ЕРЖАН АЛАШТУҒАН. «КЕЙІН, КҮНІМ, БӘРІ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ...»

ДОС



Сынар сауал: «Өртенемін  осы мен...
күлге айналам кім үшін?!»

Дүн-дүниеден  дидары өңге досым ең,
Тынышым!

 

Сен  – найзағай, жанды ораған жалынға,
от тілінен өткірім!

Шуағыңнан өмір тарап тамырға,
өтті күн!

 

Сенсіз – реңсіз күн де, түн де... білемін,
бұлттан бұлдыр, өрем бос...

Ғұмырлығым, қыңырлығым, жүрегім –

Өлең  – Дос!

 

ХАТ

 

Үніңе

аңсарым ауған-ды...

Кезінде күніге

түсірдің еске тәубамды!

 

Көркіңмен,

Әніңмен,

Өртіңмен,

сиқырлап сәніңмен...

 

Дәтімді

алатын едің.

Аққу ең мен үшін ақырғы –

қанаты керім!

 

Ғашық ем,

жай басқа бүгінгі.

Тәңірден бұйырмыс нәсіп ең,

ұқтым ба... құныңды?!

 

Ән де өлді,

жырымнан адасып.

Қан болды

қарашық!

 

Сен жоқсың, жар етем өлеңді,

қайыспас қабырғам!

Сені енді

сағынбан!

 

Тұтқындап мың күдік,

тайғанда басымда тұрған бақ,

жылайтын жүректі күлдіріп,

жүрмін мен... кімді алдап?!

 

ТҮН



Жаныммен жатырқаймын,
таңғы азап – ғасыр-өлім!
Жоқ сенен ақыры қайырым,
түнге мен ғашық едім...

 

Бар түнде мейірім бір,
өстер ме ем, иланбасам?!

Күндізге кейідім кіл,
ал, түнде...

диюмен дидарласам.

Перімін өш өлімге,

құтырған қаламым ба?

«Түн... Түн...», - деп, төсегімде
ышқынам таң алдында.

 

Малынды жырға басым,
түн тәнін жұтындырып.
Сайлапты түн баласын
үкілер үкім қылып.

 

Күн шығып, мың шайқалдым,
жарықтан арықтадым,
түнімен жын - шайтанның
тасыдым табыттарын!

 

Айналды ЖАН ұшуға,
КҮН – ӨҢЕШ... қылғытады.

Тозақпен табысуға
тосамын түнді тағы!

 

ЖЕМТІК

 

Бір уыс ет жүрек,
өлісің, нең тірі?!

Басылмай кеуденің ентігі...
қан тулап,
қақырап сөгілді қабырға,
жас жуып жанарды,
қос кірпік желпіді.

Қабақтар қабарды,

қарашық дақ алды,

қызыл қан ағарды,

құмығып серпіні.

Жасырма жараңды,

тамырдың төркіні...

Бір уыс ет жүрек –
жыртқыш ой жемтігі!

 

ҚАРАША



Тым ерте түсті қар неге?
Неге сәл кідірмеді екен?
Қыс басына –

тұстасына неге ілінбеді екен?
Қаршадай ғана қараша қызды тоңдырған,
Қанқызыл өңін оңдырған,
Кенже өскен қалампырын солдырған,
Аязың да бір жүгірмек екен!
Құйрығын бұтына қысты
қоралы күшік қарындары ашып,
күндізгі қарыңнан қашып,
өзім де іңірге кетем.
Қара болсам да қарасуыққа бейім,

сәулелі сәуірге дейін

«күнім» деп, дірілдеп өтем...

Тым ерте түсті қар неге?
Неге ерте басты толғағына?
Күрең күздің мәнісі еш болмады ма?
Әсер етті ме әлдене?
Қара жердің

қоныш - қолтығын қымтады да,
Қисық қайыңның кірігіп шынтағына,
қалайыдай жылтырап жатты.
Қара жел бебеу қағып,
Ақ ұлпа бұрқырап жатты.
Қара шал қалбалақтады,
Қарқылдап қарға қаптады,
қазбауыр бұлттар

жатырын жарып жіберіп,
маңайым түнеріп,
самайым бір қатып, бір еріп,
балағымнан қар жауды,
қараша емес,

қаңтар сезілді біршама,
қабағымнан қан жауды,
қаратпай мұршаға,
қалтырап кетті бар дене...
Тым ерте түсті қар неге?!
Мұңдымын неге мұншама?!

 

АҚ ЖАУЫН



Ақ жауынын-ай таңның,
Аруымның көз жасы ма екен?!

Жолы болмаған жанмын,
Өзіне өз басы бөтен.

 

Жатырқамайды жаңбыр,
Ағынға айналды ғұмыр.
Біржола тоқтамай қалғыр,
Құдайдың қай жаңбыры бұл?!

 

Тентіреп терекке қонған,
Зарлауық сары құс шығар?!

Сарғайып, сартап болған,
Үмітсіз сағыныш шығар?!

 

Жатса да суалып арна,

Мыстанның мысқылындай боп,

Күн, айдың шуағы барда,
Жүрсе ғой қыстырылмай көп...

