СЕН – МЕНСІҢ, МЕН – СЕНМІН...
Жұлдызға жан беріп қара түн,
Қаққанда қара түн қанатын.
Соққанда сағыныш сағатын,
Толқыным, толқыдың...
теңселдім.
Кірпігін көтеріп жаңа күн,
Көркіме қараған болатын.
Дертіме дауасын табатын,
Шарбы мұң, шарпыдың...
еңсердің.
Күлкім һәм көз жасым – тағдырым,
Ақ – кеше.
Қара күн ал бүгін.
Азды-көп шаттығым
һәм мұңым,
Қажеті болмады өлшемнің.
Басымды сүйеп тұр ұзақ таң,
Білемін:
Құтқармас тұзақтан.
Жүрегін жылдармен ұзатқан,
Көрдің бе күндердің кемсеңін?
Төнсе де төрге нұр, өңге мұң,
Сен кете алмайсың – сенгенім.
Өзім боп кеткенсің сен менің,
Өзіңе айналғам мен сенің.
* * *
Кейде барым,
Кейде жоғым беймәлім,
Екі дүние есігіне сыймадым.
(Ұлы ісің деп ұлықтар ма ұлы ием,
Үйлестіріп келейінші үй қамын).
Үнім қайсы?
Қанжарым жоқ қындағы,
Сірілі екен мендік үннің үр жаны.
Жапырақ та жылап тұрып жымиып,
Ай құлағын жауып тұрып
тыңдады.
Кеуек көңіл кептіргенмен аңқамды,
Тоқта тамыр!
Қалдырып кет қаңқамды.
Күлім қағып күнге келіп тұрдым да,
Ұрын барып
Түнге салдым қолқамды.
Тұжырымым – ол таңғы.
Тәнім тоңды. Жаным жанып тұрғанда,
Сәнім солды.
Ұры көңіл ұрланба!
Нар денемнен наз ақтарып көрейін,
Көрші ғалам, біз айтпаған сыр бар ма?
Жаныма үңіл!
Жанарыма бас ұрмай,
Досым кедей болғанымен
Қасым – бай.
өмірмен де келіспейтін күйім бар,
Миллион мен нөлдің айырмасындай...
* * *
Күз. Көше. Гүлдер және Біз,
Өтер дәурен, келер күндер –
Өлең – із.
Жасаураған жанарыңды сүртейін,
Құлап жатқан жапырақтар - жаны егіз.
Жаз – жайлауым.
Бүгін алтын қонысым,
Жеңілісім...Өмірдегі жеңісім...
Күзіңді айтып күрсіндіріп қайтемін,
Көктем әнін шырқап берем сен үшін.
Қадіріңді қайдан білсін Қар сенің,
Көзіңдегі сағынышың – жансебіл.
Мен дегенің – көңілі Күз күйші едім,
Сен дегенім - жаны таза әнші едің.
Жанымыздың жайлауы – жаз.
Мұңы – күз,
Күзден алтын сырға салсақ – тіріміз.
Сен – ағаштан.
Мен - ауладан үн қатып,
Жұбатайық бірімізді – біріміз!
АҚТӨБЕМЕН СЫРЛАСУ
Кірпігіме көркемдік қона қалып,
Сүйсінгендей сыр бердім.
Тоңдым, қала!
Жылытшы орап алып,
Мұзға айналып үлгердім.
Мұзға айналдым.
Жылуыңа шөліркеп,
Қатал неге қабағың?
...Мен секілді жылатты ма сені кеп,
Тұрғындары қаланың?
Сен де мендей, мұңды ма едің, Ақтөбе?
Мейірімге шөлдеген.
Тікенекке толып кетті бақ көне
жаза алмадым.
Емдеп ем.
Құрғатамын көз жасыңды.
Күн болып,
Жұмақ төрсің мен үшін.
Көкейімнен төгіле бер, жыр болып,
Жетістігің – жеңісім.
Мен де сендей жалқы мұңның туысы,
Тағдырымыз бір арнаға құйып сыр.
Сенің әрбір тарауыңның тынысы,
Менің титтей жүрегіме сыйып тұр.
* * *
Аспан тұр жанарынан жұлдыз ағып,
Мен тұрмын мұңнан ішіп, мың бозарып.
