ГҮЛЗАДА НИЕТҚАЛИЕВА. БІР ЖЫЛЫ СӨЗ...

*  *  *

«Париж — миллиондардың жалғыздығы...»

Франсуа МОРИАК.

Мынау сұрқай, тас қалаға тұтқын боп,

Жалғыздардың шер-наласын ұқтым көп...

Көк түтіні көрсетпейтін аспанын

Сұр қаладан азат болып шыққым кеп...

 

Жанталасқам... қол созбады еш пенде,

Көкірегінен жарық сәуле көшкен бе?!

Ай-жұлдызы көрінбейтін аспанға

Қарауменен шаршайтынмын кештерде.

 

Адамдар да... бұл қалада тас түйін,

Қиналса да алмай көзге жас түйір...

Бір-бірінен мықтылығын дәлелдеп,

Бір-біріне болмас және босқа үйір...

 

Жалғыздыққа жүректегі пенде боп,

Көңіл бұлтын көрсетпеймін елге көп...

Түйір тамшы еншілеген аспаным,

Тереземді айғыздайды «сенбе» деп...

 

Қала солай... жалғыздықтар мыңдаған,

...Жүрегімнің арыз-мұңын тыңдағам.

Мұңлықтарын аяп үнсіз күрсінер,

Жөргегінде құндақтаған бұл ғалам.

 

*  *  *

Бір жылы сөз... көңіл содан дәмелі,

Ақ қар жауған... ақша бұлттың сәлемі?!

Маңдайыма өлең жазған тағдырым,

Менде қандай алажағың бар еді?!

 

Бір жылы сөз... жанның табар дауасын,

Қыламықтап жерге, ақ қар, жауасың...

Айналадан өлең ғана көретін

Дауасызды мендей қайдан табасың?!

 

Бір жылы сөз... айта алмаған маңайым,

Әппақ қармен сырлас болып қалайын...

О басында тағдырым боп келген жыр,

Сені баптап өтті күнім, бар айым...

 

Бір жылы сөз... содан көктем лебі кеп,

Ақ арманды ақша бұлтпен теліп ек...

Тағдырыма өкпелеймін ішімнен:

Өлең бермей, көген берсең еді деп...

 

*  *  *

Үндемей бас изейміз кездескенде,

Тұнжыр мұңды жүректе сезбес пенде...

Көзбен ғана бар жәйді ұғысатын

Дәл мұндай мұң бар ма екен, өзге ешкімде?!

 

Сырттай күліп, ішімнен тұнжырағам,

Көздерімнің түбіне түн құлаған...

Құлан жортқан даладан үн келеді —

Боз жусан ба, сораң ба, кім жылаған?!

 

Көз жасы оның, білемін, кермек дәмді,

Тағдырларды екіге бөлмек мәңгі...

Сезіміме қылбұрау салған тағдыр,

Журегіме тұрғандай жерлеп таңды...

 

Сыр білдірмей, көзбенен ұғынысып,

Тек алыстан... армандап, жиі құшып...

Тұнжыр бұлттай түйіліп отырамын,

Сезімнің балдан бетер, уын ішіп...

 

*  *  *

Естелікте...

Өткен шақты мекендеп,

Көзден кетсе, көңілден де кетер деп...

Жүрсің бе екен?

Мен күтуден шаршамай,

Жыртық жанды жамап қоям... лeкeрлeп...

 

Өткен шақтың...

Қимас күнiн мекендеп,

Өткен кунде белгі жоғы... бекер деп...

Желге ұшқан жапырақтай жанымды

Өзің келіп құтқарар ма екен деп...

 

Өткен шақпен...

Естелікте қауышып,

Тастай үгем... төзімімді тауысып...

Кілт бұрылып дәтім бармай кетуге,

Сенгіш, албырт қызға отырам... ауысып...

 

Өткен шақ ол...

қазір мүлде жат болған,

Қайран жүрек...

жапырақтай тапталған...

Ұмытайын деген ойға бекінсем,

Сөз аласың... сарғыш тартқан хаттардан...

 

Сен – естелік...

Мен – естелік...

Естелік,

Жазғырады салқын ақыл... кеш келіп...

Тұнжырайды Күз де маған қосылып,

Ұмытылмас жан болатынын ескеріп...

 

*  *  *

Тұнжырағам...

Жүрекке мұң құлаған,

Нөсер құйды... Аспан ба, кім жылаған?!

Тұнжыр қара көзіңді көрмегенде,

Бұл сырқаттан қалар ма ем, мүмкін, аман?!

 

Тұнжырағам...

Көз жасын күн бұлаған,

Қарауытып төзімді түн сынаған.

Тереземнен бозарып қараған Ай:

Сақтандырып тұрғандай бір күнәдан...

 

Тұнжырағам...

Өзіңмен құнды ғалам,

Көзқарасың дерт болып тынды маған...

Өзегіне өрт болып құйылатын,

Өртенеді сезімнен бір күні адам...

 

Тұнжырағам...

Көңілім шын құлаған,

Жарқылынан жанардың жыр құрағам...

Көкірегімде қайнаған ақ бастауым

Арманымның арнасын ұрғылаған...

 

*  *  *

Алыстан... көз қадаймыз ұрланысып,

Көңілдер бір-біріне тұрған ұшып...

Фәнидің бір белгісі — тұрлаусыздық,

Сезімге күле қарар мұндағы жұрт...

 

Көзіңнен...

Оянып ем ұшқын көріп,

Алыстан... болсаң да елес... құшқым келіп.

Бозторғай дәл төбемде шырылдайды:

Жүректі жүрегіме ұштым теліп...

 

Самғадым ақ бұлттан да асып әрі,

Жер беті — шарттылыққа бас ұрады...

Жаныңның тереңінде қайнап жатқан,

Сезімді... көздер қалай жасырады?!

 

Бір мерген көздеп тұрған... Құралаймын,

Бағымды берсе дедім, сынамай күн.

Алыстан... Көзбен ғана арбасуға

Шыдайсың ба?

Мен енді шыдамаймын...

*  *  *

Дүрия-дүние, бұл фәни аумалы-төкпелі,

Басыма бақ боп қар жауғаны көктегі...

Ақ қардың соңынан соқты да аязы

Жүректің жаурады көктемі...

 

Жүректің жаурады көктемі... Қайтадан көктер ме,

Жайықтың самалы жәй ғана өпкенде?

Жұмаққа айналып айнала кеткенде,

Салауат айта алам өткенге...

 

Салауат айта алам өткенге, өмір бұл — керуен,

Пенделiк тiрлiктен көңілім жеріген.

Періште қанатың күнге алып ұшқанда,

Жылындым, ерідім сенімен.

 

Жылындым, ерідім сенімен... бүр жардым, көктедім,

Жердегі өмірде мұң қалды... Көктемін...

Ақ бұлтқа оранып, арманға оралып

Баптадым бір талды... Сөкпегін...