ӨЗ ӨЛЕҢІМ....
Ақын да – Адам –Өледі!
Қалады Өлең!
Жүрегімнің лүпілін санада өрем!
Жұртым аман тұрғанда жырға ғашық,
Сөнбеймін мен!
Жаңғырып, жана берем!
Жырым, бәлкім, осалдау, ұйқасы кем,
Төлегенмін демеймін шырқасы кең,
Мұқағали болмадым мұңы басым,
Қасымның да жүргем жоқ қырқасымен.
Өршілдігін өлеңде төгілдірген
Фариза да емеспін елім білген!
Өрнегі ескі өлеңім тек өзіме
Тұс кілемім секілді төрімде ілген.
Бағам да кем, жұрт, сірә, бұрын байқар,
Сыннан талай сүрініп, құным қайтар,
Мүсіркеуін біреудің тілемеймін,
Өз өлеңім өзімнің мұңымды айтар!
Жүрегімді тулатып жалын құмар,
Өз өлеңім өзімнің жанымды ұғар!
Мұң қажаған кеудемді көрге тығып,
Мүмкін талай мықтыны табындырар!?
Өз өлеңім болмаса өзегімде,
Бұл дүниенің бүлкілін сеземін бе!?
Мынау өмір қалмай ма жетімсіреп,
Мен де жырлап өтпесем кезегімде!?
Өмірімді өксулі, сенерім кем,
өрнектеймін өзімнің өлеңіммен!
Тұрлауы жоқ, әйтеуір, тағдырыма
жырларымды қалқан ғып келемін мен!
2010 ж
***
Мұң – азабы жанын нұрға бөлемес,
Мынау дүние ғашық жанға кең емес...
Кезек – кезек қарайлайтын жолыңа
Саған ғашық Ай мен Күн ғой.
Мен емес!
Жұдырықтай жүрегінде көп егес..,
Сүйген жанның қалпы ешкіммен тең емес...
Бірде нөсер, бірде аппақ қар болып
сені аңсайтын Мезгілдер ғой
Мен емес!
Көнереді ақыл, айла, сөнеді ес,
Сауық сайран, жауығысқан өледі өш...
Сағаттардың сыртылында солқылдап
Сені күткен Уақыттар ғой.
Мен емес!
Неге бәрі суық , салқын?
Неге кеш..?
«..көктемге еріп қайта оралам» демеді еш...
Қанатынан сағынышы саулаған
Ғұмыр атты жаралы Құс.
Мен емес!
Енді маған ешбір жауап ем емес,
Енді мені үміт шіркін демемес,
Жанарымда сені көріп мөлт етіп,
Жылап қалған Тағдырым ғой.
Мен емес!
25.01.2019
***
Батырхан Камалұлы Шөкеновке
Жанарыма жас келтірген жан бауыр…
Санабыма дос келтірген жан бауыр…
Көне жұрттан көш келтірген жан бауыр…
Көшке ілесіп, есті өлтірген жан бауыр.
Қазаң неткен ауыр еді қандауыр?...
Алай-дүлей көкірегімде бар дауыл.
Ес пен сесі өзің болған ескі жұрт -
ес өлді деп, есеңгіреп қалды ауыл...
Жаның неткен нәзік еді? Тым нәзік…
әнің жүрек емі еді ғой ділге - азық..
Батырлары байрақ тіккен өлкеде
Батыр болып қадалған-ды бір қазық!
Батыр болып көтерілген бір байрақ!
Батыр болып бір бозбала жүр жайдақ!
Батыр болып шырқалады өлеңдер
ойлы сана, жан -жүректе мың қайнап!
Батыр болып естіледі бір әуен-
Құлазиды құлақ түріп құба жон,
Барқыт үнді боздағынан айрылып,
Таң бозарып, мәңгі аза ұлып тұр Әлем!
***
Құндылықтар өзгерді. Құндылықтар!
Қоғамда миға сыймас жындылық бар:
Еркекте бөксесипат бір қылық бар,
әйелде еркекшора бір қылық бар.
Билікте бүрем деген бір былық бар,
Жүйрікте сүмеңдеген сырғылық бар,
Қаздарда қанат түзген мұңдылық бар,
Таздарда тарақ тізген тыңғылық бар.
Келмеске кетті құнды, құндылықтар,
Ұлтымның ұлағаты: діл, ғұрыптар.
Мұрныңды шамаң барда сіңбіріп қал,
Мұрадан үлес алып үлгіріп қал.
Бүтінді әлің жетсе, сындырып қал,
Тұнықты тезегіңмен бүлдіріп қал.
«Бағам бар» деме жұртқа,
бағыты жоқ,
бетімен кеткен бұл жұрт кімді ұлықтар?!
