ГҮЛБАҚЫТ ҚАСЕН. СЫР ЖАСЫРҒАН СЫРҒАМДЫ АҢЫЗ ЕТІП...

Тамыз. Өмір...

мөлдіреген өлең-жыр

(циклды жырлар)


Маңдайдағы  
бағым сенсің -  Өлеңім,
Туғанымда жөргегіңе бөледің.
Тамыз-ару ғұмырының əр сəтін
Өлең ғой деп өбектеумен келемін...

Көктем сайын қызғалдақтай жайнағам,
Күнді сүйгем, қызығатын Ай маған...
Егіз-жүрек аумай қалған, жыр-тұлпар,

Тағдырымды мен жалыңа байлағам.

 

Жазған өмір қарасын да, ағын да,
Титтей мұңды қалап алғам тағы да...
Кірпігімнен үзілген ақ моншағым, 
Өлең, сірә,

мөлдірейді, сағына.

 

***

 

Келдің бе,

Туған айым – тамыз айым,
Елжірер ертегі айым, аңыз айым.
Аптығы еш басылмас ынтызардың,
Аңсасаң алуа жыр тамызайын...

 

Мен сені құлай сүйгем,

жыр-сүмбілем,
Ұғарсың жүрегімнің дүрсілінен.
Кірпігім түн түндігін түре ала ма...
Аялап жарығыңмен жүрсің, білем.

Басайын мауқымды бір.
Еркелеткін...
Күйдіргін. Сарша тамыз өртеп өткін.
Күз келер.
Сәруар айым, сағынам ғой – 
Аққудың қанатымен ерте кеткін...

...келдің бе, тамылжыған тамыз айым,
Аңсасаң алуа жыр тамызайын. 

***

 

Саған да арман, 
маған да арман – бұл тамыз,
Айы – дастан, 
аспаны – аңыз, бұлты – аңыз.
Көңілімнің аққу құсы аяулы,
Қанатыңнан ән саулатып,

жыр тамыз.

Аңқам кеуіп, мен аңсағам бір күйді,
Сол бір күймен жаным мәңгі гүлдейді.
Аққайыңның жапырағы сыбырлап, 
Сыр айтады...
Жыламайды, күлмейді...

Тамызды аңсап, 
аңызды аңсап бағзы бір...
Құмсағаттай сусып жатыр жаз-ғұмыр.
Жете алдым ба қадіріне білмеймін?
Дөңгелейді... 
онсыз дағы аз ғұмыр.

...құм сағаттай сусып жатыр жаз-ғұмыр.

 

***


Тамыз өтіп барады,

тамыз өтіп,
Жаз өмірдің сәттерін аңыз етіп...
Ақ періштем күзде де көз ілмейді,
Аялайды арманым таң күзетіп.

Тағдырыммен тамызға байланамын,
Жарқыратар Сүмбілем Ай ғаламын.
Құсқанаты тәрізді ғұмырыма 
Байланар жыр.
Мен әнге айналамын. 

Тамыз өтіп барады, тамыз өтіп,
Сыр жасырған сырғамды аңыз етіп.
Аққулы көл,  күткейсің Алуаңды – 
Оралармын жұбыммен жалғыз кетіп...

...тамыз өтіп барады, тамыз өтіп...

***

 

Тамыз – тарту,  
Сағыныш күй шекпені -
жанға медеу жылытатын тек мені.
Естеліктер шақырған-ды Өлең боп,  
аяулы арман
қол созғанмен жетпеді...

Көз жұмулы.
Бәрі анық. Рас бәрі -
оны куә аққайыңдар растады.
Алтын түстес жапырақтар жамырап,
Ақын жайлы әңгімелей бастады...

Орман іші жаңғырады...

Әнші құс,
шақырады бір құдірет, тартылыс,
Жапыраққа жазылған сыр, тағдырым,
ұмытуға жоқ қой, сірә, қақымыз,
жаз мұңаяр...
үзбей жалғар араны
гүл аңқыған ақ қанатты хатымыз.

Сүйсінемін, ерек күйге  бөленем,
Өмір үшін осы маңға келер ем.
Есіңізде қалар мәңгі
ақшамда
тамыз-ғұмыр - 
тамып түскен Өлең ем...

***

 

Тамыз әні,

Жүректе тамыз әні...
Көңіл-көлге бір тамшы тамызады.
Ой құшты ма Балқаштың жағасында,
Жаз қоштасар. Сағынған жан ұзады.

 

Тамыз әнім, үзілме,

арман әнім,
Арман әнім, өзіңсіз бар ма мәнім?
Толқыныңмын мен сенің,
тербелемін,
Жеті өзеннің кеңейтіп арналарын.

 

Тамыз әнім,

сәулесі сезім-нұрдың,
үлбіреген нәп-нәзік өзім - гүлмін.
Аспан, жерден
өлмейтін Өлең іздеп,
Әппақ бұлттар арасын кезіп жүрмін.

 

***

 

Тамыз. Өмір –
мөлдіреген өлең-жыр,
жаз арумен 
қоштаса алмай өлең жүр...

Тамыз. Тағдыр –
жымыңдаған жұлдыздар,
жаным – жалғыз,

тоңдырғандай түнгі ызғар.

 

Тамыз. Ғұмыр –
ең әдемі гүлдерім,
не күтіп тұр алда мені?..
білмедім.

Өмір солай, тым қаталдау,

тым тәтті..

Тамыз. Жүрек –
лүпілімен қымбатты.