* * *
Іздеймін сені, іздей келемін,
Үзбей келемін үмітті.
Өзіңсіз өрге жүзбейді өлеңім,
Сезімсіз кешіп тұнықты.
Іздеймін сені, іздеп келемін,
Күзді өткеремін іздеумен.
Құлпырған бейне қыз-көктем едің,
Бұлқынар кейде мұз кеудем.
Іздеймін сені, ізгі үміттерден,
Жүз күдіктермен күресіп.
Ізгі күндерден ізгілік терген,
Ізгі үміт болса іле шық.
Іздеймін сені, ілесіп күнге,
Ізіме сенім із тастап.
Күдікпен солай күресіп күнде,
Күтеді күндер бізді асқақ!
* * *
Жүректі жылатып,
Жазам деп жыр керім.
Ұрланған уақыт,
Ұйқысыз түндерім.
Жеткізбес армандар,
Жоғалған сезімдер.
Тамсанып таңдарға əр,
Таусылған төзімдер!..
Үзілген үміттер,
Тізілген тылсым-мұң.
Шырмаған күдіктер,
Шыға алмай күрсіндім...
Өмірге кектеніп,
Өткенім-зая күн.
Өзімді жек көріп,
Өлеңді аядым!
* * *
Жаным, менің!
Жанарың неткен сырлы?
Жадырайсың жаз бейне, көктем сынды.
Жарығым-ау, сен үшін дайынмын мен,
Жалаңаяқ кешуге от пен суды..
Жаным, менің!
Жабықпа, жыламағын,
Жетер енді жанымды сынағаның.
Жетелесең егерде жұмағыңа,
Жүрегіңнің беремін сұрағанын.
Жаным менің,
Жап-жарық күнсің, айым,
Жап-жас болып жадырап жүрші дəйім.
Жанарыңнан əрқашан жазды көріп,
Жаңа өмірге мен-дағы құлшынайын.
Жаным менің,
Жасырма жұмбақ менен.
Жүрегімнен жүдеулеу тіл қатты өлең.
Жақсы жанға өзіңдей жолықтыр деп,
Жырлай берем, сондықтан жырлап келем.
Жаным менің,
Жап-жасыл жанат-бағым,
Жасын-жырдың кеудеме жақ оттарын.
Жанарыңнан жас төгіп, жасыма тек,
Жалғыз Ием! –
Жар болсын Жаратқаным!
* * *
Жаз да өтті...
Жетті міне Күз хабары,
Жүр кезіп жел бейуақ түз-даланы.
Сілкілеп шыңның жүзін сүреңсіз бұлт,
Күркіреп ашылмай тұр құз қабағы.
Жаз өтіп...құпиясын қырдың ашқан,
Аспанға жазып жатыр мұңды дастан.
Самал жел симфониялық секілді əуен,
Сұрланып күрең-қоңыр үнге ұласқан.
Сала алмай жез- желекті жаздың əнін,
Желпиді жел тербетіп саз құрағын.
Талпынып балапан қаз-төбелер тұр,
Баса алмай жүрегінің наз құмарын.
Жаз өтті, келді жетіп күз тағы да,
Көңілдің мұң қонақтап құздарына.
Уақыт асықпайды бірақ, əттең,
Бақыттың асыққанмен біз таңына.
Күз де өтер...қарды кешіп...көктем келер,
Күрең күн бізге қашан өткел берер?
...Көңілде күреңітіп бір Күз жүрсін,
Түсіңде көргің келсе көк белді егер!.
ӨМІР
(акростих)
Өкпелемегін сен маған, өкпелемегін,
Өртеніп құшқан сезімді отты өлеңім едің.
Өкініш толы ұмытып өткеннің бəрін,
Өзіңмен қалған өмірімді өткерер едім.
Мұңданба жаным, сен енді, мұңданба жаным,
Музам боп, мəнді сыйлашы жылдар ғажабын.
Мейіріміңмен бөленіп махаббатыңа,
Мəңгілік өлмес мен мүмкін жырлар жазамын.
Ізгі өлеңі едің жүректің, күзгі өлеңі едің,
Із - түзсіз кеттің..
Ізеттім, іздеген едім.
Іздедім сені кештерден, іңірлер кешіп,
Ілкі күндерден үмітті үзбеген едім.
Риза боп құштар өмірдің жасыны ең жанған,
Реніш-мұңға толы екен расымен жалған.
Рахаттардан баз кешіп жаздым жырымды,
Риясыз сенің көзіңнің жасымен тамған. .
* * *
Беймәлім құпиясын ашып түннің,
Келеді сені өзіме ғашық қылғым.
Абайдай сабыр қылып сонда да бір,
Сап-сап деп көңілімді басып тұрмын.
Сезініп сұлулықтың ізгі лебін,
Телміріп, түнгі аспанға үздігемін.
Жыр жазып, содан кейін тоят табам,
Тәкаппар жаулағандай қыз жүрегін.
Əлемнің жаттап алған байтақ əнін,
Түйеді тас төбемнен Ай қабағын.
Өзіңе түн жамылып сезімімді,
Қызармай енді қашан айта аламын?!.
* * *
Түсін мені. . .
Бар жазығым сүйгенім үшін бе еді?
Жазылмаған сендегі жырға ынтықпын,
Сырға ынтықпын көзіңнің ішіндегі.
Түсін мені,
Пері ме едің, періште пішіндегі.
Қалам ұрмай кеттім мен, жазғым келмей,
Құпиясын жаныңның түсінгелі.
Түсін мені,
Сенен өзге мені ешкім түсінбеді.
Қиялымда тербеген арманым ең,
Құс жетпеген биікке ұшыр мені.
Түсін мені,
Өлеңім бол өңім мен түсімдегі.
Сезімдерің болса да сұрапыл от,
Сескендіре алмайды сұсың мені.
Түсін мені,
Кімге керек кеудемнің ісінгені.
Ғажабын да, көрейін азабын да,
Қазанында өмірдің пісір мені.
Түсін мені,
Құсым болсаң іркілме, ұш ілгері.
Алты қабат аспанды аралатып,
Ақын қылып жерге əкеп түсір мені.
Олай болса соңғы рет құшайыншы,
Қысайыншы қолыңды ұсын бері.
Баса алмайды бəрібір мысың мені-
Өлең!..