 

Жел, жауын, тынарсың ба енді,
Жанымды жаңқаламасаң?!

Жын ұрған шығар сендерді,
Жетермін Арқама қашан?!

 

СЕН ҮШІН

 

Құтты күні бақ жанып,
Қарындасқа олжа ғып, 
Қабыланды қақ жарып,
Қару қылдым қаңқасын,
Қарық болды қандасым.
Дәру қылдым қолқасын,
Жарық болды жолдасым.
Елең қылып ел ішін,
Жамылғы еттім терісін.
Жон, жүрегін қақтап жеп,
Жұттым қанын қорғасын.
Алдан ұрды аптап леп,
Аруақты ерге ол да сын! 

Оңға айналып терісім,
Таптым күйлі келісім,
Барлығы да сен үшін...

 

КӘРІ АСПАН

 «... Обратись лицом к седому небу,

По луне гадая о судьбе.

Успокойся, смертный, и не требуй,

Правды той, что не нужна тебе!»

С. ЕСЕНИН

«... Тілдес Аймен, Кәрі аспанмен,

Тағдыр танып, қара Көкке.

Ажалдысың... таласқанмен,

Жат шындықты талап етпе!»

 1991 жылғы аудармадан

 

Адам түгілі ажалға ізет етпеген,

Ақиқаттың ақтығына кім сенер?!

Жолымды іздеп қарар едім Көкке мен,

Жарқын жолдар Көкке қарап тұрса егер!

 

Ай рақымын алақайлап төккен күн,

Аспаныңды елермін де, сенермін.

Жалпы жаһан, жарты ғұмыр өткердім,

Жалқы, жамау жолдан өңге не көрдім?!

 

Ай бетінен тағдыр оқып жарытпан,

Ал, өмірді айналдырдым өңезге.

Жарқанаттың қанатында тамұқтан

жан ұшырар үн келеді... жоқ өзге!

 

Адақтаса арманыңды көк аспан,

Ақ сәлде орап, малдас құр да... түс жоры.

Жымияр ма бұйырмаған о бастан,

Жарқанаттар жаулап алған құс жолы?!

 

Ардан ада арманама дау бар ма,

Ай - жетіммен қай бетіммен беттесем?!

Жібек түнге ай шуағы ауғанда

жүдеп мүлде... айкезбе боп кетпесем!

 

Алақанды жайып тастап аспанға,

Арызымды шексіздікке байласам,

Жұлдыз - жиһан жауһар - иман шашқанда,

Жан тәсілім етіп, сауап сайласам!

 

Жүрек қылы – тірек тіні қиылды,

Астам дүние, арттым саған обалды!

Жанға жаза даңғазада бұйырды,

Жоғалды Нұр. Құл құзырын доғарды.

 

Ажалдының мен бе адасқан тұңғышы,

Ақырғы да тағдырымен таласқан?!

Жалғандағы жалғыздықтың қылмысы –

жолым болды... Сен не дейсің, Кәрі Аспан?!

 

ГАУҺАР ТАС

 

Жаның – жұмбақ, жанарыңның ішінде...

Жасырынған бір сыр бар.

Жәудір көзге жаһан сыю үшін де

тоғысады-ау тылсымдар!

 

Беймәлім күй көзіңдегі өлең бе?!

Жүз үміттен түзіліп,

Бір гауһар тас сүрлеу салып төменге,

Бара жатты үзіліп...

 

Жаһан нұры жанарыңа жиылып,

Құйылса екен мың арай...

Сен жыламай, жүрсең етті сүйініп,

Сол гауһар тас құламай!

 

Қалмаса екен қарашықтан адасып,

Сыр жасырған жанардан

Сол гауһар тас, тағдырыңмен таласып,

Сағыныштан жаралған!

 

ЭТИМОЛОГИЯ

 

Аспаннан да жоғары,

Жарат-қанға жақын жат-қан жақ-тар-дан

дүн-иелердің доғалы

ар-айларды ақтарған.

 

Ар-ай қон-ар маң-дайға

жаз-мыш ет-ер... жағал-асар жан қайда?!

Шер-беттерін шалғайда

татыр-майды таң-дайға!

 

Тамыз-байды күй... ішің

кеуіп қал-сын, кес-апатты кен-ез-ең

мекен-деген ми іш-ін,

мәң-күрт ет-кен мерез ең,

 

шек-арасы жоғалған...

ол, әр-ине, сан-а-да ем-ес, тыс-қары!

Біз бей-баққа сол-ар-дан

бұйыр-маған мыс-қалы.

 

Жан...жақ-тарға жол-да-сақ

қайыр-ым-ды, мін-ер кім-дер міскін-ді?!

Ер-кек-піз бе, бол-ма-с-ақ

құш-тар-лықта құс құр-лы?!

 

Әл-ем – жәлем...түз құсы

қан-ат қақ-са, қал-ды ес-ен – сау әр-ең Көк:

«Ақ қан-аттың із-г-ісі –

Мек-айылға с-әл-ем», - деп!

