***
Алданбайды жігіттер бос елеске.
Бар жігіттің қалауы осы емес пе?
Екі әулетті бөлместен тең көретін
Көркем қызға көңілі хош емес пе??
Алданады әрбір қыз арманына
Көңілдегі ханшайым талғамына.
Алақанда аялап ұстайтұғын
Шын сенеді әйтеуір жан барына. ...
Жігіт құны- аруды жылатпауда,
Қыздың құны- сүйгенін құлатпауда.
Шын сүйгендер бәрінде кешіреді
...Бұл заманда махаббат бірақ сауда...
ДОСҚА ДЕМЕУ
Шын сүйгенің жолығар, жолығады.
Басқа емес бір ұқса, сол ұғады.
Жалғыздықтан жалыққан жарты жүрек
Сыңарымен табысып, толығады.
Шын махаббат іздеп жүр, іздей берсін.
Саған дейін іздеуін үзбей келсін.
Жадыраған жаныңа тамсануға
Басқалардың суығын түзде көрсін.
Шын бақытың келеді, келеді әлі,
Сезім нұрын себеді, себеді әлі.
Сұлулыққа сұқтанып қарағанда,
Жан жылуын көреді, көреді әлі.
Кездеседі жан жарың кездеседі.
Кездеспесе, сезімді сезбес еді.
«Маған жар боласың ба?» деген асыл
Жалғыздықтың түйінін сөз шешеді. ...
Үйлену той болады, болады әлі.
Бақыт құсың басыңа қонады әлі.
Екеу болып бір басың төртеу болып,
Бала-шаға үйіңе толады әлі...
Сәл күте тұр...
ҒАШЫҚТЫҚ
Қалай ғана танымастай өзгерткенсің?
Тентектікке ұялатын кез жеткен шын.
Сезім қалды, сөздер кетті, уақыт кетті.
Өтіп жатқан сезімдерді сезбестен тым.
Қалай ғана тас жүректі жібіткенсің?
Күн кешіп ем жалғыздықпен, күдікпен тым.
Жалғыздықтың жарлықтарын бұзып тастап,
Жүрегіме сенім келсін, үміт келсін.
Қалай ғана бағаңды тым өсіргенсін?
Неткен жансың, не деген есіл ерсің?
Жалғыздықтың жырын құртып, кеуде тұсқа
Қос ғашықтың асқақ әнін көшіргенсің.
Калай ғана орнын басып мықтылықтың
Нәзіктігім болмысымды ұқтырып тұр?
Жалғыздықтың жыры өте солғын еді,
Қос ғашықтың әні өте күшті шықты...
...Сезім келіп, бақыт басқа қонып бұл күн.
Сен шын сүйіп, мен сүйікті болып тұрмын.
Екі мұңлық- бір бақытқа айналсын деп,
Тағдыр бізді тайғақ жолда жолықтырды.
Бұл сезімдер асқақтасын құламасын.
Қос жүректе қос үміттің мұнарасы.
Өткіншісі керек емес сезімдердің.
Мәңгілікті сұраймын тек сұрағансын!
ҰЛТ
-Жақсы қызды жар еткіңіз келеді.
Еліңізге келін болман, себебі:
Том-тарихты ақтарғанда болашақ
Қазақ болып қалу керек дерегім.
Бастарында болғаннан соң «бостандық»,
Қаншама қыз «өзге» жастық жастанды.
Ел болмайтын «жиендерді» көбейтіп,
Қазағыма жасамаймын қастандық …
Зор білекті батыр тусам, қайтемін?
Жар астында жасырынған жау болар.
Дүр жүректі хакім тусам, қайтемін?
Ел арасын алшақтатар дау болар.
Өте білгір әкім тусам, қайтемін?
Қарашадан дара шығып хан болар.
Өткір тілді ақын тусам, қайтемін?
Тамырыма тартып текті жан болар.
