1. СЫН – САҒАТ
Аспан, Аспан.
Ақ аспан, алау аспан,
Ала бұлт, қара бұлтпен араласқан.
Аспан деген іңкәрлік әлеміндей
Қызығатын кішкентай бала жастан.
Ақ бұлттарды орап ап құшағына,
Қанат бітіп түсінде ұшады ма?
Хиуаз сан қиялдың жетегінде
“Ұшқыш болсам” деген оймен құсалы да.
Жас қыздың жігері от боп жалындайды,
Батыл ой кейде ешкімге бағынбайды.
“Ұшқыш болу қолымнан келер ме” деп
Кей түні ұйқы қашып уайымдайды,
Арманың, – дейді біреу: жәй бір мазақ,
Бұл ойлайды: Мен де бір мықты қазақ.
Орыс қызы Раскова – ел аузында
Биікте ұшу деген қандай ғажап!
Елемей азабын да, ауырын да,
Кездесер қиындықтың бәрі мұң ба?
Хиуаз қайсар мінез қалпыменен
Келді батыл “Аэроклуб” ауылына.
Қыз жүзінде жүгіріп қызыл арай,
Ұшақпенен самғады көкте талай.
“Запастағы ұшқыш” деген куәлігі
Қастерлер қасиетті тұмарындай.
Мәскеуге келді ұшып жүрегімен,
"Әуе оқуына түссем ” деген тілегімен.
Амал не, бұл оқуға қабылданбай
Мұң кетпеді уыздай реңінен.
"Дәрігерлік оқимын адам емдер”,
Ұшқыштың жолы жабық болса мен де.
Қайран қыздың қанаты қайрылғандай
"Неде болса тәуекел” дер.
Мамыражай тірлікке дүлей кірді,
Соғыс өрті бұзғандай сүлей жырды.
Аспаннан бомба жауды. Жаудың беті
Сұрқия сұр–ды.
Ел қозғалды. Бұзардай екпінменен,
Жауға қарсы лап қойды кекті үнменен.
Хиуаз майдан – өртке сұранады
“Ел қорғау борышым бұл” жеткін кемем.
Сол ызғарлы күндерде. Азап–қанды,
Раскованың авиаполкі жасақталды.
“Запастағы” Хиуаз ұшқыш осы жерде
Қайсарлығын танытты қазақ жанды.
1942. Көктем айы.
Аруаққа сыйынып,
Бата алып ап.
Жүрегіне ызалы от алып ап.
Ұшқыш қыз аттанды сұм соғысқа
Ұшақтың қанатындай қатайып–ап...
2. АСПАНДАҒЫ АЙҚАС
Қауіп–қатер, тауқымет–тосын бәрі,
Күйзеліс, қиындық та қосылғаны.
Әуедегі шайқаста отқа оранған
Ұшақтардың гүрілі басылмады,
Соғыстың аты – суық, жүзі – қатал,
Елі үшін қайран жүрек жалын атар.
Қыздардың авиаполкі көк жүзінде
Жауына шүйлігеді шашып қаһар.
Бетпе – бет келу қандай қатерменен,
Үрейлі ой сенен қашып кетер деген.
Жүйкеге күш түскенде ми дамылдап
Сескенуге уақыт жетер ме екен?!
Батырлық деп айтады мұны білген,
Тек қорқақтар қашады інге іннен.
Етігімен су кешкен есіл ерлер
Ерліктің өзін сезген, құнын білген.
Ұрыс осы. Қарсы алар оқпен, отпен,
Қарсыласу полкінде жекпе–жекпен.
Соғыс өрті бояды, аямады
Жиырмадағы қыздардың шашын ақпен.
Жаудың күшін тойтарып құлатқанда,
Ақ шаш, әжім кірмейді сұрақтарға.
Әуеден бомбалайды тапсырма алып
Өжет қыздар босаңдықты ұнатқан ба?!
Қанша гүл ерте солды сағағынан,
Қаншы тамыр суалды жанарынан.
Шынашақтай тағдырлар тарам–тарам
Уақыт тұр. Қар жауып қабағынан.
Небір қиын тосқауылдар қарсы алады,
Сезілмейді күйрегені, шаршағаны,
Жау жағы бұл полктің атын естіп
“Қорқынышты мыстандар” деп жар салады.
Тапсырмалар қауіпті. Қатерлі үн,
Отқа оранып ұшақтар,
Жоғалып шекерлі үн.
Қаруластар азайды күннен күнге
Беу дүние! Бір күні өтермісің.
Әткеншек тепкендей ме бар атырап?
Көзіне елестейді жер, топырақ.
Жан жақтан зу–зу еткен оқтар үні
Құлдилаған не ұшақ, не жапырақ?!
Есін жиды Хиуаз. Аппақ әлем.
Дел–сал бойы. Таңулы.
Шыққандай ауыр бір шақтан әрең.
Дәрі иісі. Абыр–сабыр –
Құлағына еміс–еміс келгендей ме
Бақтағы өлең.
Алға ұмтылды. Тұрардай қанат қағып,
Қолдай гөр! – деп, – Құдыретті Жаратқаным!
Ақ дәкемен таңулы үсті–басы
Көтертпейді жылжуда сағаттар мың.
Дәрігер келді таяп: Осындасыз,
Емделесіз, амансыз, тосылмаңыз!
–Жолдастарым аман ба, олар қайда
Дәрігер жолдас, айтыңыз, жасырмаңыз!
Дәрігер қиналғандай тілін тістеп,
Хиуазға өтінеді: “Суыңды іш” деп:
Экипаждың мүшесі түгел мерт боп
Аман қалған өзіңіз тек!