 

Ай жүз-і-н-е-н күй-ді оқы-р...

ін-де-т келсе, тіл жет-кен-ше...сый-ы-н-ып...

үр-пек-бас-т-а-р үйде отыр

иман-дарын үй-іріп!

 

Аспаннан да жоғары,

Жарат-қанға жақын жат-қан жақ-тар-дан

қайт-қан-да-р-ы жоқ әл-і...

Жатыр-қаған жат-ты ар-ман!

 

ҮШ ҚАНАТ

(топтама)

 

I. БІРІНШІ ҚАНАТ: ПЕРІШТЕ

«... А бывают и без крыл!»

 МАРИНА ЦВЕТАЕВА

 

Баршаға арман бас тартып қанша амалдан,

қанатын да қаға алмай... шаршағаннан

құлайды екен Періште, жылайды екен...

Адамдық аңсағаннан!

 

Сұрайды екен одан да: «Күнәң не?» - деп.

Құран дерек береді бұдан бөлек...

Сүрінгенде Періште, түңілгенде,

құл бар ма қылар көмек?!

 

Пәкизат қой, пендеден адал құшақ

аңсап жүрген, жанға ерек алаңды сап

сүйеді екен Періште, күйеді екен

Ақынша... Адам құсап!

 

Өзіміздей... сәуірді қаңтар көміп,

тарпаң көріп тағдыры, арқан керіп

өтеді екен, Періште кетеді екен...

Өмірден... Аң-таң болып!

 

Таңырқамай, сырлассын таңда түрлі,

жабырқамай, бірге ассын қарға түнді...

Жыр оқысын жәннатта Ридуанға...

Жібердік... Арда Ақынды!

 

II. ЕКІНШІ ҚАНАТ: ҚҰСТАР                

«Шығарып бір құс салады мені...»

ЮННА  МОРИЦ

 

Кеңдігі – кем даланың, қала – тордай,

Үт қадірін Ұзақтай ұғатын кем...

Көп ішінде кемеңгер – Қараторғай,

тілдескен тірі ақынмен!

 

Сол Алматың... Меңіреу, мұңды ауылдай,

Сұңқылдаққа серік қып Сыбырлақты,

Шырғанаққа іліккен Қырғауылдай

бір тепті... бүгін бақты!

 

Ғазиз еді-ау Қарғаң да, Құзғының да,

Бәбісек – жоқ, базары тарап кеткен...

Шымшықтайын шырылдар біз ғұмырға

Қыран тұр... қарап... Көктен!

 

Тізбегіне Тырнаның түстің бе тек?!

(Өмір қалды Өлеңнің өрнегінде...)!

Секектеген сәуірде, міскін – Көкек,

Сен де оны... көрмедің бе?!

 

III. ҮШІНШІ ҚАНАТ: Phoenix

 «Феникс — птица счастья, но, права

на это счастье — птичьи».

ЕВГЕНИЙ ХАНКИН

 «Ты должен сжечь себя в своём пламени.

Как иначе хотел бы ты обновиться,

 не обратившись снова в пепел?!»

ФРИДРИХ НИЦШЕ

 

Білмеймін, бақтың бағасы

осындай ма еді?!

Бұл ой бермейді-ау

тіліме тыным:

Бір құс бар дейді

тірілетұғын...

Қайта алар ма екен

тосылмай кері,

Қиса егер досындай көгі?!

 

Ол қасқалдақтың қанындай

дара ақын-ды,

Рух еркіндігін

ұшқанда-ақ ұстар!

Біз түгілі, оған

құстар да құштар...

Қайтсем екен қайғырған

қара түнді,

Қайырылған қанатымды?!

 

Жан шуағыңа жаңғырған

бөленді ме ай?!

Құс Жолынан жұлдыз

жұлып көрерсің...

Күн туса-ақ, кері

күліп келерсің,

Жетімсіремесінші

Өлең бұлай,

Не дейсіз..,

ШЕБЕР ҚҰДАЙ?!

 

ЖОЛДАР МЕН ХАТТАР

(Назға хат)

 

Пенделерміз... Бұл дүниенің қонағы,

кешір түгел! Қыс, көктем, жаз, күзді өткіз.

Кейін, күнім, бәрі жақсы болады...

Бірақ кейін... Біз – жоқпыз!

 

Құдай қиса, таусылмайды жол әлі,

сапарлардан үшбу хаттар жолдаймыз.

Сосын, сәулем, бәрі әдемі болады...

Біздер ғана... болмаймыз!

 

Жолдар, хаттар... Олардың бар обалы.

Жігер жетпес, әуре болма жүз құрап.

Жарар, жаным, жарқын заман болады...

Жете алмаймыз... Біз, бірақ!

 

Тән төменге, Рух ұмтылар жоғары,

үміт шығып үделерден Ел сенген,

әлі, алтыным, тұрар мезгіл болады

қарап басқа... өлшемнен!

 

Тоғысарда тоқсан жолдың торабы

алды - артыңа қарайлап жүр, абайла!

Бізсіз де, айнам, бәрі орнында болады...

Сен асықпа... Жарай ма?!