КҮЛӘШ АХМЕТОВА. ӘДЕЙІ ҮНСІЗ ЖҮРСІЗ БЕ...

*  *  *

Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,

Кезігіп қала берем бірдей сізге?

Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,

Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?

 

Қағылуы махаббат қанатының,

Жаныңызға жабырқап баратыным.

Байқалмай ма сізге осы,

Қып-қызыл боп, қипақтап қалатыным.

 

Сізді ойламай көзімді әлі ілдіріп

Көргенім жоқ, керек пе жалындыру?

Өртенемін жаныма жалын кіріп,

Әдейі үнсіз жүрсіз бе, бәрін біліп?..

 

Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,

Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.

Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,

Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз…

 

ҚҰС ҚАЙТҚАНДА

Жырға ораушы ең қаласаң, құла түнді,

Қабақ түйсең, қара жел тұратын-ды.

Жақсы көрген кезіңде дүниені

Жанарыңа жасыл жас тұнатын-ды.

Ерлік жырмен шығардың шын атыңды,

Ескіртпедің ежелгі мұратыңды.

Елі-жұртың іздейді енді бүгін

Ерте кеткен еркелеу бір ақынды.

Ағыл-тегіл жас төксе сұлаған қыр,

Арық-сайға қайғылы тұнады ән бір.

Ақиқаттың айнасы сынған күні

Жыла, шуақ! Жыла, жер! Жыла, жаңбыр!

Кім тоқтатқан уақыт дөңгелегін.

Кімдер көрді мәңгі шам сөнбегенін.

Қыстың соңы, көктемнің басы болып

Құс қайтқанда жазылды-ау соңғы өлеңің...

Аққу қанат, қаз дауыс қаңқылдаған

Самалынан сандал тау салқындаған,

Сазы бөлек, сал ақын, алыс жаққа

Сағынсын деп кеттің бе халқың, далаң.

... Сазы мұңлы қоқыр қаз ұшты айналып,

Қанатына қажымас күш байланып!

Қарап тұрмын, әлде ақын кетті ме деп

Жылда келіп тұратын құсқа айналып.

 

ЖАЗЫЛҒАН ЖЫРЛАР

Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайсы тұстарын?
Сендерді көріп сүйсініп жүр ме достарым,
Таңырқап жүр ме, табалап жүр ме дұшпаным?
Ұшырып ем ғой, шартараптарға барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне ұя салсын деп.
Құйттай құстарым, жаныммен жіпсіз жалғасқан,
Сау жүрсіңдер ме ақ қанаттарың талмастан?
Қалған жоқсыңдар ма қалтарыстарда елеусіз
Ғажап саздарды тыңдаған кезде таңғы аспан?
Қона алдыңдар ма махаббатардың бағына,
Төге алдыңдар ма сағыныш толы лағыл ән?
Жанымның даусы сендерге еді аманат,
Жеткізе алмасаңдар не қылам?
Соны ойлап жиі қамығам.
Құйттай құстарым! Көмейлеріңде жыр-ән бар,
Жолдарың ауыр, арымай, талмай шыдаңдар.
Құйттай құстарым, құласаңдар да, өтінем,
Адамдардың тек жүрегіне жетіп құлаңдар!
Өмір-тағдыр, не деген тартыс еді!
Көндіреді заңы мен салты сені.
Қызық күндер орнына қиындық кеп,
Қызыл гулдер орнына қар түседі.
Балалық шақ дегенің ертегі екен,
Ендігісін қалайша көркем етем?
Жақындарым айтпаған сөздерді айтып,
Өзімді-өзім анам боп еркелетем.
Бәрін Тәңір бере ме сұрағанға,
Арман болмай тұра ма бұл адамда?
Өзіме-өзім қиналсам қайрат беріп,
Өзімді-өзім жұбаттым жылағанда.
Артық емес мен үшін алтын ардан,
Өмір - қымбат, шықпайсың бар құмардан.
Бақытым жоқ менің де басқалардан
Тартып алған немесе артық алған.
Өзіме-өзім сүйенем, о, расында,
Өзіме-өзім жол салдым борасында.
Өзіме-өзім жете алмай отырамын
ЬІдыстар мен дыбыстар арасында.

 

СЕН – ҚАЗАҚСЫҢ

Сен – қазақсың!

Қазақ деген ел бөлек,

Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.

Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,

Шаңырағы күн сияқты дөңгелек.

Сен – қазақсың!

Бір Алланың құлысың!

Адамға адам құл болғаны — құрысын.

Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай,

Қалған ұлтсың. Қаһармансың! Ұлысың!

Сен – қазақсың!

Ұлы дала – тұғыры.

Күмбір-күмбір күрескерлік – ғұмыры,

Тірескеннің дірілдеткен тізесін

Тұлпарыңның тұяғының дүбірі!

Сен – қазақсың!

Алғызбайтын барыссың!

Ар – ожданның асқағысың, намыссың!

Тағдырыңды танығысы келгендер

Тасқа басын тарихыңмен танисың!

Сен – қазақсың!

Байырғы жұрт – түздегі ең,

Табиғаттан тән тамырын үзбеген.

