ИБРАГИМ ИСА. АҒАЙЫНЫН СОЛ КҮНI ҚАТТЫ КҮТТІ ДЕГЕЙСІҢ...

 

***

 

Бір ғұмырың жетсін мейлі, жетпесін,

Өкінесің уақыт сырғып өткесін.

Маған дейін қоя алмаған ешкім де,

Мен де уақыттың қоя алмайын нүктесін.

 

Армандардың шарлай берсін көк тесін,

Өте алмасын сезді де арғы бетке шын.

Жарығының азайғанын сезгендер,

Өмірінің ерте қойды нүктесін.

 

Жүрсек дағы қиындықтан қорғанып,

Өмір бізді, біз өмірді алдадық.

Тіршілікке қанша нүкте қойсақ та,

Уақытқа ешбір нүкте қоя алмадық.

 

Бұл жалғанға болсын мейлі, өкпеңіз,

Үтір ғана біткен өмір, біткен іс.

Бақытқа да жеткізбейтін жылдамдық,

Уақыт қана өтіп жатыр нүктесіз.

 

Барлығын да кері қайырған күні,

Бұл адамзат әбден тойынған күні.

Тоқтайды өмір,

Өледі бар тіршілік,

Уақытқа нұкте қойылған күні.

ЖҰБАТУ

 

Сонау иман, ұя та бар заманда,

Өз еліңде қымбат еді бағаң да.

Өмір сүру – қызық еді саған да,

Өмір сүру – қызық еді маған да.

 

Бейбіт күнде келді қайдан зобалаң,

Ұятты ойлап жүрген қазір жоқ адам.

Торға келіп түскен сынды тотықұс,

Қарға болып кеткен сынды шағала.

 

Орындалмай қалды небір армандар,

Түлкі болып кетті небір арландар.

Сасып қалды небір жақсы-жайсаңдар,

Бықсып-бықсып өшіп қалды жанғандар.

 

Жоғалғандай жылылықтың ұшқыны,

Жүректерде мейірімнің өшті үні.

Халқымызды үрей билеп жүр бүгін,

Қорқынышты адамдардың ұсқыны.

 

Мақсат деген ымы сынды мылқаудың,

Ал көкірек іні сынды қорқаудың.

Уайымдасақ, өлердейміз құсадан,

Жайын жасап жүргендейміз жалқаудың.

 

Өміріміз жақсы екен ғой өткен деп,

Жүрміз енді «әттең», «әттең», «әттең» деп.

Бұдан қатты суық болса қайтеміз?

Көңілдерді жылытпаса көктем кеп.

 

Ұятсыздың қалтасында – ұятың,

Ұятсыздың түрі жоқ-ау тоятын.

Мұны оқыса ұятсыз бен имансыз,

«былжырама дейтін шығар, ей, ақын».

 

Ұятсыз бен имансыздар елінде,

Табалдырық сияқтанар төрін де.

Бұл өмірде көксегенім болмаса,

Жақсы өмірің болар мүмкін көріңде.

 

МАХАББАТ ЖАЙЛЫ

 

Адам адам болғалы,

бұл өмірде өлшем көп,

Өмір сүру – арманы,

ойлаған жоқ өлсем деп.

 

Алғашқы ақын бір қызды

сүйген шығар, білмеймін.

Бұл тақырып өлеңге,

қосылғанын қашан кеп.

 

Шарласа да дүниені,

қиялдағы ой-арман.

Махаббатқа жаңалық

қосайыншы дей алман,

 

Ғашықтардың сезімі

арқау болып өлеңге,

Тыныш жатқан жүрек сол,

қай уақытта оянған?

 

Сол алғашқы ақынның

ғашық жайлы жырынан,

Талай жүрек жібіген

шығар-ау деп ұғынам.

 

Қай уақытта туды екен,

сезімдерді оятып,

Сүйгеніне арналып

айтылатын шырын ән?

 

Қоштамасын біреулер, мейлі,

біреу қоштасын.

Жүректерге заманның

қосып алдық қоспасын.

 

Махаббаттың қадірін тереңірек

білер ме ек,

Сол алғашқы өлеңнің

 

тапсақ, шіркін, нұсқасын!

