ДҮЙСЕНӘЛІ ӘЛІМАҚЫН. ВАШИНГТОНДА ЖАЗЫЛҒАН ЖЫРЛАР

Дүйсенәлі Әлімақын -  1989 жылы туған. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің түлегі. «Қараша құстар ғазалы», «Жанарымда түн сөйлейді» жыр жинақтарының авторы. «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет атқарған. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпазы. Қазір АҚШ астанасындағы The George Washington University-де журналистика саласы бойынша білім алуда.

 

Вашингтонда жазылған жырлар

 

Балбал

 

Қараймын ұзақ көз салып,

Мынау бір балбал тастарға.

Шертеді күйін ғасырдың,

Айталы дәтін аспанға.

 

Ең соңғы жеткен жері осы,

Кең дала төсін мекендеп.

Іздеймін ойдан елесін,

Қайсы бір бабам екен деп.

 

Бар ма еді менде құдірет,

Жіберер тасты сөйлетіп.

Тұр ма екен олар кім білсін?

Даласын әнмен тербетіп.

 

Осылай үнсіз тұрғалы,

Арада қанша жыл өткен?

Сарбазы шығар Қас-Сақтың,

Шекара, шепті күзеткен.

 

Батыры болар түменнің,

Намыстан кеткен өртеніп.

Ақыны ма екен бір елдің?

 Тәңіріге тұрған шер төгіп.

 

Біреудің жалғыз ұлы ма?

Жалғызды жауы ұсатпақ.

Төлеген бе екен жол бойы,

Арманын өлген құшақтап.

 

О, балбал бабам, бас ием,

Тас өрнек тоның тозбасын.

Бойыңа сіңір ғасыр мен

Тағдырдың тарғыл көз жасын.

Қазақ

 

 

Заман зілді қорғасын көмейімде кілкіген,

Мен күрсінсем, өткен бір ғасыр үшін күрсінем.

Іздеймін кеп жоғымды ызғар желдің өтінен,

Уақыт-шалдың сынынан аман-есен өтіп ем.

Дауыл десім жасқады қылыштарды, найзаны,

Тұлпар мініп өстім мен, күнді өңгеріп, айды алып...

Мен кешірсем, кешірем жауымды да, досты да,

Асқақ ұран тастадым ала аспанның астына.

Империяны шошытты тұлпарымның дүбірі,

Маңдайыма нұр шашты алып күннің жылуы.

Қағазға емес, ойымды тасқа жаздым таңбалап,

Еркіндікті сүйдім мен алыс-алыс жол қарап.

Кегім қайнап тұрады қылышымның жүзінде,

Бақыт жыры жазылған ұлтымның көзінде.

Ту ұстадым қашанда дала заңын, ой заңын,

Сөзбен ғана бекіді менің әрбір байламым.

Қобыз қандай мұңлы еді, далам қандай кең еді,

Сол қобыздың тілінде күй ойнаған мен едім.

Бақыт егіз болсын деп бәрін бастан ойладым,

Домбыраның төсіне егіз шек жалғадым.

Салтанатын асырып, алпыс атан артқанмын,

Жұмақ іздеп, жер шалып, «күн түбіне жортқанымын».

Ат үстінде ойланып, ат үстінде қалғыдым,

Күнге қарап ұлиды, бөрі мінез тағдырым.

Тарғалаңды сәттерде Тәңірі сыйын нәсіп қып,

Құшағында тербелдім кең даланы бесік қып.

Арал болып тартылдым, Жайық болып тасимын,

Айды көрсем қол жайып, күнді көрсем бас идім.

Қан майданды ұрыста ханның сөзін айтармын,

Еркіндіктен жаралдым, еркіндікке қайтармын.

 

 

***

Жүрегім тепкіленген,

Екі кеш арасында.

Қоштасып кеттім елмен,

Іленің жағасында.

 

Білмеймін нені іздеймін,

Қай арман жетелеген,

Жусаннан аласамын,

Биікпін бетегеден.

 

Ұлы сөз тұрды ойымда,

Айта алмай қор боламын

Желкелеп сұр уайым да,

Үмітке алданамын.

 

Шығарып салды мені,

Туған жер асқар белі.

Өксіді жан, жүрегім,

Бір үміт бастар мені.

 

Көңілге мұң салады,

Алғашқы «от басуым».

Еліңмен қоштасуың,

Өзіңмен қоштасуың.

 

Бөрінің жолда азығы,

Дұрыс қой осы бағыт.

Іленің асау суы,

Көз жасым қосып ағып.

 

Есен бол, есті жұртым,

Жырыммен тербетермін.

Еділім сен шығарсың,

Қазтуған мен бе екенмін?!

 

Сауық боп сайранды елге,

Қосылған сан дүбірге.

Жастығым қалған жерде,

Жүрегім қалды бірге.

Виржиния. Жаз. Пейзаж

 

 

Шағи аспан жанарында жүйрік жұлдыз жорғалап,

Көктен түскен нар сәулеге шомылады жар қабақ.

Дәптеріме жазған жырдай намаздыгер шағында,

Кенже ұлымның бесігіне ай қонады қорғалап.

 

Қыдырады қонағымдай сай-саланы түн өрлеп,

Мезгілсіздеу келген мұңды жіберсе екен шідерлеп.

Жаздың таңы... жылқышы күн көтерілді тағына,

Шашасына шық жабысқан жылқыларды түгендеп.

 

Пай, пай, шіркін жануарлар рухқа шөлдеген,

Алты ай шапса, арымаған, тебінгісі терлеген.

Кешегі өткен кейіс күннің кермек дәмін татқызып,

Көбелектер ұшып жатыр көз алдымнан көлденең.

 

Сүйектері қаусап тұрған қарт ғасырға сөзім ем,

Мен кезіксем сендерге енді Есіл ой боп кезігем.

Сонда ғажап көрінер ә, сұлу болар дүние,

Өмір сені көрсем егер сол адамның көзімен.

 

***

 

Көрінеді бұл өмір бір белең боп,

Көбелек мұң көлбеңдеп күнде келмек.

Ұйықтап жатқан ұлтымның үмітіндей,

Іргемде түн ұйықтайды ирелеңдеп.

 

Ұйқышыл түн ойдағы тымықты ішіп,

Кер далаға көктемгі бұлт түсіп.

Табақтай бой таңғы күн көтерілді,

Жотасын жылқылардың сүйіп-құшып.

 

Өлеңді ойдың аппақ құсы дейді,

Күні сөнген кеңістік кішірейді.

Астанадан көрінген ай бетінде,

Жусан түстес бір құлын кісінейді.

 

Алаш ие аспаным жалғыз қалып,

Қызыл жалқын сәулені таң қызғанып.

Бақыт сұрап жалыққан халық сынды,

Уақыт жылап жатады жалғыз қалып.

 

Таңғы түс

 

Ол бір ғажап таңда көрген түс еді,

Көл жағалай қонған ауыл, құс елі.

Содан бері батқан қызыл күн көрсем,

Қызжібектің беті есіме түседі.

 

Арлыларды әлі жетіп даттаған,

Күншілдіктің күркесіне тоқтаған.

Сүйір тілдер сүйреңдесе алдымнан,

Бекежанның жебесі ме деп қалам.

 

Иығымнан басады кеп зілдей мұң,

Қара ниет демей оны кім деймін?

Бір мұңлы әуез естіледі аулақтан,

Алты қаз ба, Төлеген бе, білмеймін?..