БЕРДІХАН ОРЫНДЫҚҰЛЫ. ...КӨП АДАСТЫҚ ОДАН БIЗ

Бердіхан Орындықұлы өмірден ерте кеткен  қаламгерлердің бірі. Алтайдың арғы бетінде туған ақынның алғашқы өлеңдері, сатиралары жергілікті баспасөз беттерінде жарық көріп тұрды. Ойы қағылез, тілі жүйірік қаламгер ретінде таныла бастаған болатын. Жаны жайсаң,  мінезі қарапайым азаматтың бергенінен берері әлі де көп еді. Өкінішке орай уақыт солай болды. Бекеннің, Бердіханның соңында қалған әдеби мұрасын бір ізге түсіріп, жинақтау, жариялауды азаматтық парызымыз деп білеміз. Мына ұсынып отырған бір топ өлеңдер соның лепесі.

 

ТУҒАН ЖЕР

 

Алтын бесік, Туған жерiм,

Сағындым ғой тауыңды.

Аппақ сағым тұнған белің,

Қуантушы ед жанымды.

 

Сені көрсем бағым жанар,

Көңілді аршып мұңынан.

Бір ұрттасам шөлім қанар,

Ховд өзеннің суынан.

 

Көз алдымда көк шалғының,

Көз алдымда орманың.

Құшағыңда мен қалғыдым,

Туған жерім, арманым.

 

Жүрген ұлмын өзіңді аңсап,

Бір шықпайсың санамнан.

Жұтар ма едім шерім тарқап,

Жұпарланған ауаңнан.

 

Көл жағалап елім жатар,

Биелерін байлаған.

Жүрегімді дамылатар,

Бұлбұл құстар сайраған.

 

Қанат қақтым алыстарға,

Енді асықтым жетуге.

Жерлестермен қауышқанда,

Қаным ойнар бетімде.

 

МЕНІҢ ТІРЕГІМ

 

Ұлтым деп соққан жүрегім,

Парқыңа сенің жетер кім?!

Ана тiл болса тiрегiм,

Ардақтап оны өтермін.

 

Арманым таудай iрi едiң,

Оған да бәлкiм жетермiн.

Рухым болса тiрегiм,

Ұрандап оны өтермін.

 

Елiмнiң әр кез жыры едiм,

Өнерiмдi аяп не етермiн.

Халқым бiр болса тiрегiм,

Қабағын бағып өтермiн.

 

Татулық сүйген реңiм,

Тәттi едi тiптi шекерден.

Қазақтың қайсар ұлы едім,

Халықтың мұңын көтерген.

 

БIЗ НЕ ДЕГЕН ХАЛЫҚПЫЗ?

 

Өнер демек өнерден де қалыппыз.

Дәстүр демек дәстүрден де қалыппыз.

Құланға ұқсап өз қағынан жерінген,

Бiз не деген керi кеткен халықпыз?!

 

Ғылым демек нашар екен күшiмiз,

Қызыметте мансап үшiн iсiмiз.

Басқа жұрттар қол созады ғарышқа,

Бiз не қылған мiз бақпайтын кiсiмiз?!

 

Ұлтқа деген махаббатқа кендеміз,

Ойын, тойға шашылады теңгеміз.

Қалтамызда қазынаның байлығы,

Бiз не қылған қанағатсыз пендемiз?!

 

Өзімізше таудай тұлға, заңғармыз,

Әрбір жерде шашылап та қалғанбыз.

Алтын орден қадар қуыс кеудеге,

Біз не қалған атаққұмар жандармыз?!

 

Дiн демекшi, көп адастық одан бiз.

Тiл демекшi, тiлiмiзге наданбыз.

Жерін, тілін, дінін сақтай алмаған,

Бiз не деген намысы жоқ адамбыз?!

 

ТҮНГІ КҮЗЕТ

 

Көзге түртсе көрінбейтін түнек Түн,

Түнегіңді одан сайын үдеттің.

Түнегіңмен түн ішінде сырласып,

Түні бойы ауыл малын күзеттім.

 

Жезтырақ па жанын алған талайдың,

Елеске де ит-құсқа да балаймын.

Жалмауыз кеп жұлатындай желкемнен,

Жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын.

 

Келіп қалды бәрі міне топтанып,

Қалтыраймын, бақыруға шақ қалып.

...Барлығы да сіңіп кетті түнекке,

Жалындатып жібергенде от жағып.

 

Анадайда атым тұрды пысқырып,

Қой үрікті, зәремді бір ұштырып.

Жігітпін ғой! Намыс көріп қорқуды—

Жігерленіп, жібердім бір ысқырып.

 

Осылайша, таңды көзбен атырдым,

Таң соң айғай салған батырмын.

Түнде болған елес пенен үрейдің,

Ізі де жоқ, ән сап бара жатырмын.

 

ЕЛIМ МЕНIҢ, МАҚТАНЫМ

 

Жыр-дастан, байырғы саз, аманат ән,

Мұра қой бiзге қалған заманадан.

