УАҚЫТТЫҢ ДАУЫСЫ
(цикл)
КЕБЕЖЕ
Қашан кірдім мен бұған,
Отырғаным шамалы һәм мұңданып.
Бір анығы терезенің алдынан,
Түрткілейді бір жарық.
Көздің жасы жусадағы тазармас,
Тереземнің қырық қабат кірі бар.
Ту алыста күннің барын ақ алмас
Тар бөлмеде қамалғасын кім ұғар?
Бұл бөлмеге жыр жазуға кіргенмін,
Терезеден дүниені бақылап.
Нұрмен бірге кірін жақты кірбең күн,
Күңгірттеніп бара жатты атырап.
Сырттан даусын көп естимін жылқының,
Әлде ол дауыс шықты жүрек тұсымнан.
Сайынбурыл жаңғырады санамда,
Тептеңгірдің үңгіріне жұтылған.
Көште талай кебежеге отырғам,
Қайда сол бір кебеже?
Сол ма мына күңгірт бояу жағылған,
Ала бажақ кереге.
СҮРЛЕУ
Байыз таппас баяғы сол ескі өмір,
Есен ерді есейтеді еспе жыл.
Ес білгелі келеді еріп соңымнан,
Моп-момақан ескі сүрлеу қоп-қоңыр.
Қырдан асып дамылдаса күн керуен,
Ымырт сайын жел соғады іргемнен.
Желмен бірге үн шығады күрсінген,
Босағаға еріп келген сүрлеуден.
Көп төгілген ол сүрлеуге жас пен тер,
Қол ұстасып жүрген онда бақ пен шер.
Аспанда айды мүсіркейді тағы да ол,
Қайрауменен жұқаратын ақ семсер.
Күрсінеді ол ауыр болған сапарға,
Табанымнан жауыр болған сапарға.
ескі сүрлеу желге төсеп жоныңды,
сәл мызғып ал жеткеніңше сахарға.
Қалды артыңда дулы-шулы шаһарлар,
Сертшіл сөздер, сыңғырлаған бокалдар.
Түсіңе еніп шаршатады білем мен,
Сені осында алып келген сапарлар.
САҒЫНЫШ
Қабырғада қара сағат,
Дүрсілдеген жүрегі.
Ол да мені бала санап,
Шықылықтап күледі.
Жолдарымыз сол сағаттың,
Шеңберіне жұтылады.
Мен білмеймін қанша бақтың,
Жүзі сонда шытынады?!
Мұңым менің балалайды,
Қарағанда ойланып.
Таң да кеш те домалайды,
Тілшігімен айналып.
Маңдайдағы көне сүрлеу,
Соған сіңер соңында.
Бір сурет бар елеусіздеу,
Тілшік асты фонында.
Көкірегін күй кернеген,
Топ қайыңдай шоқтана,
Иінді өзен иреңдеген,
Жағасында топ бала.
Қабырғада қара сағат,
Қатал қандай түр-өңі.
Ылғи мені бала санап,
Шықылықтап күледі...
ТУҒАН ЖЕР ЖАЙЛЫ СОҢҒЫ ӨЛЕҢ
Алысқа бастаған мені,
Бұралаң кінәсіз жолдар.
Шиыры шұбырған іздер,
Мәні жоқ себеп пен салдар.
Соңымда даланың желі,
Желге ұшқан ебелектері...
Өттім сан от асулардан,
Мұздықтар бұлғаған шытын.
Тұратын адасулардан,
Оңдырып сөздердің түсін.
Сағағын сәруәр күннің,
Сапарға асығып үздім...
Жоқ мұнда барса келмес те,
Уақыт тас болып қатқан.
Көліктер барады маздап,
Жолдармен даладан қашқан.
Дымданған көздерін сүртіп,
Барады жастарын іркіп...
Соңымнан елпілдей ерген,
Тыңдаймын сыбырын желдің.
Желменен қалқып кеп түскен,
Тозған бір қағазды көрдім.
Қағазда шалқиған дала,
Далада кекілді бала...
ҚҰЖЫРА
Толқыдың талай бауларды көріп,
Тұрлаусыз бірақ құс әні.
Сұлу сағымға елітіп, еріп,
Көзіңнен бір-бір ұшады.
Алқынып аңсап, аһ ұру деген,
Алаулы кездің міндеті.
Арманың асқақ, асылың берен,
Өмірдің ол да күн беті.
Қауыспен бірге қараша келіп,
Күз түскен кезде есіңе.
Құжыра салдың оңаша көріп,
Құба бір құмның шетіне.
Бал толтыратын бос кенереме,
Бар дейсің әлі қуатым.
Айғыз да айғыз қос терезеңе,
Келеді жылжып құба құм.
Тасиды тынбай өртті бір арнаң,
Үстінде тулап сол кеме.
Андыздап сұр құм төрт құбылаңнан,
Құйылады енді бөлмеңе.
Өбектеп тәнді өлмекке туған,
Шабылған ізбен жол қалар.
Бөлмеңді сол бір сусыған құмнан,
Арши алмайсың болма дал.
Бұғаусыз көңіл сен ғана самға,
Сыймайды бір ой кеудеге.
Артыңнан қуып келгені сонда,
Сусылдақ құм ба, бөлме ме?