 

КЕШІР, АҒА, БІР ЖЕРГЕ АСЫҒЫС ЕМ

 

Бір жігітке жыр оқыдым ұғымды,

Танысымдай болмаса да бұрынғы.

Жыр тыңдауға зауқы жоғын

байқадым,

Есік жаққа қайта-қайта бұрылды.

Автор

Түсінбеді-ау ол менің өлеңімді,

Неге кетті білмедім,

неге келді.

Сөздері де сияқты салауатты,

Көздері де сияқты көрегенді.

 

Бірақ өлең ол басқа ұяламай,

Түсіп қапты құлақтан домалап-ай.

Өскен-ау деп ойладым жастау кезде,

Өлең деген өрісті араламай.

 

Құя берсін кірпішін қиыстырып,

Сол құрылыста талайлар жүр ысқырып.

Жіберетін өлеңді сезбейді екен,

Адамдар мен адамды туыс қылып.

 

Рухы оның ақшаға байланғасын,

Өлең жаққа бұрады қайдан басын.

Ол өмірді өмір деп түсінеді,

Қарны әбден тамаққа тойғанда  шын.

 

Әр жолында өлеңнің несібе бар,

Азайды ғой адамдар осыны ұғар.

Рухы жоқ,

тойынған қарныменен,

Қара жерді жүреді басып олар.

 

Жаны жүдеу болмайды басы бардың,

Абыройыңды бір сәтке шашып алдың,

Құлазиды көңілің, балалары,

Кім болады екен деп осылардың.

 

Не ойлайды екен осынау басыменен,

Тербетпесе жүрегін ғашық өлең.

Отырды да қипақтап кетіп қалды,

«Кешір, аға, бір жерге асығыс ем».

 

Асыққаның бар болсын өлең ұқпай,

Өлең оқымаймын десе ғой

орағытпай.

Қарадым да,

күрсініп қала бердім,

 

Реңі жоқ бетіне жаялықтай.

 

КЕШІКТІҢ НЕГЕ?

 

Қайда кеттің,

қайда кеттің сен ұзақ,

Маған, мүлде, жатқандардың бәрі жат.

Келсейші тез,

келсейші тез күлімдеп,

Біздер бірге баратын жол әлі ұзақ.

 

Кешіккенің

ойламаған түрің бе?

Менен қашып жүрсің білем бүгін де.

Сенсіз менің тумайтындай айым да,

Сенсіз менің шықпайтындай күнім де.

 

Сағынған жан тез келеді қашанда,

Сонда сені отырам да тосам ба?

Менен артық ақын таба алмайсың,

Қанша сұлу,қанша ақылды босаң да.

 

Сондықтан да қайда жүрсең, мені ойла,

Асығам деп қалма ұрынып, абайла.

Мен кешіксем сендерді ойлап кешігем,

Мен кешіксем, себебі бар алайда.

 

Кейде мені түсін мейлі, түсінбе,

Бір сағыныш жүреді ылғи ішімде.

Мен кешіксем кешігемін әдейі,

Сені қатты сағындыру үшін де.

 

 

АУРУХАНАДАН ХАТ

 


Күні жетпей тартылған теңіздер көп, 
Өшкен ізді жалғайды тірі іздер көп. 
Алаңдайсың өмірдің өткеніне

қарайлайсың артымнан кім іздер деп.

Қуаныштан, қызықтан қашықтадық, 
тығыласың қай жаққа қашып барып. 
Жерге түсіп жапырақ жаймай жатып, 
көрге түсіп жатырмыз сасып барып.

Түсінбейтін қазақ көп қала сырын, 
мен де сондай даланың баласымын. 
Ғашықтығын құртты ғой қуаң тірлік, 
қала менен даланың арасының.

Дүние сап-сау жүргенде жарық екен, 
Сырқаттанса бала да – кәріге тең. 
Қаныңдағы қызуың қағынғанда, 
жаныңдағы жатқанның бәрі бөтен.

Жүдеу тірлік сырқаттан арылған ба, 
Қаның тасып, жүрегің қағынғанда, 
сәл сырқатың сан есе ұлғаяды, 
сонау сол бір сау кезді сағынғанда.

