ЖЕҢІЛІС
Сұстылay жауынгерге жолықтым да,
Есім кетті. (Жоқ еді ойымда дым)
Жеп қоярдай қарап ең, қорықтым ба:
Жеңілдім деп үн-түнсіз мойындадым.
Қарағанға қараушы ем айбаттана,
Мен де өзімше өр едім, асқақ едім.
Қаһарланбай жаулап ап, жайлап қана
«Қаруыңды түгелдей таста» дедің.
Таңдантпаған думаны бақтардың да,
Қызықтыра алмаған атақ барлық...
Сен келіп ең, талқан боп жатты алдыңда
Жалғыз мықты қаруым — тәкаппарлық.
***
Сүйеді деп ойлауға жасқанар да ем,
Таныстар да ол жайлы ойламаған.
Бірақ сүйем дейтұғын басқалармен
Бақытты бола қою қайда маған?
Өзін өзі ұстау да кісіге сын,
Көздеріңді қадайсың отты, үмітті.
Алыс жүріп жанымды түсінесің,
Мен үшін соның өзі жеткілікті.
Біреу арбар сөзімен, күлкісімен,
Жақтырмайсың сен ерсі көп қылықты.
Алдымен мені іздейсің жұрт ішінен
Ал маған соның өзі жеткілікті.
Үндемейсің,кеудеңде жанады арман,
Мені ақтайсың жадыңда болмай бір қыз.
Байқайсың ба, өсектен, жалалардан
Бірімізді біріміз қорғаймыз біз.
Мазалайсың ойымда тұрасың да,
Сенің әрбір қылығың ерекше ұнар.
...Бұл нәзік сезім жайлы, расында,
Айтпай-ақ қоюымыз керек шығар?
***
Жаңалық жоқ қалада —
Такаппарлау таулардың басы бірақ
Күндегіден шыршалар жасылырақ,
Жаңалық жоқ қалада —
Жылғалардың өзгеше жыры бірақ,
Күндегіден қыздар да сұлуырақ.
Жаңалық жоқ қалада —
Дүниенің сүйкімді бәрі бірақ,
Күндегіден көшелер жарығырақ.
Жаңалық жоқ қалада —
Бірақ, бірақ қаласың мейрам ба деп,
Жұрттың бәрі шыққандай сайранға көп.
Жаңалық жоқ қалада —
Бірақ ешкім білмейді мұңды, үрейді,
Бұлттың өзі жібектей үлбірейді.
Жаңалық жоқ қалада —
Ән салады құс түгіл тас та бірақ,
Күндегіден астана асқағырақ.
Жаңалық бар ал менде —
(Жұмысы жоқ біздермен, ел не десін?!)
Түңғыш рет жанымда сен келесің!
***
Табылды-ау саған да мұң, маған да мұң,
Сен мұңайсаң қиналып алаңдадым.
Қалың жұрттың ішінен қанша қарап,
Саған ұқсас бір адам таба алмадым.
Жанға ұқсамай құртасың шарамды да,
Жанға ұқсамай жазасың жарамды да.
Жүз кісінің ішінде тұрсаң дағы,
Алдымен сені көрем қараңғыда.
Осы ма еді тілегім жасағаннан,
Зарықтырған күндерін тосады алдан.
Сағынғанда үніңді, қабағыңды,
Көздеріңді таппадым еш адамнан.
Есіме алсам, өртейді ішімді өлең.
Ешкім мені өзіңдей түсінбеген.
Мүмкін сені сүйетін шығармын-ау
Ешкімге ұқсамайтының үшін де мен.
***
Айналдырып уақытты құйын күнге,
Құйыныңмен еркімді ап үйірдің де,
Ғашық еттің, ал енді
Қалай сені
Сүйетінімді бейнелеу қиын мүлде.
Сүю жайлы бір әнші төкті залда ән,
Дәл сол әнмен жеткізер көп қыз арман.
Сұлу әрі сұрапыл бұл сезімді
Әнмен, сөзбен мен бірақ жеткізе алман.
Музыкамен, суретпен... ештеңемен
Жеткізе алман,
Мұндай күй кешпеген ем,
Көзімді ашсам таңертең сені ойлаймын,
Сағынамын күндіз де, кешке де мен.
Жанарымда:
үмітім, қызғанышым,
Түсінбесең, түңіліп мұздар ішім.
