ӘБІЛДӘ АЙМАҚ. ӨЗІМДІ-ӨЗІМ БАРАМЫН ТАНЫМАЙ МЕН...

***

 

Көрсе де анаң жүзіңнен ой тұнғанын,

Келмеді ме мен жайлы айтуға әлің.

Кібіртіктеп текемет түрін түртіп,

Көңіліңде қалықтап айтулы әнің.

 

Не болар деп кейінгі болашағым,

Түнердің бе күніндей қарашаның?

Көкейдегі ойыңды айта алмастан

Санадың ба оюын алашаның?

 

Өткізгенде оңаша түнді үмітпен,

Алыстың-ау, арайлым, сұм күдікпен.

Жарым түнде түрегеп отырдың ба

Сілкіп тастап кірпікке мұңды іліккен?

 

...Түсінемін, жағдайың сұрақ, күдік,

Ой біткенді сонда да лақтырып,

Айтарсың-ау анаңа мен туралы,

Қып-қызыл боп ұялып, жылап тұрып.

 

Орындалып өшпейтін айтулы әнің,

Анаңа да көрерсің ой туғанын.

Маңдайыңнан сүйгізіп, ақ тілеумен

Қала жаққа жасарсың қайту қамын.

 

АҚ ҚАРҒА ЖАЗДЫМ АТЫҢДЫ

 

Атыңды жаздым ақ қарға,

Үйінен шыға көрсін деп.

Асығып бара жатқанда,

Аялдап көңіл бөлсін деп.

 

Ақ қарға сені теңгердім,

Ғарыштан келім қонатын.

Арымдай саған сенгенмін,

Кеудемде шамдай жанатын.

 

Беймәлім көрдің, көрмедің,

Нәр алғам тәтті күйден мен

Қасыма бірақ келмедің,

Баруға мен де именгем.

 

Балалық шақта кез кеппін,

Ыстық-ақ еді мекенің.

Атыңның сонда сезбеппін,

Ақ қармен еріп кетерін.

 

***

 

Сен қалдың торғын оранып,

Қап-қалың ойдың ішінде.

Еске алдың мені, ол анық

Жиілеу көрдің түсіңде.

 

Жетелеп сағым-сағыныш,

Барып та жүрдің бақтарға.

Есіттің сөзді жаңылыс,

Мені ойлап кейде жатқанда.

 

Кетсең де бір сәт серуендеп,

Қиялдың мініп кемесін,

Алдыңнан талай керуен боп,

Өтіп те жатты елесім.

 

Қалғандай болдым мен келіп,

Үй арты кетсе дүбірлеп.

Жоғалып, тіпті, сенде ерік

Атымды айттың күбірлеп.

 

...Өкіндің мұңға батып көп,

Үйленгенімді есіттің.

Өкіндім мен де,

Ғафу ет,

Осының бәрін кеш ұқтым.

 

***

 

Саған артар ініңде тегі мін жоқ,

Қызды көрсең жүресің «келінім» деп.

Ойға-қырға сүйреген он жыл бұрын,

Өртеп кеткен секілді желігімді от.

 

Қызыл шоқтай жататын қозға оранып,

Отырамын дертімді қозғап алып.

Бір-екі әжім маңдайға тастап кеткен

Бозбала таң сияқты бозбалалық.

 

Сен жүресің ініңнің қамын ойлап,

Көңіліңде жеткізбес сағым ойнап...

Таныс қызды киноға апара алмай

Мен жүремін самайдың ағын ойлап.

 

***

 

Орта кесеге қып-қызыл қанын жұқтырып,

Ұрттадым шарап көңілдің күйін ұқтырып.

Тамыр-тамырымды қуалап ала жөнелді,

Пендеге бітіп көрмеген әлі мықтылық.

 

Өзімді-өзім неліктен мұнша шектегем,

Шуағын-нұрын аямай бір сәт төкті өлең.

Туғалы бергі іздеген нәрсем табылып,

Қоштасты қайғы тістесіп менен кетпеген.

 

Өмірде фәни жақсылық аңсап егілген,

Жаралған жеке сзімнің құлы едім мен.

Талай да талай бір уыс болып бүрісіп,

Ұқпайтындардан сағым да сынып жеңілгем.

 

Шырын шараппен тұрдым-ау жанды сілкілеп,

Сен екенсің-ау орындалмайтын бір тілек.