Абызы әділ сөйлеп, шынды құптар -
Азулы биліктіге бұл кіріптар.
Қамын жер қарындастың ағаларды
бұғаудай шырмап қойған кіл былықтар.
Надандық-
үйрен деуге қылдық іштар,
Заман-жұт иленбеуге кімде ырық бар?!
Қаусатқан ғасыр тепкі қабырғамды
жау- сатқын, масылтекті, сындырып қал!
Қош!
Сөзім ете алады кімді құштар?
Түбінде бір жығылыс, бір жығыс бар.
Санамда сумаңдаған сұм - қылыштар
еш адам естімейтін шыңғырыс бар!
Құндылықтар...
***
Сағынышым өлмейтіні несі екен?
Сағынғаным келмейтіні несі екен?
Келмейтінім сағындым ғой десе екен...
... өлмейтінім осы екен ғой, осы екен...
Аңсағаным алдайтыны несі екен...
Ал , көңілім қалмайтыны несі екен...
Алданғанын біліп тұрып жүрегім
Жол тосудан танбайтыны несі екен?...
Сағым күндер сүймегенге бос екен...
Сенсіз... жалғыз сағынуды дос етем...
Шын махаббат сағынышқа оранып
бағыты жоқ басы ауған бір көш екен...
***
Апа, ауылды сағынасыз ба?...»
Мақсат Дауылбай
.... Ауылға неге асығам, інім,
Асыл ән күтем кімдерден?
Аңсау да бүгін – жасыған ұғым,
Қаусатып жанды үлгерген.
Ауылды жырлап, жұт, мейлі, өттің
заһарын қанша – далбаса!
Елімде мені күтпейді ешкім,
әнебір мола болмаса.
Айтылмай атым, өшірсін елі,
Жарылсын кеудем ағынан:
тірілерді емес, кешірсін мені,
өлілерді көп сағынам.
Қамыты күннің мойынымда әлі ,
Кім білген кімнің бағасын?
Қайырымсыздың тойып ұлдары –
көруге жоқпын ағасын!
Асығам бар деп сағынған бауыр–
Туған жер десе таңдау жоқ.
Айшықтан арай тағынған ауыл –
Молалар күтіп қалды– ау деп.
Ақтарам сосын соларға барып,
Күйдіріп жанды жанғанда от!
Сөзімді тыңдар, болам ба ғаріп –
тіріде ешкім қалған жоқ!
Доңыз да хансып, қоңыз да жаншып,
тағдырым көпке мәлім дүр...
Қарыз да таңсық, парыз да мансұқ,
Арыз жоқ жалғыз ауыл бұл!
Жүрегім жүктен қалады арылып,
Сұратпай айтсам халімді,
Күрсініп тұрар молалар ұғып,
Тірілер ұқпас жанымды.
Ар , Мейір, Шуақ жоқтап әр таңы
Арылды менен мұң қашан?!
Тектілік болып тоқтам айтады
Құлпытастарды тыңдасам.
Тірілерді сан түсініп көрдім,
түршігіп келдім , азар хәл!
Биіктік пенен кісіліктердің
Мекені сынды Мазарлар!
Не десем екен, жыны меңдеген
сөз ұқпас қора – қауымға?
Тіл – Ділім өлген!
Тірімін бе мен?!
Көшсем ғой мола – ауылға!
Қоштасқан сайын мұңыма у сап,
кетердей екінші келмей,
Оралмай кетсем, сырыма сусап,
молалар жетімсірердей.
...татсам да тірлік таңының нәрін,
ат басын елге бұрмай көп.
Тілеймін, шыным, ауылым – мәнім–
Молалар аман тұрғай деп...
***
Бұл қалада күткен емес мені ешкім...
Күтер деп те үміттенген емеспін...
Дәуренінде бағы биік өңештің,
әуре кімге - махаббаттан кем еспін.
Бұл қалада сағынбайды бір адам...
Бір адамға қай қылығым ұнаған?...
Менен жырақ күн кешуде дін аман
өмір атты өзеуреген бұл алаң...
бұл қалада ойлар алыс мен жайлы,
кімге барып айтқандаймын мән-жайды?...
бірін бірі онсыз да жұрт алдайды,
біріне мал, ал, біріне жан қайғы.
Бұл қалада бақыт жайлы бәс басқа,
Ант берерсің, ұқсаң, қадам баспасқа..
Дос серт берген есігіңді ашпасқа,
Қош, мәрт көрген қайырсыз -ды бас қасқа...
Бұл қалада түр де басқа, тіл бөлек,
Біздің жырға қарайды олар кірме деп...
Үмітім жүр үйін үлде-бүлделеп,
Кірме тілім кімге не деп үндемек?
