Әли Мусин. Мына ғұмырды тұл деңіз...



 

                    Notre Dam

 

Өрт ішінен қол созады ғасырым,

Қара түтін - күнәһардың  жолдасы.

Шексіздікті ұнаттым-ау мен осы,

Бейнем бұлдыр болғасын.

 

Діріл қаққан еріндерде бар айып,

Айтылмаған сөз қалды.

Жібек мата жамалыңды жасырды,

Бәлкім, менен қызғанды.

 

От ішінен жымияды пері қыз,

Бойын құмар жайлаған.

Төбе құйқам шымырлады тағы да,

Қайда сайтан, қайда адам...

 

Күлге айналды сезім, кезім - барлығы,

Желге ілесіп, кеттім мен де қаңғырып.

Күнә толы от ішінде пері қыз,

жымияды мәңгілік.

 

 

 

         Belle (ару)

 

Тұман ішінде адасты бәрі,

Күмән ішінде адастым жалғыз.

Мәңгілік қайта құлау үшін бе?!

Тізерлеп барып, қайта тұрамыз.

 

Құлып-көңілге сезімді кілттеп,

Бұлт бейнем де көшкен аспанда.

Жазған хатыңа жауап бергенмін,

Жауын нөсер боп, найзағай қатты ұрған тұстарда.

 

Әнің боп сіңіп көкжиектерге,

Сағымда болғам буалдыр.

Ғасыр жүрегінде айғыз боп қалған,

Қалайша жуам күнәмді?!

 

Өлең де болғам, өмір де болғам,

Тағдыр да болғам секемшіл.

Түн қараңғысында жұлдыз боп жанып,

Жаңарыңа еніп кетем шын!

 

                   ***

 

Жұтылып кеттік қайғыға,

Сіңіп кеткен де түнге біз.

Ширекке жетпей шалынып қалған,

Мына ғұмырды тұл деңіз..

 

 

Тұл деңіз тағы мендік тағдырды,

Жыр деңіз қалған оқылмай..

Бір жұлдыз сынды аққан аспанда,

Ұмыт боп қалған ақындай...

 

Бұлт деңіз тіпті жел айдап өткен,

Нөсер боп жауғам көктемде..

Жапырақ сынды жерге құлағам,

Өткеннің желі өпкенде..

 

Осының бәрі - ақиқат, қалқам,

Тізбектеп бергем жалықпай...

Үнім шықпайды осы мезетте,

Көмусіз қалған табыттай..

 

 

        ***

 

Біздің шаһар бүгін де ерте оянды,

Тірлік тағы тірнектеп таңғы ырысын.

Кәрі қаншық үреді қызға қарап,

Қоқысқа әкеп тастаған тағдыр үшін.

 

Ыңырана жөнелді мына автобус,

Ал, ішінде есінеп кешегі ойлар.

Қарт қарайды сығымдап сыпыртқысын

Һәм жапырақ шашылған көшені ойлап.

 

Ауыр демнен терезе тұманданып,

Қыз жазады жұмбақтап жігіт атын.

Баяу ғана сырғанап саусақтары,

Уақыт өтіп барады асыға тым.

 

Ұсақ ақша сылдырлап алақанда,

Қолдан қолға ауысады неше күн?!

Осы жерге ұзааааақ тоқта, автобус,

Түсемін!

 

       ***

 

Аспан біраз үнсіз қалса кей кезде,

Неге үнемі күбірлейді адамдар?

Жоқ, қалқатай, ол парақты тастама,

"Жазылмаған" жарам бар.

 

Бар ғаламды сол параққа көшіріп,

Мен өзіңді ала кеткім келеді.

Жарықпенен сәуле ішінде адасқан,

Сол ақынға дәл осы ма керегі?

 

Білмейді ешкім, сірә ешкім сұрамас,

Ғалам қайда, қайда ару һәм ақын,

Таңғы шықты жанарына жасырып,

Гүлдер ғана жылап-жылап алатын.

 

Сол бос парақ - тұрағы бар ғаламның,

Жан білмейді кім үмітті үзерін

Өртеп жатты

бос парақты, ғаламды,

Сол аруды һәм

Өзін!

 

  ***

Білемісің...

Саған жазған хаттарым көп еді шын

Көңілімде айтылып мүлде басқа ән,

Сұп-сұр бұлттар көшуде, жылайды аспан.

Көңілсіздік басады жүрегімді,

Досымның сәл қабағы түнеріңкі.

Күдер үздім...

 

Қалай? Қайтіп?

Қобыз-мұңын қолына ап тартсын Қайғы,

Тоқтамасын, шерленсін барлық ғалам,

Ей, осынау күйім-ей жан ұқпаған.

Тырс-тырс тамып тамшылар,

Құрып жатыр ойыма көптен тұзақ,

Әу бастағы хаттан да кеткем ұзап.

Сүйгім келді дәл қазір гүл ерніңді,

Досымның сәл қабағы түнеріңкі.

 Күдер үзді?...

Кім?...