КӨКТЕМГЕ ХАТ
Саялым-ай,
бар қуаныш, қайғысын отбасымның
Білем десе біреулер сендей білсін.
Құшақ-құшақ гүліңді ап баяғыдай,
Біздің үйге сен неге келмей жүрсің?
Өзіңді іздеп,
Жылуы жоқ жүректей бөлмелерден,
Бүлдіршін де таусылды табанынан.
Ол іздеген жылуды көрге берген,
Қар жаудырып барлығы қабағынан.
Ара суып,
махаббат пен көңілді талақ етіп,
Хал білісіп келмей жүр ағайын да.
Тұлпарыңды жаратып, таң асырып,
Жет тездетіп, күтейін қонақ етіп,
Сыбағаңды қазанға салайын да!
Сенесің бе,
жылу таппай ешкімнің жанарынан,
Өлеңіме жылынып аман қалдым.
Қалу мақсат емес түк ел есінде,
Тек өлместің қамы үшін қаламды алдым!
ВОКЗАЛ
Біле алмай қойдық – не керек өзі нақ жанға,
Күтетін бізді ақпан ба, әлде жаз ба алда?!
Жол дорба толы үмітін сүйреп, арқалап,
Күтері жоқтар ағылып жатыр вокзалға.
Көз жасы тамған топырақты алып уыстап,
Шер болып қалған естеліктерден жылыстап.
Қол бұлғамастан кету де керек, дегенмен —
Өзге вокзалда кім күтеді екен гүл ұстап?!
Ілесе алмай арман тұлпарға жалы ұзын.
Көктемің күз боп, ақпан боп нұрлы тамызың.
Жалғанда мынау күйінер себеп көп екен,
Купеде ішер шәйдан да күйер ауызың.
Кетермін бір күн – мені де арман арбайды,
Жолсерік болып қимастық пенен тау-қайғы.
Жылармын өксіп вокзалдан ұзап кеткен соң,
Жас сіңіп қалған әйнекке басып маңдайды.
Кететін шақта кететініме өкпелеп,
Тағарымды айтып тағдырға кінә текке көп.
Перронда тұрып, көзінен моншақ үзіліп,
Бір Ләйләм келіп сыбырласа ғой «кетпе» - деп!..
ҚАҒАЗ КЕМЕ
Сағыныш шырқау шегінде,
Тірлікті жүрмін елемей.
Жүрегім нәзік менің де,
Кішкентай қағаз кемедей!
Қиял көп мені арбаған,
Самал жоқ мені өппеген.
Төменге қарай заулаған,
Оралмай кетті-ау көп кемем!
Жетелеп алға жел елер,
Дұға деп өлең арнадым.
Қайда екен сол бір кемелер,
Желкені – бала арманым.
Бұлт болып өтіп төбемнен,
Жалынан ұстап сағымның,
Айналып соғар сенем мен,
Жағалауына жанымның.
Күтумен алтынкүректі,
Талай да мұңмен ауырғам.
Кемедей нәзік жүректі,
Сақтай да жүріп дауылдан.
Балалық өтті, әй, қалай,
Жылғаны бойлап түнердім!
О, бәлкім, ойнап, байқамай,
Кемеге салып жібердім!
***
Нені аңсасаң сол алыстар тегінде,ей,
Бәрі әйтеуір кереғар!
Түпкірдегі қинап біткен шерімдей,
Жатып алды сере қар.
Әр көктемнен дәмеленем баладай,
Қарайлаймын жолға ылғи.
Қалың мұзға бастырылған даладай...
Мазалайды сол бір күй.
Көз жасымды көл етіп,
Көк мұз еріп кетсе екен.
Жүрегімнің тамырларын жол етіп,
Құстар аман жетсе екен!
***
Қабырғалар, белгілер, бағдаршамдар,
Әлеміңді шынжырлап алған сандар.
Бұлқынады жүрегің – кеудең түрме,
Айналғысы келгенмен жермен бірге!
Жүрегімді шындыққа арба, Құдай,
Жерді азат деп ойлайды, аңғалым-ай!
Зымырайды шеңберлі жіппен өмір,
Айналып кеп соғады нүктеге бір.
Алау Күнге жылындық шеңбер құрып,
Қарашыққа шағылып шер мен күдік.
Жыландаймыз арқаннан аса алмаған,
Кербұғымыз қоршаудан қаша алмаған.
Бостандық па, айта алсаң шындығыңды?!
Бостандық па, кезгенің шыңды, қырды?!
Арманың жоқ шеңберден маңып кетсең,
Маңып кетсең, Күн құшып жанып кетсең!
***
Шашыңыз тым қайратты екен. Адамның шашы мен мінезі ұқсас болады деуші еді.
Бірақ сөзіңіз бен көзіңізге қарасам...
Шаштараздың сөзі
Өмір жолы соқтықпалы, жылтыр – шын,
Ешқашанда ешкімге үміт артпағам.
Мендік болмыс адам ұқпас бір тылсым,
Шашым түгіл туғаныма тартпағам.
Қамыққанды жарытқым кеп, жан ашып,
Мейірімнің жаралғанмын теңі боп.
Менің көзім көк аспан ғой ап-ашық,
Арғы жағы жұмбақ ғарыш шегі жоқ.
Менің кеудем – мынау қазақ даласы,
Ал, жүрегім ағып түскен жұлдызтас.
Ол даланың жазылмаған жарасы,
Нала, шерім – қатып қалған мың құз тас.
Домбырамын, айтарымды ұқ күйімнен,
Қорғасынды сезсең бойға тараған!
Мен терек ем желге қарсы иілген,
Күнбағыс ем Күнге теріс қараған...