Қос жанардан барады жас домалап,
Қайран достар, құрбылар өлді, обал–ақ.
Көз жасымен қайғысын шығарғандай
Қолымен керуетті тұр сабалап:
Сендер! Сендер!
Ерлікпен шайқастыңдар!
Жер астында тып–тыныш жатпассыңдар.
Екпіні қатты сұңқарларым!
Арыны асау тұлпарларым!
Сендер жүректілер мен
Рухы күштілердің –
Жадында қалар жарқын мысалсыңдар,
Жұмақта құс болып ұшарсыңдар.
О, қайран қыран құрбылар!
Сырды ұғар!
Кім сынбас, кім сынар
Сендер – құламас бір шынар!
Долданып кегім қайнасын,
Толқын ем – айналам тасқынға.
Қарулас құрбылар қайдасың
Айға ұлыдым қасқырдай...
3. НАЙЗАҒАЙ – НАМЫС
Тұманды аспан.
Солқ–солқ еткен қара жер.
Жылап тұрды.
Бомбалардың үніне құлақ тұнды.
Темірдей тегеурінді бір алып қал
Ұшағынан жұлып ап лақтырды.
Сандырақтап есінен танып жатты,
Ұшақтан айрылғаны жанға батты.
“Мен ұшамын” дегендей екі қолмен
Ұстайтындай қызыл отты, қаңғалақты.
Бұл – түсі еді. Ұшқыш енді түсінеді,
Қинайды жанын оның күші кемі.
Сауығып аман шықса госпитальдан
Жауының төбесінен жай түсіреді.
Көкке ұшуға қанатын қомдағандай,
Тістенеді шегінер жол қалмағандай.
Мынау бөлме. Дәрі сіңген госпиталің
Тар қамалдай.
Қайсар қыздың жүзінде тұр айбыны,
Өзегінде шоқ боп қайнар қайғы–мұңы.
Бір жаралы сыр тартып ұшқыш қыздан
“Қандай ұшақ айдайсың?” деп сұрайтыны.
Мен ұшпаймын. Ұшқыш та емеспін мен,
Сендерге керегі тек егес білем.
Аурухана төсегінде жатсам дағы
Өзімді қыран құспен теңестірем.
Ұшқыштың мінезі бар мінезің де,
Ұшқыштың арыны бар бір өзіңде.
Жан–тәніңмен, ақыл–ой, қуатыңмен
Ұшқышсың! Өзің соны білесің бе?
Сыйлайды айналасы жаны қалмай,
Батырдың өр мінезін танығандай.
Қуыршақтай қыз екен. Ашаң жүзді
Қос жанары ұшқындар жанған шамдай.
Туған жерін сағынды Атырауды,
Болмысы қыз болғанмен, заты – нар–ды.
Раскованың авиаполкі ерлік іспен
Тарихта “Қыран полк” боп аты қалды.
Хиуаз от боп оралды өз полкіне,
Қаруластар жауға соққы жүр төндіре,
Отан–ошақ өртке айналған ауыр тұста
Қарлығаштар қанатымен су бүркіді.
Мәскеу түбі, Кавказ, Кубан, Қырым,
Украина, Белоруссия, Польша жерін.
Жау шебіне үш жүз рет ұшып барып
Көрсетті ерлік сынын.
Жау жеңіліп “Жеңіс” деп жас аққанда,
Асыққанда дүйім ел ғажап таңға.
Германия түбінде соққы беріп
Жеңіс туын желбіретті ұшақтарда.
Қазақ қызы Хиуаз оттай жарық,
Қаһармандық ерлігін жұрты танып.
Оралды туған жерге ол Жеңіспенен
Омырауына сан түрлі орден тағып...
4. ҚАҺАРМАН
Еркін елдің еңсесі бүгілмейді,
Кешсе де қиындықты иілмейді.
Бүлдіршіндер қолына шоқ гүл ұстап
Жеңіс күні алаңдарда күлімдейді.
Өткеннің көз жүгіртсек тереңіне,
Жүрекке – мұң, көзге – жас келеді де.
Қираған қалалар мен жетім, жесір
Толғандай дүниенің кемеріне.
Елін қорғар ерлердің нарқы биік,
Тұрғандай кең иығы бұлтқа тиіп...
Туған елдің топырағын қорғау үшін
Қаншама ер кетті күйіп.
Бауыржанның ерлігі – сұрапыл дүр,
Нүркен, Талғат – биікте тұратын жыр.
Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаев
Әлия, Мәншүк – қайсарлық қуатым бұл!
Толғандай тебіреніске, жүзі – назға,
Батырын бағаламас елдер аз ба?!
60 жыл өткеннен соң дүлей соғыс
“Батыр” атағы берілді Хиуазға.
Шыдаған қиындыққа, қанша сынға,
“Қазақстан” әлемнің картасында.
Ер ерлігі алтынмен әдіптелді
Көрегенді Елбасының арқасында.
“Алтын басты” әйелдің өзі ардақты,
Ал, ерлігі – тарихта бар салмақты.
“Халықтың Қаһарманы” белгісі оны
Халықтың алғысы боп бір самғатты.
Оттай ыстық нұр тарар алау күннен,
Қандай көркем ғимараттар жалау ілген.
“Қаһармандық деген не?” – деп сұрасаң
Хиуаз жауап берер қадау үнмен:
“Қаһармандық – еліңді сүю болар,
Қаһармандық – тарихыңды білу болар!
Қаһармандық – қастерлеп ата–анаңды
Отаныңа басыңды ию болар!..”