Гүл Зарқұмар. Хатым бар менің Ғаламға...

***

Датым бар менің

Саған да!

Хатым бар менің

Ғаламға.

Ақын боп келдім

Өмірге,

Айнала алмай

Адамға.

Жатыңды көрдім

Жақыннан.

Татыңды көрдім

Татырдан...

Шындығың қайда

Ей,өмір?!

Шықпаған ба əлі

Жатырдан

Жалқылық па еді

Көрерім?

Жалғыздық па еді

Көнерім?

Ниетім адал, ісім ақ

Өлтірмес мені

Өлеңім.

 

***

Жазушылар одағы осы балам,

Мен емеспін оларға тосын адам.

Бауырына баса алса қуанамын,

Бағаламай жатса егер тосып алам.

 

Тосып алам жамандық,жақсылығын,

Тосып алам баршылық,тапшылығын.

Кешегі өткен Кербұғы Оралханның,

Кездестірдім көзіндей жасты бүгін.

 

Тосып алам өсегін,кесегін де,

Қаншама рет қайтса да меселім де.

Қайта келем үмітпен үзілмейтін,

Қайырылмай кетсем де неше күнге.

 

Осы,балам,ордасы атақ,аттың,

Ортасы орынсыз көп шапалақтың.

Осы жерде оқылды,оқылар да,

Өміршең бір жырлары махаббаттың.

 

Жазушылар одағы осы балам,

Мен емеспін оларға тосын адам.

Бауырына баса алса қуанамын,

Бағаламай жатса егер тосып алам.

 

***

 

Бөрік шың,

Бөрте иықты, бөктері өлең.

Көзіме,

 Көрінші бір көк керегем.

Қасыңнан,

Қалай ғана алыстадым,

Өр Алтай,

Өзегімнен теппеген ең?!

Туған жер,

Тұма бұлақ,тұмар мекен,

Өзіңде,

Өсіп шыққан шынар бөтен.

Қайырылып,

Қайта айналып барар болсам,

Құшаққа ап,

Құса төгіп жылар ма екен?!

 

***

 

Шын болмысын тану үшін тағдырдың,

Шың басына шындығымды қалдырдым

Өмір барда өкіну бар,өксу бар,

Өрліктің де өзегінде бар құрдым.

Шын болмысын тану үшін тағдырдың,

Шыңырауда шындығымды қалдырдым.

Өмір барда өтірік бар,өсек бар,

Өлеңнің де өз тағдыры бар білдім.

 

***

 

Əйел біткен əдебінен жаңылып,

Мен дегенде көрсетеді тағылық.

Бəлкім,менің басқа шығар олардан,

Тірліктегі қарам менен ағым ұқ.

Əйел біткен əуенінен жаңылып,

Мен дегенде қалар тауы шағылып.

Бəлкім ,менің басқалардан артықтау,

Өмірдегі өз несібем бағым ұқ.

 

***

 

Бекерге күндемеңдер,

Уақыт өзі анықтар.

Кім кемеңгер?!

Орынсыз сөз етпеңдер,

Өлеңім бар өсектен,

Өзекті емдер!

Негізсіз соттамаңдар!

Ту сыртымнан,

Мылтығын оқтағандар!

Себепсіз сынамаңдар!

Ақиқаттың шыңынан,

Құлағандар!

Жазықсыз жазғырмаңдар,

Өз көрімді өзіме,

Қаздырғандар!