Сүйетінін дәлелдеп айтып жату
Міндетті де емес-ау қыздар үшін...
* * *
Өмірден таңдап тапқан дара бағым-ау,
Қатулы қабағыма қарама мынау.
Сен шақырып, мен ылғи «бармаймын» деп,
Гүлден нәзік көңіліңді жараладым-ау.
Тағдыр — қатал. Көнуші ем үн шығармай сынға,
Болып алдым-ау бұл күнде қырсық әрқайсыңа.
Сенің орның басқадан бөлек қой, жаным,
Сөзімді тыңдай бермей, ұрсып алмайсың ба?
Сендей адам мен үшін анық көп дейсің бе,
Кештерімді қызық та, жарық та етпейсің бе?
«Бармаймын» дегеніме көне бересің бе,
Көздерімді тұндырып алып кетпейсің бе?!
***
Сүйесің бе дегенде, «жоқ» деп едім,
Бала құсап бұртиып өкпеледің.
Өкпеледің, көңілің бұлыңғыр-ақ...
Сүйіп тұрғам ішімнен, күнім, бірақ.
Сағындың ба дегенде, «жоқ» деп едім,
Сағың сынып қарадың, өкпеледің.
Кеттің, жаншып күдікті жүрегіңді ой
Ал мен іштей сағынып тұр едім ғой!
***
Кешір мені!
Сенің жиі шаттығың бола алмадым ба?
Мойыныңа еркелеп оралмадым ба?
Ренжіп қалды ма деп қарай берем,
Шаштарым ағаруда содан да мына.
Бір күн күлкім, бір күні бұлтым басым боп,
(Мейлі жұрт өсектесін, тың тыңдасын көп)
Өзіме өзім келемін қарсы шығып,
Сенің таза жаныңа мұң тұнбасын деп.
Өзің барда жанымда пәк, керім күлген
Басқалардың не қылам сәтті өмірін мен?
Ойдан жүдеп отырсам, күлдіресің
Бала мінез кіршіксіз ақ көңіліңмен.
«Поэзиям менің» деп жүресің, жаным,
Көзқарасымнан айтқызбай білесің бәрін
Сезесің бе сен менің құйттай бақытымда
Өзіңнің қаншалықты үлесің барын?
Сен білесің маған тым қиын екенін,
Жақын болып кеткендей биыл өте мұң.
Түндерде жыр жазуды жиілетемін.
Күрсінесің,
Түсініп қарайсың да,
Түсінетін жаныңды сүйіп өтемін!
ӨКПЕ
Жүрегің тастан ба еді, мұздан ба еді,
Әлде менен жақын бір қыз бар ма еді?
Көңілімді суыттың үнсіз қалып,
Мен де айналсам жұмбаққа қызғанба енді!
Қызғанба енді біреумен билесем де,
Шақыра ғой басқаны биге сен де.
Мен жүрейін жанында жат біреудің,
Өлең оқып берейін сүймесем де.
Ішімнен: «ондай ешкім жоқ» десем де,
Басқа жанды бақытты етпесем бе?!
Қайғыдан қалай аман жүр екен деп,
Қайран қалма, қасірет шекпе сен де.
Менің нәзік көңілім үркек еді,
Бүгін одан бұлыңғыр бұлт өреді.
Енді сенің алдыңда адалдықпен
Жүрегінің жұлдызын кім төгеді?
Ел не дейді?
Білместің ісі дер ме?
Ұшырмадық сезімнің құсын өрге.
Басқа қызға сыр жайып отырарсың,
Бірақ сені ол дәл мендей түсінер ме?
Аңсатсаң да жаздағы аз жаңбырдай,
Сыр бермеспін сыр бермей тозған құмдай.
Сүюші едім аяулы сезімдермен,
Айтушы едім ертеңге сөз қалдырмай.
Тыңдамаушы ем сен жайлы өсектерді,
Сезім сенде — не қатал, не шектеулі.
Саған да енді кезіксін жинақы жан
Махаббаты, сөздері есептеулі.
Кетер болсаң, тезірек ұмыт бәрін,
Көз алдыңда тұрмасын қылықтарым.
Ұмыт бәрін!
Жиям деп әуре болма,
Таңғажайып сәуленің сынықтарын.
Жерле бәрін: Жүректің ертегі, әнін,
Өткен күннің елесін — ленталарын.