Кірпігіме ілінген күрсінісім,
Көңілімнің көктемін бұзды барып.
Қайыстырды қабағын ашпай ғалам,
Айналып кеткендей ме тасқа айналам?!
Мама-ау, сенің аңсадым, құшағыңды,
Құс жастық та бүгінде тастай маған.
Көркем – көркем өткерді күн дерегін,
Мен сенің жанарыңда гүлдеп едім.
Өзің барда өзгенің бәрі жақсы,
Адамдардың аласын білмеп едім.
Мұздай көңіл – мұз басқан мекен бүгін,
Мама - ау, бөтен көрсетті бөтендігін.
Мен сезбеппін – шуақты жарық әлем
Сенің нұрлы жанарың екендігін.
* * *
Күннен келді керуен. Желіп жүріп,
малындырып бояуға түзді. Мені.
Есті-ессіз тірлікті еліктіріп,
жанарында ғаламның Күз күледі.
Күз келсе, Сыз келеді –
бас ауыртып,
Қаланың уақыты жоқ сәнденуге.
Қайғысын қара жердің қоса жұтып,
жапырақтар барады Жан беруге.
Жамалынан тоналған Жаз ба? Күз бе?
Менің жаным аяудан жылынады.
Бақтан емес.
Бойымнан жылу іздеп,
Жүрегіме Гүлдер кеп тығылады.
Қаланың қаны суық.
Жаттай мүлдем,
Сары күз бен Қара қыз — от өлең — Біз!
жылуын жарты әлемнің сақтаймын деп.
басымды бұлттан биік көтерем, Күз!
Күйдіргі жел, әдейі хал сұраман,
жақындасаң, кетерсің менен тоңып.
Тас ...Жапырақтар астынан қалтыраған —
бір өскін жымияды... Өлең болып.
* * *
Жаныма сауға сұраман,
Кірпігімнен күн сүймесе сүймесін.
Көңілімде бір алаң...
Тынымсыз күн ағытады түймесін.
Сүйсіне алмай опа-далап жаққанға,
Үңіліп ем Жүрегіне
Не таптым?
Кеудесіне алтын-күміс таққанға
Ақ шапанын кигенінен атақтың...
Күтем солай биіктік!
Көргеніңіз бар ма? Бәлкім айтарсың...
Күн сімірген көкжиекте тұйықтық
Шексіздікті қайтарсын!
Айт солай деп!
Дүбірі мықты дүние,
Дүрмегіңнен жаның, тәнің тоңбай ма?
...Мендік Жүрек сыйға тартсам кім ие?
Мендей сүю болмайды ә!!!
НҮКТЕ
Бақ...
Байлық...
Пайымдай тұр,
Құдайға жайыңды айтып,
Бұл неткен сансыз сұрау
Нүктесі қойылмайтын.
Кетсе де кімге есеміз,
Ішкі ойды үрлесеңіз.
Үтірі тоқтамайтын,
Үмітпен күн кешеміз.
Көкжиек – таңның үні,
Күнге ердi бал ғұмырым.
Күндерім – күнделігім,
Жылдарым – жаңғырығым.
Таратса түгесін дәл.
Бітпеген күресім бар.
Өмірдің өзін қайдам...
Үнінде үлесім бар.
Бұл әлем – өсеріміз,
Бүгінгі:
Кешелі із.
Кетумен «ана жаққа»,
Бітеді «есебіміз».
Нүкте — ой пайымдайды,
(Емес ол уайым-қайғы):
Өмірге қойылғанмен,
Өлеңге қойылмайды!
* * *
Айдың мұңы бар ма екен?
Түн біледі.
Күннің мұңы бар ма екен, кім біледі?
Қарашығым кетті де қара аспанға,
Қара шыбық жанымды тілгіледі.
Маған ашып тұрса да төсін арман,
Маңдайыма қай жазу көшіп алған?
Қара талға тағдырым ұқсағанмен,
Қаратауда қайғының көші қалған.
Сазды әуен сағынышты ұғындырып,
Қара таудың қайғысын түңілдіріп...
Көрейін жанарыммен жылындырып,
Тұрғанда күнім күліп...
Мұңы болса, ұмтылма айды алуға,
Аспан-кеудем.
Ал, күнім ой бағуда.
Жүрегім асығады көзіңдегі
Көктеміңнің нұрына айналуға!