БІРЖАН АХМЕР.ЖАЛҒАН ЖАЙЛЫ ҚАЙТА СҰРА СЕН МЕНЕН...

ҰЛЫМА СЫР

 

Сен мені «әке» дейсің,

Не деген жұмбақ есім,

Баласы үшін желкен қып бұлғар есін.

Күн батқанша қиялға ерік беріп,

Таң атқанша бойлаймын мұңға несін?

 

Мен сені «ұлым» деймін,

Қызық әлі,

Жанарыңда жүр, міне, жүзіп арың...

Сөйте-сөйте мен саған жақындаймын,

Сөйте-сөйте құс жолы сызылады.

 

Уақыт та алға дөңгелеп баратқанмен,

Бір сәтке де таппайды тағат кеудем.

Сені көріп, кездерім ғайып болды,

Ең қымбатты бақытқа балап келген.

 

Ұқсар жүзің,

Ұқсайды қос жанарың,

Жымиысың, ұқсайды қас-қабағың.

Бір күндері екеуміз сырласамыз,

Бір күндері сенімен дос боламын.

 

Күтіп алып шақтардың арайлысын,

Адам жасау балшықтан – оңай ісің.

Өзгердім бе, әлде мен жұмсардым ба,

Неге жылып көзіңе қарайды ішім?

 

Сен мені «әке» дейсің,

Мен оған елеңдеймін,

Өң бе, түс пе, бәрібір сенердеймін.

Сенші маған, мен енді таусылмаймын,

Сенші маған, мен енді көнермеймін.

 

***

 

Сары белді тұман тұмшап – ойлы, ауыр,

Көкшіл тартып, көрінбейді қойлы ауыл.

Сырға таққан сүмбі талға қырындап,

Ызғырық жел ысқырады – бойдақ ұл.

 

Бұл дауыстан құлақ тұнар, байқашы,

Жұлдыз болып тамған кезде Ай жасы.

Аңғал-саңғал алып-ұшқан тіршілік,

Қарғам менің, айтшы маған қайда осы?

 

Табар ма едім осы маңнан, бұл жерден,

Тағдыр қалай, адам қалай түрленген?

Балбал тасқа жан бітеді бір күні,

Бізден бұрын Күннің нұрын күнде емген.

 

Құдай бар деп қиялымнан жоғары,

Көкірегіме үміт-кептер қонады.

Ессіздігім еске түссе, ес жиып,

Ертеңімді ойлап тұрмын мен әлі.

 

Солай, қарғам, ешкім әлі көрмеген,

Сөзді сүйіп, сөзбен ғана емделем.

Жапалақтап қар жауады, сол кезде,

Жалған жайлы қайта сұра сен менен...

 

***

 

Мен бір жұмбақ әлемге түн келгенде енемін,

Құлағыма естілер сұңқылдаған бөлек үн.

Ақпандағы тұп-тұнық, алаңсыздау түстерде,

Ақ қардағы аққудың аяу жүзін көремін.

 

Өң мен түске көпірдей – жұмақ нұры жан тылсым,

Сол сезіммен аңғардым, Құдай сынды тағдыр шын.

Аққу, тағы серпіші қанатыңды нұрлана,

Жүректегі мейірім жер-жаһанға жаңғырсын.

 

Беймарал бір маусымға балаушы едім бұл айды,

Өзің қонып айдынға, жан қозғалған сыңайлы.

Қара дақты көңілді қайта-қайта тазартып,

Ақ түйіршік періште аспан жақтан құлайды.

 

«Періште» деп ат қойдым, құсым, міне, саған да,

Мен бірақта білмеймін нендей сиқыр бар онда.

Қарашығым – жай ғана елшісі ғой жүректің,

Қайран қалмай қайтемін мынау сұлу ғаламға?..

***

 

Күн кешуді үйрендім,
Күз мезгілден қысқа ауған.
Тілдесуді үйрендім,
Таңда оятқан құстардан.

 

Құлшынуды үйрендім,
Бұлақ аққан баулардан.
Күрсінуді үйрендім,
Әжімі көп таулардан.

 

Адалдықты үйрендім,
Ақ мамықтай бұлттардан.
Адамдықты үйрендім,
Жапырақтан.. шық тамған.

 

Жасқанбауды үйрендім,
Жарға біткен ағаштан.
Аспандауды үйрендім,
Жұлдыздардан жарасқан.

 

Толғануды үйрендім,
Тебіренген толқыннан.
Ойлануды үйрендім,
Күзден.. гүлді солдырған.

