Мағиза Құнапияқызы. КЕЗДЕСКЕНДЕ СЕЗІМІНЕН ЖАЛТАРУ...

 

ҒҰМЫР БОЙЫ САҒЫНАМ

 

Ғұмыр бойы сағынам?
Əлде бес күн?
Кетем бе əлде соңынан мəңгі елестің?
Еске алу бар,өкпе бар,жек көру бар,
Бірақ саған мін тағар халде емеспін.

 

Жел соғады кешкісін мазамды ала,
Сүле- сапа қарайды бозаң дала.
Саған деген телегей сезімдегі,
Өсек деген бір түйір тозаң ғана!

 

Жанып жатқан кеудемнен сезіктенем,
Жүр деп бұған қалайша төзіп денем.
Сеннен есеп алуға қақым да жоқ,
Кездеріңнен ертерек кезікпеген.

 

Артта көктем,
Солда- жаз, 
Оңымда- күз,
Бір тілегін қалқаның орындаңыз.
Тым бақытты ертерек болмасақ та,
Шын бақытты болармыз соңында біз...

 

ҚАЛА БЕРСІН ӨЗІМДЕ

 

Тапсырмаймын сапарларда күттіріп,

Сақтанғанды сақтайды.

Тапсырмаймын өлеңді де жүк қылып,

Жақтайды ел, не даттайды.

 

Кездескенде дәл таныған көзді де,

Жас ыршысын жанардан.

Жылау үшін, сағынғанда өзіңді,

Көру үшін жаралған.

 

Тапсырмаймын тағдырымды дара тым,

Алдын ала жазылған.

Ұша алмаған сынық еді қанатым,

Қаншама рет қағылған.

 

Тапсырмаймын жұмысты да, бәріне,

Жалғыз өзім үлгерем.

Шаршағанда сендік тәтті қиялды,

Талшық етіп күн көрем.

 

Хандық құрған құйттай құсым бар еді,

Кеуде дейтін сарайға.

Қалжыратты сендік сезім әлегі,

Қарсы алып ал, жарай ма?!

 

Сол құсымды үнсіз сақтап келген ем,

Салмақ салып төзімге.

Саған ауыр екі ортада сенделген.

Қала берсін өзімде!

 

ШАҚЫРЫМДАР....

 

Бұл бақытқа лайықпын ба?

Білмеймін.

Көп күмәннан айықтым ба?

Білмеймін.

Қашан, қашан түсіп қалған иықтан,

Мен арқалап келе жатқан зілдей мұң?

 

Сәл бұлыңғыр көрінсе де кескінің,

Басқа кезден ыстық екен кешқұрым.

Тым алыстан қайталайтын бір сөзді,

Алғаш рет дәл қасыңнан естідім!

 

Жүрек айтты,

Жүрек ұқты,

Күнә ма?

Бақыттысың ,енді ешқашан жылама!

Өмір дейтін мағнасыз жылдар мен,

Мағналы секундтардан тұра ма?!

 

Бізден басқа мынау баққа ие кім?

Кеш шертілген тым сиқырлы күй едің.

Өзгертпепті әлем-жәлем дүние,

Шақырымдар...

Сені еріксіз сүйемін!!

 

 СӨЗ АУЛАҒАН КҮН

 

Қадалдым неге жалғыз нүктеге,

Сүңгі-мұз кірпік..көз жаурап?

Үйлесім таппай мынау тірліктен,

Кеңістікте ұшқан Сөзді аулап.

 

Шақшадай баста-

зымыран ойлар!..

Табаным жерді мекендеп.

Тізбегін сөздің аңдумен өттім,

«Тұсымнан қашан өтер?»деп...

 

Сан соқтырады сиқыр Сөз-әлем,

Аңғал жандарға тек біздей.

Жалған сәулеге көз байланғанда,

Өтті де кетті жеткізбей.

 

Көлдің бетінен сұлулық іздеп,

Айды да көктен қызықтап.

Қосмекенді- өмір кешкеннен соң ба,

Алаң –салаңмын ұмытшақ.

 

Жүректі шарпыр сезімдерім көп,

Жай таппас жыр боп тынғанша.

Сиқырлы Сөзді зарыға күтіп,

Құсұйқы болған түн қанша?!

