ГҮЛЖАХАН ТӨРЕХАНОВА. ЕЙ, ЖАРЫҚ КҮН, ДЕРТІН ЖАЗШЫ ӘЛЕМНІҢ!..

 

 

ТАҢСӘРІДЕГІ ТІЛЕК

 

Жұмыр жерді жан-тәнімен ұнатқан,

Пейілінен көктем гүлдеп, бүр атқан,

Ей, Жарық Күн, дертін жазшы әлемнің!..

Сағынышы саған тартқан өлеңмін...

 

Көз алдыңда дөңгелеген бұл тірлік.

Сен сүйгенде жүрек гүлдеп, құлпырдық.

Тәңір берген Жарығым-ау, пенденің

Көкті ұмытқан пейілдерін емдегін!

 

Жан біткенді бөліп-жармай жылытқан,

Мейіріміңнен үйренсін ел ұмытқан!..

Хақ жаратқан сиқыр нұрлы Ғажабым,

Сылып алшы шын мұқтаждың азабын!..

 

Рақымынан үміт еткен Құдайдың,

Таңсәріде көкірегімде құлайды үн...

Көкжиектен атқан сайын құла таң,

Сенің мөлдір келбетіңді ұнатам.

 

Ештеңемен тең келмейтін арыны,

Әр сәулеңде Тәңірінің бар үні...

(Естіген жан жетер барлық мұратқа)...

Хақ Тағала, адамзатты жылатпа.

 

 

СИРЕНЬ...

 

Сирень гүлдеді.

Сезім секілді...

Сезім секілді тұр аңқып!..

Сонау бір мөлдір кезім секілді,

Қыр асып кеткен мұнартып.

 

Сирень гүлдеді.

Өлең секілді...

Өлең секілді тым нәзік.

Ойлары жұпар өрен секілді,

отырған бақта жыр жазып.

 

Сирень бүр жарды.

Бүр жарды арман...

Ақ ұлпа қардай аяулы.

Сирень гүліне таңдапты Тәңір

ең тұнық, нәрлі бояуды.

 

Бұрқырап Бақыт жайылды сосын,

Ізгілік еріп ізінен...

Сыр айтты гүлі:

«Мен сірә, елді

қуантып барып, үзілем!»

 

Көктем ән салды.

Құстар жар салды.

Шын іңкәр сәттің шуағы.

Жүректің адал, ең шыншыл кезі

Сирень гүлдерде туады...

 

КӨКТЕМ-ҚЫЗ

 

 

Көктем деген – кейде нәзік, кейде өте тентек қыз,

оны мөлдір жырларыңмен, сырларыңмен селт еткіз!..

Содан кейін тамсан да отыр, таңғал да отыр армансыз,

жоғалады көкірегіңде қыстан кейін қалған сыз.

 

Кейде ерке, бала мінез. Бұртиюы бір демде,

мөлт-мөлт етіп тамар сосын миллион моншақ гүлдерге.

Сәлден кейін жарқ етеді жарық шашып жанары,

құйылады сан мың шуақ құбылтып бұл даланы.

 

Көктем деген – Көк Тәңірдің сылаң қаққан бір қызы,

Жердің бетін жайнатсын деп жіберген Үр жұлдызы.

Кеткенінше дамыл таппас, он саусағы майысып,

Жел де әне, кірісті іске көрпелерін жайысып.

 

Көз алдырмай мынау ғажап көркі бөлек гүл-бақтан,

Көктем қыздың сиқыры ғой құс біткенді жырлатқан!..

Езуінде ерке күлкі, мұздай мұңды ерітіп,

Асқақ басып бара жатыр ел біткенді елітіп.

 

Кейде суық жанарымен жасқап алып жасықты,

Шуағымен аялайды арманға адал ғашықты...

Жан жүгірткен өзегіне өліп қалған тамырдың,

Сүймеу сені мүмкін емес, туындысы Тәңірдің!..

