***
Кездесейік екеуміз –
Көшеге емес, көңілге күз келгенде,
Еріген сəт сезімің мұз-кеудеңде.
Тұманына тірліктің сіңіп кетпей,
Іздегенге не жетсін, Ізделгенге...
Жалғыздықтан..(о,бəлкім,сорым қалың),
Тамып кетті көз жасым таңдайға ащы.
Қандай жақсы Өмірде сенің барың,
Менің барым өмірде қандай жақсы!
Айналаңа сен де бір қарадың ба?
Күйбеңінен арылмас қала мына...
Кездесейік екеуміз адамдардың
Ізгі ойынан жасалған ғаламында!
АЛМАТЫ
Алматы, өзің айтшы жөн бе мұным,
Өлеңнен озып кетсе пенделігім?
Жанымды жауын жуып жылайын бір,
Қосылып аспаныңа мен де бүгін.
Даңғылыңдай тағдырдан бос өтер кім,
Жалғыздықпен туғалы дос екенмін.
Алматы, ию-қию көшелерің,
Шимайы емес пе екен пешенемнің?!
Жаңбырыңды аяулы құрбым еттім,
Күттік біз тағат таппай жырды көп күн.
Лүпілінен қуат ап, тірі жүрмін,
Алматы, сенде соққан мың жүректің.
Асқарыңнан өзімді таныдым мен,
Жан дертіме бәрібір ауылым ем!!!
Алматы, дәл осылай тұрсаң болды –
Шығарып сап, қарсы алып жауыныңмен.
НАЗ
Мен ішіндемін,
Әлеміңнің.
Сен түсінбедің,
Және...күлдің.
Мен күрсінбедім,
Күте, жүдеп...
«Сен – гүлсің», - дедің,
Тікені көп!
Мен жалған дедім,
Бар өмірім.
Сен алдан дедің,
Қане, бір күн...
Мен пендемін ғой,
Бар шыны – Өлең.
Сен келмедің ғой,
Қалшы дер ем!!!
ҒҰМЫР
Тағы, міне, телідім жырды мұңға,
Адам түгіл,маған бұл қала бөтен...
Менің сәби – Сезімім шындығында –
Тек Өмірге еркелей алады екен!
Көрінсем де такаппар, өр боп елге,
Балалығы ерімес асқар едім!
Жарақатын жазмышым емдегенде,
Бәрін мүмкін басынан бастар ме едім...
Жо-жоқ, қайта келмес ем, бұл жалғанға,
Бір-ақ ғұмыр жетеді!!!
Шын сүргенге:
Өзіңді ойлап оңаша мұңданғанға,
Өлең жазып, бейуақ күрсінгенге!
МОЙЫНДАУ
Асаулау шығар тағдырым,
Өзiм де момын емеспiн.
Айтар ем бүкпей барлығын,
Түсiнбейдi, әттең, менi ешкiм...
Ақылы жетпей Айдың да,
Жүр ұқпай әлi жұлдыздар.
Шұғыла сынды қайғым да,
Шаттығым шалыс түнгi ызғар.
Жазмыш жолына көнiп құр,
Беттеп барамын елсiзге.
Жүрегiң сенiң соғып тұр,
Өмiрiң ғажап менсiз де.
Сырқатым – өлең,түсi аппақ,
Сен бiлсең,қане,айт емiн.
Қасiретiмдi құшақтап,
Кете берем бе қайтемiн ?!
Асаулау шығар тағдырым,
Өзiм де момын емес ем.
Иесi Көкте бар жырдың –
Жерде мен жазды демесең.
ТҰТҚЫН
Сенше мұңайып, сенше күлемін,
Сүймейтін едім көнсе жүрегім.
Қажытса-дағы бұл өмір жиі,
Аласармашы, еңселім менің!
Сезімде кімдер өлшем жоқ деген,
Сағыныш сонда өлшенбек немен?
Əлемге сенен төгілген нұрды,
Көрсем деп келем, көрсем деп келем.
Күлімдегенде көп болып құрбым,
Жабыққан шақта текке өліп жырым.
Жетем десем де жеткізбей жүрген,
Жолдарды сонша жек көріп жүрмін.
Күнге қалаңды көрсетіп едім,
Биік бол, өр бол менше… тілегім.
Кеудеңе сен де тұтқынсың білем,
Сүймейтін едің көнсе жүрегің!