* * *
Бақбақ ұлпа, бақытыма барабар,
Көріп сені, көңілім менің жарадар.
Періште көк перзенті деп айтар кім –
Қара жерде еріп жатыр қара қар.
Ақ нұр көктен саулағанда, ғажап-ай,
Аппақ ойлар беретұғын мазалай.
Ақ қар емес, еріп жатыр қара қар,
Тазалыққа таңылған бір жазадай.
Қайда сол бір ақша сезім, қайда өлең?
Алдады арман қатар тұрған айменен.
Қара қардай езіледі ет-кеудем
Ақ күйінде араласқан лайменен.
Білетіндей бүгесі мен шігесін,
Сен де маған неменеге күлесің?
Қара түске боялыпты, қайтейін...
Қар бетіне жазған едім бір есім...
* * *
Жаңбырлы түнде жан жылар,
Жаныңнан артық қайда бар?
Көшеде көңіл қаңғырар,
Арманның ізін аймалар.
Қуаныш, қайғы табысар,
Жүректің көзі жасаурап.
Басыңмен сосын алысар
басқадан қашқан асау бақ.
Жаңбырлы түнде жан жылар,
Жан бар ма басу айтатын?
Сән құрар ағаш салбырар –
Жапырағы жоқ байытатын.
Кеткендей жерлік дау үркіп,
Тамшыдан бейбіт күй келер.
Кеудені тәтті ауыртып,
Керемет мұңға сүйрелер.
…Жеңілді Сізден ақылым,
Жетер ме еді дауысым...
Жаңбырлы түндей жақыным,
Жаңбырлы түндей алысым...
* * *
Жүріп келем көшемен жайдақ, тайғақ,
Секіртеді сезігім антұрғандай.
Қара қазан түбінде қайнап-қайнап,
Дүниенің қызығы сарқылғандай.
Жау іздеген жандарды түсінбедім,
Қата алмадым жолында қарыс-кектің.
Болғаннан соң шамалы күшімде мін,
Айдалаға бөлініп, алыс кеттім.
Жаным күйіп, батамын тағы нуға,
Жалғастырам амалсыз ақ әнімді.
Аллашыл боп, күнәдан арылуға
ұры сауап жинаған заманымды...
Ұялатын кім қалды арға қарап,
Қайтарардай жұртымның қайран бағын?!
Жүр мұсылман болғанын жарнамалап,
Қарынына қанша май байланғанын.
Көңілімнің жайлауы таз болғандай,
Шошынамын осылар түсіме енсе:
адамды алдап, жиғаны аз болғандай
алдайтұғын Алланы күші келсе.
Өмір деген оларға тұйық көше,
Солар - құдай жазалап, шын ататын.
Біреу егер өзінен биіктесе,
Табанына мұз қойып, құлататын.
Жұмырына жұқ болмас жұтса бәрін,
Көріп, біліп, еңбегін бағалар кім -
тізгін ұстап, тіріге ұқсағанын
бесігінен безінген балалардың...
Көшелердің кеудесін темір құрсап,
Көрерімді көрмекке жүріп келем.
Тоқтағандай болды да өмір бір сәт,
Қайта кетті басталып үмітпенен...
* * *
Нұр-жауынның толастамай легі,
Шу қалада қандай қызық адасу!
Қараңғыда жарық төгер реңі
Қандай қызық телефонмен жарасу!
Жолыққандай қыс ішінен бір көктем,
Қараңғыда қағаз бенен қаламсыз,
Қандай қызық телефонға сыр төккен
Ағыл-тегіл, алаңсыз...
Аспан түстес алақандай тақтаға
Әппақ жолдар тізіледі табанда.
Рақмет, жыр жазуға шақ қана
Телефонды ойлап тапқан адамға!
Құлан-таза жазылғандай қотырдан,
Оған бақыт әкелгендей бұл ай сәл.
Телефонға өлең жазып отырған
Біреу көрсең, хал-жағдайын сұрай сал...
* * *
Тереземнің ағарып ар жағы әлі
Бүгін тағы түсімде қар жауады...
Қармен бірге қалықтап, ұшып жүрем,
Ұшып жүріп, көп жайды түсіндірем.
Терезелер жанымды ұғар ма екен...
Шынымды айтсам, шытынап, сынар ма екен?!
Арындаған ауыздай сандырақтап,
Ән салсам ба ең биік тауды мақтап...
Қармен бірге мен дағы қонар ма екем,
Қара жерде қалтырап, тоңар ма екем...
Табандарға көрініп ақ қар бөтен,
Қаршылдатып, қағынып, таптар ма екен?!
... Тереземнің қап-қара ар жағы әлі -
Бәлкім бүгін түсімде қар жауады...
* * *
Оятпа сен мені, қалғысам,
Өзгеге еліктеп, өзгерме.
Іздеме бекерге, қаңғысам,
Жоғалғым келетін кездерде.
Таң болып күтіп ал кешкірсем,
Ән болып, жанымды желбірет.
Жаңа айдай жарқырат ескірсем,
Қиналма «қайтемін енді?» деп...
Басқа бір әлемде тұрақта,
Көздерің бақытқа шөлдесе.
Сен мені ұмытпа бірақ та,
Өзіңді ұмытқың келмесе...
Ешқандай ағынға қосылмай,
Таңданба бәрінен сырт қалсам.
Ешқашан жоғалмас досымдай
Жер болып күтіп ал бұлттансам.
Аяма адасып, қағынсам,
Сен мені сөкпейтін шығарсың?
Мың жылдар өткен соң табылсам,
Қағаздан барлығын ұғарсың...
Түсінбе тойларда болмасам,
Және де жолымды жүрілген.
Бір күні кеудеңе орнасам
Жаңбырдан кейінгі жырыммен...
* * *
Қашайықшы барлық қиын сұрақтан,
қишы маған ұйқыңды.
Қарашы, анау балағынан кірі аққан
қала қандай сүйкімді!
Қашайықшы, айдалаға, адасып,
Ашайықшы басқа әлемнің есігін.
Ешкім бізді іздемесін жаны ашып,
Ешкім бізден сұрамасын кешірім...
Өтіп жатқан күніміздің көбі өлең –
Жылыстайық ақырын.
Ешкім бізге қарап тұрып төбеден,
Лақтырмасын ақылын.
Ешбір адам аямасын біздерді –
Сенгендері сатты деп.
Өшірейік бар азапты іздерді,
Басқаларға бақ тілеп.
Қашайықшы, құдай үшін, ерінбе.
Жүріп тұр ма көлігің?
Әлде мені құтқаруға сенің де
Шаппай тұр ма көңілің?!