Жез таңдайлы әнші тусам, қайтемін?
Өнер шіркін өзге ұлтқа жолданар.
Шеберленген күйші тусам, қайтемін?
Сатқындықтың сорақысы сол болар.
Ұрпағымды сүйгенмен,
Ұлтым үшін күйгенде,
Белгілі ғой жұлдызымның жанбасы.
Әйел-ердің қабырғасы білгенге,
Бір қазағым «қабырғасыз» қалмасын.
Үрдің қызы күтіп жүр-ау сізді де
«Қабырғаңыз» болғасын.
Достық туын желбіретсек…
Достық сөзі сүйерім!
(Адал дос деп сізге басты иемін).
…Өзге ұлтта алынбаған өшім жоқ,
ӨЗ ҰЛТЫМДЫ «ӨЗГЕШЕЛЕУ» СҮЙЕМІН.
СОНДЫҚТАНДА, ҚАЗАҚ БОЛСЫН КҮЙЕУІМ!
СЫҢСУ
Жаратқанның жазмышына бағынып,
Қыз-ғұмырды тұрсам-дағы сағынып
Ақ батамен аттандырғын атажан
Қыз баланың еріменен бағы нық.
Бұл əулетке қазыналы бақ əже,
Бұл өмірде дəл өзіңдей жоқ Əже.
Бір отбасын əйел болып көркейтіп,
Бір əулетке болсам екен ақ əже.
Қош аман бол, Ақ əжем!
Алақанда аялаған бөпесін,
Жат-жұрттыққа қимайсың-ау əкешім.
Маңдай терді ағызған ақ самайдан
Еңбегіңді енді балаң өтесін.
Қош аман бол, əкешім!
Ақ сүт беріп асыраған баласын
Жат- жұрттыққа қимайсың- ау анашым.
Отбасым мен əулетіме ұйытқы
Болсам екен дəл өзіңдей жанашыр.
Қош аман бол, анашым!
Қарындасты ақ арым деп бағалай,
Жүруші ең қорғаным боп ағатай.
Өрге жүзсем өмір деген өзенде
Қолды бұлғап қалмақпысың жағада-ай.
Қош аман бол, ағатай!
Қуанушы ем ерке қызға теңесең,
Еркелікті көтеретін жеңешем!
Қайын жұрттың қабағына қараудың
Қағидасын өзіңменен кеңесем.
Қош аман бол, жеңешем!
Ақылшым ең қиындық бар сəтте қай
Жан серігім, жан елігім, Әпкетай!
Қыздың жаны жат жұрттыққа жаралған
Деген оймен қоштасамын көппен-ай.
Қош аман бол, əпкетай!
Тілегімді орындайтын лезде-ай
Мен дегенде құрақ ұшар жездем-ай.
Алғысымды айтып елге қалайын
Балалықпен қоштасатын кезде-ай.
Қош аман бол, жездем-ай!
Тұрмыстағы істі қылып жүгірсек,
Қиындыққа шыдай алмай бүгілсек,
Қолқабыс қып тірлігіме жүруші ең
Бір ананың сүтін емген інішек.
Қош аман бол, інішек!
Салт сақтаған қазақ қызы бірімін.
Соңымда сен қап барасың сіңілім.
Ұғып алғын өзге үйге кеткенше
Қазақтықтың қасиетті ұғымын.
Қош аман бол, сіңілім! ...
Бұл сапарда жар бола гөр, Жасаған!
Қош аман бол құрбы-құрдас, дос адам.
Қош аман бол, туған-туыс, ағайын.
Қош аман бол туған жерім, босағам.
Қош аман бол...қош аман.
СЕЗІНУ
Әкем жылады дейсің бе?
...Баласынғанда,
Еркесі ермен аттаса жарасып алға.
Күйеу баласын ойлаған болар бәлкім ол,
Сезімі қандай?
Әппақ па?
Аласы бар ма?
Әкем жылады дейсің бе?
