ДИНАРА МӘЛІК. МЕЗГІЛДЕР, МЕНІ ЕСКЕ АЛАРСЫҢ...

 

*  *  *

Қайда кетіп қалсам екен үндемей,

Көлеңкесі көрінбейтін сүлдедей…

Жапан түзде, шытынаған шатыры,

Жан дүнием қаусап қалған бөлмедей.

Тас боп аунап, табанымда тіршілік,

Азынайды кеудемде жел күрсініп.

Жүрегімнің терезесін қымтаймын,

Бәлкім, қазір күлер ме екен Күн шығып?!

Неге маза бермей қойды бұл шағым,

(Әңгімеден, әуеннен де шаршадым)

Ән тыңдасам, әннің бәрі сен жайлы,

Сабырсызға салмақ болар мұнша мұң.

Аппақ қарды, қолда барды мадақтап,

Жымиюға құлықсыздау таң атпақ.

Өтіріксіз өмір дәмді болар ма,

Шындығымда өлең қалсын тұрақтап!

 

*  *  *

Қас-қағым сəт суынып,

Қас-қасым сəт жеріндім.

Бір күнде жүз туылып,

Есейе алмай егілдім.

Таңмен тұрсам – басқамын,

Кеш қарайса – күйім жоқ.

Көктем туған жастамын,

Күзге жүрмін үйір боп.

Құмда туған қыз едім,

Мұңға айналып кеткем бе?

Сүйді ме екен мұз ерін,

Жұпарымды төккенде…

Жалғыз аяқ жолымды,

Жырмен келді түгескім.

Түгендемей жоғымды,

Ойларыммен бір өстім.

Сүймей өткен күнім көп,

Сағынбауға жоқ халім.

Өз-өзіммен күбірлеп,

Өзімді ала ақтадым.

Тағдырыммен ойнайды, ə?

Мың бір дауыс ішімде…

Ақын ғой деп ойлай ма,

Əйел кейіп пішінде…

… Жаңбыр иісі еніпті,

Жастығыма, бөлмеме.

Өлең жазып кетіпті,

Оқиыншы… үндеме.

 

*  *  *

Қабағы ашылмай аспанның,

Күні жоқ көктемдей бос қалдым.

Көп нүкте күбірлеп ішімде,

Жап-жаңа сөйлем боп басталдым.

Жая алмай ізгі өмір қанатын,

Түнекке тығылып алатын.

Уақыттар жетелер ажалға,

Аңсарға күн бар ма қонатын?!

Бір от бар жанымда сөнбеген,

Сол шығар кеудемді тербеген.

Көрмеген ғасырды сағынам,

Кезімді өмірге келмеген.

Әйтеуір сағыныш меңдеген,

Дауысын аңсадым «кел» деген.

Алысқа кетсем де аттанып,

Алыстап кетпейді Жер менен.

Өкініш іздемей тағдырдан,

(Жаратқан жырыма жарқылған...)

Мезгілдер, мені еске аларсың,

Күлкісін көктемге қалдырған…

 

*  *  *

Сағынсам да ыстық отқа оранып,

Кездесе алман, ол — анық.

Екеумізді алыстатып сынаған.

Жер мен Көктей аралық.

 

Сен жүретін көшеменен, қаладан,

Сенсіз жүріп соқпағымды қалағам.

Бұрылуға, ұғынуға, хақым жоқ,

Жалғыз болсаң, жалғыз жүріп таба алам!

 

Іздегенде мұң татыған уым боп,

Тіл ұшында күрмелесің жырым боп.

Сен болмаған тағдырымды қайтейін,

Құмырсқадай құным жоқ!

Күнә жайлы,

Ей, Жарық күн қозғама,

Күнәм жайлы күбірлесін сөз ғана.

Өмір сүріп кетуіме рұқсат ет,

Сүйіп тұрып, сағынайын …аз ғана!

 

*  *  *

Жапырақтан сырғанап мөлдір-өлең,

Үзіле алмай, ұшында үлбіреген,

Сезім бе екен, күзбенен аласұрған,

Өзім бе екен, үмітті өлді деген?!

Жүрегім құс-әнінен жараланған,

(Құстар да жаңылмапты сара-жолдан)

Гүлдер де ұшып кетсе жылы жаққа,

Сары күз, сағынам деп тонап алған.

Талдар да тәкәппар-ау бұрылмайды,

(Жапырақтар сезді ме, бұрын қайғы).

Бір ғана түн...қурауға жетеді екен,

Жерсіз сосын… жаныңда жылынбайды…

Бұлттардың  әжім торлап ақ жанарын,

Жанға батты-ау, бір өкси алмағаның.

Ақ нөсер төгілсең ғой сезер едің,

Жүректерде тыныштық орнағанын.

Жазмышым жазылған соң маңдайыма,

Арманның сенер ме екем айғағына!

Жалғыз түйір тамшы бопқона қалдым,

Шөлдеп тұрған жалғанның таңдайына…

 

*  *  *

Кезім жоқ өзіңді жек көрген,

Қызғанып едім ғой көктемнен.

Ол сені сүйеді жыл бойы,

Ол сені менен де көп көрген.

 

Сырдың бұл сиқырын кім білген,

Қызғанып жүр едім гүлдерден.

Аз ғұмыр жайқалып тұрса да,

Құшақта қуанып үлгерген.

 

Қызғандым, Сен тұрған қаладан,

Көркіңе сүйсініп қараған.

Көзіңе мен ғана сыюшы ем,

Дәл қазір сыйып тұр бар адам.

 

Жып-жылы шуағың тараған,

Қызғанғым келмеді ауадан.

Періштем, білем ғой мен оны,

Ауасыз қай маңнан таба алам?

 

…Қызғанбау үшін де күрестім,

Көктемге, гүлге де тірексің.

Қалада, ауада жүр аман,

Мен саған болайын тілекшің…

 

*  *  *

Қиялым қай жаққа шақырдың,

Жүрекке мұң дәмін татырдым.

Жырың боп төгіліп тынсам ғой,

Кімің боп сағынып отырмын…

 

Бал ернін сүйгізсе шекер-күн,

Өзіңдей жаныма жетер кім?

Бақыттың бәрін де жатсынып,

Кімің боп кездесер екенмін?

 

Желдің де лебінен мұздамақ,

Өмірде қонар ма қызға бақ?

Өз дертін өзіне өрт санар,

Жұп-жұмсақ жүрегін жұлмалап…

 

Көңілдің көйлегін шеш, келіп,

Өлеңде қалдырып естелік…

Ақылды болып та адастық,

көрейік сабырдан сескеніп!

 

*  *  *

Бұл аяулы азабымды сөкпегін,

Жермен туыс, жанға жылы Көктемін.

Маған аян, қара түннен қаша алмай,

Табанында сағыныш боп шөккенің.

Сен кеткен күн басылмады бұл нөсер,

Саған қарай салмағы ауыр мұң көшер…

… Ас үйімде еңғажайып армандар,

Оңашада өзің болып тілдесер.

Өлең жазып жүр екенмін ауаға,

Сен жүретін жолдар менен қалада.

Күрмелемін терезеге жаутаңдап,

Сен де шара, мен де амал қалмады, ә?

Әрбір сәттен өмір аулап келеміз,

Сол шақтарды шаң жуытпай өбеміз.

Бәрін-бәрін түсінеміз деп алып,

Өзімізге жетпей қойды-ау өреміз.

Ақыл табар тапса мұның бір емін,

Моп-момақан күй кешер ме жүрегім?

Таңмен бірге тап-тазабоп жет ұшып,

… Сен де қазір сағындың ғой, білемін…