КЕШІРДІМ, БӘРІН КЕШІРДІМ...
Жоғалды десем бар екенсің ғой,
Оқыстан тауып алғаным.
Біреуге жақсы жар екенсің ғой,
Орындалды ма арманың?
Жақыным десем жат екенсің ғой,
Жүрекке айтсам көнбеді.
Біреуге таудай әке екенсің ғой,
Елесің жап-жас мендегі.
Біраз адамға керек екенсің,
Арқалап жүрген жүгің бар.
Төбеден құлдап келеді екенсің,
Болшы деп Алла өзің жар!
Беттерін жиі санайды екенсің,
Күнделігіңді жаптырмай.
Жазыңды қимай қарайды екенсің,
Тырнаны қайтқан жақтырмай.
Сағыныш,мұңға тоқ екенсің ғой,
Тимепті себі шешімнің.
Жетісіп жүрген жоқ екенсің ғой,
Кешірдім,бәрін кешірдім!
АЛМАСЫ ДА АЛБЫРАҒАН ҚАЛАДА
Жылжып емес,жылдар зулап бара ма?
Өшпейтіндей із қалдырып санаға.
Келдің несін сезіміңді өртке орап,
Алмасы да албыраған қалаға?
Шырақтармен сəлемдесіп жұлдыздар,
Үкідейін үлбірейтін гүл- қыздар.
Бізден биік жандар мұнда тұрған деп,
Асқақтығын жасыратын шың құздар.
Есеңгіреп ұзақ жауған жаңбырдан,
Жанды ұмытып көңілімді қалдырған.
Алмасы да албыраған қалада,
Несін ғана шықтым екен алдынан?!
Қызыл көйлек сақта мені желіктен,
Ессіз желмен бұрын ойнап көріппе ең?
Арыстанның дəтін сезген алапат,
Тағдырым бір жалбарынған елікпен.
Аяладың,қонған еді солай бақ,
Аттанғансың қайта-қайта қарайлап.
Алма пысты, түсті жерге,ал менің,
Жүзім əлі албырайды сені ойлап....
ҚИЯ АЛМАЙ....
Қия алмай зорға қаласың дағы,
Аласың көзден мұң ұрлап.
Екі кездесу арасындағы,
Үзіліс неге тым ұзақ?
Екі кездесу арасындағы,
Болмайды бостық тым тыныш.
Қызғаныш,күдік,өкпе,реніш,
Сағыныш,алаң,күрсініс.
Жаңбырдың жыры,орманның биі,
Боранның күйі- ұққаным.
Қалыпқа ойым сыймағанменен,
Қалыптан бірақ шықпадым.
Талдырды мұңым,талшық етіп ем,
Өткен күндердің елесін.
Басқалар неткен бақытты еді,
Өзіңді күнде көретін.
Сұқ саусақтарым мүйізгек болды,,
Есігін қағып бақыттың.
Жолықпай мүмкін кетерміз біздер,
Қанжығасында уақыттың...
ОРТАМЫЗДА СӨЗ ӨЛГЕН
Тілдескісі жұлдызбен келер тілдің,
Естімейді, құлағы керең түннің,
Талай мәрте тісімнен бері өте алмай,
Ортамызда сөз өлген.
Мен өлтірдім!
Таңдаймды ыстық сөз қарып түскен,
Қызыуына төзе алмай, талып түскем.
Қоламтасы қалғанда ес жинағам,
Күйбің тірлік басталып, жарық түскен.
Ішім- аптап, ал сыртым- өзгермеген,
Құлақ естіп, мұндайды көз еөрмеген.
"Жететұғын жеріме жеткізші" деп,
Қандай жаман адамды сөз кернеген!
Ол төзерме сөзімнің салмағына?
Алаңдаумен күн кешкен, жан-жағына.
Тым болмаса ілер ем бармағына,
Иығы да бос емес,қолдары да...
Мұндай күйді мен бұрын сезініп пе ем?
Қармағыма сан қилы сөз іліккен.
"Бір жылы сөз келер"деп білем оның,
Екеу емес төрт бопып; көзі күткен!
Менен алған өмірдің есебі аздай,
Сөз күтетін бір ыстық, неше жаздай.
Кірпігіне қояр ем,мұңайған күн,
Ол да қалар, сөзімді көтере алмай...
...."Қарайлама.
Жолыңнан кешігерсің"
Өлтірмеген бір сөзім- осы болсын.
Жездей қақтап жанымды қинай-қинай,
Талай сөзім мерт болды.
Кешірерсің...
ХАТ ЖАЗДЫМ БІР КЕЛЕР ДЕП
Уыстап сағыныштың шеңгелдерін,
Көктемде дей көрмеші сенделген кім!
Бұлт біткен көшіп келдіАлатауға.
Құстар да түгел жетті.
Сен келмедің.
Қар жылап күншуақта, мұздар да аққан.
