ЕЛАМАН ТӨЛЕУТАЙ. КӨНЕ ШАҺАР ҒАЗАЛДАРЫ

КӨНЕ ШАҺАР ҒАЗАЛДАРЫ

І

 

Бағындай Хорасанның,

Таңындай Тегеранның зиба* нұрлы,

 

Сұлтанның сойурғалындай*,

Түркіге Тәңірі тартқан сый қадірлі,

 

Даналықтай кітапта жазылмаған  ,

Жаңалықтай ең алғаш ғаламда ашқан,

 

Жырындай Шираздағы шайырлардың,

Сырындай Шаһризаданың Һаронға ашқан,

 

Сүгіреті –

Хафиздік меңдей қадірлі өлең ,

Құдіреті –

Құдайлық демдей жан үрлеген,

 

Аяулы –

Ең алғашқы ақ жауындай,

Шәһбаз* шайыр Һәйямның  маржанындай,

 

Самалынан естілер азан үні,

Жұмақтағы өзендей тазалығы,

 

Көк күмбезі –

Ғажайып ақық мүсін,

Қонақтаған басына уақыт құсы,

 

Пайғамбар сүннетіндей  өсиеті,

Құранның сүресіндей қасиеті,

 

Иісі жұпар аңқыр қош гүлінің,

Ең алғашқы кітаптай ескілігі,

 

Сызылтатын  Шығыстың күйлерін көп,

Түркілердің бесігі, құт ұясы,

 

Тәңірдің жазуындай  ирек-ирек,

Көшелері  - ғасырдың құпиясы,

 

Мәңгінің бейнесіндей тұрар сәні,

Қасиеті дұғадай Тұран Шәрі!

 

Зиба* - парсы тілінде: сұлу,ғажайып

Сойурғал* - түркі тілінде:  хан, бектердің сыйға бөліп берген жері

Шәһбаз * - парсы тілінде: ер, сабаз

 

ІІ

 

Шәр Түркістан.

Айнала шұға тұман...

Іңір күйер мендегі мұң отынан.

Аруақтармен отырам кесенеде,

Үнін тыңдап құдайдың дұға оқыған...

 

Сылқия уын ішіп сақиымның,

Таспиғын тағдырымның қате үйірдім.

Бұл шаһар –

Қиылысар ақ нүктесі

Сызығы фәниім мен бақыйымның...

 

Қайда көмем арманды кеудеде өлген?

Дерт – дермене,

Көзжасым -  кермек ермен...

Тазалығы Тәңірдей көне шәрді,

Қызғанамын құдайсыз пенделерден.

 

Маңайы Түркістанның кілең қорым,

Кілең қорым бетінде жүрер жолым.

Белгісіз бір қабірді аршып алып,

Талақ қып дүниені түнер ме едім?..

 

Жынды да қашыратын  бұлты «Алас!» деп,

Көне шәрде сайтан да ән шырқамас көп.

Жыннан бетер үркітіп аруақтарды,

Мола үстімен  қанша өттім шылқа мас боп...

 

Содан соң түстер көрем түнде суық,

Тұла бойым бір суып, бірде ысынып.

Қашып жүрем түсімде өз ізімнен,

Табаным тиген жерден мүрде шығып...

 

Шарабынан Шығыстың біреуін құй,

Айтсын аза, толғатсын жүрегім күй!

...Кебіні сүйретілген елестермен

Ақшамдарда адасып жүрем ылғи.

 

Аруақтар  шыңғырып мық түбінде,

Жерге түсер көз жасы шық түрінде...

...Ұжмақ нұры төгіліп қанатынан,

Кесенеде құс сайрар рух тілінде.

 

Намазшам.

Көне шаһар.

Дүр молалар.

Арылмай-ақ қойдық қой мұң-наладан.

...Кебінін сүйретісіп елестердің,

 

Кетермін рухтарға еріп бұл қаладан...

 

ІІІ

 

Сенсіз маған өмір бос,

Ғұмыр ада...

Шағылысып жүрегің шұғылаға -

Бейсапардан қайтарда, Шығыс қызы,

Қарсы жақтан жолықтың құбылаға...

 

Күрең іңір сейіліп, қошқыл ымырт,

Ескегімен өмірдің естік үміт.

...Екі жүрек айқастық – екі құшақ,

Қиырында ғарыштың қос тігіліп...

 

Иісің сезіп бойыңнан гүлдің ғажап,

Жұпарына жұмақтың жүрдім балап.

Аймаласа кеткенде ерініміз,

Қалықтайтын сүйістер күлгін қанат.

