Меңдібек ЛҰҚПАНОВ: «ЖОЛ ҮСТІНДЕ БИЛЕЙДІ АППАҚ ҚАРЛАР...»

ҚАР-ҒҰМЫР


Қар жауады жақтан анау жоғары,
Адамзаттың қардан таза жоқ ары.
Қар жауады қара жерге не үшін?!
Ал, жауабы жоқ әлі.

Сезім, әлде, шығар бәлкім, заңдылық,
Ұғып сырын жатқаны жоқ жан біліп.
Құшағына құлайды кеп аппақ қар,
жер дейтұғын ғашығының мәңгілік.

Қар ғұмырдың басына сәл бақ қонар,
Бақ қонады сорға кейін тап болар.
Жылдар бойы жоғаларын сезгендей,
Айлар бойы аймаласып жатты олар.

Екеуара кешіп Ұлы сезімді,
Сезімдері бізге анық сезілді.
Жер күнәға батты ақыры жігіттей,
Қар қыздай-ақ жылап жатып көз ілді.

Еріндерін сүйіп жердің өпті бір,
Жылай- жылай көзден жасты төкті кіл.
Адамзаттың аз болғандай табаны, 
Жер де оның таптады арын мөп-мөлдір.

Оныменен бұзылды өң, неше рең,
Және солай жазылған ед(і) неше өлең.
Қар бейшара көлдей қылып көз жасын,
Кете барды көшемен.

Ей, ақ қарлар, болса дағы бар мұңың,
Құштың келіп тағы жерді ал, бүгін.
...Сырттай сүйіп тұрғанменен қызықтап,
Іштей жылап аяп тұрам тағдырын.

 

ҚАР ЖАУҒАН ТҮН

І

БЕЙНЕ

 

Қар жауған түн – жанға сыйлар жылылық,

Жауған қарды сүйіншілеп кім айтар?

Ұлпа қардай ұқсамайтын – ұлылық,

Әр жүректе мекендейтін Құдай бар.

 

Билеп түскен ұлпа қарлар бір ыстық,

Ұлпа биі – Иесінің әмірі.

Қар жауған түн – ғаламымда тыныштық,

Тыныштықты сүй дегендей Тәңірім.

 

Жауған қарлар басар қала көшесін,

Жанарларды жұбатады жас тамған.

Жас баладай қуанады, о, несі?

Жауған қарға алақанын тосқан жан.

 

Жауған қарда сәттерің бар, кезің бар,

Жауған қарда дұға да бар, тілек бар.

Жауған қарда махаббат бар, сезім бар,

Жауған қарда жылылық бар, жүрек бар.

 

Қар жауған түн – жас жүректі мұңайтар,

Жауған қарлар жеткізгендей бір хабар.

Бұл қаланың ғашықтары сыр айтар,

Кірпігіне ұялаған ұлпа қар.

 

Қар жауған түн, түнде жауған аппақ қар,

Алақаны әлдилейді қаланы.

Терезеден қайта-қайта жалтақтар,

Ескі күннің жәудіреген жанары.

 

ІІ

МЕЙІРІМ

 

Алақаныңды ұсыншы жауған қарға,

Жылылықты іздейді ұлпа жерден.

Алақанда аялар арман бар ма?

Қосылғандай бір тағдыр бір тағдырмен.

 

Алақаныңды ұсыншы ізгілікпен,

Жылылықпен жанға асыл жеткен ұлық.

Ізгіліктің иесі бізді күткен,

Хақ жолдаған хабарды көктен ұғып.

 

Алақаныңды ұсыншы пейілменен,

Кеңдікпенен, кең құшақ жол табарың.

Сүйген құлға Тәңірдің сыйы дер ем,

Сездіретін тағдырын ұлпа қардың.

 

Алақаныңды ұсыншы сезімменен,

Сезіміңді сезініп тоя алмасын.

Сапарынан ол сонау көз ілмеген,

Демін алсын ақырын, аялдасын.

 

Алақаныңды ұсыншы мейіріммен,

Жылылықты сездірсең жол біледі.

Ұлпа қарды түсірмей биігінен,

Мейіріммен үзілсін соңғы демі.

 

Алақаныңды ұсыншы махаббатпен,

Құрметпенен күтсең де бар аталған.

Ғажайып күй сездіріп ғаламат дем,

Ғайып болар әп-сәтте алақаннан.

ІІІ

СӘТ

 

Қар жауғанда тысқа шық,

Жауған қарға кім ғашық?

Жүріңдер қол ұстасып,

Сүйген жарлар сырласып.