 

...Жалғыз жүріп жырақта,
Шағымнан-ақ ес білген,
Жыр жазуды бірақта,
Үйренгем жоқ ешкімнен.

 

***

 

Қызғалдақ толы қырда анау,

Құлпырып жатыр бір әлем.

Жалғанды күнә – жырламау,

Сол үшін тудым мына мен!

 

Гүлдерге құшақ жаямын,

Ыстық от менде бар әлі.

Қызғанып қызыл бояуын,

Қызыл Күн ауып барады.

 

Көңілді бұзбай бөтен ой,

Тыныштық тапты жаным да.

Дүние ғажап екен ғой,

Үлбіреп тұрған шағында.

 

Түсімде көрген қыр маңым,

Өңімде тіптен ғажап-ақ.

Қызғалдақ, сені жырладым,

Жүректің өзін мазалап.

 

Құлақ түр самал сөзіне,

Жаңа әлем жатыр жаралып.

Кеудемнен шығып, өзіңе,

Жүгіріп кетті балалық.

 

КӨКТЕМДІ ІЗДЕУ

 

Биыл көктем күз секілді күп-күрең,
Сағынып та, үлгеріппіз қамығып.
Бұрынғыша болар бәрі күт, білем,
Бүршіктері ақ қайыңның жарылып.

 

Биыл көктем күз секілді салқындау,
Түнгі ызғарын сезіп көрші даланың.
Жай отындай бір сілкініп, жарқылдау –
Керек боп тұр, керек боп тұр, қарағым.

 

Биыл көктем күз секілді мұң шақты,
Құлазу да қиын, сірә, мұндайда.
Кездер, қалқам, бола бермес кіл сәтті,
Кербез ғұмыр бұлаңдамай тұрмай ма?!

 

Биыл көктем күз секілді тұманды,
Жасыл баққа жасқанамын енуге.
Жырақтағы бұлт жасырған мұнарды,
Жарығым-ай, сәл-ақ қалды көруге.

 

Биыл көктем күз секілді бояулы,
Құбылыс па қара өлеңге ұқсаған?
Ақын болып кетер ме еді аяулы,
Табиғаттың тылсым сырын ұқса адам.

 

***

күндер келіп күзі кем, жазы басым,

күрсінгенге ашады қазынасын.

көктемеде оралған қоңыр қаздай,

өз ішіңе бет алсаң, жазыласың.

Тәңір сәуле аңғарып қанатыңнан,

бұл табиғат сен үшін жаратылған.

тылсым әлем – алаңшыл ана сынды,

сәбиі үшін ұйқысыз таң атырған.

мына жартас сен үшін жаңғырады,

кісінейді даланың арғымағы.

соққан самал, көшкен бұлт, алқызыл кеш,

қозғалмаған қара тас.. жанды бәрі.

соған мәңгі байлаулы ойым.. жаным,

бүгін тағы ғарыштан ой ұрладым.

тамыздағы жалғыз-ақ таңғы шықтан,

Құдіреттің ғажабын мойындадым.

солай...

 

***

 

бояулы сиқыр екен – сөз дегенің.

білемін, ертең тағы өзгерерін.

қаламнан жұлдыз ағып тұрса болды,

жоқ, сірә, жұмысым да өзге менің..

нұр саулап тұрса болды қаламымнан,

жаралған ой – тылсымнан, дала – сырдан.

сөз деген ақ көйлекті сұлу қыз-ай,

бір сәуле көрейінші жанарыңнан.

сол кезде көңілімнің бағы сайрап,

жақын боп көрінеді алыс аймақ.

ғұмырдың азабын да байқамадым,

ішімнен мұңы жұпар дауыс алдап.

тыңдаса содан кейін жырды ғалам,

Жарықты қанып ішем Күн-тұмадан.

келемін бірақ әлі болжай алмай,

жазарын нені, қашан, кімді қалам..

 

***

 

Аңсаған арқар тауды, боз даланы,

ішімде бір тіршілік қозғалады.

үміттің қызылкүрең шоғын үрлеп,

жақсы ғой көңілдердің маздағаны.

өзгерді содан бері ой танымым,

түсінер бірақ, сірә, ондайды кім?

түн келсе, көкірегімде сезім бүрлер -

сезімім - ғарыш жаққа жолдайтын үн.

мамыр-ай, жұлдыздарың қандай жарық!

отырмын үнсіз көріп, таңдай қағып.

кеудеде құбылады сан түрлі сыр,

кете алмай Сөз киесі арды айналып.

сондағы, жұлдыз ақса, қарап тағы,

көңілім қанат қағып баратқаны...

аспанның бүлдіргенін Күн тереді,

тау жақтан шұғылалы таң атқалы.