...Уайымдағанда,
Бір жігіт ұрлап әкетсе айын табанда.
«Кішкентай қызым- құндызым» деп жүрген кезде,
Тосын сыйды тағдыры дайындағанда.
Әкем жылады дейсің бе?
Қобалжығанда…
(Нәзік сезім бар иманды, тобалы жанда.)
Бала әдетін қоя алмай жүрген қызының
Әйел міндетін ойлап ап, обалсығанда.
Әкем жылады дейсің бе?
Жыламағанда,
(Қызы ана болса, әкеге ұнамаған ба?)
Əке жамандық шақырып жыламайды .
Баянды бақты Құдайдан шын сұрағанда...
ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗДЫҢ ЖЫРЫ
Əкетай,
Қыз өмірі қиын екен.
Қыз балаға тағдырдың сыйы бөтен.
Қонақ болып уақытша қыз-ғұмырға,
Жат-жұрттыққа жаралған, үйі бөтен.
Əкетай,
"Қыз мұраты- кету" екен.
Өз үйіне ертерек жету керек.
Отбасына от беріп жүрегімен,
Бір əулетке келін боп беку екен.
Əкетай,
Қыздың жолы қылдай екен.
Қыл-көпірде бір құйын тұрмай ма екен?
Жауқазындай жайқалған гүл-ғұмырды
Ойда-жоқта бір үсік ұрмай ма екен?
Əкетай,
Қыз тағдыры қатал екен.
Қыз жанына бəрі де батады екен.
Қатпарланып қайғылы қиындықтар
Жүрегінің түбінде жатады екен.
Əкетай,
Қыз дегенің ана екен.
Баласына құшағы пана екен.
...Жанарынан көз-жасын сүртіп тастап,
Жетелейтін алдыға бала екен.
Жетелейтін алдыға бала екен.
ӨТКІНШІ ҚАЙҒЫ
Күлімде, жаным, күлімде
Жеткенін үшін бүгінге.
Мың қайғы құрық салса да,
Өмірден мынау түңілме.
...Өткінші қайғы кетеді
Бақытың келер түбінде...
Жылама, көңіл, жылама,
Биіктен төмен құлама!
Алладан медет тілегін
Адамнан сезім сұрама.
... Бұйрықты Алла бермесе,
Бақытың баста тұра ма?
Күрсінбе, жүрек, күрсінбе,
Түбіңе сенің мұң сіңген.
Жұмбағын адам ұқпайтын
Сырласып жүрсің тылсыммен.
... Маңдайда жазмыш жазуы
Қауқарсыз атты құлсың сен...
Күлімде, жаным, күлімде
Жеткенін үшін бүгінге.
Мың қайғы құрық салса да,
Өмірден мынау түңілме.
...Өткінші қайғы кетеді
Бақытың келер түбінде...
АДАЛ ЖАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ
Асқақ едім,
Асқақтықты аласартып тастап едім.
Тани алмай жүрсің бе еш асыл жарым
Бір Сен үшін мүлде өзгерген басқа мені?
Ерке едім,
Күрмелмейтін қысқа жіптей келте едім.
Тарпаң-тағдыр ноқта салып асау басқа
Сендей жанмен жүрегімді некеледі.
Қырсық едім,
Қырсықтықтан біраз жанмен ұрсып едім.
Тағдыр- тауда шығар шыңың биік болсын!
Ақ тілегім ақ раушан боп тұрсын дедім.
Мықты едім,
Екі иығым көтерген ғой жүктің көбін.
Бұдан былай бұл міндетті Саған беріп,
Нәзіктігім мықтылықтың құртты шебін.
Ақын едім,
Өлеңдермен төленген тек ақым менің!
Атым ақын болғанымен, шындығында,
Нәзік әйел емес пе еді затым менің?
Өршіл едім,
Құрметсүйер, қошаметшіл, төршіл едім.
