БЕКЗАТ СМАДИЯР. ҚИМАСТАРДЫҢ ҚЫСМЕТ БИІН КҮЗ БИЛЕП...

ЖЕКЕҚОҢЫР


Осы неге
Халықтардың жылағаны ұқсайды,
Кемпірлері ұқсайды,
Әжімдері ұқсайды?
Ақ қағазға «болашақ» деп дән ектім,
Мұсылман боп шықса игі.

Үміті үшін
Қонған құсын көтере алмас бұтақтың,
Айдың күміс тостағынан сүт ақты.
Қасіретіне ғашық мынау өлкеде
Мен көп ішкен кітаппын...

Енді езіліп жұбатпаймын ешкімді!
Қаламымнан жөтел даусы естілді.
Өзіме-өзім қойған талай сауалдың,
Жауаптары ескірді.

Күмән жоқта Құдай дағы көнерер,
Уақытты енді сезінбейді төбелер...
Бәріне үнсіз көндігуді үйреткен,
Отырықшы ойларым тұр себелеп -

Сыныққанат сәттеріндей кісінің,
Жаңа ашылған дәптеріндей кішінің.
Түн секілді аппақ менің жырларым –
Әжем, әпкем, үш інім...

Қайғысындай тек қан төккен шоқпардың,
Бұрын кірген есіктерге көп бардым.
Аяулы өмір – оңашада шырқайтын
Әндеріндей іздеушісі жоқтардың...

 

АРЫЛУ 


Қимастардың қысмет биін күз билеп 
Жолда көмген қасіретімді еске сап, 
Тырнақ салған іздей боп 
Ай туғанда... алапес.. 
Үш қайтара сәлем салған әжемнің, 
Бетін сипап жұбататын Қара Кеш – 
Дініміз бір туыс ек қой, Сұлтаным! 
Мінәжатым құса болып жазылды 
Оны қалай жыртамын? 

Дәл сол сәттің, 
Азапты сәт ауғанын, 
Оқылмауға тиісті ойлар серті үшін 
Жыртқан жырлар жапалақтап жауғанын, 
Одан бұрын жерлеп тұрып өзімді, 
Жан таба алмай көметін 
Қорланғаным... 
Зарық кешкен кезімді 
Сен көрдің ғой, 
Неге, 
Неге кешіктің?! 
Енді міне, мен күл сынды тазардым, 
Ақты аққа бояғанда не шықты... 

Ескі күнәм жаңа жырды бөктер қып 
Тірі екенін сездіруі... 
ал, сосын, 
Сырың білер жолдастағы өктемдік – 
Қарасындай суық екен өгейдің. 
Қаншалықты шындық бар 
Сұраншақтау көз жасында кедейдің? 
Сұрақ қалды. 
Басқасынан арылдым. 
Жан әжемді жұбат барып Қара Кеш, 
Соңғы тісін қағардай боп сабырдың 
Ай туыпты – 
Таныс тырнақ таңбасы. 
Менің әпкем жасымасын шалғайда, 
Жасымасын менің сырқат жамбасым... 

 

ӘЖІМ 


...Көлеңкелер қақырай үркіп-қашып, 
Тек Іңір тұр қанталап тыртық басы.. 
Түзге шыққан Кемпірдей бүкірейіп 
Ай көрінді аяғын сылтып басып. 

Соры батыс боп біткен ұдайы Іңір, 
Өз асығын иірер күнәйі күн. 
Қай көгенге жусатсам үйіріңді, 
Діні бөлек ойлар-ай, Құдайы бір. 

Ой күнәсін кеше алсам құт қылғаны, 
Жонның селеу шашы да бітті ырғалып. 
Мені елітіп барады Кемпірсайдың 
Қолтығының жусаны жықпылданып. 

Түбінде азған көк құлқын – жорығаным. 
Өле қалса Қорқыттың көрі мәлім... 
Қанға жерік қолдағы баяны жоқ 
Мен бір семсер екенмін соры қалың. 

Уыз тамған секілді тұт реңге 
Ескі жұрттың салады түтіні өрнек. 
...Кемпірсайдан қызылкөз жылан қашты, 
Кемпір отыр керенау бұты кернеп... 

Жылан қашты дарияға жаны құштар, 
Дария үсті көпір тұр тамыр ұстап... 
Таң білінді түнектің қара бұрым 
Қайызғағын теріп жеп – сары мыстан. 

 

АДАСҚАҚ

Осы күзден екеуміз де аман шықпаспыз...

Өзіңнің xатыңнан

Сол кеште, 
Көкжиек орамалына үкі таққан кеште, 
Үмітім, 
Ұятың, 
Ортақ күмәнді 
Дастарқан басына сыйдырып, 
Аңсарсыз мезетке бағыштап отыра беруге 
Дәтіміз жетті - 
Қасіретімізге бауыр басып кетіп ек, әсте. ~

Сол сәтте, 
Кемиек түн тасбиxын тарқата бастаған сәтте, 
Кембағалдық молда қылған ағаның 
Шимай-шимай сеніміндей
кетік кесемен
Шәй ұсындың - 
суып қалған шәй.
Суып қалған...
Әттең!

 

*** 



Бұл кезең – ұмыту кезеңі... 
Ажал сепкен семсердің жауыздығы секілді 
Сен ұмытыласың, 
Мен ұмытылғандай – 
кітаптар ішінен. 
Кітаптар – боздағым, 
Кітаптар – ойлардың сатқындығы секілді, 
Ал, жырлар – сенгісі келетін маусымдарым ғой 
Үсіген. 
Ал, жылдар... 
Е-хе-хей, жылдар! 
Әжемдей бәрін жұтқаным – 
Қоңырлық. 
Мойнына тас байлап өлген Ойлар кезегі 
Түсінем, 
Өмірлік. 

