ҰЛМЕКЕН ЛЕСБЕКОВА. СЕН ТАҒЫ ОРАЛДЫҢ БА, КӨКТЕМЕ ҚЫЗ?!

 

МЕНІҢ ЕСІМІМ

Менің есімім – махаббат,

Жанға төгер шапағат.

 

Менің есімім – сұлулық,

Жаныңа тұт жылу ғып.

 

Менің есімім – бақыт,

Бақ тұнатын уақыт.

 

Менің есімім – жігер,

Сенім ертіп жүрер.

 

Менің есімім – сенім,

Үмітің ғой сенің.

 

Менің есімім – жеңіс,

Биік, заңғар кеңіс.

 

Менің есімім – жұпар,

Жанға медеу тұтар.

 

Менің есімім – риза,

Көңіліңе сыйса.

 

Есімдермен көркем,

Жаралғанбыз, еркем!

 

Сезінерсің өзің,

Жаратқанның өзін.

 

ҚЫЗ-КӨКТЕМ

Сен туралы көп өлең, Көктем, Көктем!

Көгертіп көсегемді көркемдеткен.

Қол бұлғап шақыратын мені алысқа,

Тырналар тізбектеліп көктен өткен.

 

Көркемдіктің мұншама өтеміне

Қысылтаяң біруақты өтейін де...

Жыр жазайын ұқсатып ирек-ирек,

Көктеме қыздың бүрме етегіне.

 

Күтерім көп осынау Көктем жақтан,

Бір ақ жауын жауардай көктен батпан.

Алатаудың басында ала бұлттар

жыр оқыр ма дастандап өткен шақтан.

 

Ақ қайыңның жанынан өткенде біз

Жапырағын аймалап өпкен лебіз.

Самал әсем сызылта ән салып тұр,

...Сен тағы оралдың ба, Көктеме қыз?!

2018ж. наурыз

 

ӨМІРГЕ МАХАББАТ

Жазам деумен өмір, өзім туралы

Тағып алам кіл айып.

Шалғындықтан өз гүлімді табам деп,

Жиі қайттым мұңайып.

 

Сүрсем деумен, күлсем деумен шаттықта,

Тек бақыттан құралған.

Жаңылумен жазған тілім аптықта,

Болған талай жыларман.

 

Ақ бұлттардан бір періште қол созса,

Сүңгір едім ауаға.

Қиыр-қиыр аспан жақтан жол созса,

Нағыз әйел – Хауаға.

 

Тек тағдырға жазылғанмен күнелтер,

Қолымнан да келер емес жиі алдау.

Мүмкін шығар, сірә, мені сүймеуің,

Бірақ мүмкін емес сені сүйе алмау.

Өмір!

 

КҮНДЕР!

Бола жатса келісім,

Бола жатар жаңа Өмір?

Сен келіссең, мен үшін

Көңіл жақта жаңа өңір.

 

Қорқынышты ал менен,

Мәрт көңілің сол сенің.

Сауға болсын ал сенен,

Сыйлап кетші зор Сенім.

 

Мен берейін қайғыны,

сен қабыл ал шошынбай.

Мен білмеймін қай күні,

Шаттық орнат досымдай.

 

Бөленгенде ізгі, ақ таң,

Махаббатқа мерейім.

Жүрегімді сыздатқан

Жалғыздықты берейін.

 

Дәтке қуат бітіріп,

Сен бергенде қайратты.

Күмән тұрмай кідіріп,

Саған көзін байлапты.

 

Сағынышты, күтуді,

Тағы сыйса өкініш.

Ақтарып сап берейін,

Алып кетші, өтініш.

 

Қой, не керек? ...сыйлар ма ең,

мәңгі бітер Бақытты.

Ал мен саған сыйлар ем,

мына жалған Уақытты.

 

КҮЙ

Жарығым менің, жанарым менің,

Жаныма дәру жазарым едің.

Бұлттармен бірге барады көшіп,

Ауада қалқып ажарың сенің.

 

Мақпалым менің, мақтаным менің,

Өлеңмен бірге жатталып едің.

Сөзімді сезім сазымен демеп,

Қаламға ғана ақталып едім.

 

Көңілдің демеп күйік күндерін,

Сенімен ғана биікпін дедім.

Көңілді мұнша көркем сөйлеткен,

Білмеймін, менің сүйіктім бе едің?!

 

Ғұмырым менің, жуық тағдырым,

Қай жерде сені ұмыт қалдырдым?

Көңілден ғана жауатын бір сәт,

Сен өзі кімсің, суық жаңбырым?

 

*  *  *

Жаратқаннан алғандай бір мұң сұрап,

Бір күлем де, жүремін бір тұнжырап.

Мен сені әлі, жаным, сүйіп келем,

Бір күн тұрып орнымнан, бір күн құлап.

 

Жанарымның алдында сыр тұнғанын,

Байқадың ба, байқасаң, бұл кім жаным?

Өзің ғана сезердей күрсінемін,

Өзің ғана білердей бір мұң барын.

 

Сүйе тұрып, отына күйе тұрып,

Жазылады көп өлең кие тұнып.

Сезінбейтін мен жақты сезе тұра,

Жүрегіме, қайтейін, ие қылық.

 

Сен - ғайыпсың, жоғалған жанардан шын,

Әлде, адамдар баспаған аралдансың.

Ғайып мұнар қай жаққа бастайды екен...

Сен маған өлең үшін жаралғансың!

 

ӨМІР

Кеткенмен кейде көкке ұшып,

Биікке қонғым келеді.

Сүйгенмен әлдекімдерді,

Сүйікті болғым келеді.

 

Ағысқа қарсы келгенмен

Бәріне көнгім келеді.

Мейірім көпке бергенмен,

Мейірім көргім келеді.

 

О бастан сені сүйдім мен,

Тағы да сүйгім келеді.

Басымды саған идім мен,

Бір бағыт икемдеп еді....

 

Өзіме сендім, дегенмен

Бір саған сенгім келеді.

Елеусіз еніп ертеңге,

Тағы да келгім келеді.

Өмір!

 

ПАРАДОКС

Мен үнемі күбірлеймін көп іштей,

Болған жайлы болмайтындай бөліспей.

Тізіп шығып сана жақта, ал сосын

Елең-алаң саралайтын көп істей.

 

Жүрегімде отырғанын біреудің,

Ес білгелі білем. Ол + мен = біреумін.

Ол күлгенде жан дүнием жай тауып,

Ол ауырса жабырқаумын, жүдеумін.

 

Айыра алмай өзім кім де, егем кім?

Қаншама рет бөлектенем дегенмін.

Опық жедім, оны тастап бөлмеге

Өзім, әсте, қашып шығам деген күн.

 

Жасамаймын әбес қылық енді олай,

Жүрсем қиын болар еді-ау ем қонбай.

Жүрегінде жүрегі бар, жарығым,

Жер жүзінде біреу болса, мен солай…