 

...Бүгін тағы қылығың қылды масаң,

Қайтем енді құлпырып күнде ұнасаң?!

Шырағындай дұғамның тұтанушы ең,

Тұманындай Тұранның тұнжырасам.

 

Ниязындай*  ғажайып пешененің,

Құсни сәулем,

Бағымды еселедің!

...Тегеранның жүргендей бақтарында

Түркістанның көп кездік көшелерін.

 

Ақша жүзің Шираздың ақ гүлі ме?

Бердім саған, сүйіктім, сертті міне:

Тұран Шәрін қияйын Хафиз құсап,

Ай бетіндей аяулы секпіліңе!..

 

Көне шаһар сыймайтын ғазалға да,

Тек сенімен тұр, қалқам, ажарлана.

Сен кетсең, ғажайыбы ғайыпқа ұшып,

 

Бұл шаһарда қалады мазар ғана....

 

ІV

 

Ғайып бола көрмеші сен, іңкәрім!..

Маған Сен де, Тәңірі де - бір таным...

Сен Сүресің! -

Көктен түскен мен үшін,

Сен жоғалсаң мен өзімді құртамын...

 

Маған сенсіз қызық емес шәр Тұран.

Қызығыңның Қызыр суына* малтығам...

Сені ешқашан жылатпайын, жарығым,

Көз жасыңда махаббаттымның анты бар...

 

Аямай-ақ берген екен құдай сән,

Келбетіңе сүйсінеді Күн Айса...

Қарашығым – сезімімнің айнасы,

Соған қарап бір жымишы мұңайсаң..

 

Ерінің – көзе, іші шарап алқызыл,

Сам түскенде қайтушы едім сан қызу.

Махаббаттың лала гүлі ұшына,

Өрмелейтін сүйістердің қанқызы*...

 

Түркістанда қайта өңделіп пешенем,

Көктемемен бір көгерді көсегем...

Сезімдерге масаң күйде біз барсақ,

Қанқыздарға толушы еді кесене...

 

Тұран бақта өзіңменен жинап гүл,

Мұңдарымның мұнарасын қираттым.

Кесенеде қызыл-қызыл сүйісіп,

Саябаққа айналдырдық зиратты.

 

Өлең болып, өзің болып ой-санам,

Шәр Тұранның көшелерін шайқағам.

...Тәңір болсам,

Түркістан мен Өзіңді,

 

Дәл осылай жаратар ем қайтадан.

V

 

Бұлдырайды көкжиекте шәр көне,

Бұлдыраған елеспін бе әлде мен? -

Кетем деймін,

Кете  алмаймын -

Күмбезге

Байлаулы тұр өзектегі әлденем...

 

Түркістанды Тәңірі өзі сый еткен,

Күмбір-күмбір керуен күннің күйі өткен.

Шаһар үсті – бұрқыраған  рухтар...

Шаһар асты - сырқыраған сүйектер...

 

Ескі зират...

Ескі сүйек...

Бәрі ескі...

Сүйек баспай жүре алатын емеспін...

...Қара басып, қабірінен айырылып

Қара түнде қаңғып қалған елеспін!..

 

Аулаққа кет, алас, алас, аулақ, мұң!

Бақыйыма боздап бүгін бармақпын...

Таптап кетіп замананың сайтаны,

Мен - зиратын таппай жүрген аруақпын!..

 

Қасіретіңнің қара сеңін қозға, Шәр!

Шын қайғырсаң жас та осал, сөз де осал...

...Әулиенің кесенесін күңірентіп,

Бейуақытта аруақтар боздасар...

 

Сүйек жатыр іргесінде әр үйдің...

Көкірегіме содан қанша зар үйдім.

Қанша рухтар қалықтап жүр қалшылдап,

Арасында бақый менен фәнидің...

 

Жаңылысып тіл мен жағым тобамнан,

Шын өмірді сүруді де доғарғам...

Мен – Елеспін, қабір-көрі тоналған,

Мен – Аруақпын, құлпытасы жоғалған.

 

Ақ кебінім – аруақтығымнан бір белгі,

Кебін сүйреп кезгем аппақ түндерді...

...Қабірімді жоғалтып ап,

Бақыйға

Кетіп барам қолыма ұстап мүрдемді...

 

Кетіп барам...

Бұлдырайды шәр көне,

Елеспін бе, Өзіммін бе әлде мен?...

Кетем деймін,

Кете алмаймын,

күмбезге

Байлаулы тұр өзектегі әлденем...

 

 

2019 көктем