Бұл қалада біз емеспіз тұратын,
Кімдер анау орындаған мұратын?..
Қаламыздың қалап кеткен жыр атын,
Молаңыздың мекені қай, шын ақын?
Маған да жат, саған да жат бұл қала!
Жаттығы сол- жаны суық, діл де ада…
… Көктем күткен көзін тастап қырға ала,
Қар уыстап дірдектейді бір бала…
***
.... думан тірлік , байтақ өлке...
кімдер бар?!
ду қоғамда біздікі жәй үрген хәл... -
Талантыма нұқы жеткен тілдер бар,
Тағдырыма үкім еткен үндер бар...
Туыс – бауыр, жаны жақын кімдер бар -
еш себепсіз, еш жауапсыз білген хәл?...
сөздерімен жүректегі мұңды арбар,
көздерімен жанарымнан сырды аңдар?
Дос, тілеулес, үзеңгілес....
Кімдер бар? -
Жан - садаға сенің үшін құрбан, жар?
Асыңды ішіп , төсегіңді тілетін -
біздің жұртта бір заң бар!
Жаны жайсаң, жүрегі пәк кімдер бар -
жағдайымды айтусыз-ақ білген дәл?
Неге, неге жолықпайды жиі осы
Ниеті адал бір жандар?...
2019
***
....Сөйлегені – сыр сұхбат,
ой дөнені тым жүйрік,
қаламында түн қыстап,
иығында – ылғи жүк.
Таразысы – танымы,
Тағылымы – құтты есі!
Болар істің– анығы,
Болған жайдың – нүктесі.
Адасқанның – бағдары,
Ашулының – ақылы!
Бұқараның – сардары,
Биліктіге хақылы ....
Дақ түсірмей арына,
өзгешелеу жан әділ,
ел–жұртына қазына
өлгенінше қарауыл!
Жалаңаяқ жауынгер!
Мылтығы жоқ мерген Ол–
қарашаның қамын жер –
өлмеске серт берген – Ер–
Журналист !
2018
***
...мынау уақыт тәубесіне түсер деп,
күткен екем тым ұзақ...
Уым бар- ау әлі талай ішер көп-
Уысымда – ұлы жат...
Ұрпағым жат, ұлағат та жат маған –
ұлықтар да ұраншыл...
Қайыры жоқ қаулылардан қаптаған
Қайран көңіл күмәншіл.
Бірін шүршіт шоқындырып, бірі – араб,
Бас Тақсыр да баспақшыл.
Адалымды алды айламен мың орап
Аран дейтін аш қасқыр.
Көшкен жұрттай қоңылтақсыр құны кем,
Көшелер де өзгерген...
Үміт іздеп үңілем де түңілем
Үңірейген көздерден....
2018
....ұнатқанға не жетсін, ұнағанға..
Жек көру де - бір сезім тірі адамға...
қалған көңіл - шыққан жан шырылы жоқ,
мені “өлді ол” дей салшы, сұрағанға....
Жар сал, жалпақ әлемге
“мені өлді” деп!
өзіңді аңсап тоқтаған өлең - жүрек!
Құрсүлдемді сүйретіп саңлауы жоқ
сұлба болып сопайып келем жүдеп...
Сұлбасы де ол өлген сағыныштың,
Жалыныстың, тағдырға бағыныштың!
Аңқа қақсыр дүниеде,
жалғыздықтан
қаңқасы ол күл - парша жарылыстың!
Біз де талай ғашықтың бірі едік те...
әлде осылай, екі жол тіледік пе?
Жалғандығын жаныңның ұғынғалы
Мендік өмір айналды тірі өлікке.
Маған солай басталған елес күнім....
Сарқып бәрін сезімнің, кем естімін!
Жалғыз ғана жалғандық дәлелдейді
Мені өлтіру түк қиын еместігін.
2017
***
…менің саған кездеспеуім мүмкін ғой…
сенің маған көздеспеуің мүмкін ғой…
кездессек те танымауың мүмкін ғой…
бөтен жанға және ұнауың мүмкін ғой…
танысаң да тілдеспеуің мүмкін ғой,
мендік мұңды бір кешпеуің мүмкін ғой…
сәлеміңді бермеуің де мүмкін ғой,
көзіңнен от көрмеуім де мүмкін ғой…
от көрсем де селт етпеуім мүмкін ғой,
жылуыңды өрт етпеуің мүмкін ғой…
менің саған ұнамауым мүмкін ғой…
есімімді сұрамауың мүмкін ғой…
сенің мені сағынбауың мүмкін ғой,
мен де мұңға бағынбауым мүмкін ғой…
маған арнап жыр жазбауың мүмкін ғой,
мен де әннен сыр қазбауым мүмкін ғой…
Мүмкін…
Мүмкін… көкейімде іркілді ой….
