адамға..
Құзғын құмар сүрініп ақсағанға..
Аласұрған сəтіңді өлеңге қи,
Сай-сүйегің сағынып, қақсағанда..
Қирағандай қалдың ба асыл үміт?..
Тауды шайқа,
Төзімнің тасын үгіт!
Ай да күнə болмаса..не жыны бар,
Қара бұлттың артына жасырынып...
БАҚЫТТЫМЫН ДЕЙСІЗ-АУ...
Бақыттымын дейсіз-ау, сөз беренім.
Сенімсіздеу –
Сəтті күн мол дегенің.
Титтей үзіп беріңіз ен бақыттан,
Мен де түрін көрейін, сол неменің.
Бақыттымын дедіңіз күліп тұрып,
Бұл не деген, мықтылық, тұнықтылық.
Менен бақыт айналып қашып жүр ғой,
Дəмін татқым келгенін біліп тұрып.
Бала болдық,
Күлкіге тоймаған көп,
Ол шақтың да өтерін ойлағам жоқ.
Маған, бақыт пішіндес көрінетін,
Анам жаққан ошақта ойнаған от.
Қайнаған шақ,
Аралас қаймана сəт.
Арманшыл ем, ашатын айға құшақ.
Теңдесі жоқ бақыт боп көрінетін,
Əкем қойын өріске айдаған шақ.
Содан кейін адастым, көрмегенмін.
Сүйрелеумен келеді өрге өлеңім.
Күлме достым,
Тең бөліп алайық та,
Дəмесі бар бақыттан өлмегеннің...
Бақыттымын дейсіз-ау, сөз беренім.
Сенімсіздеу –
Сəтті күн мол дегенің.
Титтей үзіп беріңіз, ен бақыттан,
Мен де түрін көрейін, сол неменің.?!
СЕЗІМ ДЕГЕН
Желігесің..
Желікте басың қалғыр,
Өліп-талып арнайсың асылға жыр.
Сол жырыңмен қуантшы ата-анаңды,
Нағыз асыл білінбей қасыңда жүр.
Сүю деген –
Əріп пе, əліппе ме?
Мейірімге жанымыз ғаріп неге.?
Қарттар үйін толтырған махаббат па...
Ендеше... олай сүюді дəріптеме.
Сезіміңді мөп- мөлдір тұнық депсің,
Тура болса,
Тұманы бұрып нетсін.
Мөлдір болса,
Тастанды қайдан шықты,
Мұндай болған сезімі құрып кетсін..
Шыр айналып шықпайды кесір неге,
Сезім деген..
Сұраусыз жесірлер ме.?
Серт беріп, сүйемін деген сөзің,
Сыпырылып түседі шешінгенде.
Сезім деген..
Желіккен ағалар ма.?
Көзі тұман,
Көксеуін жағаларда.
Жер тырмалап жылаған жетімдер ме,
Тумай жатып,
Зорланған балалар ма.?
Сезім деген..
Жүрегін жұлғандар ма.?
Төбесінен бір Құдай ұрғандар ма..
Нəпсісіне ат қойып махаббат деп,
Некесіз, бір төсектен тұрғандар ма.?
Сезім жəйлі, менен еш сұратпаңдар,
Сезімсіздер! –
Жүректі жылатқандар.
Сүйгенім деп, той жасап несиеге,
Екі ай өтпей, отауын құлатқандар.
Сезім деген..
Сұлу ма көшедегі,
Қандай адам бағыңды шешеді енді.
Кешір,бабам..
Ғасырдың сиқы осындай,
Пері түртіп кеткендей пешенемді.
Махаббаттың жоқ шығар күшінде есеп,
Тұғырынан дейміз-ау түсірмесек.
Төлеген боп не керек, Жібек болып
Қара бастың қадірін түсінбесек...