ӘБУБӘКІР ҚАЙРАН. ОЛ – МЕНІҢ БҮКІЛ ӘЛЕМІМ...

ҚАСҚЫР

Болса дағы қаталдықтың, қаскөйліктің бейнесі,
Қасқыр болып ойланамын кейде осы.
Қақпан қауып, сирағымды шорт кесіп,
Жүрсем егер тағдырыммен кектесіп
Ұлыр едім ұзақ-ұзақ аспанға,
Жалғыз ғана жауыз аймен беттесіп.
Жек көрсем де айға қарап айтар едім сырымды,
Қулық менің түсірді деп құнымды.
Ұрлық жасап көрген жоқ ем,
Тек қана
Ата жолын жалғастырдым бұрынғы.
Адал болдым өз ісіме болаттай,
Қасқыр арын қастерледім,
Атыма кір жолатпай
Қатал адам қақпан құрды,
қулық қылды,
Қуаламай оқ атпай.
Ой-хой, шіркін!
Өз жолы үшін күйіп кеткен бір пенде
Бар ма екен мен секілді молақтай?!
Айтсаңшы, ай,
Сен бәріне куәсің ғой, куәсің...
Мен өлемін,
Ал сен қайта туасың.
Қатал адам қақпан құра берсе егер,
Менің бейбақ ұрпақтарым туатын-
Қайда ғана жұмсамақ
қасқырлығын, қуатын?!
Әлде біз де қоямыз ба адал асты асауды.
Адамдардан оқимыз ба қулық-сұмдық жасауды?
Онда менің қарыс азу тістерім
Қор болады-ау қанқұрт жәйлап түптерін.
Қор болады-ау қасқырлығым,
қайратым.
Қайда сиып жүрер екен айбатым.
Көріп өлген жолбарыстың уысын.
Бақытты екен менің көкжал туысым.
Мен - бақытсыз!
Сен не дейсің, жарық ай?
Хәлім бітті... көрінесің...
көрінесің тарыдай.
Соңғы тілек -
Қасқырларым қасқырлыққа құнықсын.
Ал адамдар қасқырлықты ұмытсын.
Мен де жедім адам жеген тәтті асты,
Неге олар меніменен қастасты?
Айт оларға,
Қақпандарын... қақпандарын әкетсін.
Адамдығын өздеріне бас етсін.
Адалдығын қасқырларға паш етсін!
Мен - қасқырмын
Қақпан кескен сирағын.
Қасқыр болып, қасқырлықты сыйладым.
Қасқыр болып ұлып тұрып адамға
Осы жырды, осы сырды сыйладым...

 

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ

 

Жырлауға қазақ әйелін

Ақынның мендей бар ма әлі?!

Ол – менің бүкіл әлемім,

Арымның аппақ ардағы!

Асатын одан жоқ нәзік,

Асатын одан асқақ жоқ.

Қарайды ол бізге тоқталып,

Қазақтың көшін бастап кеп.

Айтпаймын қалай мен солай –

Ар тұтам Ару – Ананы.

Ол барда үйің кең сарай,

Түп-түгел ердің жарағы.

Киізді жүнен сол басты,

Оюлап сырмақ сол сырды.

Үйді де тігіп, орнатты,

Ыдысқа ырыс толтырды.

Тартылған сымдай саусағы,

Ол – ісмер және ол – епті

Білінбес кейіп, шаршауы,

Демепті «бала мезі етті».

Өзендей терең мол сулы

Арналы қазақ әйелі.

Білмейтін тасып толқуды,

Тойынсын дейтін бар елі.

Ылғи бір ақтан жасалған

Тартады ол нәрлі тамағын.

Ықылас, ниет, бата алған,

Қыдырдай силап қонағын.

Күбірлеп кейде қояды ол –

Күйіттер күнде ырымын.

Өрнектеп ою ояды ол,

Өреді күнде бұрымын.

Көрсе оны құлын кісінеп,

Мөңіреп торпақ тұрады.

Күйеуі келер кешірек,

Көк тіреп шошақ тымығы.

Атынан алар түсіріп,

Алдынан шығып әйелі.

Қояды шырт-шырт түкіріп,

Салқындау шығып сәлемі.

Өзі бір мырза, өзі – бек,

Ол – үйдің көсем көркемі.

Басқадан гөрі бабы көп,

Бақытты қазақ еркегі …

Бар болса жардың пәктігі,

Баспайды ерді азап-мұң.

Қағылмас, сірә қап түбі,

Әйелі барда қазақтың!

 

ЖЕЛ ӨТІНДЕГІ ЖЕТІМ ҚЫЗ

 

Қиын ғой өлең деген,

Қиын білем.

Қиын деп неге өзімді күйіндірем.

Кейде мен керемет бір ойларымды

Қиялдың ханшасындай киіндірем.

 

Жетім қыз жел өтінде желеңдеген,

Ойы бар қай адамның көрем деген.