Ер сыйлаған әйелдерді ел сыйлайды.
Бір Сен үшін бәрі құрбан.
Көрсін елім!
Бір Сен үшін жаным құрбан.
Көрсін елім!!!
ОТАНАСЫ
Қажет етпеймін билік басын,
Отағасына беремін жолды.
Жетеді маған үй тұтқасы,
Ошақтың оты сөнбесе болды...
Емес отана жалаң атым,
Бақытым-балам, қосағым-досым.
Алланың берген аманаты-
Отбасы. Отау. Ошағым. Отым.
Қажет етпеймін билік басын,
Отағасына беремін жолды.
Жетеді маған үй тұтқасы,
Ошақтың оты сөнбесе болды.
Ошақтың оты сөнбесе болды...
СЕН ТУҒАН КҮН
Өзегімді жарып шыққан Өмірім менің,
Қуанышқа бөлейтін тек көңілім менің,
Құдай берген кіп-кішкентай жүрегім менің,
Ақ көңілден ағылатын тілегім менің,
Жолымызды жарық қылар шырағым менің,
Тау суындай мөлдіреген бұлағым менің,
Қиындықтың емдеп жүрген жасырын емін,
Жан дүнием менің, жаным, асылым менің,
Қызым туған күнің құтты болсын!
ӨЛМЕС ӨСИЕТ
(Құрсақтағы сәбиіме арналады)
Жан балам,
Бір Аллаға иман келтір,
Имандының жолы ашық болады,
Ашық жолдың берекесі көп.
Басына бағалы бақыт қонады
Бақыттының мерекесі көп.
Имансыздың жолы тайғақ болады
Тайғақ жолдың құлатары көп.
Жамандығы ісіне айғақ болады
Қылығының ұнатары жоқ.
Жан балам,
Пайғамбарға иман келтір,
Діншілдердің діні берік болады
Салиқалы жолды бастайтын,
Жақсылыққа жаны серік болады,
Әдебінен әркез аспайтын.
Дінсіздердің ісі шала болады,
Жігеріне құм құйылатын.
Жақсыларға қарсы нала болады,
Жанына тек жын жиылатын.
Жан балам,
Кітаптарға иман келтір,
Білімдінің сөзі дәрі болады
Жүректегі дертті басатын.
Ізденімпаз жанның әрі болады
Талаптанса, таудан асатын.
Білімсіздің сөзі ауру секілді
Көңіліңді дел-сал қылатын.
Жау ұстаған суық қару секілді
Оқ атылса, демің тынатын.
Жан балам,
Акыретке иман келтір,
Мұсылмандар ізгілікке беріліп,
Пайғамбарға толық иланар.
Жүрегінен иман нұры көрініп,
Амалынан сауап жиналар.
Кәпір адам асыл дінге сенбестен
Құдайды жоққа шығарар.
Ақыретте, Мақшар күні, келместе
Тозақ- отта мәңгі сыналар.
Жан балам,
Періштелерге иман келтір,
Адалдардың жаны таза келеді,
Ар алдында отқа күймейді,
Сауаптарға қолын соза береді
Аш нәпсісін құл ғып билейді.
Арамдардың жаны пасық болады.
Жақсылықты пасық сүймейді.
Құлшылықтан әркез қашық болады,
Бір Аллаға басын имейді.
Жан балам,
Тағдырыңа иман келтір.
Сабырлылар алтыннан да бағалы,
Жазмыш жазуына төзетін.
Жаратқанды ойлаумен жай табады,
Жарылқауы барын сезетін.
Сабырсыздың жаны күйіп піседі,
Аллаға айтпай мадақ, шүкірлік.
Уайым жейді, күйік ішеді,
Қылып алып күнә, күпірлік.
РS: Ақ батасын алған асыл ананың
Жаманы жоқ барлық баланың.
Өсиетті өлеңіме мән берсең,
Іс қыласың, балам, саналы!