***
Сезіне алмай сезімді кеудемдегі,
Түсіне алмай…
Күтемін елден нені?
Белгісізден бет алып баянсызға
келгендегі
Сапарымның бар мәнін білетіндей
Жымыңдайды жұлдыздар жалқын атқан.
Шашымның ұштарын да қалтыратқан,
Ең соңғы демін жұтып жапырақтың,
Терезеге еш мәнсіз телміремін.
Мен білемін
Ештеңені.
Білудің де жоқ кейде еш керегі.
Бір шеңберді айналған жүгірістен,
Түңілістен,
Қуаныш, нала-мұңнан,
Кейде тіпті, қағазым, қаламымнан,
Күйлінің жанарынан,
Жарлының қабағынан,
Желтоқсанның жылымық жаңбырынан,
Сегіз миллиард адамның тағдырынан –
барлығынан
Иненің жасуындай мән таба алмай,
Бұлдыр-бұлдыр сағымнан сүзіп елес,
Жалығамын.
Иә, қызық.
Тіпті де қызық емес!
Ештеңенің секілді жоқ негізі.
Жоқ, негізі,
Ай жарқылын тамызып қарашыққа,
Күн нұрымен сүрмелеп кірпік ұшын,
Көктемдегі жаңа атқан бүршік үшін,
Ашылмаған сан сырдың қатпары үшін,
Іңірдің мың бояулы аспаны үшін,
Кіршіксіз ақ дұғалы таңдар үшін,
Адал ниет, ақ пейіл жандар үшін,
Құбылмалы тотының қанатындай
Өмірді бұл сүруге болатындай.
Сиретіп қатарымды.
Кетерде жалғап әрі сапарымды,
Желдей еркін, бұлттай ақ көңілмен кеп.
Түймедақтың бір талын естелікке
Алып кете алсам ғой
Өмірден деп…
***
Мен оны шаршадым күтуден,
Күтуден содан соң көктемді.
Көктем тек бір құшты көк белді.
Ол болса бір xатпен шектелді.
…Сағаттың сыртылы тым суыт,
Тыныштық әуені тұншығып,
Күрсіндім.
Күбірлеп ішімнен:
Жоқ!
Мен емес,
сәуірдің жанары
қараша мұңымен мөлт еткен.
Мен емес әлсіздік көрсеткен!
Құстар ғой іздеп кеп жайлылық,
Таба алмай тау асқан қайрылып,
Сұңқылы үзіліп барады…
Тек күту.
Іңірде, таңда – осы.
Сіңіріп күп-күңгірт бояуды
төңірек.
Тағы түн таянды.
Сұраймын шарасыз көк белден:
Түбінде келетін көктем мен,
Түбінде келмейтін адамды
Күтудің қажеті бар ма осы?!
Сенсіз қала қаңырап тұр.
Бос бәрі:
Ай көмескі,
Күн күңгірт.
Сұйқылт нұрын сыздықтатып қосты әне
көше шамын.
Мұң сырғып
қағазыма қаламымның ұшынан.
Кететіндей жанып іш.
Көздеп тұрып жүрегімнің тұсынан
Шым еткізді сағыныш.
Сыртымда да, ішімде де – қараша,
Семген, солған, қуарған.
Жалаң аяқ тас көшеде сыз кешіп
адасып жүр мың арман.
Адасып жүр аласұрып сезім де,
Сезіміңді таба алмай.
Кілкілдейді көл-дария көзінде,
Не өлең боп,
не жас болып аға алмай.
Көктемімді артып құстың көшіне,
Жапырағымды жаншыдың.
Жүрегімді күзгі өкпектің өтіне
Қалтыратып тастап кетпе,
Маусымым!
Күзгі xаос
Күп-күрең аспанның жиегі,
Жаз-ару қарасын кетті үзіп.
Бетіме тамшылар тиеді,
Бойымды әлсін дір еткізіп.
Сұр көше, сұр аспан түнерген,
Елемей келемін жаңбырды,
Біреудің ісі жоқ біреумен,
Бір қала миллион тағдырлы.
Тап кеппін осындай ғасырға,
Темір ми,
Жансыз руx,
Тар ғалам...
Ал, менің қаңғиды басымда
Елесі жырымның жазбаған.
Дамылсыз ойымды кезеді,
Түлендей түртеді ішімнен.
Ақыры жвнданып өледі,
Сәт бұрын параққа түсуден.
Осылай беймезгіл, оп-оңай,
Қалдыра салады бірде жыр.
Бірде мен боздатып ботадай,
Аяқсыз тастаймын.
Бір де бір!
Мәңгіге асыққан қолсағат,
Көліктер сабылды көш түзіп.
Тырс етті бір тамшы бейсауат,
Ойымды әлсін дір еткізіп.
Бір күнім барады еш кетіп
Ес жидым. Көтердім еңсемді.
Ақырғы автобус кетті өтіп,
Селт етті жүз теңгем ең соңғы.
***
Біз жақта бір аспан болатын,
Тек қана шексіздік – өлшемі,
Өлердей сағындым мен соны,
Сағындым,таусылды тағатым.
Кірпікпен тарап нұр, шуақты,
Көкке көз тігуші ек ұзақ біз,
Ол мөлдір болатын сызатсыз,
Анамның жанары сияқты.
Жадымда бәрі тұр, үңілем:
Көк барқыт, жұлдыздар – бедері,
Ал, түнде мың есе әдемі,
Ван Гогтың «Жұлдызды түнінен»
Бұл жақта күн сирек күледі,
Күлуге құлқым жоқ менің де.
Қабаққа, иыққа, көңілге,
Ап-ауыр бірдеңе іледі.
Сол нәрсе езеді еңсені,
Қырқады құс-өлең қанатын.
Менің бір аспаным болатын,
Өлердей сағындым мен соны