ДҮЙСЕНӘЛІ ӘЛІМАҚЫН:ТҮН ҰЙЫҚТАЙДЫ КӨШЕЛЕРДЕ КӨСІЛІП...

МЕЗГІЛ АЙНАСЫНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ АДАМ

 

Тас қабырға...

 айна алдында сол адам,

ары-бері қараған.

Шашын көрді, ағы да бар, қарасы,

Бұрынғыдан азайыпты, қарашы!

Көрді көзін баяғыдан суалған,

 Ойнақ салды мұң арлан.

 

Қасын көрді қасқа жолдай таралған,

Сонда жатты өкініш пен бар арман.

Жүзін көрді тағдыр сурет салыпты,

Жағын көрді бұрынғыдан солыпты.

 

Аузын ашты,  өлең шықты күмбірлеп,

Санап көрді дәу тістерін бір-бірлеп.

 Босаңсыпты қасқа тіс те, азу да,

Қамданыпты құрттар қабір қазуға.

Көмейінен көрді сосын жалғыз сөз,

Сол жалғыз сөз кетті айналып жазуға.

 

«Өмір менің қақса қанша тісімді,

Кеміткені соншама көп күшімді»...

деген ізгі ой келді,

Жазды сосын дәптерге сол сөйлемді.

 

Сол жалғыз сөз «өлең» деген сөз еді,

«Өлеңдетіп келем» деген сөз еді.

Күнделіктің бетін шапшаң ашты да,

Кері итерді алдындағы көзені.

 

Сол жалғыз сөз  «Жайыр» деген сөз еді,

Жаттан құшақ айыр деген сөз еді...

Сол жалғыз сөз тамырларын текпілеп,

Сол жалғыз сөз көмекейін езеді.

 

Көз алдынан жосып өтіп жоса қыр,

Сары уайымға жетеледі аса бір.

Иегіне шыққан жалқау сақалдың,

Қайраты да қайтқан сынды, о, Тәңір.

 

Сосын ақын түрегеліп алды да,

Айна алдына ақсаң басып барды да,

Осы айнамен көрсем деді жүрегін.

есі дұрыс тілек пе екен бұл өзі?

 

Қателестім, сол бір етті көрмеймін,

Ауырып тұр, оны немен емдеймін?

Жүрегімен жыр жазатын бір жалғыз

бар болса, егер мынау төрткіл ғаламда

Сол - Менмін.

 

Қайтты ойдан,

«Жүрегімді  көрмеймін,

жылап кеткен менің ғазиз тағдырым,

қарашада соққан қарлы жаңбырым,

артта қалған жалғыз өркеш Жайырым,

көрінсе егер мынау сайтан айнадан,

соқыр мұңнан құтқарады қай бабам?»-

деді де ол тарс лақтырып айнаны,

жазылмаған жыр туралы ойлады.

 

ӨЛІАРА

 

Көп өтпей енді жаз да өледі

Мәйтін сүйреп жат жерге.

Санаға сіңген қаздар өлеңі

Жазылар жүрек дәптерге.

 

Көп өтпей жаздың демі бітеді

Үнсіздік орнар әр үйге.

Көңілім тағы сені күтеді

Сүйетіні үшін әрине.

 

Жұлқылап дауыл жаңбырдың үнін

Айтпайтын болды құсым ән.

Кеудеме өскен тағдырдың гүлін

Жұлып ап саған ұсынам.

 

Жарық таңдарданбала шықтардан

Естімес ешкім назды өлең.

Қарашықтардан адасып қалған

Тамшыдай жалғыз жаз деген.

 

Жабырқау қыздай жаз да жылайды

Төгеді мөлдір тамшысын.

Ең соңғы жұлдыз жерге құлайды

Бұл менің еді қай түсім

 

Көп өтпей енді жаз да өледі

Көбелек күнді кез қылдым.

Тыңдашыанау қаздар өлеңі

Гимні сынды мезгілдің.

 

ҚҰДАЙ-САҒАТ

 

Төрімдегі сөйлеп тұрған нән сағат, –

Сырт-сырт етіп бар әлемге жар салад.

Бақылайды ол, жазғанымды қанша өлең,

Бақылайды ол, келгендігін қанша хат.

 

Ерік берсем жалқаулыққа, бостыққа,

Тіл қатпастан айналады тас пұтқа.

Ренжиді ол ермек іздеп отырсам,

Жылайды ол ерте жатсам жастыққа.

 

Қуанады бұрын тұрсам өзінен,

Оған әр бір минут сайын кезігем.

Сан ғасырды жұтып алғам дегендей,

Қарайды ол тостағандай көзімен.

 

Сол көзімен әлдилейді, аяйды,

Оқы дейді, – Шекспирді, Абайды.

Сыр айтады, жетегіме көнбеген

Сүріндіріп жібергем деп талайды.

 

Қырын қарар ақыл-есі аздарға, 

Шабыт берер жалынды жыр жазғанға.

Бағынамын осы иеме шарасыз, 

Қорынамын төрден оны қозғауға.