Періште ару, қасыма келші, қасыма,

Сөйлейін саған шаттықтан шалқып күркіреп.

 

Не қылар маған айнала жұрттың өсегі,

Жатайын мәңгі қайғыны өртеп кешегі.

Көзіңнен ішіп таусылмас ләззат шарабын,

Кеудеңе әппақ төңкеріп екі кесені...

 

***

 

Жарқ ететін бір сәт те жетеді дей ме,

Жалт-жұлт етіп алдымнан өтеді бейне.

Сәл ашылып тұратын омырауынан

Қос анары көрініп кетеді кейде.

 

Басын шатып сол мезет құлқын әр ненің,

Торға түскен жүрегім бұлқынар менің.

Өзіңе қарап телміріп, мелшиіп қалып

Тұрған сәтімде демім де қырқылар дедім.

 

Буындырып заһарды жиі ішкен мені,

Арманым алдап, әйтеуір күйіс келмеді.

Кімді тентек етпейді жалғанда мынау,

Екеуінің керемет түйіскен жері.

 

Бұл құдайдың өлеңге жарытқаны анық,

Жыр жазамын сезімге шалықтап алып

Жарқ-жұрқ етіп тағы да алдымнан өтсе,

Жүрмес пе екем тал түсте талып та қалып.

 

ІЗДЕ МЕНІ

 

Өзіңді көрмегелі, шырағым-ау,

Көзімді боталатып жыладым-ау.

Қарадым қара қошқыл бұлттарға

Нанбасаң көк аспаннан сұра мынау.

 

Сұрашы зікір салған кептерлерден,

Оларға шағынып ем жеткен желден.

Артыма жаутаңдадым амалым жоқ,

Өзіңе қош айтысып кеткенде елден.

 

Тоғайдың сырға таққан шеңгелдері,

Көгеріп қалып еді сен келгелі.

Телмірдім соларға да сырымды айтып,

Белгісіз жек көргені, жөн көргені.

 

Осы ма жылуы жоқ күз дегені,

Тентек жел жапырағын үзген еді.

Сағынсаң ысып-жанып, есің кетіп

Арыстың толқынынан ізде мені.

 

***

 

Келтіре алмай қор болдым елесіңді,

Мына түнге елесің неге сіңді?

Жер-дүниеге өзімді сыйғыза алмай,

Уақыттан көрдім-ау көресімді.

 

Сағынудан шаршайтын соқты шағым,

Ішім жалын, күрсінсем от құсамын.

Түсім шығар деп ойлап шошынамын,

Сүйегімді еріткен от құшағың.

 

Өзімді-өзім барамын танымай мен,

Бері даймен келіп ем, ары даймен.

Кеудеңе әкеп басымды сүйедім мен

Ерніңдегі қандырмай тарыдай мең.

 

Деп жүруші ем мен саған тең бе екенмін,

Бақытты да шығар-ақ енді өтер күн.

Сені ғана кеудемнің бесігіне

Бөлеп қойып, бөлектеп тербетермін.

 

***

 

Сен екеуміз оңаша кете бердік,

Қолымыздан келмейтін бөтен ерлік.

Көбелектей қыз едің көп нәрсені

Қанатында қауқар жоқ көтерерлік.

 

Кете бердік екеуміз арман мініп,

Бірімізді біріміз алдандырып.

Аспан ғана біздерге пана болды,

Күмбезіне жағалай маржанды іліп.

 

Сен екеуміз далада жүре бердік,

Болмашыға баладай күле бердік.

...Қол ұстасып елеске айналдық та,

Көкжиекке ақырын сіңе бердік.

 

***

 

Жұғып қалып помадаң,

Қысылдым-ау терлеп тым.

Ойың болып қалаған

Күліп-күліп сен кеттің.

 

Әзілдедің тек тұрмай,

Күрек тісің көрініп.

Өзімді-өзім сөктім жай,

Ойым саққа бөлініп.

 

Жуып жаттым сасқаннан,

Көйлегімнің жағасын.

Жеткізе алмас басқа арман,

Қылығыңның бағасын.

 

Жуа-жуа шаршадым,

Кетпей қойды құрғырың.

Тиді сенің саусағың,

Жүрегімде тұрды мұң.

 

Жұғып қалып памадаң,

Қысылдым-ау терлеп тым.

Аса алмадым шамадан,

Күліп-күліп сен кеттің.