Жинады етек-жеңін ызғарлы ақпан.
Алаулап сені күтіп тұрсам деп ем...
Қыр біткен өрттей болды қызғалдақтан.
Перілер емес пе еді елі Көктің...
Бірі деп ойлай көрме мені көптің.
Қаламша қарқарадай іздеп тауып,
Көңілге құлазыған серік еттім.
Үміттің жанға медет бүрлегені.
Гүл ектім.
Нұрдан да артық түрленеді.
Көкейде сағыныштың сағымы ойнар.
Ол – менің ертеңгілік шілдем еді...
Қайтейін, келмедің сен.
Келмессің де,
Теректей ағып кеткен сел-көшкінде.
Көз жасқа ерік бердім,
Көктемді осы
Бірлесіп көбелекпен зерлестім де.
Талпынып келгенменен жыраққа ұшқым,
Сеземін сарқылғанын қуат-күштің.
Түлкідей, аңшы-тағдыр соғып алған,
Қыр үсті қызғалдақты сұлап түстім...
КӨЗІМЕ БІР КӨРІНСЕҢ..
Не болар, сағынышты сарқып алса,
Сезімді, өзге біреу тартып алса?
Қасыма кел демеспін,жоодар жабық,
Көзге бір көрінудің нарқы қанша?!
Арқалап жүргендеймін ғасыр әнін,
Тербетер жүрегімді жасыл ағын.
Кірпікпен таңғы арайды түріп ашып,
Саусақпен кеш шапағын батырамын.
Төбемнен бұлт өтеді төкпелетіп,
Бір жолғы иігені көпке жетіп.
Қарауға еккен гүлге зауқым болмай,
Мен жүрмін табиғатты өкпелетіп.
Ғажап күй тыңдағандай домбырадан.
Көңілден кететін ед сол бір алаң.
Жанарды жарқ еткізіп, бір көрініп,
Сонан соң, кетіп қалсаң болды маған
КЕПТЕЛІС
Отырсыз, ойға батып, кептелісте,
Несіне қарайлайсыз,өткен іске?
Өмірге ,қателесу үшін келдік,
Біреу бар,қателеспес,тек-періште!
Сол шақтың, әр секундын мыңға балап
қайтесіз,
Алыстамақ,сырғанамақ...
Үйге кеп ,ас іштіңіз ,жарыңызға,
Көзбенен жақтырмаған ,бір қарап-ап.
Көз қарас, үйреншікті,бірақ оған,
(Бір үйде неше түрлі тұрады адам).
Өзіне, ұрынбаса болды әйтеуір,
Мәнісін зерттемеген, сұрамаған.
Кете алмай,жүрсіз бе сол ,мәңгі бақтан?
Арнадан, өзен емес әңгіме аққан.
Жоқ еді,жарыңыздың еш жазығы,
Сізді сол, сағыныш қой, қалжыратқан.
Мен дағы беріліп ем, рас мұңға,
Сіздегі, сағынышқа ұластым ба?
Кір жуғыш машинада, миы айланған,
Қаңсып тұр, күлгін жейде,күн астында....
Бұл күйді ,қор қылмайын,шертіп бекер,
Ән керек,мүнар күйден, серпіп кетер.
Қайрат жоқ, сол үйге оқыс, кіріп барып,
Жетелеп қолыңыздан, ертіп кетер...
Кім тапты,мына өмірде қалаганын?
Берілу үнсіз ойға- бар амалым.
Осы жұрт, кептелісті жек көреді,
Сол кезде, ойыңызға ораламын!
ЖАСЫРАМЫН СӨЗІМДІ
Болсам ба екен,жаныңның құрбандығы,
Көркін ашып бағыңның,тұрған гүлі.
Саған айтқан сөздерім,жазған жырым,
Айтылмаған сөзімнің мыңнан бірі.
Ұмытам деп өзімді әуре етіппін,
Көргеніме аман-сау,тәубе етіппін.
Мына өмірге мені іздеп,келгеніңмен,
Адастың-ау,қайтейін,сәл кешіктің...
Жаным қылдай болады «кетем»десең,
Кетерің бар,кездестің,бекерге сен.
Сенеді екем,сен түнді «күндіз»десең,
Нанады екем,өмірді «шекер» десең!
Осы екен ғой, бір болар той дегенің!
(Өңім бірдей түсіммен,кейде менің).
Не айтқаның маңызды емес,бірақ,
Маған қарап, керегі сөйлегенің.
Қажеті жоқ,ешкімді шақырмағын,
Тыңдамаймын, біреудің ақылдарын...
Мына әлемнің елеусіз нүктесінде,
Керегі тек,жанымда отырғаның.
Жаралғансың сезіммен тербетуге,
Қозғамашы!
Құлқым жоқ,ержетуге...
Жасырамын сөзімді,естір болсаң,
Бір өзгеріс болардай,жер бетінде!