ХАМИТ АЙДАР. ЖАПЫРАҚТАН ТОЗБАЙТЫН ДӘПТЕР ЖАСАП...

 

ҚАЛҚА. КҮЗ. ХАТ

Күзді қайтем, сағыныш арқалаған,

Қызды қайтем, қызығы тарқамаған.

Жапырақтан тозбайтын дәптер жасап,

Хат жазып жіберіпті қалқа маған.

 

Күнікейді жүрекке күйік қылған,

Сүймейтінді байқамай сүйіп тынған.

Тереземнен сәулелі арай төгіп,

Күз ғой мынау алдымда күліп тұрған.

 

Қызыл сәуле тұныпты қыр басына,

Құстарым да қош айтқан жылғасына.

Сәулем биыл сары көйлек киіп кепті,

Сәукелесі жарасып тұлғасына.

 

Есем кетіп ескірсем кей көктемге,

Жиі-жиі бұрамын ойды өткенге.

Күзді қайтем дегенім бер жағым ғой,

Күзді ұқсатам тым сұлу бойжеткенге.

 

Жыл керуені көмсе де өткенгі ізді,

Ұмытпапты бөртелі бөктер бізді.

Қарсы алдым тым қатты іңкәр болып,

Қалқамның хаты болып жеткен күзді.

 

Күз күлгенде шынайы күле білдім,

Тұтқасы болар дейсің кім өмірдің.

Күзді менен құрдасым бөле көрме,

Күз ғой нағыз бөлшегі жүрегімнің.

 

Қауыс күнделігінен

05.2021. қыркүйек

 

ОЛ

Сан құбылған санаулы таңда мына,

"Бал мен у" тең жұғады бармағыңа.

Көп алдында тұрса да жүзің күліп,

Мұң бұғынып жатады ар жағында.

 

Тіршіліктің тынымсыз дүрбелеңі,

Иттей арсыз келеді іргедегі.

Досыңа айта алмайсың дәтің жетіп,

Айтқың келіп тұрса да бірдеңені.

 

Кетсем бе шекара асып, жаяу қашып,

Және келді күрең күз баяу басып.

Сенде ойынан шықпайсың әлдекімнің,

Қажеті үшін жүреді ол хабарласып.

 

Кездерімді қайтейін кеткен жылап,

"Неге» деген тастан да қатты ең сұрақ?!

Сенгеніңнің қиын ғой сырт бергені,

Алдадым деп ойлайды ол,

әттең, бірақ...

 

Қауыс күнделігінен

28.08.2021

 

АРМАН

Терезем сықырлап біртүрлі,

Бұзады, тәйірі-әй, шырқымды.

Тымырсық тыныштық білдірмей,

Ұрлайды көңілді күлкімді.

 

Күлімдеп келсе де ертеңім,

Сән қырға бұрады желкенін.

Сезімдер шашырап жатады,

Сенімге түсіріп селкеуін.

 

Бәрінде жыр басқа, мұң басқа,

Қасымда емес қой құрдас та.

Ақтамай қалдым ба сенімін,

Іздемес боп кетті сырлас та...

 

Тіршілік, тырбаныс, құлшыныс,

Жүректің төрінде күн шығыс.

Тынбаған - қиялдың қиқымы,

Тынбаған - батшағар, күрсініс…

 

Жақсы бір қалсам да түс көріп,

Жоримын жақсыға күш көріп.

Ешкімге тимейтін зәбірім,

Жаралсам…

бопты екен…

құс болып?…

 

Қауыс күнделігінен

01.08.2021ж

 

*  *  *

Көңілімді толқытты және жүдеу жыр.

Сыртымнан жайсыз саусағын нұсқап біреу жүр.

Тасбауыр қала жайнап тұрсаң да жансызсың,

Жансызсың... бірақ, екеуміздегі тілеу бір...

 

Оң шешім емес, дегенім: «сені ұмыттым»,

Таныс көшеден тартты өздеріне тұнық мұң.

Дүбірге толы айналам у-шу, сабылыс.

Жалғыз екенмін, сездірді оны суық түн.

 

Жалғыз екенмін, сездірді оны суық түн,

Басталғанын қара ойымда сансыз бүліктің.

Бейтаныс қала, саған жоқ болар қадірім,

Топырағыңа бірақ, қан-тамырыммен жуықпын...

 

Шикі сүт емген пенделер мені мазақтар,

Жадыраған маған, бере алмайсың ғой, жаз, ақпар.

Сенген  жандардың күлкісіне босқа алданба,

Өкпеңді тесіп омақастырады сөз оқтар...

 

Суық түн менің күбірлеріме құлақ түр.

Түгемес, бітпес не деген сорлы сынақ бұл.

Тал басында анау...

қадірім жоқ деп шырылдап,

Қараторғай да азаннан кешке жылап тұр....

 

Қауыс күнделігінен 22-маусым

Тараз қаласы 2021

 

СЕНІ БІЗ ҰМЫТҚАМЫЗ ЖОҚ

(Ғалым Батанұлының рухына)

Алматы өзің бардағыдай, Алатау аласармады.

Маңдайдан сипап қояды қаланың дара самалы.

