Бауыржан Игілік. «Ең соңғы... ең тәтті... алғашқы»

***

Авэли...
Ең соңғы жаңбырындай бұл тамыздың,
Мен сорлы кірпігімнен бұлт ағыздым...
Жан-жүйем жаурағанда жарқ ететін
Альбион көгіндегі Күн тәріздім.

Авэли...
Күрсіну мінезі ғой күздің қоңыр.
Түршігу, жалғызсырау — біздің көңіл.
Жас бұршақ тағдырыңнан қорғай алмай,
Жастық шақ гүлзарынан үздің бе гүл?!.

Авэли...
Соңғы бір жапырақтай көп тырмысып,
Жел күбір еткенінде кеттім бе ұшып?..
Шекерден тәтті мұңды талмап жатам
Шекемде жалғызкөзді көк түн мысық.

Авэли...
Болдым ғой кірпік ілмес түн баласы...
Өлдім ғой, жалт ойнатып бір қарашы?!
Бір ауық жүрегіме маза бермей,
Жылауық қылды мені жылдар осы...

Авэли...
Құдайды көп іздедім жанға сенбей,
Мұңайдым... Көңілім де сәл бәсеңдей.
Бүгіліп сан мінажат еткеніммен
Бұрылып қарамайтын ол да сендей...

***

Бағында кездеспедің қыршын күннің...

Сонда да «сүйемін» деп тіл сындырдым.

Әлемімді ғарыш қып сапырдың да,

Уақыттың өзі сынды күрсіндірдің.

 

Шыр айналды басым да жұмыр жердей

«Сүйем»-нен басқа сөзге тілім келмей.

Құдай-ау, бермеймісің маған ақыл

Өртенумен өтетін ғұмыр бермей?!

 

Желдей қаңғып өтем бе осы мәңгі?!

Жырлай-жырлай жүректің несі қалды...

Сенің анау бейкүнә көздеріңе

Менің ессіз ғұмырым көшіп алды.

 

Менің ессіз ғұмырым көшіп алды,

Амал қанша? Сәт өтті бесін ауды...

Тағдыр маған жазыпты кеш сүюді,

Тағдыр саған жазыпты кеш ұнауды.

 

Тағдыр...

Тағдыр... қосылмас тағдыр едің.

Себебін сен білесің, мен білемін...

Жылынатын Күн таппай шарқ ұрады

Менің ғарыш кеудемде жер жүрегім.

 

***

Сенің тылсым жанарыңның жалтында,
Кеудемдегі бір уыс нұр балқуда...
Аңсарыңның тұратыны несі екен
Ашылмайтын есіктердің артында?

Сол қарашық аспаным-ау ең көркем,
Сәл мұңайып қарағаны шермен тең.
Үмітіме жол қаратып қоям да
Қиялымды күн-түн демей сенделтем.

Енжар қаққан кірпігіңнің астында,
Нұрдай таза, мұңдай қою жас тұр ма?!
Аяулысы-ай мені қойып, жіберер
Бүлкілдетіп қан-тамырын тастың да...

Обалына ожар әлем жығылар
Көздеріңде ұжымақтың Күні бар.
Үнсіздігіңді ұға алса құс ұғып,
Жүрегіңді біреу ұқса, гүл ұғар.

Солай, еркем, мен бейбаққа тылсымсың,
Қайраны жоқ көңіл құрғыр күрсінсін.
Өлеңімді жанарыңа жылытшы
Әр сөзіме жұлдыз жауып, түн сіңсін...

 

***

«Бәріне кінәлі сенсің» - деп,
Жүрекке жүрсің бе шер сүрлеп?.
Өзекте өкпесі бар жандар
Өзгеден өмірді кем сүрмек...

Ұйқыңмен араз боп сен түнде,
Тілазар сезімге бол түрме...
Сұп-сұрғылт, сұп-суық күрсініп,
Қарғасаң ол сенің еркіңде.

Шамыңды сөндіре алмас түн,
Әйнегің жел жалап... албасты.
Махаббат осындай болады
Ең соңғы... ең тәтті... алғашқы...

Уақыттың сыртында қалғандай
Жаның бір қайталап әнді аумай...
Мұңдасқың келеді, оныңды
Ұғар ма сүймеген сормаңдай?..

Шын сүйіп, шын жылап көрмеген
Үмітіңді үзерсің пендеден...
Көкшілтім бір сәуле тарайды
Сен үшін абақты бөлмеден...

Бәріне кінәлі менмін шын...
Керек пе ақталу, көлгірсу?..
Жаныңмен мұңая алатын
Сен әлі мөлдірсің...мөлдірсің...

***

Жынды адамдай жымиямын кейде мен
Сені сағынғандықтан...
Жүйесі жоқ сөйлемдермен сөйленем
Сені сағынғандықтан...

Белге соққан жылан құсап бүктелем
Сені сағынғандықтан...
Таң алдында кірпігімнен шық терем
Сені сағынғандықтан...

Қызғаныштан қып-қызыл от күрсіндім
Сені сағынғандықтан...
Қиылуға дайын тұрған қыршынмын
Сені сағынғандықтан...

Өзім Мәжнүн, өзім Зарлық, Мұңлықпын
Сені сағынғандықтан...
Сарыаурудан сұлқ түскен құрлықпын
Сені сағынғандықтан...

Шіркеудегі Айса құсап жылаймын
Сені сағынғандықтан...
Тибеттегі тас боп қатқан "құдаймын"
Сені сағынғандықтан...

Өлсем, сыйман көрге мүлде себебі—
Сені сағынғандықтан...
Осы өмірге келгенім де сол еді
Сені сағынғандықтан...
Сені сағынғандықтан...