ЕЛАМАН ҚАБДІЛӘШІМ. МЕНІҢ МҰҢҒА БАЙЛАНУЫМ ЕКЕН ҒОЙ...

1893 – 1993

(Мағжанға)

Жаралы, қаралы күн,

Кімге артты бар күнәсін?!

Өң мен түс аралығын,

Бөліп тұр жалқы ғасыр.

 

Жанында мұңдас ұлдың,

Жерленген күйік көптен.

Ғұмырын бір ғасырдың,

Жалғыз оқ қиып кеткен.

 

Содан тек тамұқ қалған,

Тамұқта сатырлап от...

Арыма бағытталған,

Ақынға атылған оқ.

 

Былапыт боқ-қоғамнан,

Адасты ақыл-есім.

Өткеннің отқа оранған,

Өтеуі ғасыр – осы.

 

Ғасырдан ақын келген –

мен көшер ғасырға əрі,

Ауады шемен шер мен

Алаштың басындағы...

 

Сәттерде жеке қалған,

Қан ақты мөлдір көзден.

Өртке еніп кете барғам,

Дерттеніп сол бір кезден,

 

Бал мен У татып келем...

Ақы – Өлең...

Сезеді ішім,

Мен туған уақыт пенен

ол туған кезең үшін...

 

Өткердің...

Бар ма, Ғасыр,

Заманның зарына айла?!

Ақынның арманы асыл –

Алаштың арына айна.

 

Уақыттың жасы сіңді,

Сілкінер санам əлі.

Рухымның жасы сынды,

Бұл ғасыр арадағы...

 

ҰЗАҚ ӨЛЕҢ

Өлеңге айналған сәт сырым ішкі,

Рухымның мысы басым, үні күшті.

Айналдырғым келеді өміріме,

Көңіліме байланған әр құбылысты.

 

Сөз теремін – даламнан гүл тергендей,

Сол сөз жанды ырқыма, түртер, көнбей.

Түрте-түрте жүректі «қаңғытты» ақыр,

Қазға ілесіп аспанда бұлт өргендей.

 

Сол бұлт та жылап тұрар әлсін-әлсін,

Толқымай сол сәт қалай, жан, шыдарсың?!

Көңілшек аспан – менің жаныма егіз,

Жұмбақтарын жылдардың аршып алсын.

 

Тасқа да өлең оқыдым, тауға да өлең,

Есімді алды ерке ару, баурады өлең.

Дауда да өлең, қанжардай жауда да өлең,

Мен өлеңді – өткеге сауға дер ем.

 

Әлдекімнен кешірім күттім анық,

Беймәлім кіммен, қалай жұп құрадық?!

Одан өзге қадірлім бар ма қазір?

Құрметіне арманның тік тұралық!

 

Өлең, сен де армандай арайлысың,

Арман жолы – тартысты, талайлы сын.

Қиял шіркін адамда таусылған ба,

Қияли болғанымды қалаймысың?!

 

(Шалқып жүрмін, мансапқа тамсан енді!

Қиқулы кеште құмар қанса болды...)

Қаншама ойым кетті ұйқы құшағында,

Қанша думан – өлтірді қанша өлеңді?!

 

Мадаққа айналдырдық тойдың бәрін,

Ода боп шықты іріге бойды ұрғаным...

Соңына жету қиын өлеңнің бұл,

Шегіне жетпегендей ойдың қалың.

 

Дәл қазір есеп үстем, айла күшті,

Бәрі де саяздыққа байланысты.

Жоғалған қай сенімді сөз етемін,

Жыр етемін тапталған қай намысты?!

 

Қалғыған сана бір күн оянбай ма?!

Мүлгіген дала бір күн оянбай ма?!

Ұрланған қазынаның жымын бастық,

Ұрланған тағдырларды қоям қайда?!

 

Кезім жоқ қызғанышпен көз оқтаған

және де қызбалықпен сөз аттаған.

Ей, өлең, толғану да азап маған,

Жол бағу да азап маған!

 

Не жетектеп әкелген «Мұнда» мені,

Сол бір Күзде ең мөлдір жыр қап еді.

Жүрегімнің үні екен жол сілтеген,

Құдай-ау, нем бар еді тыңдап оны?!

ҮРЕЙ

Өмір, саған

(бұл – шын ойым),

Танытпап ем құлықсыздық.

Неге ұшады мұнша үрейім?!

Үрей деген – үмітсіздік.

 

Сенімсіздік және күшті,

Тағдыр қатал – торыққанда.

Көлеңкемнен зәрем ұшты,

Қос көрінер қорыққанға.

