***
Қыз бейнелі маусым айы туғанда,
Көрген адам ақыл-естен танардай.
Қойбүлдірген көп шығатын бұл маңға,
Тақиямен іліп ала салардай.
Ағытпаған қозылардай көгеннен,
Көздің жауын алатындай мүсінді.
Қойбүлдірген тәтті еді ғой, дегенмен,
Артық жесең жасытатын тісіңді.
О, балалық құстар салған ән еді,
Сен келмесең қалушы едім сәл жүдеп.
Сенің тұрқың бүлдіргеннен әдемі,
Сенің күлкің бүлдіргеннен дәмдірек.
Хан болса да өткізердей тіліңді,
Сөйлеуші едің атқан таңдай алаулап.
Шашушы едің сыңғыр-сыңғыр үніңді,
Ынтық болып ақ жүзіңе бар аумақ.
Қауқар кетіп қатарыңда жүре алмай,
Тартушы едім таңғажайып мүлде азап.
Бүлдірген бе, күлкің бе әлде біле алмай,
Ертек күйге түсуші едім бір ғажап.
Періште шақ,
Болса да ертең жол бұлдыр,
Аңқау, таза...
Жолатпайтын жаны мұң.
Бала күнде дәмін татқан сол құрғыр,
Таңдайымнан кетер емес әлі күн!...
САКУРА
Сакура маған қош келдің...
Мамырым ізгі...
Сағыныштардан нәр алған тамыры күзгі.
Көгаршын – жүрек,
Көңілі көктемнен көктем,
Қарғалдақтардың қостырған әмірі бізді.
сакура...
Сүю жазбаған өлеңім еді,
Жібектің жайын жел емес жебе біледі.
Тіршілік таудан етекке бұлақтай құлап,
Түсіме дәйім тоқтаған кеме кіреді.
Тіріліп қайта сен үшін...
Ерте бүрледім.
Сакурам сұлу таусылмас ертегім менің.
Ғасырлар жауап беретін жүрегімді ойлап,
Көбелектердің аядым келте күндерін...
Сакурам менің...
Қаншама белді асып келген,
Елемей барша жолдарды ел қашық көрген.
Абайдың әнін шырқадым өткен түн тағы,
Сәулесін айдың аймалап сен ғашық көлден.
Ноянның не бір басатын жамалы мысын,
Табиғатыңмен түледі жаралы құсым.
Жұпарың аңқып тұра бер жарық таң сыйлап,
Жан баспас жалғыз жабырқау аралың үшін!
Сакура...
***
Өзі дүрдей сері едім,
Сөзі мірдей,
Үзім қалқам сен едің өзі гүлдей.
Жаның сезіп тұрса да жағдайымды,
Жарасады жүргенің көзіңе ілмей.
Жүрегімді ауыртып бар білгенім,
Қандай ғажап қарамай паң жүргенің.
Қалжыңдасып ойнайды өміріммен,
Өлеңімді сүйетін тағдыр менің.
Ішкен асым бойыма тіпті сіңбей,
Жан-ділімді сыздаттың...
Мықтысың ғой.
Мынау нашар хәлімді сезе тұрып,
Қарайтының керемет түк түсінбей.
Көркем менің сахарам құт дарыған,
Жерұйығы болыпты тіпті арыдан.
Сұлулықтың болғаны осыншама,
Мұздықтардың дейді ғой ықпалынан.
Ол ерісе қалады жерде қараң,
Белдер аман болсыншы көлдер аман.
Табиғатым бұзылмай тұрсын десең,
Ери көрме, өтінем, сен де маған...
***
Білесің бе қалқам осы...
Кей түндер,
Жанталасып жатады ашып бейітімді ел.
Мазамды алып топырлайды төбемде,
«Топырағың торқа болсын» дейтіндер.
Мұздай суық көкірегімде көз өніп,
Тұңғиыққа телміреді кезеніп.
Құрғап қалған тамырыма сіңеді,
Саулап жатқан топыраққа сөз еріп...
Көре білем барлығының түр-түсін,
Тыңдай білем жаңбырдың да күлкісін.
Мыстан кемпір мысық болып келеді,
Менен көріп мезгіл жұлған бір тісін...
Қалқам, менде әлі де бар шамдану,
Азаптану...
Аңсау...
Сүю...
Таңғалу...
Пай-пай, шіркін, рахатқа бөлейді,
Табытымнан таңдайыма тамған у.