мамыр бұл - сағым беріп, жалын алған,

қарсы алар күмбір үнмен ағын алдан.

пендеге бір тылсымды сездіреді,

тірлікті түспен бояп Тәңір алуан.

ол түстің бірі қоңыр – жан қалауы,

ғұмырым сол бір түске арналады.

қиялым - кемпірқосақ, өлең жазсам,

ғарыштан жерге дейін жалғанады.

 

***

 

Несіне ойға батып, кектенемін,

жартас та жасырады көп бедерін...

құбылар Күн бесінге таяғанша,

жасанды көзқарасты жек көремін.

 

оятып Сөз әлемін мамыр таңы,

ғажап қой, дүниеге шағылғаны!

періште Айға қонып пенде ішілік,

күйігі сағыныштың қалыңдады.

 

қайдасың, бүтін болмыс - мұнар алып,

шыңында қалқып ұшқан мұң айналып.

...біз неге мың мінезге тағзым етіп,

жабыққан бір жүректі ұға алмадық?

 

секемшіл көңілімнің күз - алабы,

әлі де бірде ысынып, мұзданады.

сарғайып жерге түскен жапырақтай,

қиялдың ұшып кетті жүз парағы.

 

ашылып жан әлемнің есіктері,

шашатын пейіл қайда несіптерін?..

жылыстап кетті қанша маусым-көңіл,

мен күткен жылы жаңбыр кешіккелі.

 

***

 

Сөзден бұрын Күнді сүйем, гүлді сүйем,

мамыражай, тұп-тұнық түнді сүйем.

алып-ұшқан алғашқы кездесудей,

ару-бұлақ елітер күлкісімен.

жасыл түспен ғаламды кім бояған?..

сұлу баққа кезім жоқ сырды аяған.

Жанарымның қарама жарқылына,

көкіректің көзімен күнде оянам.

бүгінгі – елес. Өткенге қайта оралып,

жатқандай ма ғұмырым қайталанып?..

Жанмен ғана байқайтын көркемдікке,

түкпірінен сананың айқайладық.

сөзден бұрын желді сүйем, үнді сүйем,

көл бетінде ойнаған нұрды сүйем.

үйлесем бе, қарашы, суретіңе,

мен де сенің, табиғат,

бір түсің ем...

 

СЕЗІМ СИМФОНИЯСЫ

 

гүлге құмар жаныңды Күнге теңеп,

жүрсің маған, жаным-ау, күнде еркелеп.

ғалам деген беймәлім кеңістікте,

сүю менен ғұмырды сүрген бөлек.

сұлу қылып сені кім мүсіндеген?..

сұлулықты көрмейді... түсінбеген.

үмітіме ақшулан қанат бітіп,

ұшып жүрем өң емес, түсімде мен.

жұпарыңды жұқтырып бұрымдағы,

сен ояндың еркелеп бүгін тағы.

кездескеннен мен саған ғашық едім,

кездескеннен өзге әлем

құбылмады..

 

***

Сен – менің өзімсің,

Көзімсің нұрланған.

Сиқырлы кезімсің,

Сезімсің бүр жарған.

 

Сен – менің барымсың,

Арымсың қуатты.

Аяулы жарымсың,

Таңымсың шуақты.

 

Сен – менің үнімсің,

Гүлімсің ең көркем.

Жалынды жырымсың,

Еркеле енді, еркем.

 

Мән іздер ақ құстан,

Әлем бұл, танырсың.

Екеуміз – баққа ұшқан,

Жалғыз тал қауырсын.

 

***

Мен сені қуанту үшін,

Құрсауланған аспанды қақ бөлемін,

Тамылжытып бір әнді сап беремін.

Албыраған жүзіңе, сол кездерде,

Ақша қар боп төгілер хат дегенің.

 

Мен сені қуанту үшін,

Бірер сәтке өзімді ұмытамын,

Ұмытам да, сезіммен жылытамын.

Жер мен көктің шүбәсін мойындамай,

Ақиқаттың қарсы алам ұлы таңын.

 

Мен сені қуанту үшін,

Жанды тербеп жанартау өртіндей жыр,

Қоймас, сірә, домбырам шертілмей бір.

Қарашы, айым,

Ешқашан құбылмайды,

Уәде берген жанымның сертіндей қыр.

 

Мен сені қуанту үшін,

Шалқып күлем күнде ұқсап нәрестеге,

Саған көңілім, білмеймін, әуес неге...

Мұнан басқа тағдырды қаламаймын,

Мұнан басқа кеудемде жоқ ештеңе.