Тек бақыттан балқыса–шы шіркін бой..
Қос маңдайға тәңірінің қолымен
тағдырымыз жазуы да мүмкін ғой…
Мүмкін бұл жәй сезім жанып–өшкені,
Шын сүюді сезінбесем, кеш мені…
Осылардың бәрі, мүмкін, түк емес,
Ұмытуым мүмкін емес тек сені….
2016
КӨНДІГУ
Жеткізер деп қияндағы тылсым құт,
Шырғалаңда шындық іздеп күрсіндік....
... кейде маған көрінеді: жатқандай
әр шындықтың астарында бір сұмдық....
Өсемін деп ел қамын жер есті ұл боп,
Жүректе –серт, білекте – күш, кескінде –от
мәрт жігіттің мертікті ғой талайы.....
Сол шындықтан опа тапқан ешкім жоқ.
Сұмдығыңнан танып біреу күлкі етіп,
Жіберер деп орта сені түлкі етіп....
.... сондықтан ғой қоятыны құдайдың
сұмдықтарды шындықтармен бүркетіп.
Ащы шындық таттырғасын кермек көп,
Жын-пиғылды желқауыздай желмек боп,
Сондықтан ғой патшалардың сарайын:
соғатыны өтірікпен өрнектеп.
.... мені несін жаратты екен жыршы етіп,
Бұл базарда өтіріктер тұрса өтіп?!
....сұрқы сынық, сырты сұлық шындықтың
дәл қасынан өтіп кеттім мырс етіп....
.... көз моншағым жерге түсті тырс етіп....
2015
***
.... қимастық атты қыздарға
Жақсы ғой атса таң күліп
Күтеді нелер бізді алда
Қуантып, естен тандырып...?
Сүрінтпей тағдыр жолдары
Басты үміт болса- талабым,
Жақсы ғой тағы болғаны
Жақсылық атты ағаның!
Көктемнен кейін күз барда
Табаным талай тілінер,
Іздеп кеп жүрсе ізгі - ол да
Ізілік атты інілер.
Маңдайға тұрса сор қатып,
өсек- ғайбаттан тілі ұзын,
Сүйеніш болса сол – бақыт
Сыйластық дейтін сіңілім.
Бәрібір қызбай жүр шекем,
«мұңсызбын» біреу десе егер,
Мертігіп қалмай жүрсе екен,
Мейірім атты шешелер.
Парызым бар ғой сұрарға
Өтелмес, бәлкім өтелер.
Тұғырын бермей тұрар ма?
Тектілік дейтін әкелер.
Жанымда жылу бар әлі,
Әйелсің демей, заты – күң-
Суытпай жүрсе араны
махаббат атты жақыным.
Қамытын киіп бар күңнің,
Айта алмай жүрсек осып ой,
Қыздарға қатал тағдырдың
Қимайтыны да осы ғой.
Қинайтыны да осы ғой.....
2015
***
Сіз ғой деп дүниенің бәрі –
ұмыт боп Күн - Иенің бары -
ойламай өзге ештеңені,
көп болды кездеспегелі ...
басқаға өмірі күлген-
көмілген көңілі гүлмен –
тағдырым тоңып қарады -
көп болды жолықпағалы....
ақтарсақ мұң- наламызды-
түсінер Түн ғана бізді....
куә ғып түнгі Астананы,
көп болды сырласпағалы....
....тірлікті-
жан құрбан дескен,
іңкәрлік тандырған естен -
мөлт еткен көзінде өлеңі...
көп болды сезінбегелі ....
көп болды ....
2015
***
.... өмір деген өтпелі ғой өтпелі
Өтпеліде өкініш те көп тегі,
Мен де өтер ме ем өкініштен өртеніп,
Сен болмасаң, жұлдызым-ау көктегі?!
Тағдырының тартуындай Түн қызын,
Табыстырар адастырмай мұңда ізін!
Тани алмай кетер ме едім аспанды,
Сен болмасаң менің жарық жұлдызым?!
Санамызға сеуіп өмір сан сұрақ
Сүрудеміз жарты ғұмыр, жарты бақ,
Жанарымда сыр тұнады тамшылап
Аспанымда сен тұрғасын жарқырап.
Мен әзірге аясында арманның,
Дәмін татып жүрмін дүрмек жалғанның,
Кешпе мені, сен де ешқашан тағдырым,
Жұлдызымды тани алмай қалған күн!
Сыймас мендік сағыныш пен өлшемге,
Махаббаттың азабына көнсем де,
Сол азаптан жаным күйіп сөнсем де,
Менің жалғыз жұлдызым –ау, сен сөнбе!