Шетiнен қайсар мiнез, қонақжай ел,

Қазақта болған емес жаман адам!

 

Қазына жетi түрлі бабама тән,

Бесік жыр, ақ кимешек анама тән.

Арлы қыз, ер жүрек ұл балама тән,

Ақ селеу, бозғылт жусан далама тән.

 

Жер десе жан дүниең жұлқынғандай,

Ел десе ет жүрегің бұлқынғандай.

Алтай мен Атыраудың арасында,

Көшпелі ғұмыр кешкен ұлтым қандай?!

 

Ұлағат ұрпағыңа сақтағаның,

Мен қайтіп басқа жұрттан бақ табамын?!

Қазақ боп туғаныма қуанамын,

Қазақ боп жүргеніме мақтанамын.

 

ІЗГІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

 

Жақсы бала кездессе сiз дейтұғын,

Сыйластықтың негiзiн iздейтұғын.

Ағасымен адамша амандасып,

Інілігін, ізетін үзбейтұғын.

 

Ондай жасқа көңілім толатұғын,

Жүрегіме қуаныш қонатұғын.

Атасынан қалған бір тектілік бар,

Бала екен деп ойлаймын болатұғын.

 

Жаман бала кез болса сен дейтұғын,

Боқтық қосып, әр сөзін демдейтұғын.

Ақыл айтсаң қырсығып көнбейтұғын,

Оған менiң ниетiм өнбейтұғын.

 

Маңдайынада көзі жоқ көретұғын,

Аға сөзін айқайлап бөлетұғын.

Іні көрсем әдепсіз, әпербақан,

Су сепкендей көңiлiм сөнетұғын.

 

Сыншыл екен демессің бұл ағамыз,

(Бұл өмірде бәріміз сыналамыз.)

«Сiз» деген мен «сен» - дейтiн екi сөзден

Кiмнiң қандай екенiн ұға аламыз.

 

КӨКТЕМ КЕЛДІ

 

Көктем келді жасыл бел, дала жайнап,

Көк шығып, қозы-лақтар салады ойнақ.

Көкжиектен күн шықса күлім қағып,

Көп жапырақ қол созар алақайлап.

 

Көгілдір сағым белді мұнарлатып,

Күн нұрына жер жүзі тұрар балқып.

Күй төккенде бозторғай құйқылжытып,

Көл бетіне қос аққу шығар қалқып.

 

Көшетін гүлден-гүлге сан көбелек,

Кең даланы құлпыртар сәнге бөлеп.

Күміс күлкі естіліп ақ отаудан,

Күмбірлеген күй бөлек, ән де бөлек.

 

Көк аспанда бұлт тұрмас алақандай,

Көп жылқы көлге түсер балапандай.

Күн батқан күнбатыста күреңітіп,

Кез қандай, сезім қандай, дала қандай?! 

 

Кеш түсе қыз-бозбала сайрандаған,

Көңілдің кезі екен ғой жайрандаған.

Күллі әлемге сұлулық сырын ашқан,

Күшіне Жарақтанның қайран қалам!

 

ӨКIНIШ

 

Ағайын мен жанұяның күнi үшiн,

Жұмыс қылдым киiм үшiн, ұн үшiн.

Басқаша еді басындағы арманым,

Ал, бүгінде құр құлқынның құлысың.

 

Адамдардың мүмкіндігі шеутеулі.

Ешкім қайта сүре алмайды өткенді.

Қаншама өлең түспей қалды қағазға,

Енді бүгін кімге артарсың өкпеңді?!

 

Жастық шақтай жалын атқан кез барда,

Ақындыққа бой бермедi өзге арна.

Қаламымды қолыма алып отырмын,

Сезім солып, бастағы ақыл тозғанда.

 

Бақ құсындай кеш кезіккен, Өлеңім,

Сырласым да мұңдасым да сен едің.

Сенің ұзаққа ұшарыңа сенемін,

Ал мен болсам пендемін ғой өлемін.

 

ҚЫЗДАР мен ТАБИҒАТ

 

Бұл өмiрде көп-ақ қой қызық аңыз,

Қыздарға күндей сұлу қызығамыз.

Даланың хош иiстi қызғалдағын,

Балаймыз елдiң кербез қызына бiз.

 

Ескек жел ер жігіттің желігіндей,

Ұшқан бұлт өтіп жатқан өміріңдей. 

Арулар қарақат көз, ширақ мiнез,

Арқаның ойнақтаған елiгiндей.

 

Ағады бұлақ қыздың күлкісімен,

Қыздар тең қырдың қызыл түлкісімен.

Көктемнің көкорайлы күнін көрдім,

Бейтаныс бір бикештің түр-түсінен.

 

Сұлу деп соқыр көзден жас тамады,

Арудың айдан жарық қас, қабағы.

Аңдасаң сұлулықтың түп-тамыры,

 

Қыздар мен табиғаттан басталады.