ДӘУРЕН ТІЛЕУХАН. ҚОШ КЕЛІПСІҢ БАЛДАЙ БАҚЫТСЫЗДЫҒЫМ!..

 

 

ТАҒДЫР

 

           Мен болсам кеттім ақын боп,

           Азырақ бақытсыздау боп...

                  Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

 

           Ұғам сосын...Ақын болу дегенің

           Бал татыған бақытсыздық екен ғой...

                   Әділ БОТПАНОВ

 

 Мекерлікте мың сан амал жатса да,

Мен Өлеңді қиғаным жоқ басқаға...

Көкірекке көктен түскен аппақ Нұр—

Жалынамын, жарты жолда тастама!

 

Шаршағанда миым қатқан мың ойдан,

Мән таба алмай мына өмірден мұңайғам...

Қандай бақты тіле дейсің, сен енді,

Түн мен мұңға теліп қойған Құдайдан?!

 

Таңғажайып ертегідей ерке күн

аяқталды...

Таппай жүрек дерті емін.

Барлығының баянсызын білдірген—

Тағдырымның ең ежелгі серті—Өлім!

 

Нұрмен қуып қараңғыны көнерген,

«Мен өлмеймін!» десем,

маған сенер ме ең?!

Амалшыдан аулақ жүріп сол үшін—

Адалдыққа арқа сүйеп келем мен!

 

Ғасырларға естілсін деп ізгі үнім,

Жылтыр сөзден үмітімді үзді Мұң...

Баянсызда басқа қонған жалғыз бақ—

Қош келіпсің балдай БАҚЫТСЫЗДЫҒЫМ!

  

 

ЖАҢБЫР АСТЫНДАҒЫ ЖЫР

 

 Күздің демі сезілсе күреңіткен,

Жалғыздыққа мені осы Мұң еліткен.

Қала деген сауықшыл келеді ғой,

Қалам неге сонда да түнеріп мен?

 

Бәлкім, мендей күйде жүр барлық адам?..

(Тән—дін аман болғанмен,

                                       жан жылаған...)

Мұнар Мұңды сыңар ғып сау басыма,

Құдайым-ау, қидың ба мәңгі маған?!

 

Жалған осы—

                қырқылар ақ қайшыға...

Адалдардың бұйырды бақ қайсына?

Саусағымнан саулаған сағыныштың,

Салмағынан ауыр жүк жоқ қой, сірә?!

 

«Қайғы ойлаған» әрбір күн—маңызды күн.

Тәңір тағы санама тамызды Мұң.

...Мен осы жалғыздықтың кеудесінде

Жүрегімді жоғалтқан тәріздімін...

  

 

АУЫЛДЫ АҢСАУ–2

 

Қаңғырып қайбір маңда тағдыр айдап,

Мәңгіріп малынғанда мен бір ойға —

Алыстап ата жұрттан  қалғандаймын,

Көшімді бұрады екем енді қайда?!

 

Тобасы түспейтұғын таңдайдағы,

Әжімі — тағдыртектес маңдайдағы

Қайран ана, күрсінтіп қай-қайдағы,

Ұлыңды аңсадың ба шалғайдағы?..

 

Бақытын базыналас мұңнан сұрар,

Қаламға Құдайым ғой — қылған сыңар.

...Кенжетайын еске алып әкем де енді,

Темекісін тұтатып тұрған шығар.

 

Күлімдеп күншығыстан көрінсе күн,

Тым қысқа екеніңді  "ӨМІР" сенің —

Еске алып, қайта-қайта дұғамды оқып,

Әжем жатқан молаға соғушы едім.

 

Балалығы жан білмес жырақта қап,

Қонады қайда барып құрақ-қанат?!

Суалған жанарындай қарт адамның,

Қызыл күн көкжиекке құлап барад...

 

Жалғанда не бар дейсің ойдан ауыр?..

Арман емес — жайды ұстап, Айға бару.

Жұмақтай жүректегі жайлы мекен —

Мен сені сағындым ғой Қайран АУЫЛ!!!

 

 

ҰМЫТУ

 

Көңілсіз неге көшкен күн?!

Қоңыр күз—біздің кешкен мұң.

Өксігін басқан өткеннің—

Қараша, досым, қош келдің!

 

Жаныма түсіп араша—

Қош келдің, досым,

Қараша!

Аспаным бұлтты демесең,

Басқаның бәрі тамаша!

 

Сенсіз де соны білгем мен!..

Не пайда жалған күлгеннен?!

Талықсып, тұнжыр түндермен—

Қаншама жырым бірге өлген...

 

Ай тұрса сонда көз ілмей,

Ет-жүрек қайтер езілмей?!

Тоқтайды-ау ол да бір күні,

Сол қызға деген сезімдей...

 

Өкініш осы мендегі,

Күйдірді үміт кермегі.