Қырқып таста жадыңнан.
Менің қолым
Тиген заттың түгелдей өрте бәрін.
Мен осылай бұйырам, кеш, көріктім,
Сезіне біл күндіз де, кеште ерікті.
Жүрегіңнен,ойыңнан, дәптеріңнен
Сызып таста мен жайлы естелікті.
Не ескерткіш арнама, не шығарма,
Ұмтыласың — ұмытпай — несіне алға?
Үйден шықпа жаңбырда.
Жыр да оқыма,
Көз жасымды, сөзімді есіңе алма!
Қызық өмір менсіз де сүре біл де,
Шырқа, биле, мейрамда, түле, гүлде.
Басқа жанды аймалап құшқаныңда
Байқа тек, мен тұрмайын жүрегіңде.
Ұмыттырсын күн мен түн жиі алмаса,
Менен қашсаң берілме қиялға аса.
Еш әйелге ренжіп, өкпелеме,
Мендей таза, тәкаппар сүйе алмаса!
Мен сен үшін бола алсам алыс тұлға,
Тағдырыңды басқамен табыстыр да,
Менің мұңды бейнеммен, қылығыммен
Еркелігін ешкімнің салыстырма!
Күндерді ұмыт бөлмеге сыймай күлген,
Күндерді ұмыт ерекше сыйлай білген.
...Өкпелеймін осылай —сүйгендіктен,
Шынымды айтсам: ешкімге қимаймын мен!
* * *
Түсінемін ниетіңді тамаша,
Талаптыны ұстамайсың тұсап түк.
(Кісілік пен ақыл-ойдан аласа
Қызғаныштың екінші аты —ұсақтық).
Мақтасаң да, жайлап мақта қызбай көп,
Құр мақтау сөз өлеңіме тіреу ме?
Маған деген жылы сөзің мұздай боп
Тиетінін білмейсің бе біреуге?!
* * *
Төзбейтұғын нәрселерге төземін,
Көргім келмес кісімді де көремін.
Барғым келмей тұрған жерге барамын.
Осы шығар мүмкін өмір дегенін.
Бұған қарап деме, досым, мені арсыз,
Артық айтсаң, жүрегімде қалар сыз.
Құстан ұшқыр қиялымды торда ұстап,
Жағдайларға көнем кейде амалсыз.
Бұл мінезге үйренгенмін қалай мен.
Бұл әдетке табу керек қалай да ем.
Айтқым келмей тұрған сөзді біреудің
Көңілі үшін айттым да ғой талай мен.
Өз ойымды өлтірдім-ау сонда мен.
Сезімдерім көнбейтінге көнді әрең.
Сыр бермедім кезімде де шөлдеген,
Бәрін дұрыс түсіне ме ел деген?!
...Әлденеден ауырады жан денем.
***
Мезгіл — өзен ақырын ақпайтыны қинайды,
Менің қайғым басқаға батпайтыны қинайды.
Бізді жұрттың білмей-ақ мақтайтыны қинайды,
Бір көгершін кеудемде таппай тыным қинайды.
Жұлдызымыз мәңгілік жанбайтыны қинайды,
Жүйрік жылдар жалт етіп алдайтыны қинайды,
Қайталанбас бір белгі қалмайтыны қинайды,
Қайран шөлім өмірде қанбайтыны қинайды.
Жыр әкелмей жастықтың неге түні қинайды,
Жылдардың да күттірмей келетіні қинайды.
Мазамды алған осы ойдың бәрінен де, сүйіктім,
Сенің маған алаңсыз сенетінің қинайды.
***
Өзіңсіз сүю заңын осы өмірдің,
Білер ме ем?
Ойым мынау неше күнгі.
Сен мені шын жек көріп кетер болсаң,
Білмеймін нендей бір күй кешерімді.
Білмеймін онда қалай жүре аламын,
Табам ба күйремеудің бір амалын?
Ақылың бар еді ғой,
Сүймей қалсаң,
Сездіре көрме маған, сұранамын.
Сездірме,
Сездірсең де бірақ егер,
Селт етпес мұңмызға куәгер ел,
Ешкімнің ештеңесі кете қоймас,
Таң да атып, күн де қайта шыға берер.
Түк сезбей тұра берер гүл қалалар,
Тәуелсіз баяғыдан тұрған олар.