 

Еңсем биік емес онша,

Түсіп алған жолым көне.

Үміт әлсіз неге сонша,

Қалтырайды сенім неге?!

 

Дегбірсіздік дертім үстем,

Маңайымның қалпы – сұсты.

Тұрады өмір қорқыныш пен

дәрмені жоқ талпыныстан.

 ***

Білуге сонша құштармын,

Уақыттан алар бұл да ақым,

Ауыл мен қабірстанның,

Арасы неге тым жақын?

 

Жеткізген жанды жиі баққа,

Қайнаған тірлік - ауыл іші.

Мәңгілік мекен зиратта... –

ойлаудың өзі - ауыр, шын.

 

Болса да ауыл мекенім,

Бейіттер жатыр, қарашы,

Еске сап жақын екенін,

Өмір мен Өлім арасы...

 ***

Не үшін өмір сүреді екен, осы, адам?!

Көшеді бәрі...

Болағай-ды Өлең хош, аман!

Адам дегенің – құтысы екен шараптың

босаған.

 

Жоғалтып алдық жүректегі әр мен жұпарды,

Жанымыз жұтаң, жүйкеміз содан жұқарды.

Біреуге ләззат сыйлады-дағы бір сәтке,

Күл-талқан болды құты әлгі.

 

БАЯНАУЫЛ

«Ой қозғайтын ақылдың» кені – Баян,

«Сөз қозғайтын ақынның» төрі – Баян,

«Ең сыралғы батырдың» жері – Баян,

Ұлылықпен ұлтыма едің аян.

 

Ұлылықтың ұжмағы – жанарымда,

Өрлік, ерлік, рух пен ар, сана – мұнда:

«Есімі тағылымды жақсы әкенің,

Қырық жыл азық», - деуші еді – жаман ұлға.

 

Азық болдың – рухани ашыққанда,

Қазық болдың – қазаққа, рас ұққанға.

Ордам болдың, құламас қорған болдың –

Дұшпан құныққан кезде қасық қанға.

 

Бекемдікпен бақытқа жол құралса,

Ағайын кеудемдегі шерді ұға алса:

Баян-әке есімі, ұрпағыңа,

Азық болар екенсің енді қанша?!

 

Шынарыңдай шынықтым тасқа бекіп,

Аспанға ұмтылдым, асқарды өтіп.

Есіміңмен, Баяным, қара ұлыңның,

абыройын тұрсың сен асқақ етіп.

 

Мен өзіңді мың жылдық ой деп білдім,

Аруғымды асырып, бойды от қылдың.

Баянауыл, тарихтың мінбесінде,

Көмекейің бүлкілдеп сөйлеп тұрдың.

 

Баянауыл, бағымды байытар мекен!

(Шабытыммен шалқимын, шайқап өтім...)

Күмбір-күмбір күндердің куәгері –

тастарыңа тіл бітсе, не айтар екен?!

 

Қандай мықты болса да, тозар, сөнер,

Жаратқан жазған жазу – озар – шебер.

Мұнар-мұнар бұлт болып мұңы көшкен –

не дер екен, бұл дала сөз алса егер?!

 

Сезем, сезем, көзіне жас алады ол –

Сол тамшы жас, тарих боп қашала көр!

«Бауырымдағы ұлы рух – аманатым,

Аманатқа қиянат жасама!», - дер!

         ***

Жайлар өтті, майдан өтті не түрлі,

Қайда кетті бойдағы ұрлап отымды?

Қаяуы көп тірліктегі нала-мұң –

Менің сырға шөлдегенім секілді,

Сенің жырға сенбегенің секілді.

 

Түңіледі, бүлінеді бекерге ой,

Сырым едің өзімді өртеп кетердей.

Баяны жоқ тірліктегі бақытым –

Менің мұңға байлануым екен ғой,

Сенің жырға айналуың екен ғой.

 ***

Үміт дегенің гүлдей ме, еңселім,

Тағдырдан күткен шешімін?

Сенімдей-тұғын үр бейнең сенің,

Кешірімдей-тін – есімің.

 

Таңдайда бақтың кетпейтін дәмі,

Сенгіштігімнің несі мін?

Серттей сенімің жетпей тұрғаны –

Жетпей тұрғаны – кешірім.

 

         ***

Түсіне алмаудың несі өнер,

Жынданып өлсін дедің бе?!

Кешігіп келдім, кеше гөр,

Кездесуге емес, өмірге...

 

Мазам жоқ енді түк менің –

Бағыттан тайып жолым кей.

Кездесуде де күтпедің,

Өмірде күтпегеніңдей...

 

,

Баянуаыл ауылы.