БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ. СЕНЕСІҢ БЕ, ОСЫ МЕНІҢ ЖАҒДАЙЫМ...

ЖІГІТТЕР КЕРЕК

 

Керек бізге:

Арқыратып тұлпар мініп,

желбіретіп ту алатын жігіттер,

Жасып кеткен жігерлерді,

жүзді алмас қып суаратын жігіттер,

Ел жерінің намысы үшін қатерге де ,

мен барам деп сұранатын жігіттер,

Жан берсе де қайта айланбай,

айтқанында тұра алатын жігіттер.

 

Керек бізге:

Байсалды елді басынғанның ,

иығынан басын бөліп алатұғын жігіттер,

Жегіштердің жегендерін желкесінен шығаратын,

мес қарынын жаратұғын жігіттер,

Шөліркеген шөл далаға,

тасқын таза дария боп ағатұғын жігіттер,

Жол жөнекей жоғалғанды,

жортып жүріп табатұғын жігіттер.

 

Керек бізге:

Қыз қатынды бөтен саяқ сәуріктерден,

айбынымен айыратын жігіттер,

Сауырдан ап сал сал қылып үйіріне қайыратын жігіттер,

Ереулі атпен еңку-еңку жер шалғанда,

елге төнген қара бұлыт айығатын жігіттер,

Ұлтқа қарай ұрылатын өткірлікті,

еш қайыспай майыратын жігіттер.

 

Керек бізге:

Кейінгіге керемет кең жол салатын жігіттер,

Дұшпандықтың жағасына,

еш жасқанбай қол салатын жігіттер,

Сырттандығын көріп білген жаулары да,

тамашалап тамсанатын жігіттер,

Келеке мен дөрекіні таптап өтіп,

бірлік пенен берекені ұран етіп жар салатын жігіттер.

 

Керек бізге:

Бабалардың жолын жалғап,

балаларға орман болған жігіттер,

Тойымсызға қанағат боп,

ойламсызға ойдым ойдым толғам болған жігіттер,

Мақсаты мен мақтанышы,

бой жетпейтін зордан болған жігіттер,

Қалың көптің жел жағына қорған болған жігіттер.

 

Мәнсапқорды мекіренген мейірімге,

шықыратын жігіттер,

Іріп жүрген інілерге ұйтқы болып,

ағалықпен ақыратын жігіттер,

Елді ойлап, жерді ойлап көзін ілмей,

атар таңды атыратын жігіттер,

Отаны үшін отқа түсіп, келешектің кеңдігі үшін,

қымсынбай-ақ атылатын жігіттер...

 

Тілегенім тірлік болмай үзіле ме үміттер,

Неге неге айналама үйір болып кетті үнемі күдік – көр.

Керек еді жігерінен от төгілген,

қайтпас қайсар жігіттер.

Құрып кеткір; Неге неге көбейдіңдер,

жігіт емес ылғай ғана шіріктер.

Қайдасыңдар мен тілеген ,

нақ майданда найза ұстаған жігіттер!!!

 

ӘЖЕЛЕР БІЗДІҢ...

 

Алдына сар шай қаймағын қойып

әжелер біздің «өсек» айтады

Ескіден ескі естеліктерін

төсеніш етіп төсеп айтады

Жастық шақтағы гүл гүл жайнаған

жаздың гүліндей күндерін еске ап

Көмескі тартқан көркем біткенін

көк жалын етіп көсеп айтады

 

Таңдайдан кетпес тәтті дәмдерін

аңсары кеуіп аңсап айтады

Көзінің сөнген оттары жанып

ішінен үнсіз ән сап айтады

Алаулап өткен алпыс жыл бұрынғы

қыңыр да қыңыр қисық күндерді

Көзінің жасын төгіп отырып

ықылық атып шаршап айтады

 

- Әуіресі мен әлегі басым күркіреп өткен

күндерім дейді

Сонда да әуіре, әлегін емес

әсерін алған дүрмегім дейді

Жүрек біткенге жара қалдырып

жүзім от болып жүргемін дейді

Сүрлеуі қиыр сүреңсіз күнде де

сүттей ақ өмір сүргемін дейді

 