Дүние сәулеттенер бұрынғыша,
Бұлт көшіп, бұрынғыдай сулар ағар.
Ештеңе сезбес ешкім ағылса күн,
Сандуғаш төге берер сағынса әнін.
Бар әлем әсем қалпы қала берер,
Тек сенсіз қалмас жалғыз менің сәнім.
Бүршіктер жапырақ боп өніп демде,
Аппақ гүл тегілгенмен өріктен де.
Болмаса сенің нәзік махаббатың,
Білемін қалмайтынын көрік менде.
Тапсырып тағдырымды сенгем, күткем,
Өлеңге ойып қосқам зергерлікпен.
Құлпырған дүниеге құштарлығым,
Сен мені сонша жақсы көргендіктен!
ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚ
«Не сыйлайын?» -
Дейсің сен, ойға қалып,
Қуантқың келетіні айдан-анық.
Тілегімді айтуға асығамын,
Ақкөңіл сұрағыңды пайдаланып.
Керек емес тым ауыр алқа маған,
Қайран қап қарамаймын, қалқам, оған.
Болмаса, болмас асыл белбеу менде,
Асылдың бәрі - менің өр кеудемде.
Керегі жоқ жауһар мен жақұттың да,
Жалғыз жауһар менің бар бақытым ба?
Керек емес алтының күмісің де!
Жалғыздықтан қорықсам, түн ішінде.
Бірі — менің жұбатпас жүрегімді,
Бірі — менің тыңдамас тілегімді.
Бірі — менің толтырмас көңілімді.
Бірі — менің ұзартпас өмірімді.
Жалғыз болса, адамның өңі мұңды,
Кім тыңдайды назыңды, әр үніңді.
Есеп-қисап тұратын ар жағында,
Керек емес қымбатың арзаның да.
Керек емес інжуің, маржаның да,
Өзім алам затты да, киімді де,
Өмір болса, толтырып үйімді де,
Керек болса, байлықты жинап алам.
Ұсақ талап қоймайды сүйген адам,
Айнымас махаббатыңды сыйла маған!
КЕШІРЕМ БӘРІН
Кешірдім, менсіз тойға барғаныңды,
Кешірдім, менсіз билет алғаныңды.
Кешірдім, саусағымнан ұстап тұрып,
Қадалып басқа қызға қалғаныңды.
Кешірдім, ұзап кеткен сапарыңды,
Кешірдім, ашуыңды, қаһарыңды.
Кешіріп кей кештерге жібердім мен,
Білсем де өзім жылап жатарымды.
Еске алып сені көрген көктемімді,
Кешірдім, орынсыздау өктем үнді.
Кешірдім, басқа жанды еске алғандай,
Үсті-үстіне темекі шеккеніңді.
Кешірем. Таға берем несіне мін.
Несіне бұзам әсем кеш реңін.
Зарықтыр - зарықтырсаң, жалықтырма,
Сонда мен амалсыздан кешіремін.
ҮЗІЛГЕН ТҮЙМЕНІ ҚАДАУ
(Бұрынғыдай сағынбайсың сүйгенді,
Бұрынғыдай асықпайсың үйге енді..»
Әр нәрсені ойлап кеттім лезде,
Қадап тұрып үзілген бір түймеңді.
Жүрегіңе салғаным ба, бәлкім дақ,
Жастықты емес, жағдайды ойлап әр күндік.
Жейдең әппақ, өзің де әппақ, тап-таза,
Тазалықта болады-ау сәл салқындық.
Әр нәрсені ойлап тұрдым ішімнен,
Сен де мені сияқтысың түсінген.
Жып-жылы боп қолың тиді бетіме,
Еңкейіп ем, жіпті үзуге тісіммен.
Баяғыдай кетті-ау бетім жанып тым,
Жанып тұрып , келмек емес зарыққым.
Қолың тиіп кеткен кезде бетімді,
Тартып алмай, тұрыңқырап қалыппын.
Аяп кетіп, сипадың сен бетімнен,
Аумайтұғын сияқтымын жетімнен.
Жеңіндегі құйттай түйме арқылы,
Жеткізгенде сағыныштық шетін мен.
Жаның еріп, төгіп тұрды көзің - күн,
Айтайын деп, айта алмадым өзім дым.
Махаббаттың өлмеуі үшін өмірде,
Қас қағым сәт жететінін сезіндім!