ЛАУРА ПАЛМАН. "САҒЫНЫШ" СИЯҚТЫ ӨЗ АТЫМ...

САҒЫНЫШ

Бақытын бағалап басқаның,

Уақытым өте ме қас-қағым?

Адасқақ арманым әлі күн,

Аңсайды ауылдың аспанын.

 

Аспанға ғана қол созатын,

Тастарға ғана жыр жазатын

Жаңылыс қойылған кезінде,

"Сағыныш" сияқты өз атым.

 

"Сағыныш" дейтұғын өлеңім,

Ұлғайтып алыпты көлемін.

Ауылды, бауырды, тауымды..

...Бәріңді сағына беремін.

 

Көзіме көрінбес сол сағым,

Өзіме, қайтейін, салса мұң.

Езіліп Анамды аңсаймын,

Төгіліп жанардан моншағым.

 

Кетпеуге тырысам түңіліп,

Сендегі сезімге жылынып.

"Гүл" сырын ашуға асығам,

Бүршігін жарғанда бір үміт.

 

Нөсер боп жауғанда жиі мұң,

Шеше алмай тірліктің түйінін.

Сөздерден қашамын сұп-суық,

Көздерден іздеймін мейірім.

 

Жұбатып келгендер емдеуге,

Ұнатып көріңдер Сендер де

Аңсайтын, күтетін сағынып,

Шаршайтын "Жүрек" бар кеудемде.

 

Жүре де алмаймын жасырып,

Жетектеп келеді осы үміт...

"Жарылыс" болған күн жүректе,

"Сағыныш" қалады шашылып.

 

САҒЫНЫШ ДЕГЕН...

Түндермен егіз жырымның аты - Сағыныш,

Гүлдермен егіз сырымның аты - Сағыныш.

Сағынтатұғын, сабылтатұғын жанымды,

Жүрегімдегі "жүгімнің" аты - Сағыныш.

 

Жүрегімдегі "жарамның" аты - Сағыныш,

Мен өмір сүрген қаламның аты - Сағыныш.

(Сол жылдан бері Сенің де солай есімің...)

Көп жылдан бері Анамның аты - Сағыныш.

 

Мұңайсам бірден бүр ататын да - Сағыныш,

Мұңлы әуендерді ұнататын да - Сағыныш.

Күндерде кейде күлкімді үнсіз ұрлап ап,

Түндерде кейде жылататын да - Сағыныш.

 

Сағыныш деген - өмірдің мәні, өрнегі,

(Өлеңнен мынау ұғындың екен Сен нені?)

Сағыну деген - тағыну емес мұң-моншақ,

Сағыну деген - сұп-сұлу сезім Мендегі.

 

Өзіңмен ғана мағыналы ма мына әлем,

Кезіксең маған "сағындың ба?" деп сұрар ем..

...Сағыныш деген - сары уайым емес, түсінші,

Сағыныш деген - мына Мен!

КҮЗГЕ СЫР

Көктемгі белгілі хәліміз,

Өткенді аңсаймыз әлі біз!

Бірақ Мен өзіңе көбірек

Ұқсаймын, Сары күз!

 

Дертіміз келмейді емдеуге,

Сертіміз "суықтан" сөнгенде

Жүрегім сарғайып кетіп ед(і),

Менің де. Кеудемде.

 

Кеудеме "Сағыныш"- өпкенім,

(Күзде де жетеді өкпе, мұң..)

..Сендегі бір үміт-кешікпей

Келетін Көктемің.

 

Мендегі бір үміт.. Қалтырап,

Сағыныш дейтін жүк артып ап..

..Тек Оның болғаны өмірде,

Мен үшін - жарты бақ!

 

Аңсаған "Күз-көңіл" әні бұл,

Мен саған жолдадым тағы жыр.

"Сап-сары" жүректі жұбатып,

Жіберші сары гүл.

 

Мың бақыт күтердей алдан бір,

Ұрлатып уақытын арман жүр.

Өлеңнен сыр ұқшы, Сары күз!

Төбемнен жау, Жаңбыр!!!

 

ЖІБЕК СЕЗІМ

Жылдарыңның орындалмай қалауы,

Жұмбағыңның табылмады, ә, жауабы..

"Түнек" көзін байлап, адастырса да,

"Жібек Сезім" жалғап тұр ғой араны.

 

Соған сенем жалғанымнан қашқанда,

Маңызды емес арманың да,басқаң да.

Сөгілмейтін, үзілмейтін жалғаушы,

Көрінбейтін "Жібек жіп" бар – Аспанда!

 

Күн менен Ай айта алады Ол жайлы,

Солар ғана үнсіз бізді қолдайды.

Күткенде азып, сағынышты сезіп Ол,

Бұлтпен жазып, аспаннан хат жолдайды.

 

"Бұлтты" оқып, дертті жырды емдеймін,

(Жібек Сезім, арқалатпа жердей мұң.)

Таңды көзбен атыратын сәтім көп,

Соңғы кезде аспаннан бұлт көрмеймін.

 

(Мені қойшы, Жарығым, Сен абайла,

"Хат" - өсекші! Желден де тез тарайды,ә..)

..."Жүрек" бұлтты Сен жіберген шығарсың..

"Жібек жіпті" үзбейікші, жарай ма?

ЖОЛДАНБАҒАН СЫЙЛЫҚ

Қажытты ма, Қымбаттым, біздегі мұң,

Қайтесіз? Қызыңыздың тәуір хәлі..