Сұлу қыз сұрп асылға оранғанда,

Қай көңіл құмарлыққа бөленбеген.

 

Қыздарын әрбір адам «сұлу» дейді,

Пұшықпен қысықтары білінбейді.

Білсе де білдіртпеуге тырысады –

Жылтырақ, жібектерін жыл іздейді.

 

Жетім қыз жел өтінде желбіреген,

Жеріне жетпей жүрген ол бір өлең.

Өміршең, өлмейтұғын махаббаты

Мұң тұнған көзінде тұр мөлдіреген.

 

 

АБАЙДЫҢ АҚЫРҒЫ НАЗАСЫ

 

Мен өлемін...

Жоқ, өлдім...

Өлген екенмін.

Өлмей нем қалды?!.

Көрге кетемін!

Қаным суалған,

Тәнім қуарған,

Досым күңіренген,

Қасым қуанған...

Жаным жара еді,

Арым таза еді –

Біледі бір Аллам!

Өр, асқақ күндерім менің,

Адасқақ күндерім менің!

Даңққұмар, баққұмар шақтарым!

Құсқұмар, атқұмар шақтарым!

Жауымды құлатқан сәттерім,

Жетімді жұбатқан сәттерім,

Сендер – бір елес,

Сендер – әттеңім!

Әттең!

Сендер жоқсыңдар енді!

Сөнген отсыңдар енді!

Ойлап – сүйінуші едім,

Ойлап – күйінуші едім.

Енді сол ой да шеткері кетті,

Бір көктем еді...

Көктеді... кетті.

Жапырақ – жастық ұшты, жоғалды,

Көңіл күптенді, Істі көз алды.

Өз елім өзегіме өрт түсірді,

Көп кірлетті,

Көп түкірді.

«Ел бол!» деп едім –

Бетсіз көзімен атты,

Тексіз сөзімен атты.

Арыз айдады,

Құртуға белін байлады.

Сеңдей сенделдім.

Теңдей сусыдым,

Көрместі мен көрдім,

Жас боп ыршыдым.

Алыстым – жеңбедім,

Жеңілдім,

Бұл – шыным!

Қайран қазағым,

Бүгін – Жасық жанарың,

Ашық араның.

Неге маған қарадың

Қабаған иттей боп қабағың?

Ерің – аз,

Езің – көп,

Таусылды айтарым,

Таусылды жазарым!

Жабықты жан, ішім,

Өртенді намысым.

О, Алла!

Жалынбан жан үшін!

Бұл маған не қалды –

Ажалдың бары – шын!

Көзімнен жоғалды,

Қос бірдей арысым – Мағашым... Әбішім!..

Арттағы жылаулы ел,

Бақаны құлаулы ел,

Құтырған, Жұтынған

Ақ қоян жұтынан

Сау қалған тұмаулы ел,

Енді сен...

Жөтелмей,

Еңсеңді көтергей!

Енді мен...

Үндемен.

Қош! 

 

АҚ ЖУСАН

 

Жусан. Жусан.

Ақ жусан, иісің қандай?

Сылқым емес,

Сыршылдау сиқың бардай.

Жұпарынды жұта алмай

Жүрмін қазір,

Содан болар тұрамын ұйқым қанбай.

Шырылдауық торғайың

Шырқыңды алмай,

Қалды-ау, шіркін, керемет жыр тыңдалмай.

Ол күн қандай, айтшы өзің,

Бүл күн қандай,

Саған қарай жүрегім жұлқынғандай.

Жұпарым-ау,

Сен барда қараппын ба,

Қараппын ба көркіне абаттың да.

Сағынумен келіп ем

Салып ұрып,

Қалыпсың ғой қатігез қар астында.

Асап едім сол қарды,

Ғашық иіс

Кернеп кетті кеудемді…

Ғажап мұнда!

Маған деген махаббат, сағынышты

Құрта алмапты құрығы азаптың да..

Құмарымды қалдырып қар астында,

Берілем-ау тағы да азап-мұңға.

 

*  *  *

Құбылып тұр сәт сайын ауа райы,

Қала қылжақ боп кетті, тау – анайы.

Жұдырықтай жүрегім жұлқынып тұр,

Көңілімді не нәрсе дауалайды?

 

Қыс келсе де қарлатып қадам басып,

Жаңбырлы бұлт келіп жүр амандасып.

Қара жаңбыр астында қар егілсе,

Мен де езіліп, біртүрлі қалам жасып.

 

Қара жаңбыр тұр, міне, жауып тағы,

Бұл не деген табиғат ауыспалы?!

Жаз бен күзім менің де жағаласып,

Іш жағымнан бір үрей дауыстады.

 

Өндір сезім тұратын өнгендей боп –

Жүректегі лаулаған сөнгендей ме от?

Қыста жаңбыр жауса егер, қиналамын,

Жаным сүймес келіншек келгендей боп.