ҰЛМЕКЕН ШӘУКЕНОВА. БАҚЫТТЫ БОЛУҒА БӘРІ ДЕ ЖЕТЕДІ…

Кеше сенің жүрегің ауырған жоқ,
Сенің жүрегің ауырмайды...

                                                Е.Раушанов

 

Менің жүрегім ауырды, налыды сосын,
Қашық кеткенім жөн бе екен қаладан осы.
Кездестіргенін білмедім Тәңірі несін
Табалағаныңды алайын жарама қосып.

Тағдырдан келген сыбаға сыздатты неге?
Сараңдығына мейірімнің үйреніп алғам.
Таң атса күліп, жүрегім, бізге атты деме
Жарық сәуленің әйнектен сүйгені жалған.

Сүйгені жалған және де ғашық адамның
Кеудесі толса жақсы еді-ау, үмітке мендік.
Өлеңмен ғана дертімді басып алармын
Көрікті көздің нұры да күдіктенерлік.

Арманға сенген аңғалдық не етемін сені?
Азаптан неге өртеніп кетпейді денем.
Бақытты қалай қара жер көтеруші еді?
Уақытты ұстап тұра алсам өтпейді деген

 

***

Бәрі өзгереді
Жақын, дұшпан.Жоқ! Мейлі!
Келесі жылдың көктемі беттейді.
Бақытты болуға бәрі де жетеді
Бақытты болуға бәрі де жетпейді.

Естелік айтуға құмарттық.Неге?
(Биікті аңсап тұрып құладық төмен).
Неге алыстады менен өлең
Жүзімді тайдырып әкеттім сенен.
Неге?

Үнсіздік
Тұманның ішінде адасып жүрдім,
Жоғалып кеткім келгенін білдің.
Бағыңда ролінде мен бақытсыз гүлдің
Жанымда бәрібір сен өмір сүрдің.

Сағыныш
Өзгерткім келгенге тағы да бөгет,
Қарадым білмеймін жолыңа не деп.
Бақылайды ғалам бір сәтке жалыға ма деп
Ойладым мен іштен сағына ма деп...

***

Мен бәрінен бас тарттым сағыныштан, сүюден
Алып-ұшпа сезімнен, азабыңа күюден.

Жанарымның ұшқыны өзің жақта адасып
Жалғыздықтың жырымен жаным қалған жарасып.

Жапырақпын күз келіп жағалауда тоналған,
Өткеніме мен енді өлтірсең де оралман.

Сағындым деп хат жазып шырақ жақпа кеудеме,
Ақ өмірдің аңғалын алмастырғам пендеге.

Есі кете сүюдің баяндысы болмаған,
Жалықтырған соншалық неткен ұзақ жолдар ә?..

 

***

Бәрі дұрыс, иә, менде дұрыс бәрі
Көп болды үнсіздікпен ұғысқалы.
Жанның сөзін ақтарып керегі не
Жүрек өлген. Тіршілік. Жұмыс қамы.

Өлең де өлген ессіздеу күнмен бірге,
Сен де ұмытып ол күнді үлгердің бе?
Суық даусың. Алайда таңсық емес
Қыркүйектің салқыны сіңген гүлге.

Таңсық емес халімді сұрамауың,
Іштен тынып егіліп, жыламауым.
Аспан жайып тұрғанда от құшағын
Құламауым керек қой құламауым.

Айналмауым үшін де ақымаққа
Бөтендігіңмен бағытымды бақылап қал.
Ақ үмітпен жаныңды қоршап берсін
Сені ұшақтан қарсы алған жапырақтар...

Аман жүр...

***

Мен кеше
Жүректі  налаға көмілген құтқара алмадым
Неше жыл өтпеді дертімді  құшақтап жандағы.
Сезімдер көз ілген көктемді қайтару үшін де
Күнәнің көбейттім салмағын.

Мен кеше
Қолынан ұстадым, көзінен нұр көргім келгенін жасырмай
(Бейәдеп болуды жөн дедім, ар-ұятқа бас ұрмай)
Өзімді дәрменсіз етуге батылым барғаны
Жарамды ұлғайтқан жасындай.

Мен кеше
Ернімді өпкіздім  тым алыс, тым жақын, тым бөтен
Өмірді сүйгенім өтірік! Шын! Жетер!
Мәңгілік жоғалтқан үмітті іздеуің қателік
Дедім бе құр, бекер.

Уақытты жоғалтқан үмітті іздеуге арнадым
Налаға көмілген жүректі құтқара алмадым
Мен кеше...
Кешір...