Сағынбағандай мен оны,

Сағынбағандай ол мені—

 

жүреміз...

(білмегендей боп)

Сонда да біздің сөнбейді от!

Күйе аласың ба, досым-ау,

Сүйе аласың ба мендей боп?..

 

Қаусатып қайғы көлемін,

Өткеннің өртеп дерегін,

Бақытты болғың келсе егер,

ҰМЫТУ—жалғыз жолы оның!..

 

P/S.  «Сағыныш енді келмейтін шығар бұл маңға...»

 

 

ЖҰМБАҚ

 

Бәрі жұмбақ—

сенбесім, сене аларым...

(Осы күзде, білмеймін, не боларын?..)

Түнегінде қалдырған махаббаттың—

жүрегіңе,

жаным-ау, келе ме әлің?!

Сағынышым санамды сергіткен күн—

Тәтті болса деуші едім мен күткен Мұң.

Жаралы жанның мынау жазасы аздай,

Қасіретті қасыңа ертіп келдің.

Дертті жүрек доғармай дүрсілдеуін,

Қайғымды іштім,

қалғанша құр сүлдерім!

Үркек үнсіздігіңе үздігетін—

Сен сезсең ғой—сәттердің күрсінгенін...

Аңсау деген сезімді шығарған кім?!

(Ұйқымды ұрлай береді ұзарған Түн...)

Періштеден кем көрмей сүйсем,

ол да—

Тұмса тазалығыңнан шығар, бәлкім?..

Қайта-қайта қайталап мұңды Өлеңді,

Тұнжыраумен қаншама түндер өлді.

Саған жетіп,

қалғанда соңғы қадам—

Құлай берем,

Құдай-ау, бұл не болды?..

Сонда көңіл жай табар—

сабырым кеп,

(Тілеуімді берсе екен Тәңірім тек...)

Бәлкім, бақыт не екенін білермін мен—

Маңдайыңнан сүйгенде:

«ЖАРЫҒЫМ» деп!..

 

 

СЫБЫР

 

  “...Құрып кеткір өлеңді жазам бекер...”

                  Мейірхан Ақдәулетұлы

Көп айыбым көшер қандай амалға?..

Санай-санай сарғаяды санам да...

Абайламай ағат кетіп, от басып,

Талай-талай жас үйірдім жанарға.

 

“Ақынсың!” деп қаққанда жұрт арқамнан,

Кеудемсоқтай шалқып жаттым шалқамнан.

...Уа, Қара Өлең!

Шатпақ жазған шалдуар,

Қадіріңді қайдан ұқсын нәр тамған?!

 

Мың сұлуды жырға қосып мәз боп ек,

(Қайдасың сен

бекзада өнер, бағзы әдеп?!)

Өкпелеген жүрек байғұс жүр қазір:

«Бүйткен Өлең құрып кетсін, жазба!» деп...

 

Желбіресе уақыт-кеме желкені,

Ермен қайғы езіп барады еңсені.

Ессіз көпті емексітер жалғыз сөз—

“Мәңгілік Ел!”—

Ең тамаша ертегі!

 

Үркек-үміт жанарынан мұң сырғып—

"Азатпыз!" деп қымсындық та күрсіндік...

Сыртқа шықпай, сыбыр еткен кеудемнің,

Сол тұсында өліп кетті бір шындық!

 

Тәтті үндерге масаттанып қоғамдық,

Жат тілдерге жұтылдық та, жоғалдық.

...Серттен тайып сызат салсам мен саған,

Кешір мені ОБАЛ және

АДАЛДЫҚ!

 

 

АНТИНОМИЯ

 

Жазғыра алмас жүрегім кеткен "досты"

Тек аяймын—жанарың төккен жасты.

Бұл қалада бәрі бар—

Тек сен жоқсың...

Тек сен жоқсың...

Құдай-ау, неткен жақсы!..

 

Сезім бұлқып, ой қалқып алып-ұшқан,

Сағыныштың сен жайлы - бәрі дұшпан!

Көшелерде кептелген көліктердей,

Санам іші—сан күдік сабылысқан...

 

Бүгін де ұзақ бой жазып жүргім келді,

Еске алармыз ертең-ақ бұл күндерді.

Аңсадың не шаршадың қызықтырмас,

Ақтөбеге—бәрібір!

Білдің бе енді?!

 

"Жоққа" сіңіп, жұтылған хабарымдай,

Сағыныштың сап-салқын самалындай,

Үмітіңді үгітіп, үркітетін—

Ойладың ба қатал деп қала мұндай?!

 

Ойламадың...

Ой қамад(ы) дерттен жаман:

Оралуға болмас па өткенге адам?

Бұл қалада бәрі бар—

Тек сен жоқсың...

Тек сен жоқсың...

Құдай-ау, неткен жаман!..