...Сәлемдеме жібердім Сізге бүгін,

Мекен-жайға. Баяғы ауылдағы.

 

Көйлек салдым. (Таңғалып талғамыма,

Көршілерге Мені енді үлгі етерсіз).

Сандығыңыз ортайып қалмады ма?

Жаулығыңыз кірлемей жүр ме екенсіз?!

 

Кемсеңдеп жылайсыз-ау жеткенде Гүл,

Әлі де көп екен деп көрер шыңым..

...Өзі біліп... Сынғанын... Өткенде бір,

Көзілдірік жіберді Көгершінің.

 

Шүкірліктен шақтап бір бақ құрап ап,

Күпірліктен қорғаған бар "Асылын".

Он балаға жетсін деп, тартқылап-ақ,

Тон да ала алмай жүрсіз ғой, тобашылым!

 

Ботаңыздың бүгінгі біліп хәлін,

Қуансаңыз, мен үшін жарты бақыт.

Әр күн жағып жүріңіз "Үміт" шамын,

Алтын тағып жүріңіз жарқыратып.

 

Сағыныштан жылайтын күзде ғана,

Мендегі "аспан" неліктен "жауындатты"?

..Бір сандық сый жібергем Сізге, Мама!

Қайтып келді. Мекен-жай табылмапты.

 

Қапа болып жүрсіз бе хаттар келмей,

Оқисыз ба? Өлең-сый өрсін кеуде.

Өкіне ме Анасы жоқтар - Мендей?!

(..Жеті нан таратайын көршілерге.)

 

ЖҮРЕК ЖӘНЕ МЕН

Қай сырды артық біледі екен Күз,

Тағдырды бірдей сүйеді екенбіз.

...Біз бөлек өмір сүреді екенбіз,

Жүрек екеуміз!

 

Ортақ ән бітіп, тоқтайды күй де,

"Жоғалсам ғана жоқтайды" - дей ме?

Жүрегім маған өкпелеп қалып,

Соқпайды кейде.

 

(Шынымен көңіл қалғаны, ә, демек,

Мұңы мен Өзі қала ма бөлек?)

Мен «біткен Әнді» ұмытсақ деймін,

Ол - жалғап әлек.

 

Айырылысуға шыдамағандар,

Бір жолын іздеп, құрады амалдар.

Жалғанда мынау "Жүрексіз" қалсам,

Кінәламаңдар!

 

Білмесем қайтем, ұға да алмасам,

Күндесем, білем,сірә да оңбас Ән.

Кеудемде тулап Жұдырық-Жүрек,

Жұбанар қашан?

 

Жан едім жүрген жақ ашпай мұңға,

Талапқа көнсем, таласпаймын ба?

Сен салған Әнді бірігіп айтсам,

Адаспаймын ба,

Жүрек!

 

*  *  *

Тағдыр, Талғам бір-біріне кері ұғым,

Сезім жоқта неге керек Сенімің?

Қамығатын, жабығатын ретсіз,

Сағынатын "Жүрегімнен" жерідім.

 

Суытқанда сезімімді соқыр мұң,

Жалынына жылытпадың отыңның.

Түнек-мұңды жасырдым да түбіне,

"Жүрегімді" жерлеп тастап отырмын.

 

Мына әлемнің өзгерсе екен әуені,

Әуре етпесе сағыныштың әлегі..

"Жүрексіздер" жеңіл өмір сүрердей,

Өлеңсіз де өмір, білем, әдемі!

 

Енді тағдыр көрсетеді ар жағын,

(Қажет етсем, жалған берер жалға мұң.)

Өзін-өзі мүжіп, жұлып,"өлтірген",

"Жүрегімді" жоқтап, жылай алмадым.

 

Бірге Онымен көмілгендей көп "түйін",

Сұрағанға, "сырым, мұңым жоқ" дейін..

Сенің Атың сақталмаған Жүректің,

Кеудемдегі орны маған көк тиын.

 

Қызықтырмай заман, адам, ғалам да,

Жауап іздеп шаршамайын сауалға..

.. Тағы неге аласұрдым?!

Белгісіз!

"Сағынышым" қап кеткен бе "Санамда"?

.. ("Жүрегімді" қайта қазып алам ба?)

Қайтем?!

 

«ЖАЗ» ӘНІ

Бітті ме "Жаз" әні біздегі,

Өшті ме өткеннің іздері..

Сезім де сарғаяды екен-ау,

Жапырақ сияқты күздегі.

 

Қалдық па жылусыз, жүрексіз,

Жарықсыз, білесің, түнекпіз..

...Көңіл де күздегі аспандай,

Жылайды ретті, ретсіз.

 

Күзді көр, сол күзден көр Мені,

(Жазбенен жоғалған жөн бе еді..)

...Сары алап - Мендегі сағыныш,

Суық жел - салқындық Сендегі.

 

Мендік тән салқынға шыдар ма,

Сары күз сырымды ұғар ма?

Хат алып кетпейді құс біткен,

Қатігез боп алған бұлар да.

 

Тамшыдан шық болып жылаған,

Сол әннің жалғасын сұрағам..

"Жаз" әні кілт тоқтап қалғанда,

Сырт етіп "Жапырақ" құлаған.

 

"Әні" жоқ "Өлең" жүр өлкемде,

Мәні жоқ "Жыр" жазып ертеңге.

..Біздегі "Жаз әні" бітіпті!

..Күзден "Күй" сұрасам... Шертер ме?..