Бостандығымның туы секілді желбіреп шашы 
Жайығым келді. 
Жайық – менің жыланым! 
Басыма қарғалар қонды...
Мен бәрін ой деп түсіндім, 
Осыған сендім – 
Түнегінен боз бояу іздеп 
Күнәнің. 
Қалам – саған серт! 
Қарындасым куә 
Жаңбырға тағдырдың ұйқасатыны секілді, 
Үмітке күдіктің ұйқасатыны секілді 
Ғайып... 
Жырға айналдырам дедім сені 
Шыдадым. 
Тостым. 
Омыраулы шағылдарымнан сезім сауатын 
Азапты ойларым қарқылдап ұшты. 
Қарқылдап ұшқан қарғалар сынды 
Кітапқа көшкім 
келеді менің 
Жайық. 

ШӨЛ

 

Жыртығынан бұлттардың жыр жалындап.

Көгала үйрек исінбек, мырзаланбақ.

Шалқасынан жатқаны-ай Айдың мына,

Езуіндей кімдердің ыржалаңдап...

 

Күміс басы-ау ыржиған Күшіліктің…

Сол көрші қыз неліктен ұшыныпты?!

Лыпасынан лықсыған омырауы,

Өзі ашытқан қамырдай ісініпті.

 

Қараша үйден түтіндер озалдағым...

Осыншалық жауыз ба ең сөз, аруағы?

Іңірдегі ғашығым қызыл күнә,

Аруанадан қайтейін, көзі аумады.

 

Тал түсімнің тәлкегін Хаһ біледі.

Сақалды ойлар кемсеңі тапты мені.

Бойжеткеннің ұйқысы-ай аңғал-саңғал –

Жасырылған апамның тәттілері.

 

Айхай дүниә арты шер, тұсы дәурен.

Қателіктің мәуесі пісіп әуре.

Майдан көрмей өлмейді Бекежаным,

Жердің жонын тырнадым қышыды-ау деп.

 

Тәлей қолға ұстатты сертін қашан?

 Кемпір сөзшең, шал маңғаз ел тыңбаса…

Күйік қысса телмірем Жайығыма,

Қыз күнінде қандайды Кемпірқосақ…


ДАЙДИДАУ

 

Қыздың аты− қыз емес Ертіс дедім.

Лайламауға суыңнан серт ішкемін.

Келтіре алмай Сүгірдің шертістерін,

Еленбейтін төредей еңкіштедім!

 

Күте- күте сазарып жоқ айбатты,

Боз даланы боз тұман самайлапты.

Күреңімді суарғым келе берді,

Қыз ауылы Ертісті жанай жатты...

 

Бір қайрылып соқпасқа шөл шыдамай,

Сен шомылып дарияға, мен сығалай:

Күлдіруге- ақ жарайтын әпендідей,

Қытықтайды толқындар жөн сұрамай.

 

Шашылғанда тұяқтан топырақ түн,

Дайдидауын Зәулеттім, тотылаттым!

Қарттық жеңген дию тұр тыныштығын,

Жалғыз көзбен күзетіп атыраптың.

 

Сен біреумен кеткенде, мен біреумен,

Қақыраса қайтейін, енді кеудем!

Бұйра ақынның ең соңғы қарасындай,

Қарап қапты Ертіс те мөлдіреумен…

ШӨЛ. ЗІКІР

 

Керуен тартты ымыртта өскелеңім,

Абыз жолдар атадым көш төлемін.

Қобыратып жіберді Ләйлә шашын,

Сар сүйегін алайын сеске ненің?!

 

Шертпеден бе ажалым ыспадан ба...

Әулиелік ырысым піс қазанда.

Ата күйдің әруақты Пірлеріне

Ошақ астым үш бұтын үштағандап:

 

"Ақ көбекте ақ жындар;

Көк көбекте көк жындар;

Құдық сайын бір төбе

Қабағында кегжің бар!

 

Әлди сұрлы шер-шемен

Көштің басы - ел сенен!

Текті аттансам тегім де

Кекті аттансам жер сенен.

 

Омыраулы орғыл құм;

Алапалы торғұл құм;

Қайың сауған жұраттың

Ізін көміп қор қылдың.

 

Ізі қалмас құйындай

Биі алжыған жиындай -

Бұ дерексіз кезеңім

Азынаған күй ыңғай.

 

Сусуыр құм, сай жыңғыл

Берген күйің қай күмбір?

Тауқыметтен тартынбан

Сілкісіп көрген қайғым бұл!

 

Текке сенсең айман бер!

Кекке сенсең майдан бер!

Уа, Ата күйдің Пірлері

Жер тарпып тұр Айдамгер.

 

Уа, Қаратау Әулием -

Несібеңді асай кет!

Қорықтығың жасай кет!

Көкке менде талас бар

Қырқысайын қос Ай боп.

 

Ақ көбекте ақ жындар;

Көк көбекте көк жындар:

Құдық жетпей бір төбе

Қабағында кегжің бар..."

 

Тыңдадым сол мақамды естімедім

Қоздап кетсе қайтейін, ескілерім.

Төбе басы дұға қып үлгірейін,

Қарға бойлы ғұмырдың бес күні едім.

 

Сар сүйегі жарар-ау сеске ненің?

Абыз жолдар атадым көш төлемін.

Ақсүттеніп барады Ләйлә соңы

Ажалымды айта кел ескі өлеңім...