КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВ. «ТАҒЫ ДА КӨКТЕМ, ТАҒЫ ДА...»

 

*  *  *

Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар,
Ақшамдай іңіріме жалғандыңдар.
Мехнаты жарық боп жанған жылдар,
Махаббаты қарық боп қалған жылдар.

Жылдар, жылдар...
Артымда, алдымда жыл,
Ширек сапар шиырлап қалдым қазір.
Шабандарға бұйрық іс – бүлкіл аяң,
Жараулардың жүйрігі алдымда жүр.

Көрер жарық жыл болып жетеледі,
Нелер налып, намысым от өреді.
Жолдарымның жап-жақын төтелері
Арман дейтін аруға некеледі.

Жүргем жолды өрде де, ылдида да,
Күндер болды малтыққан, құлдилаған.
Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен
Жаһұт дүнием мен талай жыл жинаған?!

 

АҚ ДҮНИЕ

Талай да талай күн өтті,
Қарай да қарай жан-жаққа.
Ағарып атқан таң да аппақ,
Артымда қалған шаң да аппақ.
Ақ иық жерге салмақ сап,
Алдымда тұрған тау да аппақ.
Ақтара салған шарбы май,
Ақ бұлттар менен аулақтап,
Алқымы кеппей қалқиды
Алқынып жетер тауға ықтап,
Алғашқы қарлар жаулық сап,
Ағарып қапты бар қыстақ.
Ашулы бұлақ ол да ақты
Ақ көбік – бұйра жалға ұқсап.
Ақ айлар туды қылыштай
Алшыдан жатып қалғанда.
Жұлдыздар шұғыла шашқанда,
Ақ сәуле ұйып аспанда,
Ақ жалқын сәуле тарайды
Қап-қара қайсар тастан да.
Күңгіртті сырып тастауға
Ақ жарықтарға мастанба.
Жазбай-ақ жыр да, дастан да,
Ағармас бірақ шаш бар ма?
Талай да талай күн өтті
Қарай да қарай жан-жаққа.
Арман мен ойды елеп боп,
Жолдарға шықтық дедектеп.
Сорларға мүкті су құйдық
Суалмау үшін шелектеп.
Аппақ дүние көз қарып.
Адасып кетпеу керек деп.

 

ӨЛШЕМ

Бәрі өлшеулі.
Деміңе дейін өлшеулі,
Тағдырдың салдар-себіне дейін өлшеулі.
Жаялық-құндақ, тал бесігің де өлшенген,
Жастанар құйттай жеріңе дейін өлшеулі.

Өлшейміз бәрін.
Алысты шырқау жақынмен,
Жынысты-нуды жадағай-жайдақ тақырмен.
Гүлдерді оқпен салыстырамыз, атоммен,
Ақымақтықты салыстырамыз ақылмен.

Емшектің сүтін анаң да берген мөлшерлеп,
Мөлшердің бәрін атамаймыз ба өлшем деп.
«Көздің де жасы таусылады екен» дейтұғын
Соғыстан ұлы қайтпаған кемпір кемсеңдеп.

Салыстыру да, Салғастыру да – Бәрі өлшем.
Таусылу, туу. Бітпейді өлшем өле-өлсең.
– Біткені, – дейді тайғанап кетсе табаның,
– Жеткені, – дейді жүлдыздай жансаң егер сен.

Сүріну де өлшем, жүгіру де өлшем, жүру де,
(Көнген ғой пенде өлшеулі өмір сүруге.)
Өткелек өмір өрмекші құры секілді,
Салмағын соның болса ғой өлшеп білуге.

КӨКТЕМНІҢ КЕЗІ   

Көлдерге құйған қар суы,
Бал-құрақ қамыс қозғалып кетсе – бал шуы,
Бойыңды кейде дір еткізеді, дүние-ай,
Байқатпай ғана аяулы сезім шаншуы.

Денеңде қалған, тереңде қалған сол бір мұң,
Ояуы сөнген, бояуы семген солғын мұң.
Тап өзі шығар, қайдан білесің, қарағым,
Көзімнен тамбай, көңілімде қалған мөлдірдің.

Тағы да көктем, тағы да, тағы шаншыды, ә?..
Ескі ауруға ұқсап ұстайтын кезі бар, сірә!
Көңілімде қалған мөлдірім бе, әлде кезінде
Тама алмай бекер, тат болып қалған тамшы ма?

Дірілдеп жатқан көзіме түссе таң шығы,
Дүрмек көктемнің құлаққа келсе шаң-шұңы,
Бойымды менің дір еткізеді, дүние-ай,
Тамырыма тұнған аяулы сезім талшығы.

 

ЫҢҒАЙ-АУ...

 

Ыңғай да, ыңғай, ыңғай ән,
Ырғағың сенің кімге аян?..
Шымшыған үні шымбайдан
Сыздаған іштен мұңды айдап,
Артыңда қалған күнді ойлап,
Айтылмай қалған сырды ойлап,
Қозыға теліп өзіңді,
Керек-ақ болып бір Баян,
Қуантып құнан сезімді
Қуғандай қырдан ор қоян
Ыңыранып бастап, ырғалып
Рабайда біреу айтпаса,
Ынтықтыра ма мұндай ән?!
Ыңғай да, ыңғай, ыңғай ән,
Сусыған қызыл құмдай ән.
Сағынған кезде сарғайып
Бойыңды басқан мұңдай ән.
Бұйырған белдің шөбіндей
Бұйырған пәлен мың бояу
Бұйығы көңіл еміндей
Булыққан сезім жүрді ояу.
...Ыңғай да, ыңғай, ыңғайға,
Ынтықса салып тынбай ма?
Көп жылға көңіл жасарып,
Көп ойдан әлпет қасарып,
Салғым кеп отыр «Ыңғайға».
Шашбауын бірақ көтеріп,
Шығандап шығар үн қайда?!

 

* * *

Көдесі семіп, көлдері солып күзде бір,
Тұнжырап тұрар шақ болады ғой түзде өмір.
Қоныстан безіп, өрісті өзгертіп, жай іздеп,
Құс болып кетсек, қайтер еді егер біз де бір?!

«Көгерер-ау» деп сартап боп қалған сары қыр,
Көктемді күтіп қарайлаймыз ғой тағы бір.
Отыққан жері Отан боп кетер оларға,
Құс болып кетсек, Отанның орны толар ма?!