Қызыл шапан...
Қызыл шапан, қызылымен от қойдым,
Оң көркіне тартылатын көп тойдың
«Қыз көзіне түспек» - деген достарға
«Қызыл жақсы, көз тимейді» деп қойдым...
Қыздар кербез ұқсап туған бәрі айға,
Қыздар деген жарқыраған шарайна.
Өзімнен де шапағат бар деп қоям,
Әйтпесе олар шапаныма қарай ма?!
Ширақпыз-ау жылы сөзбен тістеуге,
Шапағатын шашар қайда күш менде.
Қырағы елдің қырандарын көз көрмей
Қызыл түстің қызығына түскенде.
Көп сынаған сөздеріне достардың,
Енді бірде жауап та айтпай бос қалдым.
Ойға батып қызғылт тартқан кештерде
Атам киген сол шапанды еске алдым.
Тағы да бір жүрегіме от кірді,
Қызыл шапан - жанып тұрған щоқ құрбым.
Аңсап келем ауылыма күт мені,
Енді өзіңе сөз салайын деп тұрмын...
Ақындардың махаббаты...
Жанарыңды ұсынып жалғыздыққа,
Сен неге бөлектене сұрланасың.
Жүрек төрін өзіңе алғыздық та,
Жай ғана үнсіздікте жыр бағасың.
Көздеріңді көргенде ессіздікте,
Бар сырымды жырымда аша салғам.
Енді қайтып оралмас кеш сіз күткен,
Ойымның да сынығын шаша салғам.
Аспандағы тәуелді Ай да саған,
Әкеп бере салады Күн біреуі.
Бұлт қып мен де өзімше айта салам,
Аппақ мамық денеңнің үлбіреуі.
Бар қалауын ашасың бір көргеннің,
Бар екпінін басасың бір сөзіңде.
Паналайсың тасасын үлгергеннің,
Қарамайсың, тұрасың күн көзінде.
Мен арнаймын жырымды ол да соны,
Жүректерді толқытқан түніменен.
Жанарын да жабырқау мұң басады,
Қаламында тек сенсің бүгін өлең.
Ол менің жанымдағы жарығым ед(і),
Күннің мейлі тимесін шапағаты.
Сен қандай бақыттысың о құдірет!
Ей, ақындардың махаббаты...
Достар
Кешегі күнді есіме салды,
Келгендей қайта өмірге мына.
Басталып біраз сырлардың алды,
Ашылды сөздер көңілде тынар.
Жоғалып бара жатқан күнімді
Қол бұлғап, қайта келгенде.
Отырыс үшін достар бүгінгі
Алғыс айтамын сендерге.
Жалынды жырмен тербеймін әлі,
Бәріңде асқақ арман бар.
Қадірімізді көрмей тұрады
Қатары басқа болғандар.
Сағынып іштей тұрам бәріңді,
Сендермен қызық көшем де.
Іздеп тұрамын сұрауларыңды
Бетіңе итсің десем де.
Жолымыз түсе бермейді күнде,
Әркімде түрлі тірлік бар.
Осылай ойды тербейді түнде
Жанымда жүрген сұмдықтар.
Көңілсіз күймен күйретпей ішті,
Әркімнің қонған бағы бар.
Қатарымызды сиретпейікші,
Байлық та бәрі табылар.
Қу дүние, ақша, мансап жолында,
Өтпесін тіпті босқа күн.
Дидарларыңды аңсатпа мұнда
Алтыннан қымбат достарым!
Қайда...?
Сүйем деп тағы серт берсе жүрек,
Сезімге ескі кектенсе жүрек,
Сұлуым менің қай жақта екенсің?..
Кетем бе іздеп өткенше жүдеп.
Құшақ жая ма күз бізге бірден,
Қарып кетпесін ыз түзден үрген.
Жаныма менің сен кеп жолықтың
Мәңгі болатын қызды іздеп жүргем.
Өткен күндерді тергейсің сұрап...
Жаныма жақын келгейсің шыдап.
Жүрек кілтімді қазір-ақ берем
Сені де қайдам сенбейсің бірақ.
Түрпідей қарап тергей білгенге,
Артық сөз алып бермеймін мен де.
Сені де қайдам сенбейсің деймін
Өзіме өзім сенбей жүргенде.
Дем ала құшқан жан жаннатының
Сезімге де бар таңданатыным.
Жанымды ұғар қызды іздеп жүрмін,
Ақынға мәңгі жар болатұғын....
Түн жарым...
Сәлден соң ататындай баяулап таң...
Сәлден соң бітуге де таянды ақпан.
Сәл кешірек ұйқыдан тұрып едім
Енді бүгін тағы мен ояу жатқан...
Оймен шолып барамын кең жыраға,
Ойға шолып армандар келді жаңа.
Ойға баттым, көршілер неге десең,
Шулағанын қойыпты енді ғана .
Бір аруды ойлаймын кейінде мен,
Бір арумен көріп жүр күйімді өлең.
Бір аруға сүйінгем бейнесін де
Осы мен түн жарымнан кейін көрем.
Сөздері шынайы ма ақыл қандай,
Көздері өздеріне шақырғандай.
Сызылып қастарының қиылғаны-ай
Жатырмын ұйықтауға дәтім бармай…
Шаттық сыйлап себесің ісіме нұр,
Сөзімді айтқызбастан түсіне біл.
Мен сені шақырамын тым болмаса
Таң атарда күнім боп түсіме кір...
Елес қыз...
Тұманды қараңғы түнің де
Сынақты сейілткен түрің бе?!
Көздерің үміттен ұзаған
Ес-түссіз билейсің бүгін де.
Соңынан қол созым арманның,
Желігіп мен де, рас, барғанмын.
Көпті естен тандырған аруға
Бір сәтке ғашық боп қалғанмын.
Тегінде шынайы түрі өлген,
Жан-жағы ала бұлт түнерген.
Сол қызбен байланған көзімнің
Құр босқа екенін білем мен.
Жарық та бір жанып, бір өшкен,
Сыр бағып соңынан ілескем.
Ішімде арпалыс дүлей бар
Бір сәттік сезіммен күрескен.
Жайлап кеп сипайды бетімді,
(Осы ғой қыздырған етімді).
Белдері қайыстай апыр-ай,
Сырт көзге нәп-нәзік секілді.
Ол да өлең түнімді тербеген,
Көлденең сезімге көнбеген.
Осы жыр жанымның айнасы,
Сұраған сен менен...