- Тірсекті соғып тұратын еді

төгілген бұрым шаштарым дейді

Туған айдай боп керілетұғын

қиылған қара қастарым дейді

Сүгірет сынды мүсінімменен

жасынды да өртеп жасқадым дейді

Азамат біткенді ынтызар етіп

алшаң да алшаң басқамын дейді

 

- Көрші ауылдағы ана бір көк шал

жалықпай мені жақтапты дейді

Жасында ол да ер еді әттең

азаматтығын ақтапты дейді

Екі кемпір ап оннеше бала өсірсе дағы

маған ғашық боп

Қыз күнімдегі суретімді

елу жыл бойы сақтапты дейді

 

- Сексенбестегі ана бір жігіт

оның да бойы ұзын-ды дейді

Жиырма жасында кез болып маған

көңілі кетіп бұзылды дейді

Тағдыры құрғыр бірікпей кетті,

естелік еткен алтын жүзігі

Алпыс жыл тақтым, тозығы жетіп

оның да бауыры үзілді дейді.

 

- Той болса торғын торқаны киіп,

торы жорғаны мінгемін дейді

Алтын білезік таққан білекке

сарала қамшы ілгенмін дейді

Өмірдің қиыр қаттылықтарын

қиын деп сірә білмедім дейді

Білімдар көркөм серілер тобы

қай жерде болса бірге едім дейді...

 

Алдына сар шай, қаймағын қойып

әжелер біздің естелік айтады

Бірге жасасқан замандастарын

сырласы етіп ес көріп айтады

Келмеске кеткен сүйген жарларын

арман ғыр айтып мұң төгіп іштен

Кемсеңдеп отырып есіне алып

өзіне өзі дес беріп айтады

Әжелер біздің...

 

ПЕШЕНЕМЕ ЖАЗЫЛМАҒАН ПЕРІШТЕМ

 

Кірлемеген   алыстағы  кінәдан пәк арайлым,

Маған қарап қол бұлғайсың ар жағынан ақ Айдың.

Ал мен болсам отыз жылдың алдындағы

көшіп кеткен махаббаттың жұртына,

Қайтадан бір қонғым келіп жаутаң жаутаң қараймын.

 

Қайран менің мұңсыз күнім

жауммен де тай құлындай тебіскен,

Уылжыған сұлу қызбен у болса да бөліскен.

Менің өткен сол жасымда қол бұлғайсың кел дейсің,

Қайтсем екен пешенеме жазылмаған періштем.

 

Отыз жылдың алдындағы бағымдайсың таң шуақ,

Түсіп кетсем тұншықтырып ағызатын

ағындайсың таң шуақ,

Алыс кетсем арттан еріп

айтқаныма бағынбайсың таң шуақ,

Таяп барсам ұстатпайтын сағымдайсың таң шуақ.

 

Мен тым онша ұнатпаушы ем

кір қоқысқа толы мына әлемді,

Сені көріп болып кетті бәрі өңді.

Содан шығар... Күз ұсынған зар-шарапты қылқылдата сіміріп..

Ымырт кешке оранып ап

ыңылдаймын ұмыт болған әуенді.

 

Мына кеуде тымырсық боп біткен еді

ар жағына дерт өліп,

Соңғы кезде сені ойлаумен өксіп жатыр өртеніп.

Сары белден сарғайып кеп көтеріліп атқан таң,

Сағыныш боп құйылады көкірегімді көмкеріп.

 

Қайтсем екен, қайтсем екен қылығыңды, түріңді,

Жұлсам ба екен үлбіреген гүліңді де бүріңді.

Амал қанша мұң тұндырғанған

аласы көп мөлдір көз,

Маңдайымның әжіміне сүрінді.

 

Соны еске алмай 

Ойда жоқта жүрегіме сағыныш пен шер тұнып,

Суы қайтқан серперімнің қатайғаны серпіліп.