Бөтен емес айналамда бар бейне,
Дүние кең...
Ондағылар тар дей ме?!
Бір қызығы өлең жазғым келеді,
Шаршағанда мызғап алам, ал кейде.
Тамырыма сіңген сөздер манағы,
Сүйегімді құмырсқадай талады.
Егіз шаян жарып шығып басымды,
Жанұшыра жарық іздеп барады.
Күйігіне сені өртеген ездердің,
Көрде жатып осыншама өзгердім.
Жерден гүлің,
Көктен нұрың болуға,
Жүрегіме жүрегіммен сөз бердім!
Қалқа...
***
Алыстап ем қасыңнан аз күн көрмей,
Көңіліңді торлады наз мұң нендей?
Қаламыңның ұшында тұрған өлең,
Мен туралы...
Отырсың жазғың келмей.
Бір ашылмай тұнжырап қас-қабағың,
Кіргізбеді білемін аста дәмін.
Мен көрініп қалғанның кесірінен,
Қолайнаңды сындырып тастағаның.
Білесің бе?
Жоқ қазір сенің мүлкің,
Жаның менде,
Сезімге желінді рухың.
Менің жылап жүргенім сенің жасың,
Сенің күліп жүргенің менің күлкім...
Сәл мұңайсам күйзелтем, күрсіндірем,
Әнге салсам сыйлаймын тыслым бір ем.
Ұйықтамайтын болдым мен алатаңға,
Себебі сен көп ұйықтап жүрсің, білем!
Сағынышын өкпелеп әйгілеген,
Өкпесіне көл тоңып, ай жүдеген.
Жеті түнде аспанды жарып жеткен,
Сенің жазған өлеңің, әй, мына өлең!...
СОҢҒЫ ХАТ
Көрік болған гүл текті, дидар болған таң нұрлы,
Аспан болған аласа, маусым болған жаңбырлы.
Жүрек болған жаралы, ақын болған ақымақ,
Қолдан жасап алатын
жан төзгісіз тағдырды.
Бабасы да тым аңғал, бақтты іздеп сордағы,
Сорқұдықтың басы екен жоғын іздеп қонғаны.
Айтқанына көнгіштеу тәңіріне өкпелі,
Асау өзен булыққан айдағардай тордағы.
Ақ кебінін сүйретіп,
қашып шығып моладан,
Өлген бақсы айлы түн тірілерді қуалаған.
Тауға сіңіп кетіпті,
көрге кірмей қайтадан,
Арбаң- құрбаң жүгіріп алпамсадай сол адам.
Тауда қалған атасы
қатын алған қасқырдан,
Арасанның суы екен аруақты ерді мас қылған.
Жезтырнақтың еліне сапар шегіп кетіпті,
Жарты ғасыр бұрынғы жетімді іздеп тасқа ұрған…
Қашқан қауым аруақтан, тығылыпты қораға,
Өлік қуған шулатып…
тірілерге обал- ақ.
Көшпелі алтын бар екен, көрінпті талайға,
Аруағынан айырылып
иен қалған молада.
Таңдай қағып жатты жұрт жетпеседе нарқына,
Айықпайтын тұмандай қонды уайым жалпыға.
Күліксінен айырды, ұмытырды ұйықсын,
Жетім мола маңайы
жеті түнде жарқырап.
Көшпелі алтын,
бос мола…
еспе жұрттың аңсары,
Түніменен ұйықтамай,
дем алады таңсәрі.
Асау өзен ақыры шәйіп кетті бір түнде,
Бұзып-жарып арнасын, бағытына қарсы ағып…
О, құдырет, құдырет,
Өзен қалай өрге аққан,
Өзен емес… жо, жо, жоқ,
кесел шығар кер баққан.
Түпсіз көлге телміріп,бармақтарын шәйнады,
Үміті өлген жанарлар, көкіректер шерқатқан,
Өзен қалай өрге аққан?!…
Қалды өзеннің астында аруағы жоқ бос қабыр,
Қайран алтын жоғалды тауқыметы тасқа ауыр…
Дүниенің барлығы кететіндей өзгеріп,
Секем алып қарайды
бір-біріне дос- бауыр.
Қашқан аруақ,
Көшпе алтын…
Иен мола су басқан,
Өзен емес,жетімнің
көз жасы екен тұу…баста.
Қай ғасырдан адасып келгендігі беймәлім,
Қасқырлардың тілінде айтылатын бұл дастан!…