 

Жауған қарға тамсанып,

Жүріңдер сан жолдармен,

көшелерде ән салып.

Жазайын жыр сонда мен.

 

Алақанға қондырып,

Ұлпа қарды түсі аппақ.

Сүйгеніңді тоңдырып,

Жылытасың құшақтап.

 

Келе жатқан күн таңы,

Көңілдерге гүл еккен.

Ұяңдығы ұлпаның,

Ұялайды жүрекке.

 

Қар жауған түн – адамның

мәңгі есіңде сақталды:

Ғашықтығы ғаламның,

Асықтығы ақ қардың.

 

Суық тартқан салқыннан,

Сезілмейді сыз демі,

Жанардағы жарқылдан,

Жымияды жүздері.

 

Бір ғұмырлы қос ғашық,

Риза сәтке, күйіне.

Жауған қармен қоштасып,

Жол тартады үйіне.

 

ІV

ҰЛЫ МҰРАТ

 

Қар – Құдайдың құдіреті, Құдай оны жаратты,

Көктен түскен сол құдірет, періштедей ақ қанатты.

 

Періштедей – пәк, пендені парасатқа шақырған,

Періштенің парасаты биік сана, ой, ақылдан.

 

Қарда солай мейірімге, ізгілікке жетелер,

Қардың қасіретін тек, қара жер асты көтерер.

 

Қар ғұмыры тым қысқа, қыршын кеткен сәбидей,

Сәби сүймеген анадай – қарсыз қыс – сәбиі жоқ тар үйдей.

 

Қар көрмеген қыс күні, қар жаумаған қыс айы,

Балалығы болмаған, жоғалған жанға ұқсайды.

 

Аппақ қарлар – адамдықтың, адалдықтың бейнесі,

Адамдықтың құламасын күймесі,

адалдықтың жыртылмасын жейдесі.

 

Қар – Құдайдың құдіреті, Құдай оны жаратқан,

Түйіршіктен дүниеге ұлылықты таратқан.

 

V

ЖОҒАЛУ

 

Қарда ғұмыр, тағдыр бар – аманаты Құдайдың,

Куәгері күн мен түн, куәлігін сұрайтын.

 

Қарда болмыс бейне бар – ұқсамайтын басқаға,

Қылқаламы уақыттың қашамаған тасқа да.

 

Қардың сұлу жүзі бар, шаттығы бар шырайлы,

Жауған шақтағы сұлулық жан біткенге ұнайды.

 

Қарда жас бар, тамшы бар – жасырады өзгеден,

Жасы тамған жанарлар, көре алады көзбенен.

 

Қарда серт бар, сөз бар – сан ғасырлар сәлемі,

Қарда ән бар, жауған шақта естіледі әуені.

 

Қарда ұят, иба бар, табандарға тапталса,

Жоғалады жалғаннан басындағы бақ тайса.

 

Қарда мақсат, мұрат бар – һәм жалғаннан жоғалу,

Жылдар салып араға, жаңа жүзбен оралу.

 

Қарда мейір, жылылық бар – алатын жан жылынып,

Көктем келсе жоғалады себебі:

ЖЫЛЫЛЫҚТЫ ЖЫЛЫТПАЙДЫ ЖЫЛЫЛЫҚ!

 

***

 

Жол үстінде билейді аппақ қарлар,
Көліктердің құбылтып дөңгелегі.
Табанына тірі жан таптатпаңдар, 
Тоқтатпаңдар! Өзіне сол керегі.

Жоқтатпаңдар, көліктер, қайдасындар? 
Өртеңбесін өкініш өзегінде.
Жаңа жауған ақ ұлпа жайғасыңдар,
Келеді кезегінде.

Бағдаршамдар, кедергі келтірмеңдер,
Іркілмеңдер, өтіңдер ақ жолақтан.
Аз ғұмырдың иесін өлтірмеңдер,
және де зар жылатпа.

Ырғалыңдар!
Билеңдер! 
Тербетіле, 
Түнгі қала құлақ сап әуеніне.
Билеп келген ұлпалар жер бетіне,
Әуеліде.

Бұл ғажайып көрінбес көп ешкімге,
Кеш түсіндік Құдайдың құдіретін.
Ең ұлы картина тұр жол үстінде,
Жол жиегі қимастық сүгіреті. 

Көктем жетсе сезеді қауіп барын,
Биің билеп жолдарда жатпас олар.
Арықтар да арқалап табыттарын,
Белгісіз жаққа асығар.

Жол үстінде билейді аппақ қарлар,
Қала қалай ғажапты сүймей қалсын?! 
Табанына тірі жан таптатпаңдар,
Тимейік, билеп алсын...