Ертай Ашықбаев. Сендер емес келгендердің алды-арты

ЖҰЛДЫЗДАР

 

Біздің балкон жұлдыз жаққа жақындау,

Жоқ ол жақта еркек-ұрыс, қатын-дау.

Тыныш.

Тынық.

Сондай жерге жіберген

Жұлдыздардың әкелері ақылды-ау.

 

Дәл осындай мекенің бар тыныш қай,

Сондай жерде жүргенім де дұрыспа, ай?

Түк ойламай жаһандану туралы,

«Қазақ тілін білмейсің» деп ұрыспай

 

...Болмай жүдә бастықтарға кіріптар,

(Кресло, өртеніп кет, құрып қал).

Естен шығып... адал жүрген кісіге

Пайдасы жоқ әдеттер мен ғұрыптар...

 

Газет көрмей, радио тыңдамай,

Үкіметпен бірге ұрлап-жырламай

...Сондай жерде жүргенім де мақұл ма,

Айтшы, төрем, болар еді бұл қалай?

 

Кеңістік боп маңдай алдым, тастөбем,

Демей мүлде: «Мен де кейде жас төгем»....

Шіркін, сонда ойлар едім басқаша,

Шіркін, сонда жазар едім басқа өлең.

 

Оқып соны тамсаншы бір, таңданшы,

Бірақ, бірақ... бір мысалды алға алшы:

Қалқам мені іздейді ғой «қайда» деп,

Сөгеді ғой жұлдыздарды алдамшы...

 

АСПАН

 

Менің тым зеріккен мұңым —

О, бәлкім, қыр асқан ғалам.

Беу, шіркін, неліктен бүгін

Ұқсайды мына аспан маған?

 

Мына аспан мөлдіремейді,

Бейне сұр қорғасын кеме.

«Бұлттарымт оңды» демейді,

Тоңды ғой, тоңбасын неге?

 

Сәулесіз бұл нендей ғалам,

Қиылып қарамайды Күн.

Тырсиды нұр бермей маған,

Оу, неге тарамайды мұң?

 

Жоғалды бұла таңдарым,

Мен — бүрсіз құба талдаймын.

Аспанды жұбата алмадым,

О, тіпті жұбата алмаймын...

 

ҮНСІЗ ҮЗІЛІС

 

Жаз әнсіз өтті, үндемеді Күз,

Ұшты да кетті құс-елес.

Естелік емес —бұл дегеніңіз,

Бұл тіпті тәтті түс емес.

 

Қабағын ашпай қараша кетті,

Тайқы да маңдай,тар маңдай.

Мына бізге бір қараса нетті,

О, жазығымыз бар қандай?

 

Көңілсіз тіпті құстар да мына,

Жолы болмаған дүрмектей,

Қонғандары да,ұшқандары да

бейнебір бізге міндеттей.

 

Көкшіл көйлегін қымбат бағалы

Жыртқызып алды қыр,беткей.

Жыртық көйлекті тырнап қалады,

Жынды жел

Және құр кетпей.

 

Қолымды бекер бұлғап қалам ба,

Көкжиек асқан нұрға ана.

Е, қайтсін енді ұрлатпағанда

Қызығын біздің бұл қала.

 

КӨКТЕМ. ҚҰСТАР

 

Бұл қыста да озық жұртқа теңелмей,

Мемлекет абыройын төксек те,

Күн жылынды —

Сенбеймін бе, сенем бе, ей?

 

Табан тиді көк шөпке.

Жердің үсті, обалы не, құлпырды,

Жылытайын тоңып қалған күлкімді.

... «Кешіріңіз, біз осында тудық» деп,

Келіп жатыр кеткен құстар былтырғы.

 

Рұқсат та сұрамай,

Қонып жатыр — бұ қалай?

Тағы қашып кетер ме екен бұл құстар

Желтоқсанда алағай да бұлағай?

 

Тағы да сол ақ қар, көк мұз тайғақта,

Бұларсыз-ақ мінеміз бе қайратқа?

...Көктем жайлы өлең жазу қызық-ақ,

Шіркін, біздің аймақта.

 

Қонды құстар...

жек көрдік пе оны біз?

Ұя бұзып кірленген жоқ қолымыз.

Сендер емес келгендердің алды-арты,

Үйренгенбіз.

...Құстар, уа, қоныңыз!

 

БІР ӘҢГІМЕ

 

 Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,

Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.

Ойыл — мынау,

Қиыл — анау,

содан соң…

Алматыны көргім келді,

көрдім мен.

 

Ерте солып біздің жақта бүлдірген,

Бөлісуге жарамады құрбыммен.

Бақша — шағын,

көше — шолақ,

әрине,

Алматыда жүргім келді,

жүрдім мен.

 

Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,

Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.

Күндер болды көкірекке леп кірген,

Түндер болды аздап азап шектірген,

Шуақ анау,

көз жасымды кептірген.

Мен —

Ақтөбе өлкесінің өзені,

Алматыдан кеткім келді,

кеттім мен.