... Ей, сырқатым, асықпа, байқа көкем, 
шаттығымды өлгенше шайқап өтем. 
Табиғаттан жаралған тіршілік ем, 
табиғатқа айналып қайта кетем.

Ей, сырқатым, сен мені асықтырма, 
Кете алмаспын мен сенен қашып қырға. 
Қалдыра алсаң қалдыршы мәңгілікке, 
мынау ғажап тірлікке ғашық қылда...

 

ЕЛГЕ СӘЛЕМ

Алматыда бір ұлың сәлем деді дегейсің,
Сәтін салса құдайым, келем деді дегейсің.
Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай,
Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің.

 

Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің.
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің.

 

Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің,
Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің.
Жылу іздеп іздерден, жапырақтай күз көрген,
Шаршаңқырап бұл күнде, шашылып жүр дегейсің.

 

Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің,
Сыйласатын досының бәрі мықты дегейсің.
Жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармай,
Ағайынды, ауылын сағыныпты дегейсің.

 

Шашына да аз күнде ақ кіріпті дегейсің,
Көңілінің көліне қақ тұрыпты дегейсің.
Тойы болды керемет, шақырғанмын келер деп,
Ағайынын сол күнi қатты күтті дегейсің.

 

Күрмеуге де қысқа жіп келмейді екен дегейсің,
Тірі жанға – тіршілік, өлмейді екен дегейсің.
Айтқанының бәрі шын, жалғыз шыбын жаны үшін,
Ешкімге де намысын бермейді екен дегейсің.

 

Байлық пенен мансапқa қызықпапты дегейсің,
Кейде ішпейтін ортада қызып қапты дегейсің.
Белгі болып бұл күннен, күн сайынғы кірбіңнен,
Жүрегінде өшпейтін сызық қапты дегейсің.

 

 

Жаңалығын ел жақтың біліп жатыр дегейсің,
Қиындыққа сыналап, кіріп жатыр дегейсің.
Өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып,
Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің.

 

УАҚЫТ

 

Талай уақыт,

заман кетті өтпелі,

Біз білмейтін құпиялар көп тегі.

Бір-бірінен айнымайтын батырлар

Шығып жатыр жұлдыздардай көктегі.

 

Бір-бірінен айнымайды пішіні,

Бір-бірінен айнымайды мүсіні.

Қайдан алып,

салып жатыр демейді.

Суретшілер,

мүсіншілер осыны.

 

Тірілермен сөйлеспейді өліктер,

Тек солардың салғанына сеніпті ел.

Суретші мен мүсіншілер

бұл күнде

Болды нағыз данышпан мен

көріпкел.

 

Ойлай ма олар,

батыр да адам екенін,

Батырлар да ұлы

осы өлкенің.

Осы – сол деп келе жатыр ұсынып.

Өздерінің құрастырған ертегін.

 

Е, сол болса,

сол шығар деп сенеді ел,

Батырларға толды қазір төбелер.

Атқа мініп,

шығып жатыр тіріліп,

Дулыға мен сауыт киген денелер.

 

Қымбатымыз көп қой біздің жоғалтқан,

Соғыссыз да талай бейбіт таң атқан.

Миллиардтаған бет-пішінін адамның,

Бір-біріне ұқсатпаған жаратқан.

 

Жаратушы неткен шебер деп кейде,

Қиялыммен ой жіберем өткенге.

Батырларды бір-біріне ұқсатпай

Салуға да қазір ақыл жетпей ме?

 

Ұрпақтарға болу үшін өнеге,

Батырларды тұрғызамыз төбеге.

Мұның бәрі бір адам ғой демей ме,

Ертең біздің немере мен шөбере.

 

Олар бізден ақылдырақ болса егер,

Ескерткіштер жасар, мүмкін,

ел сенер,

Сонда біздің талғамымыз бүгінгі,

Ақымақтың деңгейімен өлшенер.

 

Қанша алға ұмтылсақ та секіріп,

Ой-санамыз кеткен жоқ-ау жетіліп,

Құлағыңмен естігенің –

бос қиял,

Көзіңменен көрмегенің –

өтірік!

 

Шындығымыз болып кетті ертегі.

Ертек болмай тұрғанда елдің ертеңі…

Одан дағы бір батырдың астына,

Бар батырдың атын жазсақ қайтеді?!