 

Сол сағатқа ұятты боп қалмауға, 

Бет аламын белі бүтін арманға.

Құдай-сағат іліп қойып төріме, 

Ілбіп келем иір-қиыр жолдарда.

 

ҰЙЫҚТАУ

 

Күн ұйықтайды жалпақ жерге тесіліп,

Түн ұйықтайды көшелерде көсіліп.

Мен ұйықтаймын, тек сәл ғана қалғимын,

Сен ұйықтайсың балғын тәнің шешініп.

 

Ой ұйықтайды менің сарсаң санамда,

Жол ұйықтайды, жолаушысы аман ба

Мен ұйықтаймын серт табыстап қаламға,

Сен ұйықтайсың, пысылдайды балаң да.

 

Атом ұйықтар, мызғар және қылыш та,

Бұлттар ұйықтар бетін бұрып шығысқа.

Шырым алшы, бәрін бір сәт ұмытшы,

Осы сенің жан, жүрегің тыныш па?

 

Құм ұйықтайды анда-мұнда шашылып,

Мұң ұйықтайды мың бұтаққа асылып.

Мен ұйықтаймын сол дұғамды қайталап,

Сен ұйықтайсың келер күнге асығып.

 

Көз ұйықтайды, ұйықтар және жас жүрек,

Сөз ұйықтайды салмағымен тас күреп.

Сен ұйықташы менің дала кеудемде,

Мен ұйықтайын иығыңа бас сүйеп.

 

БІЗ

 

Жүрегім менің ып-ыстық,

Жарылып кетер қуансам.

Түнімнің аты – тыныштық,

Гүлімнің аты – Раушан.

 

Тоғысты маған жолың дәл,

Ұялап қапты көзіңде ар.

Өзің бар жерде өлең бар,

Өлең бар жерде өзің бар.

 

Тайсалмай кешіп тасқынды,

Маңайға сурет көп сыздық.

Көлімнің аты – Аққулы,

Сезімнің аты – Шексіздік.

 

Шағатын мұңын жаңбырға әр,

Табиғат айтқан әнсің сен.

Өзің бар жерде тағдыр бар,

Тағдыр бар жерде барсың сен.

 

Сынаптай бейне сырғыған,

Қаншама сезім өлтірдік?

Түсімнің аты – Сұр жылан,

Құсымның аты – Еркінідк.

 

Естелік қайдан табылар?

Жүректің әнін тыңдармыз.

Біз бар жерде бәрі бар,

Бәрі бар жерде біз бармыз.

 

КӨЗ ҰСЫНУ 

 

 Қапылыста соққы жеген сеңдей боп

Менің ішкі әлемімді тербейді от.

«Жүрегім жоқ» деп түнеріп жүр едім

Бір сұлу қыз көз ұсынды «мен ғой!»  деп.

 

Қызықпап ем қызыл-жасыл бояуға

Түртші меніақыл-есім ояу ма

Алладинның сиқыр шамы сияқты

Бұл не деген ғажайып көзОйАлла.

 

Уадариғатапты иесін дегдер мұң

Дүниеге өз сәлемін жолдармын.

Осы көздің ішінде үлкен тағдыр бар

Осы көздің ішінде енді мен бармын.

 

АҚ ШАҒАЛА

 

Өз еркіммен шықтым ашық теңізге,

Ақ шағалам, аласұрып сені іздеп.

Алдымнан шық, омырауың жарқылдап,

Соқыр жолға түскен екен дегізбе.

 

Тұйықтарға бастамасын жол бұлай,

Томсарады торғын аспан, торғын ай.

Сені неге қасыма әкеп қоймайды?

Біз білетін қазинесі кең Құдай.

 

Шашпақ еді сандығынан сана нұр,

Естімеді ештеңені дала, қыр.

Намаздыгер саған жазған жырымды,

Өзім оқып, ойға батам сол ауыр.

 

Қол жаяды қырық шілтен қолдаушы,

Бізге енді сол мейірім, сол қамшы.

Содан бері қанша өмірзаяны,

Түнге ағызып жібердік біз ойланшы.

 

Өз еркіммен міндім күлік күндерге,

Өз еркіммен сіңдім қара түндерге.

Сені алысқа ұшырмас ем, шағалам

Үлпікердей сезіміңді білгенде.

 

Сенікі енді мынау аспан, мынау көк,

Мынау көкте ашық азда, тұман көп.

Үмітімді отырамын оятып,

Үрме құмда ізің қалған шығар деп.

 

***

Көзім сағансөзім саған сенеді

Бұрымыңды жырым еппен өреді.

Қолыңдағы кітап болғым келеді

Өйткеніоны сенің көзің көреді.

 

Санамдағы сағыныш боп тулайсың

Тек жақсылық мекендеген жылдайсың.

Боб Диланның әні болғым келеді

Өйткеніоны тек сен ғана тыңдайсың.

 

Домбырамның саған ғашық тиегі

«Сүю» деген сөз екен ғой киелі.

Тереземе фиялка гүлін өсірдім

Өйткеніоны сенің жаның сүйеді.