ГҮЛНАР САЛЫҚБАЙ. ӨМІР ҚАЛДЫ СЫЙЛАМАҒАН ГҮЛІҢДЕ...

***

Өкінді гүлім, өкінді –
Бүршігін енді аша алмай.
Кешіккен ұшақ секілді
Ауа райынан аса алмай.

Секемшіл көңіл сыр берер,
Тұрғызар үміт құласаң.
Кешіккен ұшақ бір келер
Күтуге оны шыдасаң...

Сол күннен қайда жүр дерек?..
Жан бар ма оны есіткен?!
Гүлдердің жөні бір бөлек –
Көктемі мәңгі кешіккен.

Қызады нанның күресі,
Сенісер жандар селдіреп.
Көзімнің көркем үлесі
Қарайды маған мөлдіреп.

Бітпеді қызық түс әлі,
Асықпай мен де кетем деп.
Жанымның жалғыз ұшағы
Кешікпей ұшса екен тек.

 

***

Өмірім жұрт білмейтін ән сияқты –

Ешқашан айта алмайтын.

Жақсының бір күлгені таң сияқты –

Көзсізге байқалмайтын.

Реніш айнадағы шаң сияқты

Бетіңді жауып тұрған.

Жүрегім кеудемдегі хан сияқты –

Кей кезде жалықтырған.

Өлеңім қып-қызыл бір қан сияқты

Жанымнан тамып тұрған...

 

***

Қалыңдар жұқа жанымды құтырып, тепті,

Бәрін де көріп, білесің жанарың қалса.

Троллейбустар талайды түкіріп кетті,

Ішінде соның болмадың, амалым қанша...

 

Соңғы рет күлген көктемнің көздерін аңсап,

Соңынан қайтқан құстардың ермедім жылап.

Өзгеге кетті жастығым, өзгеріп, алшақ,

Соғыста өлген сарбаздай келмедің бірақ.

 

Күтумен өткен күнімді көп көрдің бе екен,

Атыңды көше әніне қосады күнде.

Тұманды түнде адасып, жоқ болдың ба екен?

Трамвай сенсіз салдырлап, босады мүлде.

 

Әлде сен мүлде басқасың, арманың бөтен,

Кеудемде бүгін ерекше сезілді бүлік.

Сен бар деп, бекер өзімді алдадым ба екен –

Шынайы өмір барына көзімді жұмып...

 

Жауабы әсем жастықтың желігі кетті,

Қалыңдар жұқа жанымды соғады күнде.

Өзіңе жетем деуменен өмірім өтті –

Барыңа сенген кездердің обалы кімге,

Әділет?!

 

***

Жүз рет құлап, жүз рет тұрдым,

Құлармын талай әлі мен.

Нан үшін талмай қызмет қылдым

Бала-шағаның қамымен.

 

Ұнамай ешбір жиын да маған,

Жақсымен келем жарасып.

Жүрсем де қара құйыннан аман

Өлеңнен қалдым адасып...

 

Көп болды мініп, жеке кетпедім

Желден де жүйрік, боз атын.

Білдірмей күннің бекер өткенін,

Қиналсам, қолын созатын.

 

Көп болды оны ерттемегелі,

Кетпегелі айға мен ұшып.

Бермейтін еді дертке де желі,

Тірліктің уын бөлісіп.

 

Көмкерер едім Айды да гүл боп,

Өзіме берсе ерікті.

Жақсы көрмесең, қайғы да, мұң жоқ –

Елестетесің өлікті.

 

Білмеймін қандай сый тастайтынын,

Туады мендей тағы өрен.

Өмірдің өзі – ұйқаспайтұғын,

Ақыры жұмбақ ақ өлең..

 

***

 

Өкпелеме бұл өмірдің азына,

бұрылып кеп,

Қыс ішінде қырық шаршы жазыма

жылынып кет...

Бұрылып кет.

Өліп қалсаң, қайтадан тіріліп кет.

Бал қосып, шай ішеміз.

 

Өкпелеме бұл өмірдің қысына,

қысылып кеп,

Ұятсыздар әлемінің исінен

ұшынып кеп,

Енді қайта тоңбастай ысынып кет.

Бал қосып, шай ішеміз.

 

Қыс ішінде қырық шаршы жазыма

сен келіп кет.

Мейлі, мені жылуға кенде ғып кет.

Емделіп кет,

Аш көңілге аямай жем беріп кет.

Бал қосып шай ішеміз.

 

Өкпелеме жер жаурап, терек тоңса,

Жазыма бір келіп кет,

Керек болса.

Өкпелесең өкпеле маған ғана –

себеп болса...

Бал қосып, шай ішеміз...

 

***

Жығылды көзім –

нұр күткен,

Соқпағым мынау –

ілбіткен...

Құлады басым құлазыған кеудеме

тірліктен.

 

Суындым –

қаңтардың қара тасындай,

Күлкім –

сараңның құйған асындай.

Үзілді адасқан ойларым

құлдың құнсыз басындай.

 

Білдім

тірліктің түпсіз қуысын,

Күлдім

күлмеңдегенге күні үшін.

Тұрмын

Тұрақсыз құмның үстінде,

Әй, құрысын...

 

Қалдым

шашудай жерде шашырап.

Өмір –

тастан да гөрі тасырақ...

Ырсылда пайда қуалап,

Бәрің бір қулық асырап...

 

***

Жүдетсе де дүниенің жыртығы,

Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі –

Айдың аппақ сәулесіне оранып,

Мен бақытты бола салам бір күні!

 

Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,

Көктем келер қуып қайғы елесін.

Сәл мұңайып келе жатып,

Бір күні

Мен бақытты бола салам...

Көресің!

 

***

Бізге жолдас көлеңкең де,

Күлің де,

Өмір қалды сыйламаған гүліңде.

Күлімдер ем күннің ыстық күйімен,

Айқайлар ем айдың алтын тілінде,

Жеткізбейсің маған.

 

Жерігенде жербетілік ғасырдан,

Алданыштан – абыройы ашылған.

Жұдыз жасым шашар ма едім көгіңе

Жалғыз бақыт, жүрегіме жасырған,

Жеткізбейсің маған.

 

Бұл өмірді бір сен үшін бастап ем,

Мәңгілігім мәмәр есік ашты әрең.

Түндеріңді жарығыммен жасқар ем,

Күндерімді табаныңа тастар ем,

Жеткізбейсің маған...