Күзді идірген кеудемдегі күңіренген күйлерім,

Күмбір күмбір төгілуде шертіліп...

 

Сенесің бе осы менің жағдайым,

Шөлдеп жүрмін кеуіп бітті таңдайым.

Не қылайын жүрегіңнің жақынын,

Не қылайын қонысыңның шалғайын.

 

ҚОШ МЕНІҢ ЖАЛЫН ЖАСТЫҒЫМ

 

Қара көз сылқым түндердің көзіне талай тесіліп,

Қара көз сылқым қыздардың түйіні талай шешіліп,

Сыбырлап аққан бұлақтың сыбырын талай естіп ем,

Ер жастанып бел шешіп көлбең де көлбең көсіліп.

 

Дәурен ай, дәурен ол түндер

жарық ең неткен жарық ең,

Қараңғы түнде жарықтың жарқылын сезіп таным ем.

Сап сары айдың сәулесін көйлек қып қызға кигізіп,

Жұлдызды жақұт алқа қып мойнына тізіп салып ем.

 

Таптырмас інжу сезімнің іздерін іздеп іңірден,

Іркіле берген арудың іңкәр көзіне үңілгем.

Көлделең жатқан көк шыңға

көкірек кере сүйеніп,

Көк торғын көйлек сусылын

сусын ғып жұтып сіміргем.

 

Аңсарға еріп албырап арылып жалаң жалтақтан,

Түндар-ай, түндер балбырап

балауса қыздан бал татқан.

Қос күрең атты қосақтап

шылбырмен тұсап, қаңтарып,

Қос бұрым шашты аймалап

өзіме арнап тарқатқам.

 

Көктем-ай, көктем көкпен көк

мұңын жұтпаған еш күздің,

Жастық-ай, жастық шешілмес

түйінді не бір шешкіздің.

Бір белден асып бір белге

қол бұлғааап бүгін барады,

Қыстырып бұрау теңіне

қоңыраулы керуен көш біздің.

 

Өттің-ау дәурен, өттің-ау

өңдіге қолды серметіп,

Көкірегімді сайраған

сандалттың әттең көрме етіп.

Риза болып кетейін риясыз жастық шағыма,

Кеудемде жатқан керуен-сөз кермеден өтсін селдетіп.

 

МАҒАН АРНАП ӨЛЕҢ ЖАЗ ДЕГЕН БАЙ АҒАМА

 

Мен саған арнап жазар ем өлең

тасқындай көкке тасытып

Жасындай асыл жарқ еткен жырмен

дұшпандарыңды жасытып

Иіс май жағып жұпар аңқытып тұрсаң да,

Ішіңді қайтем боқ шашып тұрған сасытып

 

Мен саған арнап өлең жазар ем

әлемді мына тербетіп

Ат атағыңды аспанға дейін өрлетіп

Аяқ қолың балғадай және

өн бойың сірә болса да мінсіз сырықтай

Жаныңды қайтем бас аяғы жоқ кем кетік.

 

Мен саған арнап өлең жазар ем

жол салып жаңа сүреңнен

Саған жететін адам жоқ етіп бұл елден

Рулы елдің дәулеті жетпес

қымбат көлікті қос қостан мініп жүрсең де

Кісілігіңді қайтемін аға ит мініп ирек тіренген

 

Мен саған арнап өлең жазар ем

асқардан атыңды асырып

Періштенің де пердесін жыртқан

пенделігіңді жасырып

Оң менен солың таң қалар асыл

оқалы шекпен кисең де

Арыңды қайтем жалаңаш жатқан ашылып...

 

Солайсың аға, сондықтан өзің

айланып қарап түріңе

Киіміңді емес жаныңды түзеп

жеткейсің ертең есеп беретін күніңе

Қайта қайта тілеген сенің өтінішіңнің

осылай болды жауабы

Іренжи көрме ініңе!!!

 

МЕН КЕШІРЕМ

 

Беу адамдар!

Мен кешірем, боқтаңдар да оттаңдар,

Сендерден болып атпаса егер,

атпай-ақ қойсын ақ таңдар.