 

Шаттыққа шомам- Сөз аулаған күн,

Бөліспей қалай іркемін!

Кестелі жырмен,

Жылаған жүрек,

Көз жасын еппен сүртемін!

 

БӨТЕН КІСІ

 

Арзандау шаттықты алымсынбай,

Қымбатқа мұң сатып алған кісі.

Өмірдің керуен базарында,

Оқыстан жолығып қалған кісі.

 

Жалғыз-ақ ұрттап тауысардай,

Көздері өңменнен өткен кісі.

Және де ойлаумен тауыса алмай,

Қиялға ілесіп кеткен кісі.

 

«Тоқташы,айтатын сөзім бар»деп,

Назарды өзіне бұрған кісі.

«Мен едім жолықпай жүрген жан» деп,

Қасқайып алдымда тұрған кісі.

 

Болғанмен ежелден сөзі таныс,

Бейтаныс боп өзі келген кісі.

Тығылып қалғаннан ештеңе өнбес,

«Көздерін жұмса да көрген» кісі.

 

«Ақыл сөз құлаққа кірмейді» деп,

Әзілдің шарабын ішкен кісі,

Өзіме қайтарып беріңізші,

Ұйқыма ұрлыққа түскен кісі!

 

БҰЛ НЕ СЕЗІМ

 

Отқа жақын сөздеріңді айтып ап,

«Кешірерсің қалжың ед» деп ақталу.

Сәлем жолдап іле –шала қайтып ап,

Әр күн сайын парақшамды ақтару.

 

Оңашада бақыт жайлы ән салу,

Жұрт бар кезде сөйлеуге де тартыну.

Кездескенде сезімінен жалтару,

Көрмегенде сағынышқа малтығу.

 

Суретіме көзінен нұр себелеп,

Қарай-қарай қарашығын талдыру.

Бейне алыс кете алмайтын көбелек,

Әрі-сәрі күйге мені қалдыру.

 

Біздегі осы біртүрлілеу сыйластық,

Екеумізге белгілі ғой бар шындық.

Елемеген сәттердегі қимастық,

Қуанышты сәттердегі салқындық...

 

МИ ПАТШАЛЫҚ ҚҰРҒАНМЕНЕН

 

 Жаны – жақын,тәні – жырақ,
Жұрттың бәрі біздей ме екен?
Қолым сізге хат жазады,
Көзім Сізді іздейді екен.

 

Қанатынан қиялы ұшқыр,
Құстың бәрі біздей ме екен?
Қоштасқан боп кеткеніммен,
Үмітімді үзбейді екем.

 

Сарғаюдан жеміс күтер,
Қараңызшы күздей ме екем?
Сағынышым сағым сында...
Көзден моншақ тізбейді екем.

 

Тоңған күзді қымтайды қар,
Ол да бір күн бүрлей ме екен?
Ми патшалық құрғанменен,
Жүрекке әмір жүрмейді екен!

 

СОЛ БІР КЕШ

 

Мұны есінен адасқандар түс дейді,

Түс емес бұл,

Түсте шарап ішпейді!

Бір бақыт бар кетпейді ұшып алысқа,

Және, және жиі жерге түспейді.

 

Күннің көзі емес пе ол сүйдірген,

Бой тасалап үлгермесең күйдірген?

Жүрек тоңса іздейді екем мен оны,

Жолықтырып,

Тез есімді жидым мен!

 

Тамшы , тамшы,

Түсте жаңбыр жауа ма?

Түсте бұлттар батыс жаққа ауа ма?

Айтылды сыр,

Маңызды емес ол бірақ,

Тынысымыз құшақтасты ауада!

 

Даяшы кеп,

«Жай болды...»деп күмілжіп,

Әлде қашан түн түсірген шымылдық.

Ой шашырап,сөздің қашып қиюы,

Қимас шақтың әр сәттерін ұғындық.

 

Түн салқындау,

От шарпиды бетімді,

Сол маңайдан ыстық самал есілді.

Назар салмай отырып-ақ көремін,

Бүкіл денем көзге айналған секілді!

 

Түсім болсаң қуанта бер,жүдетпе,

Өңім болсаң сағынышты үдетпе.

Көзге айналған ештеңе емес,

Кетерде,

Тамыр біткен кетті айналып жүрекке!