 

Сені аңсамау мүмкін емес, Сағынышым, Шуақтым,

Сенің мөлдір шыныдайын болмысыңды ұнаттым!..

Күн анаңнан бойға біткен мейіріміңнен нұр сіңіп,

бөбек-бүршік қылтияды тіршілікке ұмсынып...

 

БАЛАПАНЫМ

 

 

Маңдайыңнан жұмақ иісі бұрқырап,

Жүгіресің бір сүрініп, бір құлап.

Сенің мөлдір терезеңнен әлемге

үңілемін, мұңның жасын сүртіп ап.

 

Тұрақтамас жанарыңа Бақ қайтіп?!.

Хақ жаратқан періштелік шақты айтып,

күміс күлкің төгілмесе моншақтай,

маған сірә, қалатындай батпай түк.

 

Ұмытам  да күйкілігін жалғанның,

көкірегімде қоздап талай арман мың,

иіскеп үнсіз кекіліңнен күн сүйген,

Адам болар кезіңді ойлап, толғандым.

 

Қу жанымды тоңдырғанда жел өкпек,

Сен жүресің көңілімді ойлап, өбектеп.

Мейірімді ұмытпасын деп пенде,

Тәңір берген сәбилерді бөлектеп...

 

***

 

 

Жанарыңа жолықса егер жалғыз ғана тамшы мұң,

ол – менің құс көңілім ғой айтып жатқан бар шынын.

Менің жаным сәби сынды сенуден еш талмаған,

оған кірсіз көрінеді кірбіңі мол бар ғалам...

 

Жазира бел, жасыл дала гүлге оранып жатқандай,

сені көрсем, алаулайды арманы зор ақ маңдай.

Сені көрсем, жанарыма шұғыла орнар ғажайып,

сала берер бұл дүниенің бар уайымы азайып...

 

Сен ғанасың менің нәзік сезіміме нәр берер,

сұрқай күдік, сұр уайым қинап кетсе жанды егер.

Сен бар жерде құштарлық бар, сағыныш бар шөлдеген,

шалқып-тасқан арман да бар алға қарай өрлеген.

 

Мендік сезім – жапырақта тыныстаған мөлдір шық,

сезе білсең, бәрі де айқын, қала алмайды ол көлгірсіп..

 

АҚТӨБЕ. АЛҒАШҚЫ СЕЗІМ.

 

 

Ақтөбені қар жапты –

ақ үміттер мекенін...

Аппақ Сезім алғашқы,

сөз көмкерген етегін...

 

Кіршіксіз пәк, текті әлем,

күңкіл ойдан болшы алыс!

Өмір деген– отты өлең!

Өлең?.. 

Ол да – алданыш...

 

Арманы асқақ жауһар мұң...

Мөлдірейді маң дала.

Кірлейді тек аппақ қар.

Кірлемейтін Ар ғана...

 

Көктен әуен естілді:

«Көктем – дейді – Кешірім!»

Еріп бір күн кетеді,

қарға жазған есімің...

 

АЙДЫНДАҒЫ ӘУЕН

 

 

Бір әуен еседі кеп, бірде тынып,

ақ толқын еркелейді желге ұмтылып.

Өзіне ынтық бұлттың құшағында

Күн ару қымсынады кербез күліп...

 

Маңайын жұмсақ нұрмен әдіптеді,

сұлудың саусағына еріп тегі,

дүние шырын күйге балқиды кеп...

Жел тентек сап тиылды, желікпеді.

 

Толғатып, толықсиды тұмса тірлік,

жанарға сыяр қайтіп мұнша қылық?!.

Шағала көңіл көкте қалықтайды,

таңдайда талықситын мұң шақырып.

 

Күбірлеп көк айдында өндір өлең,

жанымды жалын баурап, елжірегем.

Көкжиек. Қол бұлғаған қос ғашықтың

сезімі су бетінде мөлдіреген...