 

Алматыңыз сол еді,

Енді, міне, ертіп келіп көнені,

Аспан неге мазалайды,

о, мені,

Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,

Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?

Бір сынық мұң түрткілейді,

төнеді,

Мен білмеймін,

не сұрайды ол менен?

…Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,

Алматыға бармағаным жөн еді..

 

ЕЛУ АЛТЫНШЫ ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР

 

Жаңартыңдар жүректеріңді ескірген,

Жайнаңдар. Кәдімгідей тулаңдар.

Кем емессіңдер ешкімнен,

Уа,

елу алтыншы жылы туғандар!

 

Рас, өмір шаршатты,

Кезікті тірліктің түрлі лебі.

Көрдік қаншама бану-күнді, бал-шақты,

КазГУ-дің гүлдері үлбіреді.

 

Бай болдық қызыл-жасыл түрге енген,

Күн кештік маңдайымызды мұң тұтпай.

Уа, мына Шаһизада кімнен кем,

Кімнен кем әйтпесе Мылтықбай?!

 

Кем емес. Артық.

Болдық. Толдық.

Ұштық аспанда қалқып,

Қондық.

 

Келіңіз. Қоныңыз қасымызға,

Демімізге ерімейді нендей сыз?!

«Біз сендердей жасымызда…»

Әрине,

сенбейсіз.

 

Әрине,

әңгімеміз тыңдалмайды,

Жаз өтті, гүл — ғайып; қыс келді, алма — ғайып.

Өмір, біз болмасақ, кімді алдайды?

Жарайды,

алданайық.

 

Алданайық. Көрсетейік ырза көрік,

Өткен-кеткен өкініштерді қазбаламаңдар, қумаңдар.

Жүрейік аңқау мырза болып,

Уа, елу алтыншы жылы туғандар!

 

Гүл қашан солады, жауады қашан қар?

Оған көңіл бөлмеңдер.

Сөйтіп, ұзақ жасаңдар,

Мүмкін болса,

…өлмеңдер!

 

БАРЫС-КЕЛІС

 

Желе жортып үстімен әз даламның,

Алматыға...

ай, былтыр...

жазда бардым,

Көңілімді шарпыды аздаған мұң.

Мына тұс —

мені талай өкпелеткен,

Ана тұста —

о, талай маздағанмын.

Бозбала күн —

секілді қайырмасы

ортақол композитор жазған әннің.

Мен —

өтемсіз өкілі мәз ғаламның.

Бишілері сүрмесін тауысыпты

Оркестрі ерекше назды алаңның,

О, қалайша жоғалта жаздағанмын!

Қанатына ілесіп құс-хабардың,

Алматыға...

ай, биыл...

қыста бардым,

Орындадым әр шартын нұсқамамның.

Тістегеннің аузында кеткенім жоқ,

Кеткенім жоқ қолында ұстағанның,

Жүрегімді аязбен тыстап алдым.

Көшелерде жүргенін көзім көрді

Талай-талай менен де күшті адамның.

Қонбаппын көптен бері Алатауға

О, неге сонша заман ұшпағанмын?!

Сонша заман көрмеппін мына бақты,

Мынау жылға қанша күн жылап ақты,

мені көріп мөлтеңдеп тұна қапты.

Құстар анау,

а, тағдыр,

бұларға да

менен өзге ешкім де ұнамапты.

Мына терек,

күтіп тұр,

құламапты.

Мен,

әрине,

ешкімді жылатпаймын,

Мен жасырдым баяғы мұрағатты,

Сөз сөйлеймін ақылды,

ұлағатты.

Бұл қаланы дәл мендей сүймейді ешкім,

Маған ешкім бермейді бұл алапты.

Алматыны болмайды ғайбаттауға,

Ол сыяды түп-түгел,

ай, мақтауға,

Хұқың жоқ жұбатпауға,

жайнатпауға.

Бізден қалған...

бір кезгі...

көп сауықтар,

әне,

кіріп барады сайрап бауға.

Қарт көшелер,

о, мейлі, сәл жасарсын,

Арыз айтып қайтеміз Айбат-Тауға,

Мен өзім де сәл қалдым тайғақтауға.

Мен —

сондай бір досымын Алматының,

О, мені де болмайды ғайбаттауға!

 

ЕСКІ ЕЛЕС

 

Мен деген —

үнсіз ғаламмын,

Қоштасқам дүрмектеріммен.

О, не деп тұрсыз маған, Мұң,

Не істеуге міндетті едім мен?

Тоқтадым ескі өлеңіме,

Білмеймін,

қанша аялдаймын?!

Сүймеймін ештеңені де,

Әрнені аңсай алмаймын.

Мен деген —

көктем емеспін,

Сөйлейтін асқақ үнменен.

Мен —

зулап өткен елеспін,

Елеспін басқа мүлде мен.

Жүрмеймін күліп құрбыммен,

Мен —

егде құрметті елеспін.

Күюді ұмыттым мүлдем,

Сүюге міндетті емеспін.

Жоғалды сәруар елес,

Күз келді.

Келеді мұз-қар.

Ол менің шаруам емес,

О, менде нелеріңіз бар?..