Split personality
Барар жерін білмейтін жүргінші едім,
Бір күн күдік жеңеді бір күн сенім.
Ұрттап-ұрттап аламын,
О, сол шақта,
Жапырағы жұлынған гүлдің шерін.
Көкжиекте ақырғы шұғылаға,
Ұқсаймын да басымды бұғып алам.
Әлдебіреу күрсініп, шылымының
Қызыл шоғын үрлейді құбыладан.
Қадам бассаң қарсы алар қақпан оқыс,
Іңір келді, ібіліс шаттана түс!
Көп бояумен әрлеген көңіл-күйім,
Ақшам туса қайтадан - ақ-қара түс.
Көшелерден іздеймін көңілді ырғақ,
Сағат тілі барады өмірді ұрлап.
Қоштасу да қоштасу көз ашқалы,
Әне, тағы біреу тұр қолын бұлғап.
Ойлар, ойлар қоршады оянғалы,
Құр сүлдерім сол баққа аяңдады.
Көз жасыммен суарам шөбін, гүлін,
Мұңлы әуенді жаңғыртып қоям-дағы.
Сосын кері қайтады құр сүлдерім,
- Жо-жоқ, мен жыламадым, күрсінбедім
деймін де, домбыраға салып қоям,
Жан мұңын, жүрегімнің дүрсілдерін.
Қайта ішімнен оянып бұрынғы адам,
Айтып отыр екенмін ыңылдап ән.
Мен - Гүлмін, жапырағы жұлынбаған,
Құдайым, не болды екен бүгін маған...?
ЖАҢЫЛЫС
Екіжүзді елестерге күйгесін,
Жанарымнан жалықтым.
Көл бетіне түскен айдың бейнесін,
Ай екен деп қалыппын.
Ай екен деп секіргенмін сеніммен,
Тереңіне түсіппін.
Репеті раушандай көрінген,
Тікендерді құшыппын.
Бақытсыздық дедің бе, сен, көзіңнің,
Мөлдір жасын бұлауды.
Мен күлудің ауырлығын сезіндім,
Жеңілдігін жылаудың.
Ғұмырыма байланғандай жаңсақтық,
Өмір есік ашқаннан.
Астымдағы бақытымды аңсаппын,
Алып ұшып аспаннан.
Медет екен жаның қалса мұңайып,
Пейіл үні адамның.
Ұқтым енді екенін тек шынайы,
Мейірімі анамның.
Сен не деген сұмпайы едің, О, Сезім!
Шынайылық қайда бар?
Көрсетіңдер адамдардың өз-өзін,
Әй, алдамшы айналар!
ТЫҒЫЛМАҚ
Ұстап тұра алмайсың ғұмырды әттең,
Ол кездері өтетін күн ырғақпен.
Көрші үйдің ұл-қызы бізге келіп,
Күн батырып қайтатын "Тығылмақпен".
Кезек енді менімен кетті ұласып,
Бір, екі, үш деп санадым бетті басып.
Қуыс-қолтық іздеп жүр, тығылуға,
Екі аяғын достарым епті басып.
Көзімді аштым, іздеуге кірістім де,
Таба алмадым, тарылды тыныс мүлде.
Таппай келем достарды содан бері,
Ой үстінде жүремін, мұң үстінде.
Айналып кетті арманым алдамшыға,
Іздегені келмеді "барлаушыға".
"Тығылмақпен" жоғалған балалармен,
Балалығым тығылып қалды-ау, сірә.
Содан бері, жаным бір жылымады,
Жоқ іздеген бейбақты кім ұғады?
Көңілдің көктемі де қалды сонда,
Үнемі көкейге ой тығылады.
Қол сілтегім келеді деп құрысын,
Көп нәрседен құр қалып кетті уысым.
Жасырынар жер таппай қалғаны ма,
Көр ішіне тығылды көп туысым.
Шырылдайтын жабырқау жүрегім-ай,
Тығылмайтын достардың керегін-ай.
Тығылмақ ойнап жүр ме әлде бізбен?
Тығылып көрінбейді неге Құдай?
Үмітімді үзгенмін келмес күннен,
Ғажайыпқа ендігі сенбеспін мен.
Тығылып түн ішінде өлең жазам,
Тығылмақ ойнамаймын енді ешкіммен.
Үрейленем көз жұмып қала берсем,
Арман жоқ, жарық Күнге қарап өлсең.
Тығылып бір бұрышта жылап алам,
Тығылмақ ойнап жүрген бала көрсем.
КӨРШІНІҢ ҚЫЗЫ (пародия)
Көршінің қызы керемет еді,
Керемет еді жыл бұрын.
Қарапайымды бөлек етеді,
Қала дейтұғын құрғырың.
Үйі де сондай зәулім емес-ті,
Әкесі елдің бірі-етін.
Жалғыз-ақ қана жаулығын ескі,
Анасы тағып жүретін.
Қаладан сол қыз қайтып оралды,
Басында соры бес елі.
Қараша үйге қайғы боп алды,
Қаулаған елдің өсегі.
Әдетте, жылда бір-ақ соғатын
Жақындап кетті "жезделер".
Жылаған үнін құлақ шалатын,
Құлап жатқанда өзгелер.
Қараңғы түнде өкситін налып,
Қап-қара шашын тартқылап,
Есердің сөзін еститін халық,
Есіткен оны жоқ бірақ.
Ауылдан жаны жай таба алмады,
Қадірі кетті бес тиын.
Қалаға кетті, қайта оралмады,
Күңіреніп қалды ескі үйі.
Көршінің қызы қалаға кетті,
Жалғызы кетті қалаға.
Әке де кетті, ана да кетті,
өмірден,
Жыл сап араға.
Көршінің қызы керемет еді,
Әкесі оның жақсы адам.
Тағдырдың өзі келеке етеді,
Тарыққан шығар ақшадан.
Ауылдан біздің неге кетеді,
Терезесінде көп сынық.
Көршінің үйі керемет еді,
Жек көрем сені, Жоқшылық!