Тірелер дүбірі өктем, өлілер қабірі асқақ,

Тек қана қинап қояды жүрекке жара салғаны.

 

Жетісу жердің төресі, айтамыз гүлстанымыз деп,

Ұрпақтар көп-ақ едік қой, жетіскен шығыстан бүрлеп.

Тәңіртау топырағынансың, Алатау бауырына басты,

Мәңгілік мекенге қайтқан, сені біз ұмытқамыз жоқ.

 

Рухың  - аспанға ұшқан ақ қанат періштелі лебіз,

Бес-ақ күн келте ғұмырда жасадық өрістен теңіз.

Ер ағам қасына алып бейіште ән салып жүрсің,

Онсыз да өмір еді бұл, өкініш қуанышы егіз..

 

Қабір мен кесене көрсем әрдайым елеп өтемін,

Елің мен достарың барда әлі де келер көктемің.

Сені біз ұмытқамыз  жоқ ұмыту опасыздық қой,

Жақсы жан жаратушыға сезіндік керек екенін...

 

30-мамыр 2021 Қауыс күнделігі

 

СЫР

Күз, мені елемеші елемесең,

Өзің біл жапырақты жебемесең,

Тарыққаннан екен ғой пенделерді,

«Шылымға сыр шертеді неге десем...

 

Күз, саған сыр айтамын сыйлағаннан,

Құтылсам құлазудан сыйға қалған,

Ауырады екен, ә, жүректері,

Мынау кең дүниеге сыймағаннан..

 

Күз, мені жек көрдің бе шыныменен?

Мен үшін қай-қашан да құның ерен,

Өйпіл-төйпіл күндердің өкінішін,

Өлеңге айтып отырам түніменен.

 

Келші күз, қосылып ән айтайықшы,

Бағытын қасіреттің байқайықшы,

Сынағына тағдырдың сынып кетпей,

Сыра ішіп, сырласып қайтайықшы.

 

Күз, мені түрің жоқ қой көзіңе ілер,

Сонда да бұла көңіл төзіп жүрер,

Жүректің тілім болып тілінгенін,

Жүректің өзі білер...

 

Күз, сенің күн ашады түңлігіңді,

Көкейіңнен кетірме мұңлығыңды,

Білмеймін аударасың қайда апарып,

Ескексіз қайықтайын тірлігімді..

 

Күз, мені жақыныңдай көресің бе?

Жоқ әлде, жат бауырдай тебесің бе?

Жалғыздықтың тұтатып оттығынан,

Бір тал шылым ұсынам, шегесің бе?

 

*  *  *

Күн өсіндегі шақпының бойын бойлап ,

Шылым шекпеген күндерім қалған.

Қоңыр тауларым сыр айтып үнсіз,

Ұзақ жылдар жанары талған.

Кер жайлауымда ойынын ойнап,

Тұлымдылар жүр ме томпаңдап,

Есіме түссе ескі жылдарым,

Жанарым тұрар жаутаңдап.

Туған жерімнің қылықтылары,

жүректі алғаш тулатқан.

Сосын олардан жырақтау жүріп,

Келте күндерді ұзақтау қылып,

Қасірет болды зіл батпан...

Көкжал көкірек ұлып тұрады.

Айға білейді азуын,

Талқылар тағдыр күдік-күмәні,

пешенеміздің жазуын..

Шақпы өзеннің толқыны тулап,

Соққылайды кеп жағасын.

Кері төбелімен ойқастай күліп,

Түсіме кірді нағашым.

Бестөбемнің қоңыр бөктерін,

Қараторғайын, қаз бен кептерін,

Іздеймін жүрген жерімнен.

Қолын бұлғайды таныс маңайлар,

Ащы терлерім төгілген.

Сағыныштарым және де жалғыз,

Жапырақтары тәп-тәтті сары күз.

Ермепті мүлдем  күткенім.

Үтір де, леп белгі, сұрау белгі де емес,

Мен енді сағыныш нүктемін.

 

Қауыс күнделігінен

4-қыркүйек 2021

 

*  *  *

Көңілің де  жабырқайды сондай бір ,

Жүрегің де аурады оңбай бір .

Күз келгенше жалғыздықты өтінем,

көктем-өлең, қорғай жүр..

 

Тереземді үнсіз қағып, тымық түн ,

Неге ескерткен бұйымтайды ұмыттың?!

адасады аппақ арман, ақ тілек ,

арасында үміт пенен күдіктің.

 

Тарпаң тағдыр, сан соқпақта тарылдың,

қыспағыңа көндім, сонша неғылдым?

Анау тұрған бозбаланың жүзінен,

жусан исі бұқырайды ауылдың...

 

Шұрық тесік қайыршыдай жейдесі,

көлбеңдейді көлеңкемнің бейнесі.

Өзімді өзім жек көргенім соншалық,

Алматыға сыймай кетем кейде осы..

 

Шақырады қайсы бірі көкелеп,

Борышым көп пенделерге өтемек.

Қорған бола тұршы, Алатау, айбарлым,

Күз келгенше жалғыздықты жетелеп...

 

қауыс күнделігінен

10-мамыр, 2021