Жұмыстан түн ортасында шықты. Күні бойы кабинетте отырып, шаршаған. Біраз серуендеп сергіп алғысы келді. Жеті түнде қайда бармақ? Тәулік бойы ашық тұратын дүкенге соқты. Қаңтардың ортасында балмұздаққа аңсары ауды. Біреуін алып, машинасына жеткенше жеп алды. Жолай ішінің сол жағы бүлк еткендей болды. Мән берместен әуенді әуелетіп, қала сыртындағы үйіне де жетті. Үлкен темір қақпаны кілтімен ашып, тұтқаны тарта берген. Іші алай-түлей қопарылды. Түсініксіз ауырсынудан миы қоса шыңылдады. Таңға ұйықтамады. Ішінің ауырғанынан құдды бір бүкіл ағазасын миы ренгеннен өткізгендей жүрек соғысы, сүйек қаңқаларын сезіп шықты.
Ертемен ауруханадағы таныс хирургке барды. Дәрігер ішін оңды-солды ұрып та,басып та көрді.
-Соқыршек сияқты. Талдама жасайық! Сосын белгілі болады. Бізде бақылауда жата тұрасыз,-деді. Кешке талдаманың нәтижесі ештеңе кқрсетпеді. Құр судан басқа нәр татпады. Аурухана қабырғасы дертіне шипа болғандай жаны жайланды. Оның үстіне ауырсынуды басатын дәрі мен дәрумендер күш бергендей. Таңғы бесте медбике келіп қан алды. Түсте үйге қайтайын деп ойлаған. Палатаға өзінің хирургі, анестезиолог бар бір топ дәрігер сау етіп кіріп келді.
-Сізде соқыршек, операцияға дайындалыңыз!
Үрей жүгіріп өтті. Анестезиолог:
- Жалпы наркозбен жасаймыз,-деп біраз қағаздарға қол қойдырды.
-Ешкімге хабарлаудың қажеті жоқ, маған сеніңіз! Сәтін салса он бес минут қана кетеді,-деп тыныштандырып қойды. Пышаққа түскен оңай ма? Бүкіл отыз жылдық ғұмыры көз алдынан бір сәтте желіп өтті.
Тырдай шешіндіріп, ақ үлкен жамылғыны үстіне іліп, арбаға отырғызған медбике лифтімен операция бөлмесіне апарды. Бұл әрекет өрекпіген жүрегін одан сайын асқақтатып жіберді. Екі оймен алысты. Кімге қарыз едім? Үйдегілерге бекер айтпадым-ау!
Операция үстеліне жатқаны сол, төбесінен дөңгелек-дөңгелек шамдары көз қаритын жарық жарқ ете қалды. Анесезиологы келіп:
- Шамалы ұйықтап тұрасыз, уайымдамаңыз,-дейді. Сол жақ білегінің күре тамырынан сұп-суық дәрі жіберіп жатқаны есінде…
-Хирург келді, бастаймыз...Әлі ұйықтаған жоқ…
Дүние дөңгеленіп кетті. Денесі жоқ, жаны бар. Жанын да көрмейді, сезетін сияқты. Ауырлық басып барады. Көз ұшынан дөңгелек қақпа көрінді. Жартылай ашық. Ар жағы жарқырап арбайды. Сол қақпадан өтсе бүкіл ауыртпалықтан арылатынын түйсігімен түйсінді. Жанұшыра қақпаға қарай талпынды. Хирургқа өкпелі: "Ауырмайды дегеніңіз қайсы?", бәрін тастап,безіп кеткісі бар. Жан тынышталар жалғыз мекен қақпаның ар жағында. Бір дауыс анық естілді:
"Саған ол жаққа баруға болмайды, ерте".
"Неге мен азаптан арылайыншы, жіберіңізші!"-дегісі келеді, аузы ашылмайды, дем жетпей тұр,әлде артық…
Көзіне батпан былшық қатып қалыпты. Зорға ашты. Өзіне төне қарап:
"Оянды-ау, әйтеуір, - деген анестезиологын таныды. Сөйлейін десе, аузында жасанды тыныс алатын аппарат. Өзі бір дем алса, аппарат екінші дем беруде. Өкпесі жарылып кетердей бұлқынды. Қолымен жұлып тастағысы келеді, бірақ аяқ-қолының байлаулы екенін енді байқады. Басын жұлқылап шайқай берді. Көзінен жас парлап барады. Тозақ деген осы екен ғой деп ойлады. Мына бөлменің суығын-ай, сүйектен өтіп барады. Үстіне жапқан ақ жайма да жылу берер емес. Қаңтар ғой, жылу қосылмаған ба?
-Аяқ-қолыңызды көтеріңізші,-дейді медбике. Көтердім деп ойлады, бірақ өмірінде осындай зілді сезінген емес.
-Өте әлсіз. Олар бір-бірін түсінді.
Анестезиолог басын көтеріп: -Біссіміллә,- деп, аппаратты кеңірдегінен суырып алды. Өкпесімен қоса, қолқа жүрегі жұлынып алынғандай солқ ете қалды. Адамдар осылай жан тапсырады екен ғой!
Уһ, жаны мен тәні енді тынышталды.
Ішіне көзі түсіп кеткен, сол жағы ұзына бойы ырсыйып ашылып тұр. Әр жерден іліп-іліп қойған. Жарақатқа тыққан түтік тола қан жүгіріп барып, ішіндегісі анық көрінетін қалташаға құйылып жатыр. Үнсіз жылады.
Хирургі де көрінді:
-Соқыршегіңіз ішмайға оралып барып,омыртқаңызға жабысып қалыпты. Біраз кесуге тура келді. Операцияны қырық бес минут жасадық. Наркозда алты сағат жаттыңыз,-деді жымиып.
-Енді қалайсыз журналист ханым, ана дүниеде жемқорлық жоқ па екен?- деген дәрігерге:
-Алла ұлық! -деді ұйыған тілі күрмеліп.
"О дүние жоқ, ол адамдарды тәрбиелеу үшін ойлап тапқаны",-деп айтқаны есіне түсіп, беті ду ете қалды. Ашық қақпаны қайта көргісі келіп көзін жұмды. Енді өлімнен қорықпайды.