Адамды тастап арамзаларды жақтаңдар,

Аңдаусыз жерде артымнан менің

алдыру үшін қаптырып,

Қанды ауызды қаншық иттерді баптаңдар,

Мен кешірем, қажеті жоқ ақтаулар.

 

Мен кешірем, мергендерің алыста тұрып

қалт кетпей түзу атыңдар,

Өсектерін өрбітсін шулап

«жігіт» аты бар қатындар.

 

Жұрттарына тастасын мейлі

ағайын, туған, жақындар,

Шын шамаң жетсе сыртымнан мені

арзан бағаға сатыңдар,

Мен кешірем, батылын жойған «батырлар»

 

Қолдан келген жамандықтың бәрін істе.

Мен кешемін, кешемін,

Сендер түйген түйіншекті тісіммен де шешемін.

Ал егерде мені төмен қоямын деп

тіл тигізсең қазаққа,

Қарсы жүрем азапқа,

Бірге түсем тозаққа,

Қаптың түбін тесемін.

Тасқа да мейілі жасыл шөп болып өсемін.

Мен кешпеймін!

Иығыңдағы қу басыңды кесемін.

 

ОЙНАДА КҮЛ ЖІГІТТЕР

 

Мен кешіп жүрген дүние

біреуден кеше қалғансың,

Мен басын кескен уақыт

ертеңге барсын жандансын.

Осыны көрген есі бар елеулі ерлер қамдансын,

Білемін ғой білемін, жалғансың өмір жалғансың.

 

Уақыт дейтін сұмырай көбелек сынды ұшып жүр,

Кешегі мен бүгінді қолтығына қысып жүр.

Мен ішіп кеткен арақты бүгінгі жастар ішіп жүр,

Мен құшып кеткен қыздарды

бүгінгі жастар құшып жүр.

 

Күнелтпек едім қысылмай

бірлігі бармен бірлесіп,

Опасыз кезек жалғандық

көшпелі күнмнен бір көшіп:

Мен шешіп кеткен жұмбақты

бүгінгі біреу жүр шешіп,

Мен кешіп кеткен өмірді

бүгінгі біреу жүр кешіп.

 

Кеше де солай, бүгін де

ертең де солай болады,

Еншісімен бүгіннің ертеңнің кемі толады.

Кешегі өткен ескілік бүгінгігің оралы,

Ойнада күл жігіттер солады бәрі солады.

 

***

 

Япыр-ай!

қара түнек мына күннің

қабағының қойғанын-ай ашылмай,

Қаншама күн қара дауыл

соға берді басылмай.

Бұл дегенің емес сірә тосын жай,

Адасқандар құдай қолдап

бір-біріне қосылғай.

 

Япыр-ай!

Мына өзеннің тасуын-ай

өткел бермей адамға да, малға да,

Ақ көбігін шаша бермей

түссе жақсы ед арнаға.

О жасаған, тыныштық бер су секілді

заман «тасып» кетпесін,

Аман болсын қара қатын, сар бала.

 

Япыр-ай! мына өлкенің биылғы жыл

тұрғанын-ай көктемей,

Гүл бәйшешек өссе жақсы ед

ұлы дала ырыс құтын шектемей.

Тәңірім-ай табиғаттың қуаңшылық,

тарлығынан сақтай гөр,

Адамзатты азулы аң етпегей.

 

Япыр- ай!

Мына заман қандай заман

күннен күнге өзгеріліп баратқан,

Қасқырға емес адамдарды бір-біріне талатқан.

Бала-шаға, ұрпақтардың

жамандығын көрсетпей,

Осылардың алдында алса

екен бізді жаратқан...

 

- деп сыбырлап жалбарынып жалынып,

Отыратын дуалы ауыз қарттарым-ай

ерте алыстап барасыңдар арамыздан арылып.

Сендер сірә бәрің кетіп қалар болсаң

арттарыңа қарамай,

Мен қорқамын ұл мен қыздар

тәубасынан қала ма деп жаңылып.