***
Адам – әртіс,
Сахнадағы мен –
Мағынасыз қойылымдардың құрбаны.
Тағдырдың талқысына түскен
әрбір күндер ғасырдай ұзақ-қ…қ…
Олардың жаны сондай төзімді
және иланғыш,
Доңғалақтардың астында мыжылып жатып күлімсірейді.
Тәуелділіктен құтылғысы келмей
күнде өздері қазған шұңқырда
өзгенің және өзінің өмірімен ойнап отырады…
Құдай бізді біледі,
Біз құдайды білмейміз.
Ғасырлар түгеген жоқ,
Біздің рухымыз түгеп бітті…
Адамзат шаршады,
Жылай да алмайды,
Күлкінің реңі сұрғылыт!
Құдай Тағала –
Енді бізге зауалыңды жібер,
Керексіз болып қалған
қоқсықты кім үйінде сақтағысы келер?! …
Біз бәрімен қоштасайық…!
***
Тұманды Алматы –
Сенің сұрғылыт мұнарыңа тығылып
қылмыстар жұмыс үстелінде қарбалас.
Жетім баланың ауызындағы нанына патшалар таласады
және
оны тартып алғанына қуанады.
Алматы –
сенің сұрғылыт мұнарыңа оранып,
Аналар жезөкшелер үйінен нәпақа тапқанына шүкірлік етеді.
Ал, әкелер
оның жартысына шарап ішіп
Табылдының әнін шырқап жылайды!
Алматы –
Сенің сұрғылыт мұнарыңа оранып,
Музыкалар тұншығады шағылған аспаптар ішегінде.
Жазылмаған өлеңдер еріген қар суымен бірге қап-қара лай боп ағады.
Суретшінің қыл қаламынан ағып түскен бояулар сызылмаған сурет қалпында ағаштарға ілініп тұрады.
Алматы –
Сенің сұрғылыт мұнарыңа оранып.
Әңгімелер тарақандай өріп бара жатады.
Ал, жазушылар оны табанымен басып өте шығады.
Қоғамның бетіндегі нәжісті
күрсінеді –
қайыршы кемпір шылауышымен сүртіп…
Алматы –
Сенің сұрғылыт мұнарыңа тығылып,
Имансыз шалдар жастық шағын іздеп
немере қызының ышқырына қол жүгіртеді.
Ай бетінде жатып жонын күжірейтеді
алтын аяқтан ас ішкен ит…!!
Алматы –
Сенің сұрғылыт мұнарыңа тығылып,
Өтірік тарихтар алшаңдай басып
Профессорлар мен бірге музейханаға еніп кетеді.
Қашып шыққан шындықтың ауызы – қан…
Кешкі базарда...
Жиналыстарда...
Таңғы аэропортта...
Ұлттың ар мен намысы -
ең арзан бағада сатылады…
Алматы…
Алматы…
Мендегі шарасыздық оқ жонып отыр...
***
Теңіз – Құдайдың рухы,
Қара жер – жын-шайтанның ойнағы.
Теңізді сүй, ерінің бар болса,
Жерді сүй жүрегің жоқ болса…
Теңіз қара жерден де ұлы,
Өйткені онда жол жоқ.
Теңіз аспаннан да биік!
Өйткені, онда тереңдік бар.
Теңіз – Құдайдың рухы,
Қара жер –жын-шайтанның ойнағы.
Теңізде қарақшы бол,
Қара жерде құдай болғанша!
***
Жалғыздық –
Ұйықтайды түнге басын сүйеп…
Оның қасында миллион тірі организм
өріп жүреді.
Боқ терген қоңызды әлпештеп ойнатқан алақанды тастай салған ол
тезекке от тұтатты…
Қураған шөпке құлаған шегіртке
үрейден жан үзді…
Кейде, әзірейіл болып жанымызды суырып алатын
өзіміздің қолымыз тәрізді.
Иектің астынан тиген соққы
неге ғана құлақты шыңылдатады…
***
Өмірдің соңғы демі үзілер сәтінде
артыма бұрылып қарасам:
Шаңы шыққан ескі жолдар...
Арам шөп басқан бұралқы соқпақтар...
Жыландай аяғыма оратылып жатыр.
Мән-мағынасыз әрекеттер,
Күнә мен ұятысыздыққа толы сөздер,
Зорлықтар мен қиянаттар,
Ілікке алғысыз ойлар қаңғылестеп жүр…
Артқа қайтқым да келмейді,
Алдыға жүргім де жоқ,
Енді қайтсем екен, Тәңірім…?!…
***
Бұл елде
заң әлсіздердің қолында.
Бірақ,
Нәтиже – күштілердікі…
Арыстандар темір торда.
Қорқаулар – даланың падишасы!
Қояндар мен нояндар қырқысады да жатады,
Біреуінікі – мазақ,
Біреуінікі – ойын…!
Бұл елде:
Тамұқ жайлы көп айтылады,
Ұжымақ туралы түс көретіндер аз…
Нанның дәмін ұмытып қалғандар мен сәбидің көз жасына шарап қосып ішетіндер айтысады да жатады…
Торуылда тұрғандар – жан алғыштар,
Сапарға шыққандардың барлығы – Әлдеқашан өліп қалғандар!
Бұл елде:
Өзінікі емес нәрсеге таласатындар мен
өзінікін далаға лақтыратындар тарақандай өріп жүр...
Өліп қалғандардың барлығы даналар...
Өйткені,
олардың айтары таусылған
немесе
қолдары жоқ…
Тірі жүргендердің барлығы - опасыздар...
Өйткені,
Олардың барлығында көлеңке бар
немесе
орнын ешкімге бермейтіндер…
Бұл елде:
Тарих та сатылады,
Бүгін тіптен арзан,
Болашақ әлдеқашан біреулердің боданына айналған…
Сен –
Өзіңе әбден қарашы анықтап,
Өзіңді білген бойда
асылып өліп алмасаң маған кел!...
Өйткені,
Мен де өзімді білмеймін
әрі білгім келмейді бұл елде…