Қолын жайып, Көктен өмір сұраған,

Жер бетінен жерұйықты іздеген.

Сен – қазақсың!

Қазынасы – нәсіп, құт.

Қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық.

Жерің, суың, тауың сұлу соншалық,

Көрген көзден кететіндей жас ытқып!

Сен – қазақсың!

Отаншылсың, тектісің!

Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің.

Бұл далаға мұрагерлік, иелік —

Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін.

Сен – қазақсың!

Айлалысың, ептісің!

Айбарлысың, ақылдысың, беттісің!

Көп болуға,

Бір болуға тиіссің,

Көрмеу үшін жаттың езгі, тепкісін!

Сен – қазақсың!

Рухы еркін, өзі еркін!

Мұзбалақсың, сорғалаған сөзі еркін!

Қайталанбас күйшісің сен құя алған

Домбыраның өзегіне өз өртін!

Сен – қазақсың!

Келе жатқан бағы асып,

Адамзаттық ізгілікке жол ашып,

Дастарқанның – елшілігің ежелден,

Мейірбансың, меймандоссың қолы ашық.

Сен — қазақсың!

Ғарышкерсің, жаны – аспан.

Өрелісің, өз орнына таласқан.

Төрге лайық марқасқасың, мықтысың,

Төрткүл дүние саясатта санасқан.

Сен – қазақсың!

Қазақ едің туғанда!

Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,

Ата жұрттан, Ана тілден айрылма,

Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда!

 

КӨК КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ

Көктем келіп көк гүлдерін санасаң,

Көтерілсе көк таулармен таласа ән.

Көлбей ұшқан көк бұлттарға қарасаң,

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

 

Кешір, барлық сырымды да жоқ ашқам,

Жол да бөлек болған екен о бастан.

Мөп-мөлдір боп көзді тартса көк аспан,

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

 

Торын құрып ой деген бір өрмекші,

Көз алдыңда көкшіл теңіз дөңбекшіп.

Көктеміңді есіңе алсаң сен де өксіп,

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

 

Тым ертерек ойлаппыз ғой ұятты,

Сол үшін де кейін жасым жиі ақты.

Жеткізбеген көкжиегің сияқты

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

 

ХАБАРЛАСПАЙ КЕТКЕНІҢ ДҰРЫС БОЛДЫ...

Хабарласпай кеткенің дұрыс болды,

Көңілі таңғы судай салқындасын деген шығарсың, 

Оңаша қаймығып, ән тыңдасын деген шығарсың. 

Менен басқа өмірді де есіне алсын деген шығарсың,

Егіліп жыларсың да басыларсың деген шығарсың. 

Май айында басынан күзді өткерсін деген шығарсың,

Сүйетіні шын болса, іздеп келсін деген шығарсың. 

Мейрамда да қуанбай, мұңға батсын деген шығарсың,

Сынық жүзден суық мұз сырғанатсын деген шығарсың. 

Менің әлсіз жанымды күйретейін деген шығарсың, 

Қаталдыққа осылай үйретейін деген шығарсың.

Бәрі де солай болды, жылаймын мен, 

Ерісе деп ертерек мұз боп қалмаймын

Бәрі де солай болды, тек қана іздеп бармаймын

Мен - нәзік гүлмін, сен - құламайтын шынарсың,

Бірақ мен шыдағанда, оған сен шыдамайтын шығарсың!

 

ҚАР ЖАУЫП ТҰР ҚАЛАДА...

Қар жауып тұр қалада баяғыдай,

«Адамдарды бақытты ет, ая, құдай.»-

Туған жерге аспаннан суық гүлдер

Түсіп жатыр қанатын жая құлай.

Қай кезде де қазақтың даласы кең,

Біреу — бақыт, біреулер — жарасына ем,

Іздей ме екен, адамдар бара жатыр

Аппақ-аппақ қарлардың арасымен.

Біреулер жүр тазалап күрекпенен,

Аппақ сезім толтырар жүрекке өлең.

Іздегенін адамдар тапса екен деп

Таза қардың, үстінде тілеп келем.

Көптен осы қаланы қар басқаны,

Алатаудың айбарлы қарлы асқары.

Аппақ, аппақ, аппақ қар себелейді,

Үлпілдейді түбіттей тал бастары.

Тал бастары... Өнгелі не көрмеген,

Мезгіл жетпей жазғандар көгермеген.

Жас суретші қарайды тұра қалып,

Таласа алмай табиғат шеберменен.

Мекендемей шатырдың үстін, кептер тығылыпты.

Сұп-суық ұшқын лептер.

Сессияның кезі бұл, бұрынғыдан

Ширағырақ басады студенттер.

Қысқы ауаның тиеді сызы бетке,

Біреу — тойдан,

Біреулер — қызметтен

Шыққан шығар.

Қар жабады жаңағы ізін өткен.

Қар жауған шақ.

Мезгіл ғой шапағатты ең,

Торғайлардың тоңғаны батады әттең.

Сұп-суық қар ішінен Алматыма

Қараймын мен ып-ыстық махаббатпен.